Осыдан бес жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні ретінде белгіленген болатын.Аталған мерекеге орай қаламызда салтанатты шара ұйымдастырылып, бірқатар қызметкерлердің мерейі үстем болды.

Ә.Боранбаев атындағы кинотеатр ғимаратында өткен салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Зәуреш Әлмағанбетова қатысып, мереке иелеріне құттықтауын жеткізді. «Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Себебі, сіздер мейірімділік пен қайырымды істерге күнделікті араласып, көптің алғысын арқалап келесіздер. Алдағы уақытта да ел игілігі үшін атқарып жүрген жұмыстарыңызға сәттілік серік болсын!» , - деп жүрекжарды тілегін арнаған Зәуреш Мырзағалиқызы табысты еңбегімен танылған бірқатар маманды салтанатты түрде марапаттады. «Еңбек ардагері» медалі, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Құрмет» грамотасы, «Адал еңбегі үшін және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні құрметіне» Қостанай қаласы әкімінің мадақтамасы, «Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының» грамотасы нәтижелі еңбегімен көрінген бірқатар қызметкерге табыс етілді. Салтанатты жиын қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, мереке иелеріне ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бүгінгі күні «Арқалық қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не қарасты төрт бөлімше жұмыс жасайды. «Жалғыз басты қарттар мен мүгедек жандарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде» осы топтағы 98 адамға қолғабыс жасалуда. Сондай ақ, «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен он сегіз жастан асқан жүйке ауруы бар мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің» мамандары 41 жанды қамтып отыр. Ал, «Жүйке ауруы бар, жасы он сегізден асқан мүгедектердің күндізгі болу бөліміне» келуші 22 сырқатқа логопед, психолог, медицина мамандары арқылы дене шынықтыру мен еңбек терапиясы арқылы да олардың денсаулығын түзеу шарасы қолданылады. Арнайы жабдықталған инвотаксимен мүмкіндігі шектеулі жандарды үйінен орталыққа әкеліп, қайта жеткізіп тастау жағдайы да жасалып отыр. «Мүгедек балаларға арналған күндізгі болу бөлімшесі» болса, осы санаттағы 24 баланың заманауи дәрежеде медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.

Дархан Амантайұлы

У вас нет вкладок для отображения