Өндірістің күш-қуаты аса қарқынды дамып келе жатқан елімізде энергетика саласы да аясын кеңейтіп, өркен жайып өрістеп келеді. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауында еліміздің оңтүстік өңірлерінде байқалып отырған энергетикалық тапшылықты жою мақсатында ірі электростанциялар салынатыны айтылған. Мұның барлығын ешкімге тәуелді болмауымыз үшін жүзеге асырылып жатқан жобалар деп бағалауға болады.
Алайда, газ, мұнай сынды отын түрлерінің қорлары шектеулі болуы басқа әңгіме де, ал экологиялық тұрғыда залалы орасан зор екенін жар салып жүрген әлемдік сарапшылар аз емес. Адамзат дереу баламалы (алтернативтік) электр қуатын пайдаланбаса жер-жаһан климатында қайғылы өзгерістер бол-уы ықтимал. Сол себептен Біріккен Ұлттар Ұйымы осы өзекті мәселеге орай арнайы құжатқа қол қойып, барлық елдерде қоршаған ортаға зиян келтірмейтін электростанциялардың салынуын нысанаға алған еді.
Біз әлемдік деңгейдегі мәселені әңгімеге арқау етіп отыр-ғанымыз жоқ. Тек осы маңызы зор, ауқымы кең шаруаның Арқалық қаласында жасалуға жақын екенін сөз етпекбіз. Жел қуатын пайдалануға мүмкіндік беретін жел электростанциясы биылғы жаздың соңына қарай салына бастайды. «Synergy ASTANA» компаниясы қолға алып отырған жоба жоспар бойынша Арқалық өңірінің экономикасына жаңаша серпін бермек.
Жобаға жайлы «желді мекен»
Аталмыш ауқымды жобаның іске қосылуы үшін 100 миллион АҚШ доллары бөлініп отыр. Осындай қыруар қаражат «желге ұшып» кетпес үшін алдын-ала сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, ең әуелі жел элект-ростанциясын құруға қолайлы жер таңдап алынғаны сөзсіз. Бұл мақсатта ұлан-ғайыр жерді алып жатқан Торғай өлкесінің, атап айтқанда Арқалық аймағының алпауыт жері ең тиімді деп табылған екен. «Synergy ASTANA» компаниясының бас директоры Даниял Дүйсенғалиев жергілікті «Костанайжелэлектросервис» МКК-ында өткізілген басқосуда осы жобаны талқыға салып, оны іске асыр-арда бір жыл бойы сараптамалық жұмыстар жүргізілгенін баян етті. Оның қорытындысы бойынша жел соғу көрсеткіші Арқалықта өте жоғары болған-ын және жазық далада желге бөгет боларлықтай еш кедергі жоқ екенін алға тартты.
Табиғи залалсыз жел электростанцияларын құру қарқыны әлемде әлі бәсең. Қазақстанда, тіптен, енді енгізгелі отыр. Атап айтар болсақ, жел электростанциясы Жамбыл облысы Қордай елді мекенінде ғана бар. Уақыт өте келе әрі заман талабына сай мұндай электростанциялар Қазақстанның түкпір-түкпірінде орнатылатыны күмән тудырмайды. Себебі, баламалы электр қуатының артықшылықтары ұшан-теңіз. Қазақстан күні бүгінге дейін ресейлік электр қуатын пайдалануға мәжбүр. Бұл тәуелділіктен арылу үшін отандық энергетика саласын жандандыру қажет екені айдан анық. Жаңа орнатылып жатқан электростанциялардың басым бөлігі баламалы электр қуатын пайдаланатын болса экология жағынан ұтарымыз көп. Бүгінгі жағдайға қарағанда, күн батареяларынан қуат алатын электростанциялар орнату күні де алыс емес екенін байқауға болады.
Қондырғы биіктігі – 80 метр
Жобаның іске асырушылар Арқалықтың маңында қуаттылығы 1,5 МВТ-ты құрайтын 32 қондырғы не болмаса, 3 МВТ электр қуатын беретін 16 мұнара салмақшы. Биіктігі сексен метрді құрайтын жел мұнарасы он бес қабатты ғимаратпен тең. Биік діңгектерге орнатылатын бұрандалардың айналым радиусы 50-60 метр. Әрқайсысының салмағы да аз емес – 80-100 тонна. Жел діңгектерін орнатушылар олардың жарамдылық мерзімі 20 жыл екенін алға тартады. «Еуропалық тәжірибеге сүйенсек, оларды жаңа қондырғыларға айырбастау қиын шаруа емес» деген пікірді алға тартып отыр жоба басшылары. Көміртегі шыны талшықтарынан жасалған материал темірден де мықты, пластиктен де жеңіл екенін білдік. Жоғарыда аталған жиын барысында техникалық-экономикалық негіздеу «Энергия» институтына тапсырылғаны мәлім болды. Жобаны жүзеге асыру үшін жұмсалатын 100 миллион АҚШ долларының 15 пайызын Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласының «Арман» тобы өзіне жүктеді. Қалған қаражат шетелдік банктерден алынбақ. Жоба 5-6 жыл ішінде өз шығын-ын өтейді деп жоспарлануда.
Жазық далада құрылатын жел электростанциясы қоршаған ортаға да, жақын орналасқан аудандарға да, ондағы тұрғындарға да еш зияны жоқ. Жел діңгектерінің бұрандалары айналғанда малды, жан-жануарды үркітетіндей дыбыс шықпайды екен.
Инновациялық жобаның игілігі мол
Ең әуелі бұл инновациялық жоба арқалықтықтарға не беретінін ойлайтынымыз қисынды. Мысалы, электр қуатына белгіленген бағаның төмендеу-іне себепкер бола ма? Алайда, бұл сауал ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрлігі деңгейінде шешіледі. Жел электростанциясы өндірген электр қуаты «KEGOC» желілері арқылы республиканың әр түкпірлеріне таратылады. Айтар болсақ, жел электростанциясы өндіретін электр қуатының оннан бірі Арқалықты толық электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Жобаның әлеуметтік тұрғыдағы пайдасына тоқталатын болсақ, құрылыс кезінде 50 адам жұмыспен қамтылады. Жоба іске қосылған шақта 10 адам тұрақты жұмыс орнын таппақшы. Жел электростанциясында қызмет атқаратын инженерлерді арнайы оқуға жіберу де жоспарда бар.
Арқалық жақында ғана экономикалық әлеуеті төмен моноқалалар қатарына жатқызылып, оларды дамытуға бағытталған бағдарламаға ілікті. Шағын қала экономикасы қаланың құрушы мекемесіне тәуелді екені жаңалық емес. Оны тұйықтан шығарып, ілгері қадам басуына түрткі болу үшін индустриалдық-инновациялық жобалар енгізудің маңызы зор. Бұл ретте жел электр станциясының Арқалықтың дамып, өркендеуіне қосар үлесі мол екенін аңғару қиын емес.
Қазақстан Киот хаттамасына қол қойғаны баршаға аян. Бұл болашақ ұрпаққа аманат ететін жерімізді қорғау үшін әзірленген құжат. Ол бойынша атмосфераны ластап жатқан зиянды газдарды барынша ауыздықтау міндет. Бұл орайда жел электр станциясы осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі деп білгеніміз абзал.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ. Арқалық қаласы.
Дереккөз