Арқалық қаласындағы тұрғындардың 80 пайызға жуығы жергілікті қазақ халқы. Бұл қуанарлық жағдай. Өйткені, үйіңнен шыға келгенде көзіңе оттай басылатын ана танысыңа бір, мына танысыңа бір жолығып, амандық сұрасқаныңа не жетсін. Соған мәз болып, көңілің көтеріліп, бойың сергіп қалады.
Сол қала халқының ортасында жүріп, кейбір келеңсіздіктерді көргенде төменшіктеп, көргендеріңе басыңды шайқап, иығың салбырап, ұнжырғаң түсіп, әрең басып үйіңе келесің. Мен үйден шығып бара жатқанда бәйбішем: «Байқа, біреуге бірдеңе деп қалма, жұртты ренжітіп алмағайсың. Қай адамды жөнге сала аласың» деген ескертулерін айтып жатады. Өзім де ешкімге үндемеуге іштей бекініп алып, жүріп кететінмін. Амал не, көргеніңе төзе алмай, біреулерге бірдеңе деп қаласың. Сонда қалай болғаны? Қалада тұрған жандардың да әдептен, тәртіптен, ибалықтан бос қалып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден ештеңе білмейтін болғаны ма?
Аялдама көп тұрып қалып келген автобусқа мінген бір кісінің айтқан әңгімесі әлі есімде. Адамның көптігі сондай, автобусқа мінерде бәрі бірдей тұра ұмтылып, бірін-бірі итермелеп, апыр-топыр бола жүріп, автобустың ішіне еніпті. Жасы үлкен болған соң отырғандардың бірі болмаса, бірі орын берер деген оймен жан жағына қараған оған ешкім орнын ұсына қоймапты. Сол кезде бір жас келіншек: «Ата келесі аялдамадан мен түсемін. Сосын менің орныма отырасыз ғой» депті. Қария көпке естірте: «Ол кезде босаған орныңды итке бер» деп жауап берген екен.
Зейнет ақы алу дегенің де бір қиын шаруа. Басқасын айтпағанда соның кезегіне тұрып, күткенің-ақ жаныңа батады. Әр ай сайынғы зейнетақы алуға барғаныңдағы көрген келеңсіздіктеріңе қарап, қала халқы сыпайы, кішіпейіл, ізетті болады деуші еді, ал біз көріп жүрген мына адамдар неге олай емес деген ойға қаласың. Бірде кезекте тұрған бір үлкен кісіге «біз сіздің алдыңыздамыз» деп өжіктеген екі жігіттің озбырлығына төзе алмай, араласқан екінші бір қарияға жаңағы жас адамдардың айтпағаны қалмапты. Үлкен кісілер де бірін-бірі қорғаштап, жаңағы өктемдік жасап тұрған жастардың жөнсіздіктеріне тойтарыс береді. Бірақта, үлкендердің балаларымен қатар қарғадай жастардан естіген сөздері өңмендерінен өтіп, сүйектеріне жеткендей еді.
Таяуда баспасөз бетінен Ақмола облысының үш елді мекендеріндегі сауда орындарының ішімдік сатпайтыны жайлы оқыдық. Ол елді-мекендердегі тойларда, басқа да отбасылық жиындар ішімдіксіз өтеді екен. Осы бір тәртіпті бақылауды алғашқы кезде сол ауылдардағы қариялар өздерінің қолдарында ұстаса, кейінде оны округтік әкімдер, учаскелік заң қызметкерлері бақылауға алыпты. Сол тәртіп бұл күндері өріс алып, төңіректеріндегі елді мекендерге де үлгі бола бастаса керек.
Ал, біздің қаламыздағы жағдай тіпті басқаша. Қолдарына сыраның шынысын ұстап, көшеде жүрген жастарды көп көреміз. Көпқабатты үйлердің сатыларында, алаңдарында, аулаларында сынып жатқан, босап қалған бөтелкелерден көз сүрінеді. Көп қабатты үйлердің кіре берістеріне жиналып алып, ішімдік ішіп, темекі тартатындар ешкімнен қорқып та тұрған жоқ, ештеңені біліп те жүрген жоқ. Осындай орынсыздықтарға барып жүргендер осы қаланың адамдары, көбісі жастар. Базарға бара жатқан жолдың сол жағында есік-терезесі жоқ, иесіз тұрған көп қабатты үйдің жанынан өтіп бара жатсаң, соған кіріп, дәретке отырып жүрген жандарды көресің. Кейбіреулері содан шыққандарын мақтан тұтқандай көшеде тұрып, түймелерін салып, белдіктерін бекем буып жатады. Сонда осыларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма? Олай болмаған жағдайда сол жандардың өздерінің түйсігі, түсінігі қайда? Орынсыздығын ерлік санап жүрген осындайларға тиым жасайтын уақыт жеткен сияқты. Бірақ тию көрмеген ондайлар өздерінің ерсіліктеріне есі шыға мақтанып, ыржалақтап, ырғала басып жүріп жатыр. Тағы бір қолайсыздық - көшеде топ-топ болып жүретін жастар көп. Солар қарқылдап күліп, айқайлап даурыға сөйлеп, ерсілі-қарсылы былш-былш түкіріп келе жатады. Қарсы келіп қалсақ солардан ығысып жол беріп, олардың өтіп кетуін ойлаймыз. Ал, олар болса еш шімірікпестен, ешкімнен де именбестен кетіп бара жатады. Соны көргенде, осы бір қарғадай балалардың бейбастақтықтарына қайран қаласың. Олар өсіп келе жатқан отбасында үлкені жоқ па, оларды тәрбиелеп жатқан әке-шеше қайда қарап отыр екен деген ойға қаласың.
Тағы бір ерсілікке ұрындырып жүрген жағдай - көшеде, көпшілік орындарда қолындағы ұялы телефонмен айқай салып сөйлеуге бой алдырғандардың көбейіп бара жатқаны. Тіпті, үй шаруасының төңірегіндегі мәселелерді айтып, қарқылдай күліп мәз болып жатқандардың дарақылығына қайран қаласың. Оның қатты шыққан дауысы маңайындағылардың мазасын кетіріп жатқанын көргенде айтарға сөз таппайсың. Жеке бастың шаруасын далаға алып шығып дабдырламай-ақ, үйде отырып-ақ шешуге болады ғой. Көптің көзінше ананы-мынаны айтқаннан олардың ұтары аз. Қайта өзінің мәдениетінің аздығын, әдеп сақтаудан қалыстығын көрсетеді. Жұртқа күлкі болып, өзін жөнсіздіктерімен жаман етіп көрсетеді. Көпшілік жерде жарты дауыспен сөйлеуді үйренген адам ғана өзінде, өзгені де сыйлай алатынын көріп жүрміз. Соны білген адам ғана мәдениет деген ұлы ұғымға сай келеді.
Қаладағы тұрғындардан күтеріміз көп. Олар киіну, сөйлеу, тіпті, көшеде жүру тәртібіне сәйкесті әдептерді үйренгені жөн. Өйткені, ол халық шоғырланған қалада тұрады. Сол жердегі жандардың бірі бола жүріп, басқаларға кедергі жасамай, мүмкіндігінше, қолынан келгенінше кез келген жанға қамқорлық жасап жүргені жақсы. Одан қала халқының мәдениеті көтеріліп, олардың атына айтылар алғыстардың артары анық.
Әрине, қала халқының арасында аяулы, ардақты аталармен әжелер аз емес, қарай бастасаң артып жығылады. Олармен сөйлесу, әңгімелесу өзіңді марқайтып, көңіліңді көтеріп тастайды. Ондай адамдар алыс та емес, жанымызда жүр. Тек, сол жандарды бағалай білейік, солардан үлгі алуға ұмтылған, ұл-қыздарымыздың қатары өсе берсе екен деп тілейік. Қаламызда жаны жайсаң, қолы ашық, қайырымы мол азаматтарды көре жүріп, соларды насихаттауымыз аз ба деп қаласың. Тіпті олардың ісін елемей де қаламыз. Өткен жылы сонау «Кооператор» ғимараты тұрған жақтағы бір ағайынның үйіне баруды мақсат етіп, бәйбішемізбен екеуіміз далаға шықтық та маршрутты автобусты күтуге аялдамаға қарай жүре бастағанда бір жеңіл машина келіп тұра қалды. Біздерге машинасының есігін ашып, «мініңіздер» деп дауыстап жатты. Біз мініп алғаннан кейін «қайда баратын едіңіздер» деп сұраған машина иесіне жөнімізді айттық. Барар жерімізге жеткен соң, жол ақысын ұсынған бізге «жоқ, мен ақы алмаймын» деп азарда безер болып жатты. «Сіздердей үлкен кісілерге көрсеткен қызметтерімізді саудаға салғанымыз ұят емес пе?» деп жатыр. Оның үлкенге көрсетіп жатқан құрметіне қарай отырып, кісілігі мол жан екен, тәрбиелі азамат болғаны ғой деген ой түйдік. Әрине, қала халқының бәрі бірдей емес екенін білеміз ғой. Сол көптің ішінде жақсы да жүр, жамандар да бар. Біздің әңгімеміз: «Қалада тұрасың ба сол ортаңа сай бол, көптің көңіліне кірбің салатын, салқындық туғызатын түйткілерден аулақ жүр» демекпіз. Ол да оңай емес. Киім кию, сөз сөйлей білу, жақсы жаманды ажырата алу, қаланың жақсы болып өсуіне арналып жатқан іс-шараларға үлес қосу, тағы басқа да үлкенді-кішілі шаруаларға назар аударған абзал.
Соңғы жылдары қала әкімшілігі тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынып, көшелерді, аулаларды әсемдеу, көркейту, жарықтандыру сияқты қала халқының жайын ойлаған шаралар шапшаңдатылып жүзеге асып жатыр. Алда одан да ауқымды мәселелер жоспарланып, Арқалықтың ажарын ашатын алуан-алуан жұмыстардың орындалуын қолға алу ойласуда. Соның бәрі қала тұрғындары үшін жасалып жатыр. Соны білгеніміз, соған сай болуымыз керек қой. Сыйға сый жасап үйренгенге не жетсін. Қалада тұрған әрбір жан халық игілігі үшін жасалып жатқан әрбір жұмысты құндай жүріп, сол игіліктерді сақтауға атсалысса одан келер пайда көп-ақ. Амал не, біздегі жағдай басқаша. Күзде қала көшелеріне орнатылған орындықтарды сызып, шимайлап, кейбірінің отыратын жерлеріндегі жұқа тақтайларын сындырып тастаған. Көшедегі қоқыс төгетін темірден жасалған жәшіктерді майыстырып, қапсырып кеткен. Осындай оғаштықтар көзге ұрып тұр. Оны көрген жан біздің қаламыздағы келеңсіздіктердің себепшілері осында тұратын халық екенін біліп, бұзақылықтың өріс алып тұрғанын көреді ғой. Қонақ аз отырып көп сынайды дегендейін, соңғы кездері сырттан келушелір көбейіп барады. Тіпті, елге танымал өнер адамдары да жиі келіп жүр. Сонда осы біз айтқан келеңсіздіктерді көрген олар қала халқының атына ренжу сөздерін айтып жатса олда дұрыс болмас еді. Көргенімізді істеп үйренетін уақыт жетті ғой. Мынау жанымызда тұрған Астана халқын көріп жүрміз. Ондағы әсемдікті, көшелердегі гүлзарларды қалай аялап жатқанын да білеміз. Ең құрығанда сол әдептерді, сондағы жақсылықтарды, сол халықтың қаланы қалай аялап жатқанынан үлгі алуымыз керек еді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегенейін, бірер бұзақыны тию қала халқына түк те емес. Соған ел болып атсалысқанымыз дұрыс. Әйтпесе, осы Арқалық қала деген атынан да айырылып, «жай қала тіпті поселка» болып қалуы мүмкін. Арқалықтың қала атанып тұруы осындағы әрбір тұрғынға тікелей байланысты. Ендеше, мүмкіндігімізді пайдаланып қаланың көркеюіне, ажарлануына, әсемденуіне атсалысайық, ағайын!
Хамит Досжанов