Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Осыған орай, жыл сайын өткізілетін Тамыз кеңесінің бұл жолғы отырысында білім саласындағы бірталай мәселелер ортаға салынып, атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

Жаңа оқу жылы 6232 оқушымен, 16 жалпы орта білім беретін, 8 негізгі мектеп, 3 бастауыш мектеп, мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 3 қосымша білім беру орталығы мен 6 мектепке дейін мекемелермен басталмақ. Сондай-ақ, биылғы жылы білім беру мекемелері жүйесіне өзгеріс енгізіліп, Майкутов орта мектебі негізгі мектеп болып өзгерген. Арқалық білім бөлім басшысы өз баяндамасында ағымдағы жылы жөндеуден өткен мектептерді тізіп, жұмсалған қаржыны да атап өтті. Мысалға, Қараторғай орта мектебінің қазандығын жөндеуге 2 миллион теңге, №10 орта мектебінің спортзалын жөндеуге бір жарым миллион теңге, Восточный орта мектебінің жылу жүйесін жөндеуге 3 миллионнан артық теңге бөлінген. Ал №4 орта мектебіне 250 миллионнан артық теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Дегенмен, ақсап тұрған кей жағдайлар да жоқ емес. Мейрамкүл Төлеубайқызы 2010 жылдан бастап қала мектептері жаңа үлгідегі компьютерлік техникамен жабдықталмай отырғанын, үйде оқитын 22 мүгедек баланың 13-і ғана компьютермен қамтамасыз етілгенін, бірнеше жылдан бері мектептер жаңа жиһаздармен жаңартылмағанын атап өтті.

Тамыз кеңесінде қозғалған тағы бір мәселе «Дипломмен ауылға» бағдарламасы. Әрине, білім сапасы мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты екені белгілі. Жалпы білім беретін мектептерде барлығы 708 мұғалім, оның ішінде ауыл мектептерінде 323 мұғалім жұмыс жасайды екен. Бағдарлама аясында жас мамандардың ауыл мектептеріне жұмысқа орналасуы қуантарлық жағдай. 2009 жылдан бастап 38 жас маман тұрғын үй алуға несие алып, 86 жас маманға көтерме төлемақы берілген. Биылғы оқу жылында Жұмыспен қамту орталығымен бірлескен жоспарға сай 10 жас маман мектепке жолдама алып, ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, отырыста ҰБТ қорытындысының 2 жылғы көрсеткіші салыстырылып, сапа жағынан көтерілгені сөз болды. Алайда, Мейрамкүл Әбу білім беру ұйымдары білім сапасын арттыруға баса назар аударып, «Алтын белгіге» үміткерлермен жұмысты әлі де жандандыру қажет екенін еске салды.

Тамыз кеңесінде жоғарыда аталған барлық мәселелер талқыланып, соңы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акция айналасында әнгіме қозғалды. Жалпы осы іс-шараға Арқалық қаласының әкімдігі, білім бөлімі, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар және тағы да басқа ұйымдар атсалысуда. Өткен 2014-2015 оқу жылында 266 балаға бір жарым миллион теңге: оның ішінде жергілікті бюджеттен 12 балаға 76 740 теңге, 254 балаға бір жарым миллион теңге демеушілік көрсетілген. Білім бөлімінің басшысы аталмыш акцияға қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғысын жеткізе отырып, сөз соңында жиналған ұстаздарды алдағы оқу жылын жаңа бастамалармен бастауға шақырды.

 

Баян Ажимухан

Комментарии Образование

У вас нет вкладок для отображения