Без флеша

Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка

A+ A A-

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: Қатаң талап қойылатын болса, тіл мәселесі де уақыт өте келе дұрысталады

Тіл: -  Берік Әбдіғалиұлы! Қазақ қоғамы Сізді ұлт мүддесі мен тіл мәселесін батыл көтере алатын саясаткер ретінде таниды. Соңғы жылдары Елордадан алыстап, Қарағанды, Қостанай облысында аудан, қала басшысы ретінде қызмет атқарып жүрсіз.

Қазақы қаймағы бұзылмаған аудандар халқының бүгінгі әлеуметтік, мәдени, рухани жағдайы туралы баяндап берсеңіз.

 

- Әрине, ауылдардың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Ауыл тұрғындарының ата қонысы болған, бұрыннан ел болып келе жатқан ауылдарда ұйымшылдық, ынтымақ-бірлік бар. Мұндай ауылдарда көпті көрген ақсақалдардың ақыл-кеңесімен, елге жаны ашитын, туған жерінің гүлденуін қалайтын азаматтардың ұйытқы болуымен елдің біртұтастығы жоғалмай келеді. Түрлі той-томалақтарда, мереке-қуаныштарда елдің ауызбіршілігі байқалады. Бұл – іргесі берік, бұрыннан ел болып қалыптасқан ауылдардағы жағдай. Ал, 60-шы, 80-ші жылдары жаңадан құрылған ұжымшар, кеңшарларда, мен байқайтыным, ұйымшылдық аздау. Адам саны азайып, мектептері босап жатқан ауылдардың қатарынан осындай бертін келе пайда болған елді мекендер көптеп кездеседі.

Десек те, «Ауылым – алтын бесігім» деп, туған еліне қолдан келгенше көмек бергісі келетін азаматтар жоқ емес. Шамасы келгенше, жәрдемдескісі келеді. Ауылдарға ескерткіштер орнатып, көшелерін жарықтандыруға мүмкіндігінше көмектесіп жүргендерді де көріп жүрміз.

Жалпы, ауылдың болашағы жайында сөз қозғайтын болсақ, бүгінгі таңда ауылдарды асырап отырған мал екені анық. Екіншіден, ауылдың береке-бірлігін ұстап тұрған көне көз қариялар екені сөзсіз.

Ауылдар – тек рухани орда емес. Оларды экономикалық тұрғыда игілігі мол елді-мекен ретінде қарастыруымыз қажет. Егер ауылдың болашағы жарқын болуын қалайтын болсақ, олардың күретамырына қан жүгіртіп тұрған мал, егін шаруашылықтарына барынша қолдау көрсету керек.

Бұл ретте бір айтып өтерлік жайт – ауыл адамдарының өркениеттен алыстағысы келмейді. «Мал басын көбейту керек», «Мал шаруашылығының өндірістік қуатын арттыру керек» деп айтып жатамыз, дегенмен де ол үшін арнайы сыртқа шығып, шалғайдағы шөбі қалың шұрайлы жерлерде мал ұстау керек. Мұндай қадамға көбісі бара қоймайды, ауыл маңында ғана мал бағуды ұстанады. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалынып жатыр, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тиімді несиелер берілуде. Сондай-ақ, көбісі қой бағудан тартынады. Мұның өзін былай қойып, қарапайым сиыр саууға да адамдардың ниеті азайып бара жатқанын көріп жүрміз. Қорасында мыңғырған малы бола тұра, дүкендегі әсем әрленген дайын сүт өнімдерін қолданып жатқан ауыл адамдары аз емес.

Әйтсе де, ауылдардың әлеуметтік жағдайы бұрынғыға қарағанда тәуір. Шаруа қожалықтарымен қатар, елдің әлеуметтік әл-ауқатына ықпал ететін ауылдың негізгі жұмыс орны – мектептер және ондағы зейнеткерлердің жағдайы. Ауылдардың көбісінде шаруа қожалықтары ұсақ, сондықтан мектептердің мәселесін назардан таса қалдыруға болмайды.

Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мектептердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге игі ықпалын тигізуде. Дегенмен де, мұның өзі жеткіліксіз сияқты. Бұл бағдарлама арқылы ауылға ат басын бұрған жас мамандардың дені сол жерде қалуға құлықсыз. Шамамен, 10 пайызы ғана ауылды жерлерде тұрақтап қалып жатыр. Басым көпшілігі уақытша тәжірибе жинап, жағдайын жақсарту үшін ғана барады, ал үйге несие алу кезегіне келгенде, көбісі бас тартып жатады. Сондықтан, ауыл мектептеріндегі кадр мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Сол сияқты, дәрігерлер де жеткіліксіз болып жатқанын сирек көріп жүрген жоқпыз.

Ауылдың еңсесін көтеру үшін, мүмкін, бір идеологиялық жұмыс қажет шығар. Бүгінгі таңда әлемде қаладан ауылға, қаладан тыс жерлерге көшу үрдісі етек алып барады. 2010 жылы Астанадан Ұлытауға барғанда, «Ауылға барайық», «Ауыл үшін қызмет етейік» деп шақырғандар болатын. Білімді, іскер азаматтар өмір бойы ауылдарда тұрмаса да, үш-төрт жыл қызмет етсе ауылдың жағдайы біраз оңтайланып қалары даусыз. Ауылдан шыққан қаншама атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері бар, соларға да үндеу тастаған болатынбыз. Ауылдың жастарымен кездесулер өткізіп, тәжірибелерімен бөліссе ауылды өркендетуге қосар біршама үлес болар еді.

Өскелең ұрпаққа, әсіресе ауыл жастарына үлгі-өнеге боларлықтай тұлғалар ауадай қажет және елеулі жетістікке жету үшін олардың алдына мақсат қоя білу керек. Көптеген жастарда мақсат жоқ, соның салдарынан қай жерде болмасын, белгілі бір нәтижеге жете алмай жүреді. Бұл орайда ауылға танымал тұлғалар барып, жол көрсетіп, жөн сілтесе, қабілеттерін ашып, оларды дамытуға көмектессе мақсатшыл жастар көбейе түсеріне кәміл сенемін. 

Тағы бір көңіл қуантарлық үрдіс – ата-баба құрметіне зираттарды көтеріп, тас қойып жатқан азаматтар көп. Бұл да болса ұрпақ сабақтастығының бір белгісі, ата-баба алдындағы перзенттік парыздың игі нышаны. Сыртта жүрген азаматтар елді сағынып, ата-бабалар аруағының құрметіне бейіттерді көтеруге, оларды тазалауға ниет білдіріп жатқаны – құптарлық іс деп білемін.

Ауыл – қазақтың көне ғасырлардан бері түп қазығы болған. Әр қазақ баласы еліміздің ұлан-ғайыр даласында өсіп, ержеткен. Сондықтан, қазіргі қала тұрғындары жаз айларында балаларын ауылды жерлерге бір-екі айға жіберсе, ауыл өмірімен етене таныс, елін құрметтейтін, жерін бағалайтын, ауылмен байланысын үзбейтін ұрпақ өсерінде дау жоқ. Байтақ еліміздің кең жазира даласында қой бағып, қымыз ішіп, қуырдақ жеп, асық ойнап өскен ұрпақ еш уақытта ауылды ұмытпайтыны ақиқат. Бұл да ауыл көшін ілгерілетуге бағытталған идеологиялық жол, сондықтан осы шаруа қолға алынатын болса, болашақта оң нәтижесін берері сөзсіз. 

Қалалардан шалғай жатқан елді мекендерде тарихи тұлғаларға тағзым ету үрдісі де байқалады. Тарихта елеулі із қалдырған сол елдің асыл перзенттеріне ас беріліп жатады, бұл да елді біріктіретін, ауыл жұртының ынтымағын нығайта түсіретін ізгі шаруа. Ауыл – ұлт сана-сезімінің діңгегі, рухани азық алар орны. Қаладағы азаматтар ауылдан рухани күш-нәр алып отыратыны содан.

Қазір лауазымды қызметте жүрген апталдай азаматтар ауылға ат басын жиі бұрып тұрмайтыны шындық. Зейнеткерлікке шыққанда ғана ауылға деген сағынышы оянып жататын жандарды кездестіріп жүрміз. Қолында мүмкіндігі бар шағында ауылды көркейтуге атсалысса, ертең сол игі істердің қызығын өзі көрмей ме? Бір жағынан, елдің де ықыласына, ризашылығына бөленер еді және өзгеге де үлгі болар еді.

Үлгі демекші, өзгені үгіттеуден бұрын, өзің сондай пайдалы істің басы-қасында табылуың шарт деп санаймын. Мысалы, туған ауылым Терісаққанда келер жылы аталып өтетін Жанайдар батырдың 200 жылдығына орай өз қаражатымнан ескерткіш орнатып жатырмын. Сондай-ақ, ауылдың тарихынан сыр шертетін жекеменшік мұражай тұрғызу ойымда бар. Қазір ауылдарда көптеген жомарт азаматтар мешіт салып беріп жатыр, ал енді ауылдың өткенінен өнеге алуға жол ашатын, ата-бабалардың тағылымды істерін ұлықтайтын бірден-бір мәдени ошақ – мұражай ашу да қажет шаруа деп білемін. Бүгінде туған ауылымда мешіт бар, мәдениет үйі де жұмыс істеп жатыр. Енді мұражай ашуды қолға алып, алдағы уақытта сол нысанды үкіметке тарту етуге бел байладым. Алла бұйыртып, ісім оңға басып жатса, бұл жоба ауылдың әлеуметтік ахуалына аз да болса сеп тигізбек. Себебі, төрт-бес жұмыс орны ашылады.  

Ұлытауда әкім болып жүргенде, үкімет қаражатына ауылдардың жағдайын жақсартуға ерекше ден қойдым. Ұлытаудың өз басында туристік инфрақұрлымын қалыптастырдық.  Әліде қаржат көздерін тауып, ауылда кәсіпорын ашу ойларым бар.

 

- Терісаққан ауылыңыздағы жақында ашылған жаңа мектепте сіздің сол жақта қызметтте жүргеніңізде басталды ғой?

 

- Иә, апаттық жағдайда тұрған мектептің орнына жаңадан мектеп салып, шоқалағынан көз сүрінетін жолдарды жөнге келтіру үшін республикалық қаражаттан жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әрине, Терісаққанға бүйрек бұрып, өзге ауылдарды ұмыт қалдырған жоқпын, барлығына да бірдей қолдау көрсетуге күш салдым. Қазір қызмет бабы бойынша ауылдан алыстап кетсек те, жеке үлесімді, перзенттік борышымды ұмытқан жоқпын, сондықтан қолдан келгенше ауылды көркейтуге атсалысып отырмын.

Ауылдардың мәдени, рухани құндылықтарының ордасы – мәдениет үйлері мен кітапханалар. Қазірде, Аллаға шүкір, көптеген ауылдарда мәдениет үйлері мен кітапханалар жөнделіп келеді. Мерекелі күндері шағын концерттер мен думанды кештер ұйымдастырылып жатқаны көңіл қуантады.

 

-  Сіз 2009 жылы журналистерге берген сұхбатыңызда: «Қазақ тілінің мәселесі қаражатқа, оқулыққа, әдістемеге, маманға емес, саясатқа тіреліп тұр. Сондықтан саясатта қандай өзгерістер, қандай саяси шешімдер керектігін түсінуге тиіспіз. Осыған орай мамандарды, сарапшыларды шақырып, қазақ тілінің дамуы заңға ма немесе Үкіметтің қандай да бір қаулысына тіреліп тұр ма, деген сауалдарға жауап іздедік. Жалпы осының барлығын қандай саяси құралдар арқылы өзгертуге болады?» деп тіл мәселесінің 20 жыл өтсе де, көңіл толтырарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмай отыруының басты себебін ашып айтып едіңіз. Елбасымыз айтқандай, 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді жетік білуі үшін қандай шаралар жасалып отыр деп есептейсіз?

 

- Тіл мәселесі аз талқыланып жатқан жоқ. Жүрегі қазақ деп соққан еліміздің әр азаматы үшін бұл көкейтесті мәселе. Ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейюіне бүгіндері саяси жігер болмай тұр. Жыл санап қаншама оқу-әдістемелік құралдар шығып жатыр, қыруар қаражат бөлініп жатыр, бірақ саяси жігер жоқ, талап жоқ. Полиция, дәрігер сынды басқа да мамандық өкілдеріне қазақ тілін білуі керек деген талап қойылмай тұр. Қатардағы мемлекеттік қызметкерлерден бастап жоғары лауазым иелеріне дейін қазақ тілінен емтихан тапсырту керек. Қатаң талап қойылатын болса, тіл мәселесі де уақыт өте келе дұрысталады. Әзірше, бізге керегі осы. Осыны қаншама жылдар бойы айтып келемін, әлі айтарлықтай өзгеріс жоқ.

 

- Тарих – адамның ұлттық сана-сезімін күшейтетін бірден-бір жол. Өзінің өткенін білмей, бүгінін бағдарлай алмаған ұлттан асқан аянышты халық жоқ. Ана тілін білетін халық, тарихын да терең біле бастайды. Ұлттық тәрбиенің қоғамдағы рөлін қалай бағалайсыз?

 

- Ұлттық тәрбие деген – ауқымы кең ұғым. Сол ұлттық тәрбиенің көптеген бағыттарының бірі – тарих. Әрине, тарихтың орны бөлек. Тарихты насихаттау керек, тарихты жеткізу керек. Оны насихаттау жолдары да көп. Мектептегі оқулықтардың сапасы бір бөлек, тарихтан сыр шертетін деректі, көркем фильмдерді көптеп шығару қажет. Бүгінгі күні халық көп оқығысы келмейді, сондықтан көптеген деректерді қамтитын, жан-жақты мағлұмат беретін сауатты кинофильмдер ауадай қажет деп есептеймін. Тарихымыздың даңқты беттері аз емес, соларды ұлықтап, ұрпақ санасына жеткізуіміз міндет. Осылайша ұлттық сана-сезім қалыптасады, болашақ ұрпаққа ұлттық тәрбие беріледі.

Мұнымен қоса, қала, ауыл, көше атауына тарихи тұлғалардың есімін беру арқылы, жастарға тәлім-тәрбие бере аламыз, ел тарихына өшпес із қалдырған асылдарымыздың даңқын асқақтатамыз. Олардың ұлық істерін, еліне жасаған жақсылығын, ұмытылмас ерлігін, болашақ ұрпаққа аманат еткен мұрасын насихаттаймыз. Әсіресе, Алаш қайраткерлерін, ұлт азаттық көтерілісте бодандықтан арылу үшін жанын пида еткен күрескерлерді, Кенесары хан және оның ер жүрек батырларын, Кейкі батырдай қазақтың қайсар ұлын, кешегі кеңес одағында ұлт мүддесін алға тартқан ақын-жазушыларды насихаттасақ, олардың есімдерімен қала, ауыл, көшелерді атасақ – ұлттық тәрбиенің бір маңызды бөлігін қамтыған боламыз.

 

-  Елдің келешегі – білімді жастар. Қазақстанның жастары жан-жақта білім алып, бірнеше тілдерді меңгеріп, Отанымызға оралып жатыр. Мемлекет басшысы ұсынып отырған үш тілді жетік білу саясаты туралы қандай пікіріңіз бар?

 

- Үш тілді меңгеру – бүгінгі заман талабы. Бірақ, үш тілді4 қайсысын қашан үйрену керек екені келелі мәнге ие. Ең алдымен балаларға қазақ тілін жетік меңгерту қажет. Ағылшын мен орыс тілі – қолданыс аясы кең дамыған халықаралық тілдер. Сондықтан ең әуелі қазақ тіліне бетбұрып, содан кейін өзге тілдерді жетік меңгертсек құба-құп. Егер үш тілді қатар үйрететін болса, қазақ тілі артта қалып қоюы ғажап емес. Қысқасы, қазақ тілі үш тілдің үшіншісі болмауы керек қой.

 

- Тілдің болашағы қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында екені даусыз. Ұлтық мәдениет пен ана тілі – егіз ұғым. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі елі мен жерінің қамын ойлайтын азамат атануы үшін, бастауыш сыныпта барлық бүлдіршіндерді (ұлтына қарамастан) мемлекеттік тілде оқыту мәселесіне қалай қарайсыз?  

 

- Ең әуелі қазақ тілін үйрету керек деп жоғарыда айтып өттім. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» дегендей, ең алдымен бүлдіршіндерге қазақ тілінде білім беру аса қажет. Себебі, білім әлеміне енді қадам басқан әр баланың сана-сезімінде ең бірінші тіл – қазақ тілі деген қағида қалыптасуы шарт. Осы қағидаға табан тіреген бүлдіршін ертең қай тілді меңгерсе де, қазақ тілінің мәртебесі бөлек екенін естен шығармайтыны даусыз. 

 

-  Жүсіпбек Айтауытовтың «Ұлтты сүю» деген еңбегінде: «...Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді. Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген сөздер бар. Бұл сөздер бір ғасыр өтсе де, әлі өзектілігін жоғалтпай келеді. Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?

 

- Осыдан үш жыл бұрын мен әкімдікке келгенде, көбісі таң қалғандай болып жүрді. Саясаттанушы болып жүрді деп ойлады. Алайда, мен әкімдік қызметіне одан бұрын келгенмін. Осыдан он жыл бұрын әкім орынбасары болып қызмет істедім. Кейін, мемлекетіміздегі саяси ахуалға көңілім толмай, либералдық үрдіс басталған кезде мемлекеттік қызметті тастап, саясаттанушылыққа, ұлттанушылыққа бет бұрған болатынмын. Либералдық қозғалыс да мерзімсіз дағдарысқа тірелді. Одан кейін ұлттық салада 2-3 жыл қызмет еттім. Теледидардан, мерзімді басылымдардан көптеген нәрсені айттым. Әрине, жақтайтындар да, даттайтындар да болды. Ақыры бұған да көңілім толмай, әлгі өзім көтерген ұлттық тәрбие мәселелерін, тағы да басқа істерді қолға алу үшін ауданға оралып, онда жұмыс жасай бастадым. Жалпы әкімдер әлеуметтік-экономикалық саланы көтерулері керек. Десек те, рухани құндылықтарды жаңғыртып, дамыту да қазіргі әкімдерге жүктелер міндет. Мысалы, Ұлытауда, Жезқазғанда елді мекендердің, көшелердің, мектептердің атауларын өзгерттік, талай аіартушылық іс-шаралар өтті. Бүгін, міне, Арқалықта да ономастика жөнінде өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Аудан мен қала әкімінің қолынан көп нәрсе келе бермейді, сондықтан бұл бағытта мүмкіндігіміз жеткенше жұмыс атқарып жүрміз.

Мен әкімдік қызметіне бір жағынан өз күшімді сынау үшін де келдім. Демек, әлі де жеткізе алмай жүрген ойларым бар, іске асырғым келетін жобаларым да жеткілікті. Мысалы, ұлттық тәрбие құралы ретінде киносценарийлер жазып, сол арқылы ұлттың, елдің, жердің тарихын боямасыз жеткізгім келеді. Деректі фильм болсын, көркем фильм болсын, қай-қайсысын да тәлім-тәрбие көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік зор. Әрине, мен өзімді мықты жазушы, мықты сценарист санамаймын, демек қазір түсіріліп жатқан дүниелерді көргенде, көзге оғаш көрінетін кемшін тұстарын көріп, көңілім құлазиды. Сонымен қатар, тарихты түгендегенде, көптеген сауалдар жауапсыз қалып жатады. Сондықтан сол тарих беттерінің тасада қалған дерек-мағлұматтарын зерттеп, ғылыммен де тығыз айналысуды көздеп отырмын. Мамандығым тарихтан гөрі этнологияға жақын болғасын, ұлттың дамуына, оның болашағы қандай болады, ұлттың даму үрдістері қандай деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап іздеу қажет сияқты. Қазір этнология, этнополитика салалары жоғары деңгейде дамыған деп айту қиын.

"Тіл" журналы

Комментарии  

 
#1 Еркебулан 15.02.2013 14:06
Арқалықты қолға жол бастапсыз, ісінізге сәттілік тілеймін Әкім Аға!
Цитировать
 
 
#2 Костанаец 27.08.2013 17:50
Мен өзім Арқалықтың тумасымын, ертеректе отбасымызбен Костанайға көштік. Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Берік Әбдіғалиұлына көп рахмет айтқым келеді. Нағыз қазақ жігіті, ұлтжанды азамат. Сөздеріне мән беретін болсақ " ұлттың дамуына, оның болашағы қандай болады, ұлттың даму үрдістері " сөздері Берік ағамыздың екі сөзінің бірі тілім мен ұлтым дегені нағыз елінің намысы бар әкімі екенін көрсетеді. Қай әкім ана тілім деп ұлтым деп сөйлеп жүр?. Берік аға қайда жүрсеңізде аман сау болыныз, ауырмаңыз, отбасыңызбен бакытты болыныз. Қандай қызмет жұмыста болсаңыз да табыс тілеймін. Халық сізді ұмытпайды. Халық сіздің тілекшіңіз.
Цитировать
 

ПОПУЛЯРНЫЕ СТАТЬИ

Предыдущая Следующая

Мұңға толы жыр дәптері

29.05 10:05 Просмотров: 1985

Выдающийся поэт Тургайской степи

14.08 08:08 Просмотров: 1195

Декабрь 86-го: как это было…

10.01 06:01 Просмотров: 790

Артында аңыз болар іс қалдырған

08.12 12:12 Просмотров: 784

Жазылған жайдың жаңғырығы

14.02 12:02 Просмотров: 625

ПОСЛЕДНИЕ ИНТЕРВЬЮ

Предыдущая Следующая
Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

22-05-2013 Просмотров: 623

В прошлом году была проведена оживленная работа по благоустройству города. Сделано было немало. Появились десткие площадки во дворах, было установлено освещение...

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

22-05-2013 Просмотров: 1616

«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, елдің ертеңі егеменді елдің болашағы үшін қызмет етер жастарымызбен тығыз байланысты. Мемлекет керегесінің кеңдігі,...

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

09-04-2013 Просмотров: 2080

Ұстаздар  қауымының  барлық  адамзат  баласына  білім  беріп, ұлтты  ұйыстырудағы, Ыбырай  салған  ізді  жалғастырудағы өнегесі  әрқашанда  шәкірттеріне  ұлағат. Сол  Ыбырай  атамыздың  армандаған ...

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

09-04-2013 Просмотров: 725

Начиная с нынешнего года вступает в активную фазу реализация Программы развития моногородов. Как известно, государственная Программа была инициирована Главой государства и...

Комментарии рубрики СТАТЬИ


© 2014 Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка. Все права защищены.

При использовании материалов сайта активная сссылка на сайт arknews.kz обязательна!

Created by keraline.kz

Войти или Регистрация