Күні кеше қалалық мешітте сонау Түркия елінен келіп, Арқалықтың намазхан жамағатына Құран хатым еткен Явуз Селим есімді қаримен қоштасу болды.

Көне түп-тамырымыз сабақ-тасып жатқан Түркия елімен діни байланыс жақсы жолға қойылған. Ханафи мазхабын ұстанатын түркі елінің діни қызметкерлері Қазақстанға арнайы шақыртылып тұруы – соның айғағы. Түркия елінің діни басқармасы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өзара келісім жасауы арқылы, қасиетті Рамазан айы қарсаңында діни қызметкерлер шекара асып, ұлты өзге болса да, діні бір мұсылман бауырларымен қауышады.

Арқалық қалалық мешітіне түркиялық қарилер үшінші жыл ат басын тіреуде. Биыл қазақ жеріне алғаш аяқ басқан Явуз Селим қазақ халқының дархан көңіліне дән риза екен.

- Түркиялық бауырымыз қазақ халқының қонақжайлығына таң қалды, - дейді қалалық Мұхтасиб Әлмұхаммед молла мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев. – Мысалы, ауызашар жасағанда қазекең қалың жұртшылықты шақырып, кең көлемде өткізуді әдетке айналдырған. Түркияда бұл шара шағын түрде өтетін көрінеді. Тағы бір таң қалғаны – діни қызметкерлерге, атап айтқанда қарилерге деген құрмет жоғары. Мүмкін, бізде діни қызметкерлер аз болғандықтан болар, жамағат қари, не болмаса молда көрсе, барынша құрмет көрсетуге тырысады.

Шынымен де, Қадір түніне бір күн бұрын тарауық намазынан соң мешітке келген жұртшылық қаримен қимастықпен қоштасты. Шариғат түсінігі бойынша, тарауық намазында Құран хатым тілеген дұға қабыл болады. Намазхан жамағат сол дұғада қаламыздың гүлденуін, еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын тіледі.

Явуз Селим қари 31 жаста екен. Қасиетті Құран кәрімді 13 жасында жаттап, қари атанған. Қазіргі таңда Түркия елінің Афион қаласының бір мешітінде имам болып қызмет етеді.

Биыл шілденің 13-інен 14-іне қараған түн – Қадір түні. Рамазан айының қасиетті түні – ол мың айдан артық қайырлы түн. Себебі, алғаш рет Құран кәрім Қадір түнінде жерге түскен екен. Бектұрсын Уәлиевтың айтуынша, Қадір түнінде қалалық мешітте ине шаншар жер болмады. Келген жамағаттың дені – жастар. Келушілер былтырғыдан да көп болыпты. Қаламыздағы бірден бір мешіттің тарлығы осындайда анық байқалса керек, ішке сыймағандар мешіт ауласында жайғасты. Түнгі сағат 4.30-ға шейін тарауық намазы оқылды, одан кейін Қадір түнінің маңызы туралы уағыз айтылды, әрбір келген жан жеке таң намазын оқыды, кейін сәресі асы берілді.

Осылайша рухани өмір ордасы – Аллаһ үйінде қасиетті Рамазан айы да тәмәмдалды. Құрметті оқырман, бүгінгі күнге дөп түскен Ораза айты қабыл болсын.

 

Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ