Қалыптасқан жылдағы үрдіс бойынша 5 мамыр күні Арқалық қаласынан Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ ректоры Сейтбек Қуанышбаев пен педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев бастаған отыз өнерлі студент Амантоғай – Аманкелді – Сужарған – Жанкелді – Ақкөл – Қарасу елді мекендеріне алдағы 2014-2015 оқу жылына студент жинау мақсатындағы үгіт-насихат жұмысын жүргізуге іссапарға шықты. Бұл – мектеп бітіруші талапкерлермен жүзбе-жүз кездесіп, ЖОО жайлы мағлұмат пен жоғары білім алу туралы кеңес беру шарасы.
Байқасаңыз, басқа оқу орындарының арнайы өкілі ғана ауыл-аймақ шығып, сөз жүзінде өзінің қызмет атқаратын оқу орнына шақырса, біздің институт – тайлы-тұяғына дейін барып, шынайы көрнекілік ретінде талантты студенттердің өнерлерін көрсетіп, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына концерттік бағдарлама қойып, рухани шөлдеп отырған халықтың мауқын басып келіп жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды. Бұны – бәрі біледі.
Осы сапарымызда да Айбек Киікбайұлы жетекшілік ететін Міржақып Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестігінің мүшелері, оқу орнының белсенді студенттерінің әзірлеген Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері желісі бойынша жасалған әдеби-монтаж, «Бір түп алма ағашы» атты спектаклі әрбір елдімекенде сахналанды. Қала тұрғындарының бәлкім есінде болар, осы аталмыш спектакль 2012 жылы қалалық жасөспірімдер театрында сол жылдардағы театр әртісі, «Руханият» студент-жастар театрының режиссері Байшин Нұрланның басшылығымен қойылған болатын. Осы спектакльді үгіт-насихат жұмыстарының өтілуіне орай пединституттың 3 курс студенті Жетібай Көбейдің режиссерлік етуімен қайта жанданып, шалғайдағы ауыл-аймаққа ұялмай баратын қонақкәдеге айналды.
Біз барған бағыт бойынша барлық елдімекендегі үгіт-насихат жұмысы Айбек Киікбайұлының жүргізушілігімен басталды. Декан өз сөзінде институттың басты миссиясы мен оқу үрдісіне, тәрбие жұмысына, факультеттік құрылымына тоқталып, институт ректоры Сейтбек Бекенұлына сөз берді. Институт басшысы да Торғай өңіріндегі жалғыз жоғары оқу орнының қазіргі жағдайына, өңірдегі алатын орны жайлы айта отырып, белсенді жастардың өнерлерін тамашалауға шақырды. Өнерлі жастардың концерттік бағдарламалары Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін көркемсөз оқудың шеберлері «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының курс студенттері Құдайбергенова Баян, Алдамжар Ақбота, Бекбаева Айгерім, Мамедова Нүргүл, Әліқұл Ұлданалар мәнерлеп оқыса, институттың жас ақындары Сағынтаев Батырлан, Қаленов Бекболат, Рысхан Тынысбектер Ахмет аталарының рухына арнау өлеңдерін арнаса, қала халқының ықыласына бөленген «Торғай толқындары» триосы «Арқалықтың ақ таңы» әнін тебіренте орындаса, жас термеші Тойшин Нұрдаулет жергілікті ақын Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгелін» айтса, Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің курс студенті, қазіргі айтыс өнерінің жас талантты ақыны, болашағынан мол үміт күттіріп жүрген жерлесіміз Аманкелді Сейтхан арнайы келіп, өзінің жүрекжарды арнауы мен Есенқұл Жақыпбаевтың «Біздің елдің жігіттері» атты термесін орындап, Батырлан, Бекболат үшеуі «Құлмамбет» айтыстың тамаша үлгісін жасап, ауыл тұрғындарына айтыс өнерінің иісін шығарса, «Руханият» студент-жастар театрының спектаклі көпшілікті ойландырып, толғандырды.
Бұл драмада бір отбасының күнделікті өмірі мен бір-біріне деген сыйласымдығы мен қарым-қатынасы, ауыр да қасіретті трагедиялық образ арқылы сахналанды. Драманың қоюшы режиссёрі әрі қу да көңілді күйеу баланың рөлін сомдаған Жетібай Көбей, Ананың рөлін асқан шеберлікпен орындаған ҚБ-31 тобының студенті Балғабай Қыдыркүл, үлкен ұлдың рөлін ҚБ-31 тобының студенті Терек Рауан, мүгедек кенже ұлының рөлін аянышты әрі барша көрерменнің жанарынан еріксіз жас шығартқан ҚБ-21 тобының студенті Төремұратов Талғат, шақпа тілдің шешені, кірпияз қыздың рөлін жоғары деңгейде орындаған ҚБ-21 тобының студенті Нағымашева Жанат, баянсыз бейшара қыздың рөлін ҚБ-31 тобының студенті Қамбар Жанна, сорлы да жуас, күшік күйеудің рөлін ТХ-31 тобының студенті Қами Жасұлан, көрші әйелдің рөлін ҚБ-21 тобының студенті Мүслімғазы Айгерім сомдады. Көрермендер арасында үлкені де жасы да бар. Залда ине шаншыр орын жоқ. Драманың басынан аяғына дейін түрегеліп тұрып тамашалағандарда болды. Педагогикалық мамандықтың тәлімгерлері кәсіби шыңдалған әртістер секілді киелі сахнада өздерін еркін ұстап, жоғары деңгейде сапалы өнер көрсетті.
Биылғы оқу жылының 2 семестрінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 3 студенті – біздің АрқМПИ-ға академиялық ұтқырлық бойынша келіп, оқып жатыр. Сол қонақ үш қызды да бірге алып, Аманкелді, Жанкелді аудандарына саяхат жасатып, мұражайлар мен киелі орындарды көрсеттік.
Іссапарымыз былтырғы жылдағыдан да өзгеше, ерекше болды. Биыл бізбен бірге оқу орнының басшысы да барғанын сөзіміздің басында айтып өттік. Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Ақкөлге, Сартүбекке бардық. Ахаң тұрған үйді көріп, топырағына ырымдап аунап, жер астынан шығып жатқан ыстық суға жуынып, үлкен әсермен, ерекше тебіреніс, толғаныспен Арқалыққа келдік. Жандүниемізді рухани байыттық.
Үгіт-насихат жұмысының нәтижесі жақсы. Барған елдімекендеріміздегі талапкерлердің дені біздің оқу ордамызға келмекші екен. Ендігі мақсат – талапкерлердің ҰБТ сынынан сүрінбей өтіп, біздің оқу орнына құжат тапсырып, жаңа оқу жылында «біздің студент» атануы. Барлық мектеп бітірушілерге сәт сапар тілей отырып, армандарынан адаспай, дұрыс шешім қабылдауына тілекшіміз.
Мақаламызды жас ақын Аманкелді Сейтханның сөзімен түйіндейміз: «Ахметтің ұрпақтарын Ыбырай ордасына шақырамыз!»
Елдос ТОҚТАРБАЙ.
Комментарии
Елдос, осылай жазып жүр үнемі.