Үкімет басшысы Серік Ахметов өткен сенбіде Арқалыққа келген іс-сапарында қаламыздың дамуына қуатты серпін беріп, «екінші тынысын» ашу керектігін айтты. Премьер Арқалықтың өндіріс ошағы – Торғай боксит кен басқармасында, инвестициялық жоба – «Агроинтерптица» ЖШС-інде, Арқалық – Шұбаркөл темір жолында, «Арқалық жылу электр компаниясы» МКК-нда болып қайтты.
Бокситтен – балшыққа
ҚР Премьер министрінің келуіне орай «Қазақстан Алюминийі» АҚ президенті Алмаз Ибрагимов келіп, Торғай боксит кен басқармасының таяу келешегі жайында әңгімеледі. Оқырманның есіне салар болсақ, қанатты металл өндірісінде қолданылатын пайдалы қазба қоры жылдан жылға азайып келеді. Шамамен бүгіндері 3 миллион тонна боксит ен даланың бойында жатыр. Егер кәсіпорын жылына 400 мың тоннаға жуық боксит өндіретінін есепке алсақ, боксит қорының таусылуына санаулы жылдар қалғанын аңғаруға болады. Алайда, қалақұрушы кәсіпорын боксит өндіруін шектесе де, отқа төзімді балшық өндірісіне көшпек. Бұл балшық түрінің қоры – 41 миллион тонна шамасында. Ол бүгінгі таңда да өндірілетін көрінеді. Жылына 175 мың тонна отқа төзімді балшық алынып, Ресейдің металлургиялық зауыттарына жөнелтіледі екен.
Бір тиімдісі, бокситтен балшыққа ауысу көп өзгерісті қажет етпейді. Бастысы – оған деген сұраныстың мол болуы. Кәсіпорын тек балшық өндіруге көшетін жағдайда қосымша мамандар мен бөлек техника қажет емес екен. Оған ТБКБ-ның бұрынғы өндірістік қуаты жеткілікті. Алайда, А. Ибрагимов бұл орайда ең бастысы сұраныс дейді.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ президенті отқа төзімді балшық мұнай өндірісінде кеңінен қолданылатын пропант жасап шығаруға жарайтынын айтты. Қазір ресейлік әріптестермен келіссөздер жүргізілуде, деді А. Ибрагимов. Бұл – таяу келешекте қаламызда отқа төзімді балшық зауыты ашылуы мүмкін деген сөз. Болжам бойынша, аталған жоба 2000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Мазуттан – көмірге
Арқалық республика бюджетіне тәуелді екені баршаға аян. Жылда қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін 700-800 миллион теңгедей қыруар қаражат бөлініп тұрады. Аса қымбат отын түрі – мазут жағатын жылу энергоцентральдар елімізде саусақпен санарлық. Басым көпшілігінде тас көмір жағылады.
Қаламыздың ең өзекті проблемаларының бірін қала мен облыс басшылығы жыл сайын Үкіметтің назарына салып келеді. Бұл жолы да мазут мәселесі талқыға салынды.
Бұл көкейтесті мәселе көп жылдар бойы айтылып келеді. Қаламызда жылуға деген төлемақының жоғары болуының себебі де осында. Арқалықты тығырыққа тіреген «коммуналдық коллапстың» да түп-тамыры осы мазут отынының қымбатшылығында жатқаны баршаға белгілі. Мемлекет жыл сайын миллиондаған дотацияға шығындалмай, бір рет көмір ТЭЦ немесе қазандық тұрғызуға қаражат бөлсе мемлекеттің де, халықтың да ұтары көп болар еді. Себебі коммуналдық төлемақы да, мемлекет дотациясы да төмендейді.
Серік Ахметов Қостанай облысы мен қала басшылығының дәйектеріне құлақ асып, аталмыш проблеманы тез арада шешуді тапсырды. Ең әуелі ТЭО (техникалық экономикалық негіздеме) әзірлеп, жобаның құнын анықтауды бұйырды. Жаңа нысан ТЭЦ бола ма, әлде жылу қазандығы (котел) бола ма, әлі айту қиын. Бұны мамандар анықтайды.
«Мемлекеттің қолдауын мейлінше тиімді пайдалану керек»
Серік Ахметов моноқалалардың, жалпы өңірлердің дамуына бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске қосылғанын айта келе, оларды мейлінше пайдаға жарату қажеттігін алға тартты. «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы», «Моноқалаларды дамыту» және тағы басқа бағдарламалардың өңірлердің экономикасын нығайтуға кең жол ашуда. Бастысы, аталған тетіктерді тиімді пайдалана білу керек, деді Үкімет басшысы.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өндірісін дөңгелетіп отырған кәсіпорынның бірі – «Агроинтерптица» құс фабрикасын айтуға болады. Мысалы, өткен жылы кәсіпорын мемлекеттен 188 миллион теңге көлемінде субсидия алған болатын. Ал биылғы жылы бұл көрсеткіш 300 миллионға жетіп отыр. Жалпы жобаның құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Оның сыртында жеңілдетілген несие, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы кадрлармен қамтамасыз ету сияқты қолдау құс фабрикасының «қанатын қатайтуға» мол септігін тигізіп отыр.
Үкімет басшысы Серік Ахметов қаланың келбетіне «кесірін» тигізіп тұрған қиранды үйлерді бұзуды жеделдету керектігін айтты. Бұзылған ғимараттар тек қаланың көркіне ғана емес, адамдардың әлеуметтік сана-сезіміне залалын тигізіп тұратыны да ескерілді. Сондықтан қаланы қоршап тұрған иесіз мөлтек аудандарды бір-екі жыл шамасында арылу көзделді.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ