Жол қауіпсіздігінің кепілі – жол белгілері екені рас. Дегенмен де, кейбір тұста әлгі белгілердің орналасуы жаяу жүргіншінің де, көлік жүргізушілерінің де шатасуына себеп. Тілге тиек етіп отырғаным – Е. Әуелбеков – Р. Маясова көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншіге арналған белгілер.
Қаланың орталығында орналасқан аталмыш қиылыста, әсіресе, жаяу жүргіншілер жаңылысып жатады. Онда қойылған жаяу жүргінші белгілерін көбінесе көлік көп жүретін Е. Әуелбеков көшесіне тиесілі деп ойлайтындар көп. Тіпті, сол белгілерге “нық сеніммен” жолды кесіп жатқандарды өзім талай байқағанмын. Ал, Е. Әуелбеков көшесіне тиесілі жаяу жүргінші жолы сәл әрірек – жатақхана маңында екеніне назар аударып жатқандар шамалы. Менімше, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған белгілер дәл осы қиылыста керісінше рөл атқарып тұрған сияқты.
Әрине, жол белгілері қалай болса, солай қойылатын дүние емес. Олардың орналасу тәртібін реттейтін қаланың Бас жоспары, мемлекеттік стандарттар, одан кейін жол полициясының нұсқаулықтары. Дегенмен де, жол белгілері халықтың қауіпсіздігіне нұқсан келтірген жағдайда, оларды жөнді қоюға назар аудару керек сияқты.
Жол бойындағы тағы бір қызықты айтайын. Қаламызда көлігі бар екінің бірі “таксовканы” қосымша кәсіп етіп, нәпақасын тауып отырғандары жаңалық емес. Олардың қызметін реттеу мақсатында жақында такси белгілері орнатыла бастады. Орнатылуы бір бөлек, сапасы сын көтермей қалды. Осы мақаламды жазар алдында көзге оғаш көрінген белгілерді бақылап қайту үшін көше бойын аралап шығып едім, біреуін де таба алмай қалдым. Бес жасар баланың қолына қалам тигенде шимайлайтын “мәшинасынан” аумайтын суреті бар бұл белгілер тапсырыс беруші – қала әкімдігіне ұнамай қалды-ау деймін.
Қала әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мейрам Зейноллиннің айтуы бойынша, қалаға жалпы 120 белгі орнатуға 900 000 теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша лотты ұтып алған “Томирис” ЖК. Қазіргі таңда 64 белгі орнатылды, оның ішінде 12 белгі такси тұрақтарына қойылған. Дегенмен де, белгілер сапасыз болғандықтан, кәсіпкерге ескерту жасалынған. Жабдықтаушы жақын арада белгілерді қайта жасап қоюға міндеттелді.
М. Зейноллин жол белгілеріне қатысты тағы бір проблема бар екенін айтты. Қалаға кіре-беріс жолдардың бойында жүк машинаға кіруге тиым салынатынын ескертетін белгілерді белгісіз біреулер түбінен кесіп кетіп жатыр екен. Мұндай “бұзақылықты” кім жасауда? Сұрақты басқаша қоялық. Бұл белгілер кімге кедергі болды екен? Көзі қарақты оқырман, жауабын өзіңіз тауып көріңіз.
Белгілер бір бөлек, жалпы жолдардың күй-жайы да алаңдатпай қоймайды. Орталық көшелердің өзі ойдым-ойдым шоқалақ. Бұл жайында қала әкімдігіне халық блог арқылы, кездесу-жиындарда айтып жатыр. Мәселенің мән-жайын көлік жолдарына жауапты мекеменің маманы М. Зейноллин түсіндірді.
Биыл 7 жол учаскесі ағымдағы жөндеуден өтпек. Атап айтқанда, Ш. Жәнібек көшесі А. Байтұрсынов көшесінен Южный обход көшесіне дейін, Ш. Жәнібек көшесі М. Демченко көшесінен шіркеуге дейін, Б. Майлин көшесі (Новый кенті), Қ. Сәтпаев көшесі (Новый кенті), Первомайская көшесі (Новый кенті), Московская көшесі (Западный кенті), Ә. Жангелдин көшесі М. Демченко көшесінен темір жол өткеліне дейін.
Ал, қаламыздың бас көшелеріндегі ойқы-шойқыларды қалпына келтіруді “Алюминстрой” ЖШС өзіне міндет етіп отыр.
Талайдың наразылығын тудырып жүрген Демченко көшесі де таяуда жөнделіп қалуы мүмкін. М. Зейноллиннің айтуы бойынша, негізінде бұл жол учаскесін күрделі жөндеуден өткізуге былтыр сметалық жоба жасалынған екен. Жобаның құны – 102 880 500 теңге. Дүйсенбі күнгі жиналыста қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедов аталған жобаны келесі жылдарға қалдырмау жолдарын қарастыру керектігін айтты. Ол үшін қиранды үйлерді бұзуға бөлініп отырған демеушілік қаражатты кезек күттірмейтін жол жөндеу жобасына ойыстыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Таяу уақытта “жыр болған” бұл жолдың да тағдыры шешіліп қалуы мүмкін.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ