Арқалық қаласының бюджетіне Торғай облысы жабылғаннан бері 1 миллиард теңгедей қомақты қаражат түспеп еді. Биыл салық түсімдері бұл межеден де асып түсті. Осы жетістік жайында басқарма бастығы Бауыржан Сұлтанғалиұлынан «Торғай» газетінің оқырмандары үшін аз-кем әңгімелеп беруді сұраған едік.
- Құрметті Бауыржан Сұлтанғалиұлы! Биыл, міне, жыл аяғына жетпей жатып, салық түсімдері бұрын соңды қол жеткізбеген миллиардтан асып түсті. Осындай жетістікке жетудің сыры неде?
- Салық түсімдерін миллиардқа жеткізуде бір ғана фактор себепші болды деуге болмайды. Бұл жетістік – жалпы өңір әл-ауқатының артуын көрсетіп тұр. Сонымен қатар, қалалық салық басқармасының жыл басында алдына мақсат қойып, сол мақсатты орындауда жүйелі жұмыс жүргізудің заңды нәтижесі. Жыл басында мемлекет қазынасына 997,5 миллион теңге салық түсіруді болжамдап қойған болатынбыз. Сонда миллиардқа қалай қол жеткіздік деген сауал туындауы мүмкін.
Біз бұл жоспардан тыс қосымша 110 миллион теңгені қала бюджетіне түсіру міндеттемесін өзімізге жүктеген болатынбыз. Ал, аталған 110 миллион қайдан жиналды? Бұл қаражат – барлық қарыздарды қайтарудың, түсіндіру жұмыстарының, тексерулер, рейдтер, камералдық бақылау жүргізудің, салық төлеуден жалтарған, салық төлеуші ретінде тіркелмеген тұлғаларды анықтаудың нәтижесінде жиналды. Осылайша, жоспарланған 997,5 миллион теңгеге қосымша 110 миллион теңге қосылды. Бұл Салық басқармасы ұжымының тікелей еңбегі.
Соңғы мәліметтер бойынша, өтелмеген салық мөлшері 198 мың теңгені ғана құрап отыр. Бұл 198 мың теңгені төлемегендер ішінде тек жеке тұлғалар ғана. Шаруашылық субъектілері салықты дер кезінде төлеп тұрады. Ал, аталған сома жеке тұлғалардың қандай төлемдерінен құралып отыр? Ол ұсақ-түйек салық төлемдері. 200-400 теңге мөлшеріндегі салық төлемдерін жеке тұлғалар уақытылы төлеуге ұмытып кетіп жататыны сирек емес. 198 мың теңгені құрап отырған, жаңа айтып өткенімдей, осындай ұсақ төлемдер. Әңгіме ретін пайдаланып, қала тұрғындарына салық төлемдерін мерзімінде төлеу керектігі жайында айтып өткім келеді. Бұл бағытта да қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
- 1 миллиард теңгеге жетуге темір жол құрылысына тартылған компаниялардың үлесі бар ма?
- Сұрағың өте орынды. Арқалық – Шұбаркөл темір жолын салып жатқан компаниялар салықты жергілікті жерде төлеп жатыр деп ойлайтындар көп. Алайда, олардың біреуі де қала не облыс қазынасына салық төлемейді. Сондықтан 1 миллиард теңге – тек осы өңірдегі шаруашылық субъектілері мен азаматтардың салықтарынан құралып отыр.
Ал, аталмыш компаниялар салықты осы өңірге аудару үшін жергілікті жерде филиалдарын ашып, тіркелулері қажет. ҚР премьер министрінің бірінші орынбасары Қырымбек Көшербаев Арқалыққа келгенде, осы мәселе көтерілді. Мұны облыс басшысы Нұралы Садуақасов та айтқан болатын. Дегенмен де, әзірше темір жол компанияларынан бұл тұрғыда белсенділік байқалмайды.
- Ал, теміржолшылардан салық түсе бастаса, қалаға қаншалықты пайдасы тиеді?
- Әрине, салық түсімдерін халық назарына ашып көрсетуге болмайды. Себебі, бұл конфиденциялдық ақпарат. Десек те, шамамен алатын болсақ, темір жол құрылысшыларынан келіп түсетін салық қала қазынасын біршама молайта түсетіні даусыз. Егер 500 адамның жылына төлейтін салық мөлшерін есептесек, шамамен 50-60 миллион теңгедей қаражат қаланың игілігіне жарамақ. Тағы да айтып өтейін, бұл жай оқырманға түсінікті болу үшін келтірілген сандар, оның нақтысын жария ете алмаймыз. Биыл қала басшысы Берік Әбдіғалиұлының ұйытқы болуымен 53 миллион теңгеге жуық қаражатқа қаланың біршама жолы жөнге келді. Егер осындай мөлшерде қосымша салық түсіп жатса, қалаға қаншалықты пайдалы болатынын бағамдай беріңіз.
Мұның сыртында, «Қазақстан темір жолы» АҚ болсын, басқа да ірі құрылыс компаниялары болсын, оларда қызмет ететін мамандардың еңбекақы деңгейі төмен емес. Сондықтан, егер теміржолшылардан салық жергілікті жерге келіп түсетін болса, қаланың өркендеуіне өз пайдасын тигізеді.
- Ал, енді әңгіме орайын басқарма жұмысына бұрсақ. Бүгінгі таңда салық төлеушілерге қандай қолайлы жағдайлар жасалған? Халыққа қызмет көрсететін, халықпен жұмыс жасайтын мекемелердің көбінде күнұзақ кезекте тұруға тура келеді. Ал, салық басқармасында бұл мәселе шешімін тапқан ба?
- Салық органы біріншіден салық төлеушілермен етене байланысын барынша азайтуды көздейді. Салық төлеушіге бір ғана міндет қойылады – ол салық төлеу. Мысалы, Салық басқармасында кезекте тұрмай, салық есептілігін автоматты түрде жіберуге мүмкіндік беретін 4 терминал бар. Ал, терезелерді алатын болсақ, біз арнайы әр терезедегі кезекті бақылау үшін бейнекамера орнаттық. Мен кезекте қанша адам тұрғанын кабинетімнен өзім бақылаймын. Аталған бейнекамераларды орнатқан күннен бастап бес адамнан асатын кезек еш терезеде байқалған жоқ. Сондықтан, бұл мәселе Салық басқармасында туындамайды.
Жалпы, қазір халыққа қызмет көрсететін мекеме, органдар электрондық веб-порталдар арқылы жұмыс жасауды жаппай енгізуде. Салық органдарының да барлық қызмет түрлері онлайн режимінде көрсетіледі. ҚР қаржы министрлігі Салық комитетінің арнайы www.salyk.gov.kz сайты арқылы кез-келген салық төлеуші жұмыс жасай алады. Веб-портал арқылы жұмыс істеудің тиімділігі ұшан-теңіз, дегенмен де халық тарапынан портал арқылы салық төлеу үрдісі әлі бәсеңдеу.
- Веб-порталмен жұмыс істеу, басқа да қызмет түрлерін халыққа түсіндіру мақсатында арнайы іс-шаралар жүргізесіздер ме?
- Әрине, салық басқармасының жұмысы жайында халық хабардар болуы үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мамандар өз кеңестерін береді. Жоғарыда атап өткен сайт арқылы да кез-келген азамат тиісті ақпарат ала алады. Сондай-ақ, салық басқармасында дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері мерзімді түрде өткізіледі. Оған қоса, әр салық төлеушімен жеке әңгімелесу тәжірибесі де қолға алынған.
Таяу уақытта Арқалықтың кіреберіс жолдарында 5 билборд, қала ішінде 4 кергі (растяжка) орнатамыз.
Жалпы, бір айта кетерлігі, қаламыздың гүлденіп, көркеюі тікелей салық түсімдеріне байланысты. Сондықтан, қаламыздың әр салық төлеушісі қаланың игілігіне қосар үлесін, өзіне тиесілі салық төлемақысын төлеуде адал болуы тиіс. Себебі, айналамыздағы түрлі әлеуметтік нысандар, қаланың абаттандырылуы, басқа да маңызды істер - салық төлемдерінен құралады.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ