Без флеша

Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка

A+ A A-

Арымаған... Арқалық. ІІ дәптер/ Өркен Кенжебек

Сымды жел үзіп, лампаны маса сындырып кетсе әкім кінәлі ме? Әкімдер рейтінгі шынайы ма? Әкім сайлау неге маңызды? Берік бюрократияның емін қалай тапты? Әкімдерді неге жиі тексереді, неге көп қорқытады? Жаңаөзен мен КТК: байланыс тап?

 

 

Әкімнің қолында тұрған түк жоқ

 

Әйтеуір, әкімге қойылар талап көп. Қораны сиыр сүзіп кетсе де әкімнен көреді. Сымды жел үзіп, лампаны маса сындырып кетсе де, айдаладағы әкім жауап беруі керек деген қызық сана қалыптасқан. Ал әкімің анау... қолында түзей қояр мүмкіндік жоқ, не жөнді қаражат жоқ.

Мысалы, полиция әкімге бағынбайды. Арқалықтың да, басқа қалалардың да жағдайы осылай. Бұрын қалалық ішкі істер басқармасының бастығын қала әкімімен келісіп тағайындайтын. Қазір бұрынғыдай «келісімімен» деген атымен жоқ...

Бірақ, қаладағы қылмыс саны өршіп кетсе, баяғы әкім кінәлі. Полиция әкімге бағынбайды. Беріктің айтып отырғаны ғой, «Иә, өзара іс қимыл жасасуға келісеміз, қол алысамыз, ол жағынан әңгіме жоқ. Алайда сұрайтын органдар қылмыстың ашылу фактілері неге аз деп сұрайды емес пе?».

Содан әкім полиция бастығын шақыртып алады. – Қылмыстың ашылу фактілері неге аз? – Сол... солай болып жатыр. «Енді бізден не көмек керек дегенде, ары кетсе, көлік, пәтер жағынан жәрдемдес дер. Әкімнен басқа не көмек сұрасын енді?».

Белгілі бір себептермен әлдебір адамның сібет төлеуге ақшасы жоқ делік. Ал электр компаниясы «әкім жеткілікті түрде жұмыс істемей жатыр» деп байбалам салады. Келісім әлгі адам мен компания арасында жасалынған. Үшінші тарап қарастырылмаған. Сонда әкім барып, әлгі адамды маска киіп, қорқыту керек пе?

 

"Жас ұлан" жасөспірімдер мен балалар орталығында анимация жасауға баулитын үйірме бар. Жастар анимацияны өте қарапайым Пайнт редакторында жасауға талпынып отыр...

 

«Барлығына әкім жауапты» деген түсінік қарапайым адамнан бастап биліктің ұшар басындағы азаматтарға дейін сіңісті екен. Берік әкімнің мына мысалы бұған дәлел. «Жезқазғанда әкім болып жүргенде, үнемі әкімдер рейтінгісінің соңында ілініп тұратынмын. «Неге?» десем, «Қазақмыс» мыс өндіруден жоспарды орындамады» деп ақталады жоғарыдағылар. «Әй, маған «Қазақмыстың» қатысы қанша, қалған көрсеткіштер бойынша тәуір боп тұрмыз ғой» десең, «Қазақмыс» мысты жоспарға сай өндірмеді» дейді. Бітті. Қалаға Президент әкімшілігінен адамдар келіп тексеріп, «бәрі керемет» деп тілдері күрмеліп кетеді де, бірақ рейтінгтің ең соңғы орынында жүретінбіз».

Ал "Қазақмыс" болса, «алтынның бағасы төмендеп кетті, шығармаймыз, мыстың бағасы қымбаттап барады, сатпаймыз» деп безірейеді. Өз хұқы! Содан келіп ай, Жезқазғанды ұрады келіп... Беріктің айтпағы, рейтінгілік баға шартты түрде жасалады.

Қазір рейтінгінің аяғына түсіп қалған атқамінерлерді «қанжармен» лыпып алып тастайтын көрінеді. Жаңа әкімшілік реформаның талабы осылай. Бірақ алдымен халықпен сөйлесіп, жағдайымен танысып, ең болмаса әлеуметтік зерттеу жүргізіп барып алсын, орнынан алсын. Ал бүгінгі таңда қағаздың бетіне қарап-ақ, басын аламыз деп қорқытып жатыр.

 

Әкім сайлауды менен бастау керек...

 

Жаңағы рейтінг туралы жырдың жалғасы. Әкім жұмысын дұрыс бағалау үшін де сайлау керек. Рейтінгті Астанада жасамау керек. Рейтінгті халық жасауы керек.

Мысалы, сайлаудан өтті ме, демек рейтінгі жоғары. Өтпеді ме - нашар.  Облыс әкімдерін Президент-ақ тағайындасын, қала мен аудан әкімдері де даулы сұрақ. Негізі, әкімнің тікелей ықпалы жүре алады-ау деген жерде ғана әкім сайлауы керек. Айталық, аудан әкімі ауданды жанама басқарады. Себебі, ол ауданға қарасты біршама ауылдардың әкімінің үстінен қарайды.

Бірінші дәптерде отқа төзімді балшық жайлы жазған едік. Мынау сол балшықтан иленген қуыршақтар

 

Ал қала әкімі тікелей басқарады. «Менімен халықтың арасында еш кедергі жоқ. Тағы да бір әкімшілік буын жоқ. Сондықтан, 27 моноқала мен 40-шақты шағын қалалардың әкімдерін сайласа, міне нағыз реформа, рейтінгің осы болар еді» деп Берік аға «сайлауды менен бастасын» дегендей өз қолын өзіне қайырып нұқыды.

Қазір де реформа жүргізіп жатқандай, А дейді, Б дейді, бірақ нәтиже сол қалпында қала береді. Бұрын әкім саяси қызметкер еді, енді А корпусында болды. Бүгін әкім едің, ертең лауазымыңды мэр я бастық деп ауыстырсын. Бірақ ештеңе өзгермейді – жүйе өзгермейді.

Әкімді халық сайлауы керек. Я әкім болғысы келген адам депутаттар сияқты сайлауалды бағдарламасын әзірлеп, жұртпен кездесіп, шапқылауы керек. Халық соған қарап, өмірбаянына үңіліп жатып, әйтеуір жақсысын таңдайды. Егер пысықайлар өтіп кетеді деп қорықса, екінші жолы – қала әкіміне үміткерлерді облыс әкімі ұсынуы керек. «Міне сіздерге 3 адам, осының ішінен еті тірісін таңданыздар» десін. Бұлай да болады. Ал әзірге бізде бюрократия, шыны керек...

 

Бюрократияның емі

 

«Қанша жерден демократ, либерал болғың келсе де, бюрократия кедергі жасап қоймайды. Соның шырмауынан шығу үшін халықпен жиірек кездесуге шығу керек. «Мой мирге» тіркелгенім де содан». Менің агентімде Берік Әбдіғали аккаунтының Lapochka_kz92 секілді никпен неге қатар тұратынын енді түсінгендей болдым.  

Бюрократияның тағы бір себебі болса, ол – тексерістің көптігі. Бір адам арыз жазады, енді оған жауап беремін деп жатқанда одан да маңызды жұмыстар күтіп тұрады. Мына жақтан біреу тексеріп жатады, мына жақтан екіншісі... Ал мұнда бір адамның тағдыры уақытын күтіп жатады. Әйтеуір, бір айдың ішінде берсем болды ғой деп қызметкерің жүре береді. Яғни, адамның жұмысына тиянақты қарауына мұрша бермейді. 

 Адамның мәселесі онымен сөйлескенде-ақ шешілуі мүмкін. Көбіне уақыт бөліп, сөйлессең, сан айлап жүрген мәселесінің қарапайым ғана шешімі бар болып шығады. Бірақ, мемлекеттік қызметкерлерде сол құрғыр сөйлесуге де уақыт жоқ. Реформаны қажетсінетін тұс осы.

 

Бір-бірімізге жау сияқтымыз...

 

Қала мүдіріне облыс әкімі айқайлайды. Облыс әкіміне үкіметтегілер  «жылу маусымын жөндеп өткізбесеңдер, бастарыңды аламын» деп қоқаңдайды. Басты алса алсын, бірақ қорқытумен бірге көмек те беру керек емес пе? Әкім жалғыз өзі не істейді? Жылу құбырлары шіріп жатыр, станса тозып кеткен, алдымен ақшасын беріп, бәрін жөндетіп алсын да, сосын сұрасын. Талап етсін. Ал бүгін үкіметтің тексеріп, қорқытқаннан басқа көмегі аз болып тұр.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) деген механизмді де қолдана алмай келе жатырмыз. «Бұл өзі мақала ма, сұхбат па, не оқып отырмын?» деп көңіліңізе секем кірсе, айтарымыз сіз әлі де Берік әкімнің сөзін оқып отырсыз. Сол әкім мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті Арқалықты абаттандыруға пайдаланыпты.

Бірақ, түсінгеніміз, заңда (қай заң екенін айтпады) бұған рұқсат жоқ. МЖӘ дегеніміз, кәсіпкер өз ақшасына нысан салады да, мемлекет кейін ақшасын беріп отырады. Мысалы, балалардың ойын алаңқайын салуға, орындықтар орнатуға Берік келгенде, қала бюджетінде ақша болмапты. Содан кәсіпкерлерге ұсыныспен шыққан... Ақшасын жылдың ішінде асықпай төлеп отырған, тегі болмаса нысанды жалға алған.

Арқалыққа кеңжолақты интернет енді-енді келіп жатыр. Қайта осы интернеттің кеш келгені жақсы ма деп қалдым. Себебі, интернеттен азат, шығармашылығы еркін адам ғана мынадай креативтерге бара алады

 

Бізде МЖӘ тек ірі-ірі жобаларда қолданылады. Керісінше, оны осындай шағын шаруаларға пайдаланса, әкімдерге де, кәсіпкерлерге де тиімді болар еді. Басқасын білмедік, бірақ Беріктің тұсында қаланы басқалай абаттандыру мүмкін емес еді... «Ақшасын әупірімдеп, әр жерден жұлымдап тауып беріп жатырмыз. Заң бұзушылық болды деп айта алмаймын, бірақ орысша айтқанда, «на грани» жүрміз» дегенде, Берік әкімді қапсыра құшақтап, «братаным болшы» деуге шақ қаласың (әзіл).

МЖӘ-нің арқасында 48 аула жарықтандырылып, 32 мың шаршы метр жол жөнделіпті. Еңбек пе, еңбек! Ал қарапайым әкім үшін бұл басын тәуекелге тігу еді. Себебі, басқа әкімдердің мұндай жанкештілік қасиеті тұншығып қалған. Я қорқытып тастаған...

Өткенде Президент әкімдермен кездескенде тексерістің тым көп екеніне шүйлікті. Жамбыл облысын 1500 күн тексерген дей ме, қаржы полициясы, ревизиялық комиссия, прокуратура, қағазында үтірің қойылмаса, қырып жойған. Жамбылдағы барлық тексерістің күнін есептегенде 1500 күнге жеткен, ал бір жылда естеріңізге салайық, 365 күн бар (!). Бұны Елбасы айтып отыр. Дубляж көп, тексеріс көп. «Шынымен де Қазақстан бір полицей мемлекетке айналып кеткен сияқты кейде», - деп Берік әкім ойын бір түйіп алды.

Қазір біреуге жұмыс берейін десең, басын алып қашады. Тексерістен жүрегі шайлығып қалған. Тексерген де дұрыс шығар, бірақ жүйе жоғы жанға батады екен. Жылдың аяғында келсін, мархабат, барлық сала бойынша құжаттарды алып, шайын ішіп отырып, асықпай тексерсін. Жоқ, байқау өтті ме, бірден келіп тексереді.

Берік әкім сосын үлкен ақша салынған жобаларды ғана тексерсе деген ұсынысын жеткізді. 10 миллионға дейінгі емес, 100 миллион, 300 миллион, миллиардтық жобаларды тексерсін, келісеміз. Ал майда-шүйде жобаларды жыл соңында тексерсе, ешкім ештенеден ұтылмайды. Әкімшілікте өзі көбіне сол майда-шүйде жобалар...

Бөлімде 3-4 адам жұмыс істесе, соның 1-2 адамы әлгі Есеп комитетінен келген ревизорлардың қасында отырады. Зардабын бөлім бастықтары тартады. Себебі, әр саладағы тендер, байқауларды ұйымдастыратын соған мүдделес бөлімдер екенін білесіз. Ал оларға тексеріс келді дегенше, қаншама қаржы игерілмей, байқау уақытында жарияланбай қалып жатады деңіз.

«Бір-бірімізге жау сияқтымыз. Бізді жау көреді... Бейне бір азамат соғысы жүріп жатқан сияқты. Әйтеуір, бізден бір ілік табуды, қате іздеуді мақсат тұтып алған сияқты ма, қалай. Талай сотқа сүйреді. Талайынан өзімізді арашалап, біраз істі ақтап алдық», - деп әкім келесі ойын түйіп алды.

 

Батыс жайлы бірер ой

 

Естеріңізде болса, 1999 жылғы Президент сайлауы кезінде Маңғыстау мен Атырау облыстарында Серікболсын Әбділдин Елбасыны ұтып кеткен. Содан кейін барып екі облыстың да әкімдерін ауыстырып, Тасмағамбетовты Атырауға жібергенін білесіздер. Ол кезде Берік Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде ішкі саясат департаментінде директор орынбасары болатын. Мән-жайды анықтауға Атырауға жібереді.

Сол кездегі жұрттың пікірі «бізге Әбділдиннің керегі де жоқ, бұл саяси қарсылықтың түрі» дегенге сайған. Бұл қарсылық қайдан туды десеңіз, себебі көп әрине... Соның бірі расында, аймақтардың ақшасын республика сыпырып алатын. Өз бетінше өсуге еш мүмкіндік бермейтін. Тасмағамбетов келгенге дейінгі Атырауды қараңыз, ол келіп еді, мүмкіндіктер ашты, қаржының біразын Атырауда қалдырды, көркейтті. Содан кейін барып халықтың көңіл-күйі түзеле бастады.

Ал «мұнайдан түскен ақшаның бәрі бізде қалу керек» деп жүргендер қазақ емес. Қазақ емес дегені, мұндай ой нағыз қазақтың миына да кіріп шықпауы керек. Бұны айтып жүргендер сонау ру-тайпалық сана-сезімде қалып қойғандар. Шешілмеген мәселелер бар ма, оған назарды көбірек бөлу керек.

 

Арқалықтағы мұражайдың алдында тұрған ғарыштық капсула. Байқоңырдан зымыран ұшса, Торғайға соның адамдар салынған капсуласы түседі.

 

 

Мысалы, қазір ауыл-аймақтарға газ тартып жатыр, жолдар төселді, ауруханалар мен мектептер салынды. Бірақ, халықтың ішіндегі осындай біртүрлі психологиялық көңіл-күй әлі сақталып отыр. Бұл нені көрсетеді? Мәселе ақшаның құйылғанында емес екен... Онда басқа қалалардың да тұрғындары көшеге шығар, «бір-екеуіміз өлерміз, есесіне қаламызды көркейтіп аламыз» деген ой туар. Берік әкім бұл жерде нақты бір қаланың мысалын емес, жалпылама айтып отыр.

Көмейінде тұрғаны мынау еді, Жаңаөзенде экономикалық себептен бөлек, саяси-психологиялық астар да күшті сезілді. Мұнда мұнайдан басқа жұмыс орнын ашу мүмкін емес. Әрі ешкім ешқайда көшпейді. Мәселен, Риддерде жыл сайын 1000 жұмыс орны ашылады. Әрі Маңғыстаудан барған адам үшін Алтайдың етегі нағыз курорт болар еді. Тау, шырша, өзен... Бірақ ешкім барғысы келмейді. Қазақы психология. «Бұл біздің атақонысымыз, қара шаңырақ» деп қарайды, да көшпейді. Демек, ақша құю бір мәселе де, халықтың психологиялық жағдайын ескеру екінші мәселе. 

 

КТК-ның көрсететіні – әлеуметтік агрессия

 

Берік әкім айтады: «Бұрындары КТК арнасын қарамайтынмын. Қазір әкім болған соң, амал жоқ, жаңалықтарын шолып отыру керек. Бұрын қарағым келмейтіні, ақырзаман сол КТК-да ғана орнап жатады. Эфирден беретіні - әлеуметтік агрессия. Анау шырылдап, мынау ойбайлап жатады. Сыналатын – баяғы әкімдер. Мен қарап отырып, «ол мәселені әкім шеше алмайды, ал мына жерде әкімнің өзі босбелбеу» деп анализ жасап отырамын. «Үй бермейді» деп жатады, оны әкім қайдан береді?». Сол секілді әкімді сынайтын материалдардың дені – біржақты һәм негізсіз.

Негізсіз дегені, көбіне үй алып беру әкімнің қолынан келмейді. Тегі алып бергісі келсе де, кәсіпкерлерге жалынып жүріп, «әке-көке» деп жатып сұрап береді. Кейде кәсіпкерлер осыны да көп көріп, «әкім бізден ақша бопсалап жүр» деп сотқа арыз домалатып жібереді екен.

 

Арқалық жасөспірімдер театры. "Абай" спектаклінен үзінді

 

 Мұндай жағдай Беріктің басында болған. Теміртауда қала әкімінің орынбасары болып тұрғанда, бір бейбаққа нан-пан, тиын-тебен жағынан көмектесші деп хат жолдаған дүкен қожайыны сотқа сүйреген. Сәл болмағанда қылмыстық іс қозғалып кете жаздаған дейді...

Қысқасы, әкімді бәрі қысады. Кәсіпкер көмектеспейді, ал әкімнің қолында ештеңе жоқ. Әрине, үлкен қалалардың әкімдерінде біраз мүмкіндік бар. Ірі кәсіпорындармен меморандумға отырып, арнайы қор құрып, соған жиналған ақшадан ірілі-ұсақты мәселелерін шешіп отырады. Ал Арқалықта ондай да мүмкіндік жоқ.

Арқалықта бірді-екілі мекеме ақша бергенмен, Қостанайға жіберіп отырған. Ал Қостанай Арқалыққа бір тиын қайтарып бермеген. Ешқашан. Сұраған. Бірақ бермеген. Қостанайға жарайды, 1 миллиард теңге жіберсе, ең болмаса 100 миллионы Арқалықта қалуы керек еді. Себебі, меморандуммен қорға ақша құю дегенің кәдімгі сыйлық. Тегін ақша...

 Айталық, «балам тек шетелде ғана шипасы бар ауруға душар болды, көмектес» деп жылап-сықтап ата-аналар әкімге жиі келеді. Заң бойынша қала бюджетінен мұндай әлеуметтік жағдайларға көмектесе алмайсың. Не кәсіпкерден жылу сұрайсың, не қарамағындағылардың бір күндік айлығын қағып Басқалай жолы жоқ.

 

Арқалық дегенің ауыл...

 

Арқалық өз бетінше қала ғана емес, аудан орталығы. Кезіндегі ықшамдастыруда Арқалық ауданын қосып берген соң, Беріктің иелігінде бүгін 1,5 млн гектар жері, 19 елді мекені бар. 16 кішкентай әкімі тағы бар. Берік әкімге ауылдың өзіне тән спефикалық мәселелерін шешуге келгенде шеберлік танытуына тура келіпті. Ал бастайық, сонымен...

Денсаулық сақтау министрлігі қашаннан бері ауылдағы дәрігерлер қарасын қысқартып жатыр. Себебі, ауылда адам азайған. 3-4 ауылға бір дәрігерден келетіні содан. Беріктің Жезқазғандағы басшылығынан мысалдарды салыстыру үшін жиі келтіретінін ескерсек, сол Жезқазғанда арасы 100-200 шақырым болатын ауылдарға бір дәрігерден ғана келеді екен. Дәрігердің астында тағы көлігі жоқ.

Құдайға шүкір, Қостанай бұл жағынан ілгері кетіп қалыпты. Әр ауылдың жеке жедел жәрдем көлігі бар деседі. Заң бойынша, адам саны аз қалған ауылдарда көлік түгілі, фельдшерлік пунктке де рұқсат жоқ көрінеді. Ал қостанайлықтар қалай екені белгісіз, көлікке қол жеткізіп алған...

 

Мұндай бай көрнекіліктері бар, әсем безендірілген институтты бірінші рет көруім (Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына түсемін десеңіздер, маған хабарлассаңыздар болады)))

 

Бала азайған соң, Арқалықтың маңындағы ауылдарда мектептерді жабуға мәжбүр. Аймақты дамыту бағдарламасы бойынша ауылдан ешкім ешқайда көшпеуі керек еді... Бірақ көшіп жатыр. Бағдарлама бар екен деп, ауылды сыртынан қоршап тастауға тағы болмайды.

Енді мынаған қараңыз, Арқалықтың іргесіндегі бір ауылда 1980-жылдары салынған 1200 орындық керемет мектеп бар екен. Уағында осынша бала оқыған. Қазір бары - 40 бала. Сосын... қайткен, қимай-қимай, дәу мектептің аузына дәу құлып салған. Экономикалық тиімсіз.

Қызық болғанда, мектебі жабылып жатқандар тың игеру дәуірінде құрылған «искуственный» ауылдар. Өтпелі кезеңде орыс-оймауыты көшіп кетіп бір азайған, жастары кетіп екі азайған. Керісінше баяғыдан қалыптасқан, малын бағып, биесін байлап отырған қазақы ауылдарда мектеп жетіспей жатыр. Мұнда салу керек, ана ауылда бұзу керек. Міне, осындай дисбаланс!

Арқалық ауданында саусаған кіл еркегі қалған бір ауыл бар. Әйелдері көшіп кеткен. Еркек кіндіктілері төрт түлік мал өсіру үшін төзіп қалыпты. Әйелдері Арқалықта, жылы пәтерде, бірі бала-шағасын оқытып, бірі кәкір-шүкір кәсіптерін жасап жатқан сыңайы бар. Бүкіл ауыл осындай өмір режиміне пәтуаласқан.

Онға жетер-жетпес оқушы қалған соң, ауылдағы мектепті консервацияға қойып тыныпты. Берік әкімнің өзі барып, бір үйді сатып алып, он балаға мектеп қылып ыңғайлап берген. Бұның бәріне кім я не кінәлі десеңіз, әкімнің жауабы қызық естіледі. Жағдайдың жақсарғанынан (қанша жерден бұл сөзді күтпесеңіз де). Әйел-баласына пәтер алып қалаға шығарды, ал өздері бизнес қылып, ауылда қалды.

 

Қазекемнің байларының осындай күміс тісшұқығыштары да болыпты. Қазір енді бұл тарих

 

Келесі бір ауылдың мысалы. Бұл да Берік ағамыздың қоржынынан. Жезқазғанның бір түкпіріндегі тұрмыс-тіршілігі малмен біте қайнасқан ауылда келіні шайға тетрапакеттің сүтін қатып отыр. Қорада күйіс қайырып ешкі де, сиыр да тұр.  Сиырды сауу үшін емес, бордақылау үшін ұстайды. Яғни, «жағдай жақсарған». Дәл осы көріністі әкім көкеміз Арқалықтың маңындағы ауылдардан да байқапты.

Мал бағумен жан бағып отырған ауылдар баршылық. Бірақ, Берік Әбдіғали бәріне тән бір кемшіліктің бетін тырнап ашып берді. Бәрі малды ауылдан ұзамай, іргесінде баққысы келеді. Ал мал басын көбейту үшін шөбі тақырланбаған жаққа, алысырақ жерге айдау керек. Алайда, ешкім жылы үйін, спутниктік телебезерін тастап малдың соныңда жыраққа кеткісі келмейді. Ауыл айналасындағы шөп болса, бәріне жетпейді. Аздық етеді. Сосын мал өспейді. Бұны енді жалқаулық дейсіз бе, жағдайдың жақсарғаны дейсіз бе, тұжырымды өздеріңізге қалдырдық.

 

ТҮЙІН

 

         Көріп отырғандарыңыздай, Арқалықта өз аяғымызбен жүріп байқағанымыз аз. Бәрін дерлік Берік әкімнің көзімен байқадық. Бұл мақалада Өркеннің сөзімен Берік сөйлеп отыр деп ұғасыз ба, Беріктің ойын Өркен пайдаланып отыр дейсіз бе, ықтияр өздеріңізде. Бір байқағанымыз, Арқалықтың адамдарынан өмірге деген ерекше құлшыныстың солқ-солқ еткен сұрапыл қуатын сезінгендей болдық. Қонақжайлығына куә болдық. Дархан пейілінен жүрегімізді емдеп қайтқан жайымыз бар. Тіптен қайтарда бізбен ұзақ қоштасқаннан пойымызға үлгере алмай қала жаздағанымызды да қоса кетейінші. Бұл сапардың түйінін қалай қоярымды білмей қиналып тұрғанымызды білсеңіз ғой... қысқасы, бәрі де ЖАҚСЫ болады!

 

ЕКІНШІ ТҮЙІН

 

         Осыны мақалама қоспасам ба деп ойлағам...бірақ, жарайды, айтпасқа болмады. Берік Әбдіғалиұлы енді Астанаға ойысып, Серік Ахметовтың қасына барады деген сыбыс гулеп тұр. Карьерасы өсіп жатса, қуанамыз ғой, бірақ неге осы әкім жақсы жұмыс істей бастаса, Астанаға барып, қол аяғын «матап қояды»? Әлде Әбдіғалиұлы секілді азаматтармен қай тесігімізді бітерімізді білмей, басымыз қатып жатырмыз ба?

Дереккөз: www.jaqsy.kz

 

 

 

 

 

 

ПОПУЛЯРНЫЕ СТАТЬИ

Предыдущая Следующая

Мұңға толы жыр дәптері

29.05 10:05 Просмотров: 1874

Выдающийся поэт Тургайской степи

14.08 08:08 Просмотров: 1163

Декабрь 86-го: как это было…

10.01 06:01 Просмотров: 771

Артында аңыз болар іс қалдырған

08.12 12:12 Просмотров: 753

Жазылған жайдың жаңғырығы

14.02 12:02 Просмотров: 597

ПОСЛЕДНИЕ ИНТЕРВЬЮ

Предыдущая Следующая
Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

22-05-2013 Просмотров: 603

В прошлом году была проведена оживленная работа по благоустройству города. Сделано было немало. Появились десткие площадки во дворах, было установлено освещение...

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

22-05-2013 Просмотров: 1572

«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, елдің ертеңі егеменді елдің болашағы үшін қызмет етер жастарымызбен тығыз байланысты. Мемлекет керегесінің кеңдігі,...

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

09-04-2013 Просмотров: 2028

Ұстаздар  қауымының  барлық  адамзат  баласына  білім  беріп, ұлтты  ұйыстырудағы, Ыбырай  салған  ізді  жалғастырудағы өнегесі  әрқашанда  шәкірттеріне  ұлағат. Сол  Ыбырай  атамыздың  армандаған ...

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

09-04-2013 Просмотров: 698

Начиная с нынешнего года вступает в активную фазу реализация Программы развития моногородов. Как известно, государственная Программа была инициирована Главой государства и...

Комментарии рубрики СТАТЬИ


© 2014 Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка. Все права защищены.

При использовании материалов сайта активная сссылка на сайт arknews.kz обязательна!

Created by keraline.kz

Войти или Регистрация