Неге қазақтың ежелден түп қазығы болған ауылдарда көшу үрдісі тоқтамай тұр? Жалпы халқымыздың асыраушысы болған мал шаруашылығы қалайша дамуда? Елбасының ет экспортын 65 мың тоннаға жеткізу тапсырмасына сәйкес нендей шаруалар қолға алынып жатыр? Ауыл мектептері неге бірі қысқарып, бірі жабылуда?
Дәл осындай көңілге кірбің түсіретін сұрақтарға жауап беру – қиынның қиыны. Бүгін ауылдың ауыр тағдыры аз талқыланып жүрген жоқ. Алысқа бармай-ақ, Арқалық аймағына қарасты 19 ауылдың бүгінгі тіршілігін бақыласақ та жетіп жатыр.
Кеше ғана әкімнің халық алдындағы есеп науқаны басталып кетті. Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Арқалыққа тағайындалғаннан бері ең бірінші кезекте қала инфрақұрылымының олқы тұстарын толтыруға күш жұмсағанын білеміз. Азғантай уақытта Арқалықтың жағдайы жақсарды. Сонда Берік Әбдіғалиұлы келгенде Үкімет Арқалықтың қазынасына мол қаржы құя бастады ма? Әсте олай емес. Шыны керек, бармен базар болдық. Жолдың жөнделуі, қаланың көркін ашып тұрған шағын сәулет нысандарының пайда болуы – бәрі де қала қаражатын ұтымды пайдаланудың жемісі. Бұл, әрине бөлек әңгіме. Жалпы, Б. Әбдіғалиұлының осы Арқалықтың ең өзекті деген проблемаларын шешуден кейін ауылдарға көңіл аудара бастады. Ауылдың жағдайымен етене таныс болғандықтан болар, әкіміміз өзіне бағынатын әкімдерді (ауыл басшыларын) қызу жұмыс майданына алып шыққандай болды. Әр ауылдың кешенді даму жоспары әзірленді. Алдағы үш жылдық мезгіліне ауылдың еңсесін көтеруге бағытталған біршама жұмыс жоспарланып қойды. Ол халыққа газет арқылы жарияланды. Осындай ашық формат жұмысына ауысу – халыққа өз ауылында қандай өзгерістер болатынынан хабардар болу үшін тиімді екені талассыз.
Бұл жоспар бойынша жұмыс басталғанын да айта аламыз. Түн батысымен түк көргісіз қара түнекке айналатын ауылдарға жарық тартыла бастағанының өзі жағымды жаңалық емес пе? Мұның сыртында ауыл жұртының жаппай көшуіне себеп болып тұрған ауыз су мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Әрине, әп сәтте ауыл мәселелерінің барлығын шешіп беру мүмкін емес. Оған қаражат тапшы. Арқалықтың өзі өз-өзін қамтуға қауқары жоқ. Қала бюджеті 4 миллиард болса, соның 1 миллиардын ғана өзіміз табамыз. Облысқа, республикаға бағыныштымыз. Десек те, бәрі де жоспарда тұрғаннан соң, халық та болашағына алаңдамайтыны анық. Табан тірерлік межелер белгіленді, алға қойылған мақсат та жоқ емес. Сондықтан таяу келешекте ауылдың жағдайы түзелетіні күмән тудырмауы тиіс.
Бірақ, әкіммен бірге ауылдарға ат басын бұрып, онда болған әңгіменің куәсі болғасын, бір ой түйіп қайттық. Ауыл халқы әлі де кеңестік заманда қалыптасқан санадан арыла қоймаған сияқты. Әрине, ауылдағы ағайынның бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен де, бүгінгі таңдағы өмірге баяғы заман тұрғысынан қарау дағдысы жойыла қойған жоқ. Үкімет неге ауылға мал бордақылайтын кешен салмайды, неге зауыт-фабрикалар, цехтер тұрғызбайды, дүкен-мейрамхана ашпайды деген сұрақтарды да естідік.
Бүгін нарық заманы. Үкімет жеке бизнеске араласуға құқы жоқ. Ал, аталған дүниелердің барлығы – жеке бизнес. Сондықтан, ауылда зауыт ашамын десең, өзің бастауың керек. Үкіметтің көмегі тек субсидия берумен, тиімді несиелер ұсынумен, инфрақұрылымын жасап берумен, жылу, су, тоқ тартумен шектеледі. «Жеке кәсіпкерлік пен Үкімет құзырының шекарасын ажырата білуіміз керек» - деген ойын жеткізді қала басшысы халықпен кездесулер барысында.
Биылғы есеп жаңаша сарында өтті. Қала басшысы газет бетінде жарияланған жоспарға, ауылда жасалынған шаруаларға емес, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға басымдық берді. Ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім беру, әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бөлімдерінің басшыларына сөз берді. Халық осы аталған салалар бойынша өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Қазір мал басын асылдандырып, көбейтуді нысана еткен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тиімді несиелер беріледі. Бөлім басшысы Жүсіп Өткелбаевтың айтуы бойынша, ауданға қойылған биылғы жоспар – мал басы санын 297 мыңға көбейту болып отыр. Қазір «Сыбаға» бойынша мал басы 100 мыңға жуық көрсеткіш маңайында. Бұл бағдарлама бойынша мал ұстап, асыраймын дейтін адам жеке шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкерлік (ИП) ашып, 8 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Оның бір жылдық каникулы бар. Яғни, несие алынса, бір жыл қарызды өтеу талап етілмейді. Ереже-талаптарына тоқталар болсақ, несие алу үшін міндетті түрде кепілдік болуы керек. Алайда, малды «лизинг» бойынша алуға да болады, яғни несиеге алынған малды кепілдік ретінде тіркеуге мүмкіндік бар. Екінші талап – несие алушының 10-15 бас өзінің жеке малы, мал ұстайтын қорасы болуы керек. Үшінші талап малдың ұсақталуына байланысты міндетті түрде малды асылдандыратын асыл тұқымды бұқалар болуы керек. Асыл тұқымды бұқалардың саны – тірі салмағы бойынша 1 келісі – 1000-1200 теңге.
Әлеуметтік сала бойынша да біраз жеңілдіктер бар. Кедейшілік шегінде тұрған, аз қамтылған, ауылда кәсіп ашамын деген отбасыларға көмек ретінде мемлекет тарапынан 3 миллионға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Алайда, бұл бағдарлама бойынша несие алу үшін де кепілдік болуы шарт. Бөлім басшысы Күлбахыт Омарова айтып өткендей, жылына оған 15 миллион теңге бөлінеді. Алайда бұл қаржы әрі кеткенде бес адамға ғана жететіні ақиқат. Сондықтан қала басшысы Б. Әбдіғалиұлы Үкіметке ұсыныс жасап, қосымша 30 миллион теңге қосуды сұраған болатын. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша да шағын несие алып, мемлекет көмегімен жеке кәсібіңді ашуға болады.
Ауылдағы мектептердің көбінде жағдай мәз емес. Кеңестік кезеңнен мұра боп қалған мектеп инвентарі әлі де қызметтен алынған жоқ. Жалпы осы мектептердің жағдайы неге дұрысталмай келеді, мемлекет мектептерге қаражат бөлмей ме деген сауал әр адамның көкейіне келетіні түсінікті.
Жоғарыда қала бюджетінің төрттен бірін ғана өзіміз қамтитынымызды айтып өткен болатынбыз. Ал, осы қалалық бюджеттің 60 пайызы білім беру саласына бөлінеді екен. Бюджеттік ақшаның жартысынан көбі тек осы білім беру саласына беріледі деген сөз – мектептер мен балабақшаларға қыруар қаражат жұмсалып жатқанын айғақтайды.
Таң қаларлық дерек – Аққошқар ауылындағы М. Әуезов атындағы Ақбұлақ орта мектебінде 55 бала оқиды. Мектепте небәрі 15 мұғалім еңбек етеді, оның 5-уі былтыр жұмыстан шығып кеткен. Білім бөлімінің басшысы Гүлбану Қонақова берген мәліметтер бойынша, бұл мектепке жылына 27 919 000 теңге қаражат аударылады. Сонда әр балаға жылына жарты миллионға жуық қаражат бөлінеді екен. Азғантай балаға көп орындық мектепке отын жағу өте шығынды болғандықтан, ауыл мектептерінде осындай жағдай қалыптасып отыр. Яғни, бала саны азайса да, бөлінетін қаржы азайған жоқ. Сондықтан, бөлінетін қаражат тек күнделікті мектепті ұстап тұру үшін ғана жеткілікті болып отыр.
Әлбетте, мектептерге қолдау көрсетілмей келеді деуге болмайды. Баяу болса да, ілгерілеушілік бар. Мысалы, бірқатар ауыл мектептеріне жаңа биология, химия, бастапқы әскери дайындық сияқты пәндер бойынша арнайы жабдықталған кабинеттер беріліп келеді. Химия кабинетінің құны – 4 миллион теңге. Себебі, онда заманауи жабдықтар, арнайы зертханалық қондырғылар қоса беріледі.
Ауылдардан көшудің екі қарама-қайшы себебі бар. Біріншісі – жұмыстың жоқтығы болса, екіншісі керісінше дәулеттің артып, тұрмыс-тіршіліктің жақсаруынан. Мысалы, Матросово ауылында бүгін он шақты бала ғана қалды. 280 орынға лайықталған мектеп жабылды. Қалған балаға қала әкімшілігі үй сатып әперіп, сонда оқытуда. Әлеуметтік санаты бойынша бұл ауыл өзгелерге қарағанда көш ілгері, 150 адамның барлығы іргелес жатқан өңірдегі ірі шаруа қожалығы «Нұр Жайлау НС» ЖШС-де қызмет етеді. Басым көпшілігі ер адамдар, ал отбасы мүшелері қалаға қоныс аударып кеткен.
Берік Әбдіғалиұлы ауылдардан көшу үрдісін бәсеңдету үшін ауылдың инфрақұрылымын дұрыстау қажеттігін айтып келеді. Соның ішінде ең өзекті мәселе - ауыз судың тапшылығы. Қаланың өзі қазір Ақжар су қоймасының суын тұтынуға мәжбүр. Бұрынғы сапасы жоғары Қараторғай суын қалаға тарту өте шығынды болғасын, суды жақыннан тарту ұйғарылғаны баршаға аян. Қала басшысы қазір Көктау елді мекенінің қасынан су тарту жолдарын қарастыруда. Мол қаржыны қажет ететін су тарту мәселесі бүгін-ертең аяқталмаса да, таяу болашақта өз шешімін табары сөзсіз, себебі қала басшылығы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай келеді.
Бір қызығы – Жаңақала (Қараторғай) мен Қайыңды жерасты судың үстінде тұрып ап, сапалы ауыз суға зәру. Бұрын кеңес уақытында жұмыс істеген су құбырлары мен ұңғымалар (скважина) істен шыққан. «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы жалпы өңірде бұл шаруа жыл санап қолға алынып келеді. Жалғызтал, Целинное, Фурманово ауылдарында орталықтандырылған су желісі орнатылса, биылдан бастап Жаңақала мен Қайыңдыда, Молодежное мен Матросовада ауыз су мәселесі шешімін таппақ. Айта кету керек, су тарту үшін миллиардтаған қаражат керек. Сондықтан, қала басшысы әр жылға тізіліп қойған ауылдардан тыс Қайыңды мен Жаңақала ауылдарында қала есебінен бұрынғы ұңғымаларды қалыпқа келтіру жұмыстарын жоспарлап отыр. Жаңақала ауылына барғанда, Б. Әбдіғалиұлы су ұңғымасына арнайы барып, қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген 2014 жылға емес, биылға жоспарлау керектігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Ауыл ұлтымыздың мәдени-рухани ошағы екенінде дау жоқ. Сондықтан Берік Әбдіғалиұлы қаймағы бұзылмаған қазақтың мекені болып отырған ауылдың рухани өміріне ерек көзқараспен қарауда. Былтыр мәдени қызметкерлердің еңбекақысы көтерілді, мәдениет үйлері жөндеуден өтіп келеді, әлі де жөндеу жұмыстарын «аңсап» тұрған ғимараттар бар. Жоспарға сенсек, барлығы да таяу жылдары халықтың игілігіне жарамақ.
Ауылдың мәдениет саласын жандандыруға 2012 жылы 99 миллион теңге бөлінсе, биыл 117 миллион қарастырылып отыр. Мұны мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сандуғаш Орекенқызы атап өтті. Жалпы әр ауылда әр сала бойынша айтарлық дүние жоқ емес. Әр бөлім басшысы барған ауылдардың бәрінде қала басшысының ұйытқы болуымен ауылдарға нендей қолдау көрсетіліп жатқанының нышаны ретінде бірқатар деректерді халықтың назарына ұсынғаны – сөзімізге дәлел. Халық та өздерінің ойларын ортаға салып, билікке айтар талап-тілектерін жеткізе білді.
Жалпы, ауылдың тағдыры тек билікке ғана байланысты болып отырған жоқ. «Көш жүре түзеледі» демекші, ауылдың жағдайы уақыт өте дұрысталатыны шүбәсіз. Ауылдың тағдырын қазіргі таңда ауыл тұрғындарының өздері шешіп отырған жайы бар. Тұрмысты жақсартамын деген ынта-жігері, мал басын көбейтемін деген құлшынысы, еңбекке ептілігі бар азаматтарға Үкімет қолдау көрсетпей отырған жоқ. Сондықтан ауылдың амандығы – ауыл ағайынының қолында деп түйін жасасақ қателеспеген болармыз.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ