Осыдан бір-екі ай бұрын Қостанай облысы Аманкелді ауылында өткен үлкен дүбірлі спорт жарысы барша Аманкелділіктерді қуанышқа бөлеп тастады. Оған себеп – осы елдің қазақша күрестен абыройын бүкіл Қазақ елі мен орта Азия боз кілемінде талай ердің жаурынын жер иіскеткен даңқты жерлестері, ҚР ауданнан шыққан алғаш спорт шеберлері Ерлан Баймағамбетов пен Берік Сейдағалиевтар атындағы жүлде үшін өткен күрес додасы еді.
Қазақта «ұлым деп еркелеткен елі болмаса, елім деп еңіреген ұл қайдан болар» деген аталы сөздің шындығына сол дүбірлі тойда куә болдық. Атақтары өткен ғасырдың сонау 70-80 жылдары Қазақ жеріне жайылған, боз кілемдерде тек жеңіс тұғырынан көрінген осы қос азаматты бүгін туған жері хан көтеріп, көздері барында абыройын асқақтатуы бүгінгі ұрпаққа, әсіресе қазақша күрестің мән-маңызын әлемдік деңгейге жеткізуге жасалынып жатқан Қазақ елі бойынша шаралардың жақсы жолға қойылғанын көрсетіп отыр. Осы кеште қолға алынып, «Қазақ барысы» додасын ұйымдастырып, ауылдарда осы спорт түріне жас жеткіншектерді ынтық қылып, спортқа ден қойуылуы аудан басшыларының, аудандық спорт комитетінің мақтан қылып айтар игі ісі болды.
Біздің Торғай жеріндегі қазақ күресінің тарихы тереңде жатыр. ХХ ғасырдың басында осы елден шыққан атақты палуандар Таңатқан Дүйсекеев, Тайшыман Исабеков, олардан кейінгі шыққан Сүлман Өсіпұлы, Ералхан Сейпекұлы, Дүзелбай Айсаұлы, Шынтақ Мұстафаұлдары осы Ерлан, Беріктердің балалық қиял қуған армандарында шоқ болып жанып, жүректеріне жалын туғызғаны хақ.
Марқұм Таңатқан палуан 1950 жылы Алматыда өткен Орта Азия біріншілігінде 28 палуанды ұтып түйе палуан атағын жеңіп алғанда 51 жастағы ел ағасы еді. Не деген қайрат пен жігер! Тайшыман аға мен Таңатқан әкелерімізді сол кезде «барысқа» теңеп атаған екен.
«Палуандар мекені-Торғай» атанған біздің ел палуандары қандай да болсын жарыстарда жүлдесіз оралмаған, сол дәстүрді бүгіндері де ұрпақтары намысқа толы жігер, қайрат, күштерімен дәлелдеуде. Өткен Лондон Олимпиадасының кілемінде сәтсіздікке жол бергенімен Ұлттық құрама мүшесі ретінде кілем төрінде ойқастаған хас жүйрік Ислам Бозбаев осы Аманкелдінің тумасы, неге осындай ұлдармен мақтанбасқа!
Бүгіндері жасы 69-ға келген Орынбай Сейдағаламов 2011 жылы ардагерлер арасындағы әлем чемпионы атануының өзі шәкірттеріне дем беріп, қуат сыйлағаны рас.
Бәсті тартысқа арнайы ат шалдырып келген Торғай тарландары ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылары Орынбай Сейдағаламов пен Қонысқара Нұрғалиев, ҚР қазақ күресінен Ербатыр Рахатов,Қуаныш Мұхамедиярұлы, Қоянбай Саржанов,Серік Ералыұлы және Сағит Жәнділдәұлдары жас палуандарға салиқалы да тағылымды әңгіме-естеліктерін айтып, жас буын өкілдеріне ақыл кеңестерін берді. Осы кештің құрметті қонақтары арнайы Астана, Қостанай, Арқалық , Торғай қалаларынан келіп, Ерлан мен Берік інілеріне сый-сияпат ұсынса, той иелері ағаларына шапан жауып, қастерлей білді.
Аманкелді ауданының әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлының спортқан жанашыр жан екендігін көрсетіп, ағаларын марапаттап, күрес қызығын тамашалады. Негізінде осы турнир жас жеткіншектер арасында өтті. Турнир жеңімпаздарына әкелері атындағы жүлделермен қатар атақты палуандар жүлде тағайындап, ақ жол баталарын берді. Жарысқа қатынасқан алты ауыл мектептері спортшыларының қатары осы күрес жарысынан кейін тағы толысатынына сенім туып, қазақтың қара домалақтары қазақ күресінің әлемдік деңгейдегі спорт түріне айналуына үлес қосарына көзіміз жетіп, марқайып қайттық.
Турнир жеіңмаздары, жас жеткіншек палуандар Байғабыл ауылынан Н.Бралин, Ж.Қонысбек, Есірлік С.Қайсар, Аманкелділік А.Баймурзин, Ж.Хамитбек, Е.Нүрпейісов, А.Баймурзин, Д.Жақан, Үрпек ауылынан Д.Сәлімхан, Амантоғайлық С.Балғабай Берік пен Ерлан әкелерінің қолдарынан марапатт алып, жігерлеріне жігер қосып аттанса, Түйе палуан атағын жеңіп алған Ерсұлтан Нүрпейсовке жеке кәсіпкер, спорт жанашыры Асанов Аманжол мырза мырзалық танытып, ақшалай сый ұсынды. Аманжол Асанов мырзаның жақында өткен Аманкелді барысы турнирінде 250 мың теңге бас жүлде тағайындап ұсынған жан. Жаны жомарт осындай азаматтарымызға тек алғыс айтамыз. Жарыс барысында атақты палуан марқұм Шынтақ ағамыздың баласы Ғабиден де мәрттік көрсетіп, арнаулы жүлде тағайындаса, спорт ардагерлері жас жеткіншек Ерболат Кәрімге сыйлықтарын тапсырды.
Салиқалы ата атанған Ерлан Әбдібекұлы бүгіндері жеке кәсіпкер, Елбасының кәсіпкерлікті қолдаған ұсыныс-шешімдерінің негізінде жеңілдетілген несие алып, аудан халқы көлік жүргізушілерінің алғысына бөлненуде. Әрқашанда жайдары көңілмен қарсы алып, жүргізушілерді тек дөңгелегін жамап қоймай, оларға автокөліктің техникалық қауіпсіздігіне мән беріп, ақыл кеңесін беріп отырса, өзінің әдемі зілсіз әзілдерімен келушілерді өзіне тәнті қылған жан. Қос немересін ертіп келген ұлы Алмас, қызы Әсем әке тойын өз мойындарына алып, анасы Күлашпен қонақасы ұсынды. Дәл осылай Беріктің жұбайы Ақжамал балаларымен бірлесіп, дастархан жайып, қазақтың қонақжайлығын дәлелдей білді, өнеге парасаттық көрсетті. Берік бүгіндері зейнет жасында болғанымен, аудан спортының өсуіне үлесін қосып жаттықтырушылықпен жас палуандарды дайындауда. Бұлардың шәкірттерінің өзі республика, азия, әлем деңгейіндегі чемпион жеңімпаздар. Марқұм Мұрат Тоқмурзин, Жүсіпхан Тәпелов, Алтынбай Болатов, Тойшыбек Әбдікарімов, ағайынды Алтынбаевтартар аудан атағын барша Қазаққа жеткізген жандар. Олардың ізбасарларының өзі бір буын.
Аудан спортын алға сүйреген Нұрлыбек Еренғайыпұлы, Мұрат Әділханұлы, Нұрхан Жұматұлы, Олжас Тәжікенов, Асылбек Абдировтар өздері шәкірт баптаумен қатар түрлі деңгейдегі додаларла аудан намысын кілем төрінен қорғап жүрген жандар. Жеңістері жемісті болып, спорт шеберлері атағына ие болғандар.
Қазақтың алып ұлдары әлемнің жеңіс тұғырының биік шыңына шыға берсін деген тілекпен аттанып, ауылдың көркейіп келе жатқанына марқайып қайттық.
Осылай барымызды бағалап, қымбатымызды қастерлей білсек қазақтан көкке атылған көк бөрідей жүректерінде қаны ойнап, намысын жауына таптатпайтын нағыз бөрі де, барыс та туары хақ.
Спорт додасына өз қалталарынан қаржылай көмек көрсеткен азаматтар: Қабажаев Айбат-АІІБ-нің басшысы, Хайруллин С.- әкім орынбасары, Дихамбае М.-село әкімі, Қойшығұлов Н.-аудандық архитектура және құрылыс бөлімі басшысы және аудандық мәслихат хатшысы Саматов Әділ. Әділ мырза аудандық қазақша күрес федерациясын басқарады екен, бұл азамат негізгі шығынды көтергенін кейін білдік. Әр елде осындай кеңпейіл ағаларымыз спортқа қол ұшін беріп көмектерін беріп жатса қазақ жастарының спиртке емес, спортқа құштарлығы арта берері шындық.
Сүгірбай Нұрман