{gallery}stories/gallery2/denstroitelei{/gallery}
Қаламыздың бас құрылысшысы – «Алюминқұрылыс» ЖШС-нің әр жыл сайын Арқалықты ажарландырып, көріктендіруге қосып жүрген үлесі айтарлықтай. Биыл тұрғын үй, не болмаса жатақхана тұрғызылмаса да, қала тіршілігіне маңызы зор бірнеше жобалар іске асырылуда. Инженерлік желілерден бастап жол жөндеуге дейін түрлі жаңарту мен қалпына келтіру шаралары қаланың коммуналдық жағдайын жақсартуға игі ықпалын тигізуде. Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай осы жобалар жайында әрі қала кәсіпорнының жұмыс майданына бір шолу жасау ниетімен аз-кем әңгіме құрып, фоторепортаж жасауды жөн санадық
Ағымдағы жылы «Алюминқұрылыстың» мойнына жүктелген жобалардың бірі – Е. Әуелбеков көшесі. Бұл – Арқалық қаласының екі басты көшесін тоғыстыратын, көлігі де, жаяу жүргіншісі де көп өтетін орталық көше. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Е. Әуелбеков көшесіне ерекше ден қойылуы да содан.
Бұнда инженерлік желілер, жылу және су жіберетін құбырлар әбден тозған. Көшенің барлық инженерлік желілерін жаңартуға, жолын қайта асфальттауға, кірпіштен аялдамалар тұрғызып, автокөлік тұрағын салуға биыл 126,4 миллион теңге қаражат бөлінсе, ендігі жылы да шамамен сондай сома игерілуі тиіс. Тарқатып айтатын болсақ, қазіргі таңда көшенің жартысына жаңа құбырлар орнатылды, жолы тегістелді, жол жиегіне бордюр орнатылу үстінде. Ендігі кезек – жол жиегіне қоршау салу, асфальт төсеу, жаяу жүргіншілерге брюсчаткадан тротуар салу, одан қалды жаңа электрондық бағдаршам орнату.
Әуелбекова көшесі – адам мен көліктің бір-бірімен жиі «қақтығысатын» көшесі екенінде талас жоқ. Қаламызда машина көп болмаса да, түрлі оқыс жағдайлар осы көшеде жиі болып тұрады. Бұл ғажап нәрсе емес, себебі шағын қаламыздың бас білім ордасы, бірнеше колледждер, түрлі сауықтыру орындары дәл осы маңайда орналасқан. Қуаныштысы, енді бірде істеп, бірде ұзақ уақытқа «демалысқа» кететін Кеңес заманынан қалған бағдаршамдар жаңа электрондық қондырғыларға айырбасталатын болады.
Тағы бір объект – Қосымша білім беру орталығынан бастау алып, Р. Маясова, 27 үйіне дейін жететін жылу жүйесі. Онда да бүгін қызу жұмыс жүріп жатыр. Шамамен алғанда, бұл объектіде 600 метрге жуық жылу құбырлары айырбасталады.
Кәсіпорын бас директорының орынбасары Рафаэль Мажитовтың айтуы бойынша, биыл жұмыс көлемі былтырғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бірақ, соған қарамастан, жұмыскерлердің басым көпшілігі жұмыссыз қол қусырып отырған жоқ. «Алюминқұрылыс» бүгінгі таңда 600-ден астам қала тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп, соншама жанұяға табыс көзі болып отыр. Оның ішінде, жүзге жуығы – жалдамалы адамдар болса, қалғаны кәсіпорынның тұрақты жұмыскерлері.
Жұмыскерлер демекші, «Алюминқұрылыс» ЖШС өз мамандарына әлеуметтік көмек көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, биыл мемлекеттік есептен тұрғын үй салынбаса да, кәсіпорын өз қаражатына 60 пәтерлі үйді қалпына келтіруге кірісті. Кәсіпорын бас директорының орынбасары Рафаэль Мажитовтың мәлімдеуінше, Ш. Жәнібек, 50 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің бір бөлігі «Алюминқұрылыс» ЖШС қызметкерлеріне берілетін болса, енді бір бөлігін ипотека арқылы қарапайым халыққа беру жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда үйді қалпына келтіру жұмыстары енді басталып жатыр. Бұл да болса баспанасыз күй кешіп жүрген кәсіпорын қызметкерлеріне, соңғы кездерде бағасы шарықтап кеткен пәтерге зәру болып жүрген, оны қолма-қол ақшаға сатып алуға қалтасы көтермей жүрген жандарға – үлкен мүмкіндік.
«Алюминқұрылыс» ЖШС Арқалықтың өмірін жақсартуға жасап жатқан істерін санамалай беруге болады. Шыны керек, кәсіпорын өндірістік қуаттылығы, техникамен қамтамасыз етілуі, жалпы әлеуеті бұдан да көп. Қаламызда құрылыс қарқынды жүріп жатпаса да, кәсіпорынның «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол құрылысы, «Арқалық - Торғай» тас жолы сияқты ірі жобалардың жүзеге асуына да өз үлесін қосып жүр. Ең маңыздысы – қаншама жанұяға табыс көзі болып отыр әрі қаламыздың күннен күнге жаңара түсуіне қомақты үлес қосып жүр. Сондықтан кәсіпорынның жұмысы алға баса берсін, ондағы барша құрылысшы мамандар кәсіби шеберліктерін шыңдап, мол табысқа, ырыс-берекеге жолыға берсін деп сөзімізді түйіндейміз.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
Суретке түсірген автор