ҚР Өңірлік даму министрі Б. Сағынтаевтың, ҚР Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрі
С. Әбденовтің назарына!
Ыстықсың-ау, ыстықсың өскен ауыл, Сен десе елжірейді өкпе-бауыр, – деп туған жер, өскен ауылының бүгінгі ауыр халін ойлап қабырғасы қайыспайтын азамат кемде-кем.
Мен – сол ауылдарды қазіргі қиыншылықтардан құтқару үшін не істеу керектігін де, шығар жолды да талай айтып та, жазып та жүрген, сан рет бастамалар көтеріп және сол бастамаларымды өз қолыммен жүзеге асырамын деп күресіп жүрген адаммын.
Сол себепті бұл күрделі мәселелерді жан-жақты тереңнен қозғап көтеруге тура келеді. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде «Бағы байланған бастамаларым», «Жаңалықсыз заман алға басар ма?», «Болашақсыз ауыл жоқ», «Бастама» атты бірнеше көлемді мақалаларым жарияланған. Сол күрестен не нәтиже шықты, бастамаларымның тағдыры не болды, қандай кедергі-тосқауылдарға кезіктім? Міне, сол сұрақтарға жауап барысында не істеу керектігі қоса баяндалады.
1. «Қайыңдым, сені қайтейін» ?!
Менің туған ауыл, өскен жерім бұрынғы Торғай, ал қазіргі Қостанай облысының «Қайыңды» кеңшарынан өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары 5 кеңшар «енші алып» бөлініп шықты. Соның бірі «Сарыторғай» кейін асыл тұқымды жылқы зауытына айналды. 30-40 мың қойының сыртында 2500-3000 жылқысы болды. Содан қазір тігерге тұяқ, тіпті, қотыр тай да қалған жоқ. Ал, «Қайыңды» кеңшарының 40-50 мың қойы, мыңдаған гектар егістігі, жүздеген жылқы мен сиырды қыста қыстауларға, жазда жайлауға сыймай жататын. Орта мектебінде 650-700 бала оқитын. Содан қазір 97 ғана бала қалған, ел көшуі әлі тоқтаған жоқ. Бірер жылда орта мектебі жабылып, бастауышы ғана қалатын жайы бар. Жекешелендіру кезеңінде құрылған бірнеше шағын шаруа қожалықтары күндерін көре алмай ыдырап, тарап кеткен.Бұрынғы отар-отар қой қыстатылатын қыстауларда жан адам жоқ. Оны айтасыз, кеңшар орталығындағы елдің үштен екісі көшіп, үйлерінің орнында үйінділер ғана жатыр.
Сұмдық көріністер... Жан ауырады, жүрек сыздайды. Тілге «Қайран Қайыңдым, сені қайтейін?» деген жыр жолдары оралады:
«Қайыңдым» қазір қираған,
Сұмдықты көріп қиналам.
Қаптаған мал жоқ, қыстау мен,
Жайлауға жазда сыймаған... – деп жанарымды жаспен жуып оралғанмын.
Ел көшіп, тұрғындар азайғанымен жері орнында. Торғай өзені мен оның сулы да, ну тоғайлы салалары, көк шалғынды шабындықтары, еге білсе өнім беретін егіндіктері, тіпті, бау-бақшаға сұранып тұрған суармалы бөгендері де орынында. Оу, сонда бұл елге, бүгінгі адамдарға не болған? Кеңарал ағамыз тұңғыш колхоз құрғанда жекелерден жиналған 20-30 тайынша, қашар, екі-үш жүздей ғана қой-ешкімен жұмыс бастаған ғой. Өгіз соқамен жер жыртып, егін салып, оны қол орақпен-ақ орып алып, бір тұяққа тіс тигізбей бағып-өсіріп, төрт түлікті мыңғыртып көбейтіп, кешегі күндерге жеткізіп еді ғой. Қысқасы, әкелеріміз бен аналарымыз, бүгінгі аға буын социализмді өгіз соқамен орнатқан. Сол байлықтың бәрі мемлекет меншігі емес, жергілікті жұрттың елу бес жыл бойы маңдай тер, табан ақыларымен жинаған өз меншіктері болатын. Бірақ, не керек, мемлекет меншігі деп баспабилік жасап, жекешелендіру желеуімен талан-таражға салды да жіберді. Оны айта бергенмен ештеңе өнбейді. Енді не істемек керек?
Сол сұраққа жауап іздеп ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарларының біріне кіріп, кеңес сұрадым. Оның айтқаны:
– Қазір ауылда жеке шаруаларды, шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп ірілендіру көзделіп отыр. «Қайыңды» ауылыңыздың барлық тұрғындарын жинап жиналыс өткізіңіз. Қайтадан қауымдасып, ірі шаруашылық құруға келісімдерін алып, хаттама құжатқа қолдарын қойғызып, қауымдық шаруашылықтың жарғысын тіркетіп заңдастырасыздар. Содан соң жол ашық. Селолық несие серіктестігінен 9 пайыз жеңілдікпен несие ала аласыздар. Қажетті техниканы лизинг бойынша алғашқы 10 пайыз ғана құнын төлеп, қалғанын 5 пайыз үстемемен 7 жылға бөліп қайтарып отырасыздар. Сол сияқты егін ексе, әр гектарына, мал бордақыланса – әр тоннасына субсидия-қаржы, жанар-жағармай беріледі, – деп түсіндірді.
Министрдің орынбасарынан жақсы мәлімет алып, көңілім көтеріліп шықтым. Мынадай жеңілдіктермен дұрыс пайдаланса, жөнді ұйымдастыра білсе, ауылды қайтадан көтеруге болады екен деген ой келді. Бірер күнде жарғысын жазып, «Қайыңдым» қайдасың деп жолға шықтым. Тұрғындарды мектеп клубына жинап, жиналыс өткіздім. Тебіреніп тұрып сөз сөйлеп, «Қайран, Қайыңдым»-ды оқып, қайтадан қауымдық шаруашылық құрып, ұжымдасып еңбек етуге, жұмыс орындарын қалпына келтіріп, Арқалық пен Астана және басқа қалаларда көрінген жұмыста үйсіз-күйсіз күн кешіп жүрген ауыл жастарын елге қайтаруға, елдің көшуін тоқтатуға, орта мектепті сақтауға шақырдым. Мәселені талқылай келіп дауысқа салғанда, жиналғандар қауымдық шаруашылық құруды қолдап бәрі бірдей қол көтерді.
Осы қуанышты хабарды алып, Арқалық қалалық ауданның ауыл шаруашылық бөлімі бастығының қабылдауына кірдім. Бірақ мұндағылар бірден қуанышымды су сепкендей басты да тастады. Болашақ құрылатын қауымдық шаруашылықтың немесе өндірістік кооперативтің 15 миллион теңгелік жарғылық қоры (уставной фонд) болуы керек екен. Сөйтіп, тосқауыл қойып қойған. Күндерін зорға көріп отырған ауылда ондай қор қайдан болсын. Баяғыда жекешелендіруде алған «Беларусь» тракторлары ескі, тозған. Оларды есепке алмайды. Егіндік жерлері де кепілге қоюға жарамайды. Егін шығымдылығы қауіпті аймаққа жатады. Сөйтіп, салым суға кетіп, иығым салбырап, еңсем түсіп, «Қайран, Қайыңдымды» қайтадан қалпына келтіремін деген үмітім үзілгендей болып, Астанаға қапаланып қайтқанмын.
Бұл жерде мен, әдеби тілмен айтқанда, типтік бейне-кейіпкермін. Барлық ақындар мен жазушылардың, ауылдан шыққан барша саналы азаматтардың ортақ ой, ортақ мұңын солардың аттарынан жазып отыр емеспін бе?! Олардың қай-қайсылары да туған жер, өскен ауылдарына барып қайтқан сайын, бір кезде шаруашылықтары шалқыған кеңшарларының бүгінгі мүшкіл халін, қалт-құлт етіп жүріп жатқан күнкөрістерін көріп жүректері сыздап, жанарларына жас үйіріліп қайтады. Солардың бірі ақын Ақұштап Бақтыгереева жақында «Ұлт Times» газетінде жарияланған мақаласында «Қазақтың қалада құлға айналғанынша, далада мал баққаны артық» деп сұхбат берді.
Біздің бір ғана Қайыңды ауылынан алпыстан астам жас жігіт пен қыз Арқалық пен Астана қалаларында қара жұмыстарға жегіліп, көше сыпырып, құрылыстарда жүр екен. Демек, ауылды құтқару үшін, жастарды елдеріне оралтып орнықтыру үшін ыдыраған бұрынғы шаруашылықтарды қалпына келтіруге тосқауыл-кедергі болып тұрған «15 миллион жарғылық қор» туралы бапты алып тастау керек.
2. «Нұрлы көш» қалай сәтсіздікке ұшырады?
Қайран Қайыңдымды қайтадан көркейтемін деген талабым тасқа шабылып, еңсем түсіп жүрген кездері мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы дүниеге келді. Бірақ, ол сәтсіздікке ұшырап жабылып қалды. Неге? Осы сұрақ төңірегінде ойланып-толғанып, сәтсіздік себептерін зерттеген, анықтаған ешкім жоқ. Ендеше, соны біз айтайық. Мен оны бір кісідей өз басымнан өткізіп, зерттеген адаммын.
«Нұрлы көш» бағдарламасы сонау жылы Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрғанда қабылданып жүзеге аса бастаған-ды. Бірақ, ол Шығыс Қазақстан облысына әкім болып кетті де, билік нәзік те жұмсақ мінезді әйел қолына тиді. Гүлшара Наушақызы бұл мәселеде табандылық, тегеурінділік таныта алмады.
«Нұрлы көш» бағдарламасын бөркімді аспанға ата қуана қарсы алып, қаңыраған ауылдарды жанға, қыстаулар мен жайлауларды малға толтыратын, шет елдердегі қандас бауырларымызды мың-мыңдап елге көшіріп әкелуге мүмкіндік беретін тамаша мемлекеттік шара деп білдім. Шынында, тап солай-ды. Бірақ біліксіздік деген бәле тағы алдымыздан шықты.
Кеңес заманы кезінде «гигантомания»деген кесел болған. Соның вирусы өлмеген екен. Сол «Нұрлы көшке» жұқты. Біздің қазекең керемет айтқыш халық қой, «Әп-әдемі өлең еді, пұшық шіркін қор қылды» деген сөзі бар. Тұп-тура солай болды да шықты. «Нұрлы көш» ат басын ауылға бұрудың орнына, онсыз да халқы көп, өз жұмыссыздары жетерлік қалалар мен облыс орталықтарының іргесінен оралмандарға арнап жүздеген отбасылық тұрғын үйлер сала бастады. Және сол үйлер тұрғындар үшін жұмыс орындары күні бұрын қарастырылмай жатып салынды. Оу, сонда, бір жерге топырлап көшіп келіп орналасқан оралман бауырларымыз жұмыстары болмаса күндерін қалай көреді, не ішіп, не жейді, сол үйлердің пәтерақысын қай ақшасымен төлеп өтейді? Осы қарапайым сұрақтар туралы түк ойланбаған әкімдерге не деуге болады? Тіпті, қарапайым нәрсеге ақылдары жетпей, тамаша бастама, бағдарламаны қор етті емес пе? «Мені құртқан Көкшолақ» деп Кенен әнінде айтылғанындай гигантомания «Нұрлы көшті» сорлы көш қалды. «Жас қазақ» газетінің жақында жарық көрген санында «Қағаз бетіндегі күрес» деген мақалада Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 240 отбасылық «Бәйтерек» ауылының 62 үйі қаңырап бос тұрғаны айтылған. Жұмыс болмағандықтан әр жаққа бытырап кеткен ғой. Ал, сол 240 баспанаға 2 миллиард теңгеге жуық мемлекет қаржысы жұмсалған. Оның біразы жергілікті жемқорлардың қалтасына құйылғаны аңғарылады. Гигантоманиялық құрылыстардан қымқыру оңай, тексеру қиын.
Осындай 200-300 пәтерлік баспана-үйлер Қостанай мен Көкшетау қалаларының іргесінде де салынды. Сапасыз салынғаны сондай қыста суық болған. Әрі жұмыс болмай, тұрғындары берекесіздікке ұшырады. Кезінде баспасөз беттерінде солар туралы сын мақалалар көптеп жарияланды.
Ал, енді сол кездегі өзімнің харекетімді баян етейін. «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасына қосымша жоба жасап ұсындым. Ол «Бұрынғы мал шаруашылықты ауылдарға оралмандар мен ішкі қоныстанушыларды орналастырудың жаңа үлгі – моделі» деп аталады. Оны тиражы миллион болғыр «Егемен Қазақстан» газеті маңдайын жарқыратып 2009 жылғы 27 мамыр күнгі санында жариялады. Ол жобаның кісі қызығарлық артықшылығы сонда: оралмандар да, ішкі қоныстанушылар да, қаладан алыс демей ұсынылған елді мекенге, ауылға өз ынталарымен барып, сол жерді құтты қонысқа айналдыра алатынында.
Қой фермасы қонысы 2,5-2,8 мың, яғни, 4 отар қой өсіріп бағуға арналған. Оны агросеріктестік десе де болады. 4 отар қойды 4 шопан, 4 көмекші шопан бағып күтеді. Сол 4 отар қой қысы-жазы 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады. Жазда 4 шопан жайлауға шығып, қалған 4-еуі қыстауда қалып, жаздай күздей мал азығын дайындайды, шөп шабады, бау-бақша, көкөніс өсіреді.
Келесі жылы былтыр қыстауда қалғандар жайлауға кетіп, жазда жайлауда қой баққандар қыстауда қалып орын алмастырады. Сонда қой бағу жалықтырмайды. Мұның тағы бір артықшылығы қыста да, жазда да жалғыздық көрмейді. Әкеміз шопан болды. Өзім де жасымда қозы бақтым. Онда қой сауылатын, мектеп бітірген соң екі жыл шопан болдым.
Қозы бақтым, қой бақтым,
Төл алудан, жүн алудан
Басқа нені ойлаппын, – деп жыр еткенім бар. Сонда қыста қыстауда да, жазда да жалғыз-жалғыздан отыратынбыз. Жаз жайлауда қойларымыз қосылып кетеді деп шопандар әр қырдың астында бөлек-бөлек қоныс тебетін. Ал, мына жобада барлық қой ортақ жауапкершілікте болған соң жазда да, қыста да бір жерде бірлесіп бағады. Қойлардың қосылып кетуінен қауіптенбейді.
Екінші артықшылық сегіз отбасына арналған әмбебап тұрғын үй кешенінде. Қаладағы сегіз пәтерлік үй секілді бірге салынады; бір отқазаннан жылытылады; сегіз үй сегіз пешке от жағып түтіндетіп жатпайды. Кешен Н әрпі секілді етіп тұрғызылады. Екі жақ басында төрт-төрттен пәтер болады да, ортаңғы белдікте мәдени тұрмыстық бөлмелер болады. Атап айтқанда: шағын кітапханасы бар клуб бөлмесі, балалардың ортақ ойын залы, бастауыш мектеп бөлмесі. Егер сегіз отбасының ішінде мұғалім болса бастауышта өз балаларын өздері оқытатын болады.
Сегіз отбасы өздері бір шағын ауыл болып өмір сүреді. Төрт отардың екеуі қоздатылатын саулық қой, қалған екеуі етке өткізіп ақшалай кіріс кіргізетін еркек тоқты, ісек болмақ. Жыл сайын кемінде 500 қой бордақыланып-семіртіліп сатылады. Өз төлі есебінен жыл сайын көбейіп, табыстары да арта бермек.Төлдерімен 3-3,5 мың қойдың жабағы, күзем жүндері де қыруар табыс көзі. Жүн өңдеп, одан кілем тоқылып, текемет басып, киіз үйдің туырлық, түндіктері жасалып та кіріс кіргізіледі.
Бау-бақшадан да табыс табу қарастырылады. Бұл бастама кейін республика көлеміне қанат жайған кезде, бұрынғы гүлденген, мыңғыртып төрт түлік мал өсірген ауылдар, қайтадан қалпына келеді. Шетелдердегі қандастарымыз ауылдарға көптеп көшіп келе бастайды; ауылдан жастардың қалаларға ағылуы азаяды; оқушы балалардың саны көбейіп, мектептер сақталады. Бұрынғы мал мамандары, механизаторлық, жүргізушілік тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс орындары көбейеді.
Міне осылай «Нұрлы көшті» ауылға бұру керектігі жан – жақты жазылған «Егемен Қазақстан» газетінің сол санын жалау етіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың қабылдауында бірнеше рет болып, мақаланы өздерінде қаратып қолдауына ие болдым.
Министрлік ең бірінші қатынас-хатты Қостанай әкімінің орынбасары С. Бектұрғановқа 2009 жылдың 16 маусымы күні, яғни, менің «Бастама» мақалам жарық көргеннен кейін 20 күннен соң іле жедел жолданды. Оған министрліктегі орынбасарлардың бірі С. Тәукебаев қол қойған. Менің мақаламды қоса жіберді. Хат соңында «...автордың ұсынған жобасын 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында әзірленіп жатқан 2010 жылға арналған аумақтық бағдарламаларға енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», – делінген. Министрлік атынан талап ету жоқ. Табансыз, тайғақ хатқа С. Бектұрғанов та: «...Арқалық қаласының әкімшілігі алыстан келетін бауырларымызды жұмыспен қамтамасыз ету қиындық туғызатынын айтты», – деп атүсті сылтау-жауап қайтарды.
Ақырына дейін күресейін деп Парламент депутаты, сондағы көші-қон тобының жетекшісі Уәлихан Қалижановқа барып көмек сұрадым. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы К.Мәсімовке бір емес екі рет депутаттық сауал жолдады. Біріншісі – 2009 жылдың 22 қазанында; екіншісі – 2010 жылдың 9 шілдесінде. Соңғы сауалға К. Сағадиев, Д. Құсайынов, С. Тоқпақбаев, Т. Қадамбаев, Г. Қарағұсова және бірнеше депутат қол қойды. Алдыңғысына да, соңғысына да түрлі-түрлі сылтау айтылған сырғытпа жауаптар келіп жатты. Сөйтіп, менің «Нұрлы көшті» ауылға апару жобам 2010 жылдың да, 2011 жылдың да пилоттық жобасына енбей қалды.
Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға екінші рет барып, Қостанай облысының әкімі С. Кулагинге өзіне тікелей өз атынан қатынас хат жазуына қол жеткіздім. Екі тілде жолданған хаттан үзінді келтірейік:
«...Жоғарыдағылар негізінде, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Арқалық ауданының Қайыңды және Қызылжұлдыз ауылдарын «Нұрлы көш» бағдарламасының 2011 жылына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады... Жобаның тиімділігі анықталған жағдайда, болашақ үйлердің орналасатын орнын бекітіп, тұрғын үй құрылысының, инженерлік коммуникациялық және әлеуметтік инфраструктурасының жалпы құнын есептеп Министрлікке белгіленген заңнама талаптарына сәйкес ұсыныс енгізуді сұраймыз».(15.04.2010 ж).
Министрдің сұрауын Кулагин құлағына қыстырған да жоқ. Министрге «Қайыңды Арқалықтан алыс, жол жоқ, электр жоқ, теледидар жоқ, байланыс жоқ, қараң қалған жер» деген секілді қара аспанды жауға алдырып өтірік жауап берді. Шынында, Қайыңды Арқалықтан 90-ақ шақырым жерде, көтерме жол бар, оның 30 шақырымы асфальтталған. Машиналар, таксилер күн сайын, қысы-жазы құрдай қатынап жатады; жоғары вольтты электр барып тұр, Қызылжұлдыз ауылында телемұнара көкке бойлап сол өңірде қызмет көрсетеді; екі ауылда да орта мектеп бар, әр үйде телефон орнатылған. Қайыңды бұрын кеңшар орталығы болған, онда мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана жұмыс істейді. Кулагин оны білмейді емес, жақсы біледі. Сөйте тұра министрге солай деп өтірік жауап берген. Соны министрдің өзіне айтқанымда, «істегісі келмей отыр ғой, ал біздің облыс әкіміне билігіміз жүрмейді, бұйрық бере алмаймыз» дегенді айтты.
Сол секілді көптеген әкім-қараларға қазақ ауылдарының қайтадан қалпына келгені, өркендегені керек емес. Қайта сол ауылға жыл сайын көмекке бөлініп жатқан миллиардтаған теңге бюджет қаржысын ауылға жеткізбей, әрқайсысы жолдан қарпып қалып жататындары жайлы мақалалар көптеп жарияланып жатады. Мысалы «Егемен Қазақстанның» өткен жылғы 26 мамыр күнгі санындағы сұхбат мақалада Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов сол жайында мәселе көтерген.
Сөйтіп, мен алаөкпе болып жүргенде «Нұрлы көш» бағдарламасы жабылып қалды. Міне, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының сәтсіздікке ұшырауының басты себебі осы.
3. «Нұрлы көшті» «Ұлы көшке» ұластырсақ
«Нұрлы көшті» Ұлы көшке ұластыру – менің басыма ғана түнеп жүрген ой емес, ұлтым дейтін барша қазақтың ұлы арманы бұл! Сол арманға қол жеткізудің мүмкіндіктері Қазақстанда қазір ұшан-теңіз. Ол үшін алдымен алғашқы«Нұрлы көш» бағдарламасының сәтсіздікке ұшырау себептерін нақты анықтап, соған көз жеткізіп алып, сол кеткен кемшіліктерді түзеу міндет. Станоктарында долларды миллиардтап, триллиондап шығаратын әлемдегі ең бай, қуатты ел АҚШ бай екенбіз деп ақшаны босқа шашпайды. Долларды да, оның әр центін де санап есептеп отырады. Ал, біз жаңа дамып келе жатқан мемлекет болсақ та, ақша санауды үйрене алмай-ақ келеміз. Сонау бір жылы «Ауыл жылы» жарияланып, бюджеттен миллиардтаған теңге аямай жұмсалды. Бірақ, сол қыруар қаржының ауылға жетпей жолай қолды болғаны жайлы қаншама дабылды мақалалар жарияланды. Алайда, ешкім сол қолды болған қаржының есебін шығармады, жабылған қазанның қақпағы ашылмады.
Соның зардабын әлі тартып келеміз. Қолды болған ақшаның есебін ешкім алмайтынын біліп алған әкімдер әлі күнге дейін ауылға деген қаржыны талан-таражға салумен келеді. Сөзіміз жала болмауы үшін мысал келтірейік: «Айқын» газетінің өткен жылғы 6 желтоқсан күнгі санында «Өлі капиталға» кім жауапты?» – деген әшкерелік мақалада жергілікті жерлерде игерілмеген «өлі капиталды» пайда көзіне айналдырудың механизмі баяндалған. Оқып шығып жағамызды ұстадық.
Осылай кете бермек пе? Қателіктерімізден қорытындылар шығарып кемшіліктерімізді түзету керек емес пе. «Нұрлы көш» сәтсіздіктерінен сабақ алуымыз үшін: Ақмола облысы Степногор қаласының 145 отбасылық «Қарабұлақ» ауылы, Ақтөбе облысы Қырымтау ауданының 200 отбасылық «Көктал», Шығыс Қазақстан облысының 298 отбасылық «Өскемен», Қостанай облысы Қостанай ауданы 130 отбасылық «Заречный», Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы 240 отбасылық «Бәйтерек», Көкшетау облысының 270 отбасылық «Красный яр», Курчатов қаласындағы 200 отбасылық және сондай басқа ауылдардың кешенді құрылыстарына қанша бюджет қаржысы жұмсалды? Және соларда бастапқы келген оралмандардың қаншасы қалды? Қаншасы көшіп кетті? Бос қалған жерлерде кімдер тұрып жатыр? Кезінде сапасыз салынған сол тұрғын үйлердің қазіргі күй-жайы қалай? Солардың бәріне жұмсалған мемлекет қаржысы қанша? Ол тұрғын үйлер оралмандарға тегін берілмейді, жыл сайын пайыздап өтемақысын төлеп отырулары керек. Олай болса, сондай өтелім бар ма, жоқ па? Егер жұмыстары болмаса өтелім де болмайды. Олай болғанда, бюджеттің жүздеген миллиард теңге қаржысы босқа шығын болды деген сөз.
Дәл осы мәселені кезінде Мәжіліс депутаты Құрманғали Уәли көтеріп, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке бір емес екі рет депутаттық сұрау салған. Оның мазмұны «Қазақ» газетінің 2011 жылғы 14 қаңтар күнгі санында жарық көрді. Онда да жоғарыдағы сұрақтар қойылған. Оған да бізге қайтарылғандай жауап берілген болар.
Қорытындылай келгенде, қалалардың іргесінде болашақ оралман қоныстанушыларға алдымен жұмыс орындарын ойластырып, сайлап алмай тұрып, 200-300 отбасылық ірі тұрғын үй кешендерін салу үлкен қателік болғанын, сол себепті қазақ көшінің тоқтап қалғанын мойындауымыз керек. Кезінде Ресей үкіметінің басшысы болған В. Черномырдиннен қалған: «Басында бәрі жақсы болады деп ойладық, бірақ әдеттегідей керісінше болып шықты», – деген сөзі бар. «Нұрлы көш» туралы да тура соны айтуға болады.
Жоғарыда тізілген 7 ауылдың отбасыларының жалпы саны 1483 екен. Сол 7 ауылдың тұрғын үйлерін салуға 13-15 миллиард теңге шамасында бюджет қаржысы жұмсалған көрінеді.
Біз ұсынған жоба бойынша Қайыңды мен Қызылжұлдыз елді мекендерінде, бірінде қойды өсіруге, екіншісінде сиыр фермасын құруға , яғни екі ауылға қаржы бөлуді сұрадық. Әр шағын ауыл 8 отбасылық қана, барлығы 16 отбасы. Егер арман-мақсаттарымыз орындалғанда бұрын ірі шаруашылық-кеңшар болған Қайыңды қайта еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып кетер еді. Аз-ақ жылда баяғыдай қой мен сиыр өз төлдерінен көбейіп, халық саны да өсіп, бірте-бірте жұмыс орындары да жасала берген болар еді-ау. Өкініш өзек өртейді.
Енді алғашқысын қала жобасы, екіншісін дала жобасы деп, екеуін салыстырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қарастырып көрелік. Егер қала жобасындағы жеті қалаға орналастырылған 1483 отбасын, біз ұсынған дала жобасы бойынша әр ауылға (бұрынғы әр кеңшарға) әрқайсысы 8 отбасылық екі шағын фермадан келетіндей бөлсек (16 отбасы), Қазақстанның бұрын кеңшарлар болған 92-93 елді мекенінде қой мен сиыр фермалары құрылып ұйымдастырылып жұмыс жасап кетеді екен. 93 ірі елді мекен 9 ауданның, яғни бір облыстың бүкіл ауылдарын қамтумен тең деген сөз. Басында салынып берілген үй баспанасы, бағымында малы, яғни, жұмысы болса, оралмандарға одан артық не керек болсын. Олардың сұрап жүргендері де сол емес пе?!
Оралмандар, тіпті, бізге басқа жұмыс та, квота да бермей-ақ қойыңдар, Моңғолиядан, Қытайдан өз малымызбен көшіп келуге мүмкіндік жасаңыздар деп те жазғанын оқыдық. Өте орынды тілек, неге сөйтпеске?! Сонау Америка мен Еуропадан ұшақпен сиыр мен бұқа тасып жатқанда, мына тұрған шекаралас елдерден алдындағы отар қойымен, сиырымен, жылқыларымен неге көшіріп әкелмеске?!
Шетелдегі ағайындарымыздың көпшілігі, әсіресе, Моңғолиядағы қандастарымыздың көбі мал баққандар. Ендеше неге біз оларды онсыз да өз жұмыссыздары жетерлік қалалардың қасына топырлатамыз? Бұл не, білместік пе, әлде қастандық па? Қазақ көшінің тоқтап қалғанына ашынғандар «бұл Қазақстанда қазақтардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, оны қаламайтындардың зымияндық ісі» деп айыптауда. Меніңше, олай емес, Черномырдин айтқандай болды.
«Нұрлы көштің» алғашқы авторлары қала мен дала жобасын қатар қарастырулары қажет еді. Егер жұмыс болып жатса, Шымкенттегі «Асар» ауылы сияқты қала маңына қоныстану тиімсіз емес. Олар өзбекстандық оралмандар алдымен үдере көшіп келмес бұрын жер алып, көкөніс өсіретін жылыжайлар салатын болып, яғни болашақ жұмыс орындарын сайлап ойластырып дұрыс жасады. Ал, енді Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының әкімдерінің қала іргесіндегі Красный Ярға 270 отбасылық тұрғын үйлер салғанын ештеңемен түсіндіре алмайсыз. Көкшетау қаласында да, іргесінде тұрған Красный Ярда да өз жұмыссыздары сеңдей соғылысады емес пе?
Аз айтқанда, көп айтқанда, «Нұрлы көш-2» бағдарламасын тез жасап, көш бағытын қаладан далаға, бұрынғы кеңшарлар мен олардың бөлімшелерінің қолайлы қоныстарына бұрып түзеу керек. Сонда «Нұрлы көш» – Ұлы көшке ұласады. Сөйтіп, күні кеше ғана шаруашылықтары шалқып, мыңғырғын малы қыста қыстауға, жазда жайлауға сыймай жататын құтты мекен, ауылдарды аз-ақ жылда жанға да, малға да толтырамыз.
«Ұлы көш» – қиял емес, таяуда-ақ орындауға болатын іс. Таяу тарихта Ұлы көш Түркия мен Грекия арасында жүзеге асты. 1919 жылы Түркия мен Грекия арасындағы соғыстан кейін бір-біріндегі өз адамдарын айырбастап, өз елдеріне көшіріп алысты. Грекия Түркияда ежелден бері тұрып жатқан бір жарым миллион гректі бас-аяғы бірер жыл ішінде көшіріп әкеліп қоныстандырды. Түркия да Грекиядан сонша түрік азаматтарын тарихи өз Отанына оралтып орналастырды. Бұл екі ел арасындағы осы ел көшіру тарихқа «Ұлы көші-қон» – «Великое переселение» – деген атпен енді. Түркия мен Грекия сол кезде бірнеше жылға созылған өзара соғыстан экономикалық күйзеліске ұшырап, қиын халде болатын. Оның алдында екеуі де дүниежүзілік соғысқа қатынасқан. Бірі – Антанта, бірі – Германия жағында шайқасқан, соған қарамастан «Ұлы көші-қонды» жүзеге асырды.
Міне, бұл – өз отандас азаматтарына деген мемлекеттік қамқорлықтың ерен үлгісі.
Ұлы көштен біз де тәжірибесіз емеспіз. 1954-1956 жылдары тың көтеру науқаны басталған алғашқы жылдары-ақ Ресейден Қазақстанның солтүстік облыстарына миллионға жуық тың игерушілер келіп қоныстанған. Демек, тәжірибе бар. Жетіңкіремей тұрғаны – қандас бауырларымызға деген ыстық ықылас, оларды тезірек көшіріп әкелуге деген ынта.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім! – деген Махамбет арманымен өз арманымызды тоғыстырсақ, Ұлы көшті жүзеге асыруға Қазақстанның экономикалық мүмкіндік-әлеуеті толығынан жетеді. Өткен жылы 143 миллиард теңге бюджет қаржысы игерілмей қалған. Оны Президентіміздің өз аузынан естідік емес пе?! Бұл деректі «Айқын» газеті (06.12.2012) жариялаған «Өлі капиталға» кім жауапты» деген мақаладан алып отырмыз.
Былтырдан бұрынғы жылы да, алдыңғысында да, осылай ондаған миллиард бюджет қаржысы игерілмей қалып жататын. Олай болса оны Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу жөніндегі Елбасымыздың тапсырмасын орындаудан неге аяймыз? Көп балалы аналарды да жарылқап жатқанымыз шамалы.
«Көбей, қазақ!» деген жалаң ұранмен қазақ көбеймейді. Қазақты тез көбейтудің бірден-бір амалы – «Нұрлы көш-2» бағдарламасын қайта жасап, жандандырып, көш бағытын ауылдарға бұру. Бұрын 30- 40 миллион қойы болған ұжымшарлар мен кеңшарлардың көбі қазір бос жатыр. Соларды қайта жан мен малға толтыру міндет. Жай міндет емес – қасиетті міндет!
4. Қауымдық шаруашылықтар құру қаншалықты тиімді?
Қазақ көшінің тоқтап, тоқырауға ұшырап тұрғаны барша қазақтың жүрегін сыздатты. Шеттегі қазақтардың, әсіресе, жастарының қытайланып, өзбектеніп, орыстанып бара жатқанын, ол жақтағы қазақ мектептерінің жаппай жабылуы сол үрдісті жеделдеткенін баспасөздер жиі жазып, дабыл көтеруде. Соларды оқыған сайын сырттағы қандас бауырларымыздың тарихи Отаны – Қазақстанды аңсап, келейін десе келе алмай ішқұса болып жүргендерін ойлап-сезінгенде жанарымызға жас үйіріледі. Олар жат болып кетпей тұрғанда қалай тез көшіріп аламыз? Ол үшін не істеу керек? Міне, бұл сұрақтар қазір әр қазақты мазалап, ойын онға бөлуде. Жақында ақын Ауыт Мұқибек мынадай тамаша ой тастады: «Егер шеттегі қазақтарды тездетіп көшіріп әкелуге үкіметіміз салғырт қарап, оралымсыздық көрсетіп отырса, онда өзіміз – халық болып белсенділік танытайық. Ол үшін «Халықтық көші-қон» қорын құрып, елден ақша жинайық. «Көп түкірсе – көл» деген мәтеліміз бар. Жұмысы бар, күнкөрісі қалыпты әр адам өз жалақысының бір пайызын сол қорға аударып тұратын болса, кәсіпкер-бизнесшілер, қалталы миллионерлер мен миллиардерлер қомақты қаржылай көмек көрсетсе, қазақ көшін тездетуге әбден болады». Екеуміз отырып алып, қарапайым арифметикаға көштік. Егер шамамен жұмыс істейтін 5 миллионға жуық адам бар, олардан, орта есеппен, ай сайын 1000 (мың) теңгеден жарна жиналды десек, 5 миллиард теңге құралады екен. Мысалы, 80-100 мың жалақы алатын азаматтар ай сайын соның мың теңгесін «Көші-қон» қорына қимайды дегенге кім сенеді. Мысалы, мен өзім зейнеткермін. 50 мыңымның бір пайызы 500 теңге. Соны Отанын аңсап, шет жерде жанары жәудіреп жүрген қаракөздерімнің туған елге оралуына қимасам, онда менің кім болғаным? Солай деп әр қазақ ойлайды. Жүз қойы бар фермер бір қойын беруге әзір. Олай болса, осы идеяны жалаулатайық, «Халықтық көші-қон қорын» құрайық тез. Көрінген адам көрінген қорды құрып жатқанда, мынадай нағыз патриоттық істі неге қолға алмасқа. Сөйтіп қазақ көшінің жарты қаржы-қаражатын халық көтерсе, екінші жартысын үкімет көтерсе, «Нұрлы көш» Ұлы көшке ұласады сөзсіз.
Президент Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың бастапқы сатысының жеті бағытын белгілеп берген. Соның үшінші сатысы: «Жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіру», – деп тұжырымдалған. Оның ішінде қой шаруашылығын дамыту баса айтылған. Және бұл тапсырма берілгелі де екі жылдың жүзі болыпты.
Ал, енді осы тапсырма қалай-қайтіп орындалуы керек? Тапсырманың түпкі мақсаты мен мәні не? Соны түсініп алмай тұрып, әкімдер оны қалай орындамақшы. Оны негізі орындайтындар облыстар мен аудандардың әкімдері. Соңғыларында билік жоқ. Билік болса, Қостанай облысы Арқалық ауданының сол кездегі әкімі Т. Төлеубаев «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бермекші болған қаржыны алып, Қайыңды мен Қызылжұлдыз ауылдарын 2011 жылғы пилоттық жобаға кіргізген болар еді. Облыс әкімі оны тыпыр еткізбеді. Ал, бірер жыл көлемінде сапырылысып ауысып жататын облыс әкімдерінің көпшілігі түбі терең проблемаларға бастарын ауыртып жатпайды. Солардың біліксіздігінен «Нұрлы көш» бағдарламасы сәтсіздікке ұшырап, қазақ көші тоқтап қалды. Қандай өзек өртейтін өкініш. Біліксіз болмаса, Көкшетау облысы мен қала әкімі онсыз да өз жұмыссыздары көп бола тұра қала іргесіндегі Красный Ярда оралмандарға 270 отбасылық тұрғын үйлер салар ма еді?
Өткенге салауат деп, алда тұрған «Жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіруді» ойластырайық. Мен жоғарыда малдандырсам деп шырылдап жүрген екі ауылдың бірі Қызылжұлдызда 30-ақ үй қалды. Осы мақаланы жазып жатқанда сондағы бір ініме телефондап: «Жазда жайлауға шығарып бағатындай ауылдарыңда қой көбейді ме?» – деп мәлімет сұрадым. Жайлауға шығарып бағатын қоғамдық мал жоқ қой қазір. 30 үйде барлығы 450-500 шамасы қой бар. Оны қой кезек бойынша тұяғы жеткен жерге дейін өргізіп, ауыл сыртына бағамыз, – дегенді айтты. Ұлы Торғай ойпатының бүтіндей аумағын Қостанай облысының Амангелді мен Жангелдин аудандарының ауылдары алып жатыр. Бәрінде де қоғамдық та, қауымдық та мал жоқ. Бәрі де солай жеке меншік азды-көпті қойларын кезектесіп «қой кезек» тәртібімен ауыл маңында бағады.
Демек, қазіргі қалыптасқан жағдайда облыстың да, ауданның да, ауылдың да әкімдері жоғарыдағы тапсырманы орындай алмайды. Тапсырманы тағы бір қайталап оқып мағынасына үңілейік. «Жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіру». Асты сызылған соңғы екі сөзге көз қарашығын қадап, астарын аңғарайық. Қалпына келтіру үшін қоғамдық-қауымдық мал басы болу керек. Ал, қоғамдық мал болуы үшін сол оны бағып-қағып өсіретін ұжымдық шаруашылық құру керек. Қалпына келтірудің түпкі мағынасы сол. Колхоз дегенді кейінгі кезде ұжымшар деп жасанды сөзбен, бұрын тілімізде жоқ сөзбен аударып қолданып жүр. Ал, оның тілімізде бар нағыз дұрыс баламасы – қауымдық шаруашылық, яғни – қауымшар. Міне, біздің ұсынып жүргеніміз осы қауымдық шаруашылық. Бірақ оны кезінде біліксіз әкімдердің құрғызбағанын, оның сыртында несие алу үшін 15 миллион жарғылық қор деген тосқауыл-тор құрып қойғанын, сол торды бұлқынып бұза алмай қор болғанымызды жоғарыда жаздық қой.
«Қайыңды» қауымдық шаруашылығының жарғысын да жазып ұсындық. Жалаң сөз болмауы үшін соның ІІ тарауы – «Қауымшардың экономикалық міндеттерінің» бірнеше бабын мысалға келтірелік:
Қауымшар жекешелендіру кезінде бөлшектеніп, ыдырап кеткен, соның салдарынан шаруалары күйзелген, нарық қыспағына ұшырап жұмыссыз қалған ауыл тұрғындарының бастарын қайта құрап, бірлесіп еңбек етуді, қауымдасып үйлесімді өмір сүруді қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығын, оның мал, егін, көкөніс, бау-бақша, құс өсіру, құрылыс салдарын дамытып, өркендетеді, сол өнімдерді сатып, өткізіп пайда тауып, табыс түсіреді. Соның нәтижесінде ауыл адамдары үшін көптеген жұмыс орындары ашылды.
Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде арзан өткізе салмай, оларды жергілікті жерде өңдейтін ұн тарту, май дайындау, шұжық жасау шағын кәсіпорындарын салады.
Халықтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып, сол мақсатта шеберханалар мен тігін цехтарын ашады. Шеберханаларда халыққа қажет қолөнер бұйымдарын: ат-әбзел жабдықтарын, ер, атшана, киіз үй, кілем, алаша, текемет, сырмақ, қыз-қалыңдықтың жасау-жиһаздарын, сандық, күбі, саба және басқа заттарды жасап, оларды қала базарларына шығарып қаржы- табыс табады.
Қазақтың ұлттық тағамдарын: қымыз, айран, тары, талқан, жент, құрт, ірімшік, сүзбе, сарымай жасап өндіріп, оларды да қала базарларына саудаға шығарып сатып, қауымшар кассасына ақша түсіреді.
Құрылыс бригадасы құрылып, тұрғын үйлер мен мал қоралары, және басқа өндірістік нысандары салынады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарын тиімді сатып, табыс табу үшін қалаларда сауда орындарын, яғни дүкен, шайхана, қымызхана, дәмханалар ашады.
Өндірілген өнімдер мен жасалған бұйымдарды сатудан түскен қаржы қауымшар мүшелерінің еңбекақысына және өндіріс салаларын дамытуға, жаңа қажетті техника сатып алуға, банктерден алған несие-қарыздарды өтеуге жұмсалады.
Ал, әлеуметтік-мәдени міндеттер 10 баптан тұрады. Эконо-микалық және мәдени міндеттердің қолдан келмейтіні жоқ. Жоғарыдан нақты қолдау болса, жүзеге асады. Республика Президенті Н. Назарбаев өз сөздерінде, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында ауылдағы жеке шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, күштерін қосып, ірілендірген шаруашылықтар құру керек екенін, сонда ғана түрлі өндіріс салаларын өркендетіп, тұрғындар тұрмысын жақсартуға болатынын айтуда. Бірақ бір кезде құрылған шаруа қожалықтарының көбі тарап кеткен; қалғандары қанша үгіттесе де біріккілері келмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жасаған түрлі ереже, жарғыларда жеке шаруаларды біріктірудің, бірігуге көндірудің механизмі жоқ. Біз жазған жарғыда қауымшарға күштемей-ақ кіргізудің, біріктірудің механизмдері жан-жақты жазылған. Қайыңды (бұрынғы кеңшар орталығы) мен Қызылжұлдызды (бұрынғы кеңшар бөлімшесі) ауылдарының әрқайсысында біз өткізген жалпы жиналыста қауымшар құруға, оған мүше болуға бәрі де қол көтерген.
Демек, Президентіміз белгілеп берген «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асырудың бастапқы сатысының жеті бағытының ауыл шаруашылығына байланысты үшінші бағытын ойдағыдай жүзеге асырудың бірден-бір тиімді жолы – біз ұсынып отырған қауымдық шаруашылық құру; және соны құруға тосқауыл болып тұрған 15 миллион жарғылық қор дегенді алып тастау.
Өңірлік даму министрлігінің құрылғаны көңілімізге қуаныш ұялатып отыр. Жаңа министрлік қазір өңірлердің артта қалып отырған бұрынғы мал шаруашылықты аудандарын қайтадан дамытуға көңіл бөліп, соған күш салады, сол үшін де құрылған деп білеміз. Біз көтеріп жүрген бастаманы қолдап, жүзеге асыруға тікелей көмек көрсетеді деп үміттенеміз. Ауылды көтеріп өркендету үшін «Нұрлы көш-2» бағдарламасы қайтадан дүниеге келуге тиіс. Ауылға малшылар керек. Нағыз білікті де іскер, шаруақор малшылар Моңғолияның Байөлке және Қытайдың Шыңжаң аймағындағы мал өсіруші шаруалар. Мемлекеттік деңгейде оралмандардың малымен көшіп келуіне қол жеткізсек нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекеттік деңгейде шешуге болатын тағы бір күрделі мәселе бар. Моңғолиямен тікелей байланысатын ортақ шекарамыз жоқ. Ресейлік шекарашылар әрлі-берлі қарым-қатынасқа, көші-қонға көптеген қиыншылықтар келтіруде. Ресеймен шекара бекітіскенде Моңғолиямен шектесуге мүмкіндік беретін коридор боларлық жер сұрамаппыз. Ал, оларға жомарттық пен бере салған жеріміз қаншама. Солтүстікте Отрадный аталатын жерді Ресейге саудаласпай-ақ беріппіз. Әлде де, кеш емес, өтеміне Моңғолиямен шектесуге жер сұрайық, келіссөз жүргізейік. Егер бермесе, Отрадныйды қайтаруды даулайық, талап етейік. Ауылдарды өркендету, мал шаруашылығын қалпына келтіру, қазақ көшін ауылға бұру турасындағы бастама-ұсыныстарымыз, арман-мұраттарымыз осындай. Бұл – бір мен ғана емес, барша қазақтың арман-мұраты.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Дереккөз