Без флеша

Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка

A+ A A-

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, Арқалық қаласының әкімі: «Арқалық өшіп емес, өсіп келеді»

Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған өткір мәселенің бірі – еліміздегі шағын қалаларды дамыту. Елбасы бұл түйткілді шешуді Үкіметке тапсырғаннан кейін салаға едәуір басым­дық беріліп, тиісті шаралар қолға алына бастады. Осыдан соң еліміздің шалғайда жатқан шағын қалалары мен елді мекендерінде тіршілік жанданып, халықты жұмыспен қамту бағытында бірқатар шаралар қолға алынды.

Қазір бұйығы қаланың біріне айналған Арқалық кезінде облыс орталығы ретінде дүркіреп тұрды. Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі уақытта қаладан береке, жұрттан маза қашқан. Қиындыққа мойымаған халық ежелгі атақонысын біржола тастап кетпей, керісінше аяғынан тік тұрып кетуіне бар күшін салды. Біз моноқалалар тізімінің басында тұрған Арқалықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек болып, қала әкімі Берік Әбдіғалиұлын әңгімеге тартқан едік. 


– Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары сандаған ауыл, шағын қалалардың жағдайы шатқаяқтап кеткені белгілі. Соның бірі өзіңіз басшылық ететін Арқалық қаласы. Кешегі Арқалық пен бүгінгі Арқалықты салыстырып көрсек...


– Жалпы, Арқалықтың қалыптасу тарихына үңілетін болсақ, бұл шаһар 1950-1960 жылдары осы жерде боксит кен орындарының табылуынан бастау алады. Жер қызыл түсті болғасын, осында орын тепкен қалашық «Қызылқозы» деп аталып кетті. Әуел бастан мұнда шамамен 20 мың адамға арналған жұмысшылар поселкесін тұрғызу көзделген. Кейін облыс ашылғанда, облыстық ауқымдағы инфрақұрылым дами бастайды. Оған қоса, үлкен Бүкілодақтық екпінді құрылыс, тың игеру науқаны басталады. Кеңес үкіметі сол тұста Арқалықты облыстың орталығы етіп, тек боксит өндірісінің ошағы ретінде ғана емес, аграрлық өлке, осы аймақтағы барлық елді мекендердің әкімшілік орталығы ретінде қалыптастыруға күш салды. Қалада бірнеше оқу орындары, жаңа зауыттар ашылып, үлкен қала мәртебесіне дейін жетті.
Демек, арада біраз жылдар өтіп, заман өзгереді. Сонда қаланың ықшамдалып, тығырыққа тірелуіне бірнеше фактор себепші болды. Біріншіден, зауыттар жабыла бастады. Екіншіден, облыс жабылды. Үшіншіден – жылу мен жарық тоқтатылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде көптеген азаматтар үдере көшіп, қаланың тағдыры түйткілді жағдайға жетті. Ғимараттардың үштен бірі қаңырап бос қалды. Әсіресе, жаңа салынған шеттегі мөлтек аудандар қараусыз қалды. Ауылдардың жағдайы тіпті төмендеді. Сол кезде жылу, жарығы жоқ ауылдардан қалаға күн көремін деп келген азаматтар да аз емес еді. Бұрынғы 70 мың халықтан 27 мыңдай адам ғана қалды. Сол 27 мыңның жартысынан көбі ауылдан қоныс аударған азаматтар. Көршілес Жангелдин, Амангелді аудандарындағы көптеген ауылдар тіршілігін тоқтатты. Жылу, жарық сияқты коммуналдық игіліктер дұрыс берілмей жатқан кезде, қала оптимизация (ықшамдалу) толқынын бастан кешірді. Жаңа айтып өткенімдей, жаңадан салынған шеттегі мөлтек аудандарға жылу, жарық беру тоқтатылып, қала тұрғындары орталыққа қарай шоғырлануға мәжбүр болды. Қиын заманда бос қалған үйлердің барлығы тоналып, терезелері сынып, құр қаңқасы қалды. Оларды сақтап қалу үшін кірпіштермен жауып, әрекет жасап еді, табыссыз қалған жұрт бетондардың арматураларын жаппай бұзып ала бастады. Жалпы, сол оптимизация толқыны соққан 200-ге жуық түрлі ғимараттар бүгін иесіз, бұзылған күйде тұр.


Әрине, бұрын дәуірлеп тұрған кезеңде жастық шақтың қаласы болған арайлы Арқалықтың тағдырына өкінішпен қарамаған жан болмаған шығар. Жазық дала төсінде бой көтерген жас шаһардың осындай халге жеткені Арқалықтың барша тұрғындары үшін ауыр соққы болды. Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сынды бірқатар іскер азаматтардың біліктілігімен, жігер-қайратымен дами түскен қала – осындай аянышты жағдайға келіп тірелді. 


– Ал сол қиын-қыстау кезеңде Арқалықты бұрынғы қалпында аман сақтап қалу мүмкін бе еді? 


– Әрине, зауыттар жабыла бастағанда 70 мың тұрғынның барлығын сақтап қалу оңай болмас еді. Бәрібір халық көшуге мәжбүр болатын еді. Егер облыс, республика тарапынан көмек болған болса, үйлердің басым бөлігін сақтап қалуға жол ашылары сөзсіз еді. Әйтсе де, 1990 жылдары өзіңіз айтқандай, шатқаяқтап қалған ауылдар көп болды, жаңадан дербес мемлекет болып қалыптаса бастаған Тәуелсіз еліміз жаппай дағдарысты бастан кешірді. Сондықтан ешкімнің де аудандарға көңіл бөліп, оларға жәрдемдесуге мұршасы келмеді. Енді, әрине, кінәліні іздеудің қажеті жоқ шығар, себебі сол тұста елді мекендердің көбісі осындай ауыр халде болды. Ал елдің бүгініне бет бұратын болсақ, қазіргі таңда қаланың оптималдық құрылымы қалыптасты. Адам санын 2020 жылға дейін 40 мыңға жеткізуді болжамдап отырмыз. Демографиялық ахуал да тұрақталды. Бүгінгі күні адам саны табиғи өсім жағынан ілгерілеп келеді.
Қаланың өткені мен бүгінгісін салыстыратын болсақ, шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жаман емес. Арқалық-Шұбаркөл темір жол құрылысы басталғалы бері халықтың ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсті. Таяу болашақта тас жолдарын да жасаймыз деген жобаларымыз бар. Темір жол бір бөлек, қазір ауыл шаруашылығында бірқатар маңызды жобалар іске асып жатыр. Мал, құс, егін шаруашылықтары өңірде даму үстінде. Осының бәрі елдің көңіліне үміт ұялатады. Сондықтан Арқалық өшіп барады емес, өсіп келеді.


– Сіз бұған дейін де өндірісті қалаларды басқардыңыз. Ұлытауды туристік орталыққа айналдыруға күш салғаныңыз мәлім. Ал, Арқалыққа әкім болып қызметке кіріскен күннен бастап неге көңіл бөлдіңіз? 


– Әр жердің өзіндік даму жолдары, тетіктері болады. Оның экономикалық тұрғыдан қарағанда, берері мол, әлеуеті жоғары тұстарын аша білу, дамытып, ілгерілете білу керек. Ұлытауда ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай болғасын, ол жақта ең әуелі аграрлық саланы қолға алдық. Сондай-ақ Ұлытаудың бір ерекшелігі, азаматтардың көбісі Жезқазғанға, басқа да маңайдағы елді мекендерге барса да, ұлт ұясы болып ұлықталатын, тұнып тұрған тарихы бар шежірелі өлкеден айналып өтпейді. Сондықтан Ұлытауда бар ескерткіштерді көрсетіп, жолдарын жөнге келтіріп, инфрақұрылымын жасап, рухани, мәдени құндылықтарды насихаттау жолдарын қарастыруға ден қойдық. Қонақ күтетін ғимараттарды тұрғызып, киіз үйлер тігіп, туристерге қолайлы жағдай туғыздық. Тек қана идеологиялық жұмыс емес, сол өңірге экономикалық пайдасын тигізетін жоба ретінде керек болды.
Ал Арқалыққа келетін болсақ, ең әуелгі жұмыс – инфрақұрылымын дамыту болып отыр. Бүгін қолда барымызды көбейтіп, оны еселеуге көңіл бөлудеміз. Қалада білім алуға келген жастардың көптігіне байланысты, жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі күн тәртібінде тұр. Бір қуантарлығы, жыл санап сапасы бойынша қонақ үйлерден кем түспейтін жаңа жатақханалар бой көтеріп жатыр. Биылдың өзінде 270 орынға арналған жергілікті пединститут жатақханасы пайдалануға беріледі. Соңғы жылдары жергілікті оқу орындарының бірнеше жатақханасы студенттердің игілігіне берілді. Бірнеше тұрғын үйлер қайта жөнделіп, қалаға сән, халыққа пана болып отыр. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша аурухананы жөнге келтіруге миллиардтаған қаражат бөлінді. Осындай игі шаруалар аз емес. Дегенмен де, Арқалыққа келгендердің қатарында мұның бәрін көріп жатқандар некен-саяқ. Бәрі де ең алдымен бұзылған үйлерді көріп, «Осы Арқалықтың болашағы бар ма? Бәрі құрып жатыр ғой» деген ойға келеді. Арқалық туралы пессимистік ойлар, болашағына деген күмән басым. Сондықтан Арқалыққа алғаш келгенімізде, қаланы көріктендіруге, абаттандыруға көңіл бөлдік. Жарықтандыру, жол мәселесі сияқты түйіндерді шешуге бел будық. Биылдың өзінде 60 мың шарты метрге жуық жол жөнделді. Оның ішінде 32 мың шаршы метрге асфальт төселді, қалғаны тегістеліп, жүруге жарамды жағдай жасалды. Барлық көшелерге жарық тартылды. Мұның бәрі жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін жасаған қам-қарекетіміз. 


– Бір пікіріңізде «Құдайға шүкір, Қазақстанның барлық өңірі дамып жатыр, бірақ дәл осы өңір кешеуілдеп тұр» депсіз. Сонда бұл өңір мемлекеттің назарынан тыс қалып келген бе?


– Қай өңір болмасын, ең алдымен оның дамуы үшін инвестиция құйылуы керек. Ал Арқалық өңірі неге кешеуілдеп тұр? Біріншіден, Арқалық тұйықта тұр. Мынандай бір қарапайым мысал келтірейін. Жүк тасымалдайтын көліктер Арқалыққа келуге құлықсыздық танытады. Себебі бұл жаққа жүкпен келсе, қайтуында бос кетеді. Бұл, әрине, оларға тиімсіз. Егер оңтүстікке, жалпы жан-жаққа жол тартылатын болса, қаланың транспорттық мүмкіндіктері, экспорттық әлеуеті ұлғаяр еді. Инвесторларға да мұндай транспорттық мүмкіндіктер осы өңірде өз жобаларын іске асыруға жол ашатыны заңдылық. Биыл, міне, темір жол құрылысы басталып кетті. Сондықтан Арқалықта темір жолдың салынуына байланысты инвестициялық тартымды орта қалыптасып келеді деп айтуға негіз бар.
Екіншіден, Арқалықта Торғай боксит кен басқармасынан басқа инвестиция тартуға болатын ірі кәсіпорын жоқ. ТБКБ-ның өзі өнім мөлшерін жылдан жылға қысқартып келеді. Кәсіпорынның боксит өндіру жоспары бойынша, боксит өндірісі 2021 жылға дейін ғана жүргізіледі. Өзім алғаш рет осында келгенде, егер осы өндіріс ошағы қысқарса, Арқалық үшін қиын болады деп ойлаған болатынмын. Алайда өңірдің экономикалық ахуалымен жақынырақ танысқанда, қаланың жағдайы боксит өндірісіне аса тәуелді емес екеніне көзім жетті. Мысалы, Жезқазғанның құрушы кәсіпорны «Қазақмыс» корпорациясында 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал Торғай боксит кен басқармасының жұмысшылар саны – 1 мың-ақ адам. Сондықтан боксит өндірісі тоқтаса да, өңірдің дамуы тежеліп қалмайды. Сөз ретін пайдаланып, жалпы осы кәсіпорынның келешегін де айтып өткеніміз жөн болар. 2021 жылы боксит қоры таусылады. Алайда одан кейін де өндіріс тоқтап қалмайды. Әрі қарай рекультивациялық жұмыстар жүргізіледі, сонымен қатар, отқа төзімді балшық алына бастайды. Бұл балшық түрі қазір де өндірілуде. Бұл мақсатта 300-400 адамдай қалады деп жоспарланып отыр. Сондықтан аталған кәсіпорынның жұмыс мөлшері біршама азайса да, өндірісі әрі қарай жалғаса бермек.
Мемлекеттің моноқалаларды дамыту бағдарламасы да осындай бір кәсіпорынға тәуелді болып тұрған қалалардың өндірісін әртараптандырып, инвестиция құюға қолайлы орта қалыптастыру болғасын, болашағымызға алаңдамаймыз. Оған қоса, темір жол нысандарында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлаудамыз. Тас жол да жөнделеді деген ой бар. Нақтырақ айтсақ, Арқалық-Жезқазған тас жолы 2014-2015 жылдары басталмақ. 



МОНОҚАЛАЛАР – ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ТӘУЕЛДІ



– Ел үкіметі шағын қалаларды дамытуға байланысты арнайы бағдарлама қабылдады. Бұл ең алдымен Арқалық секілді тозған, күйі кеткен қала үшін маңызды екені белгілі. Шағын қаланы дамыту үшін ең алдымен қандай түйткілдерді шешу керек? 


– Экономикасы бір кәсіпорын өндірісіне тәуелді, бір саланы ғана тірек еткен шағын қалалар үшін мемлекеттің арнайы даму бағдарламасы – үлкен жәрдем. Елбасының, мемлекеттің тікелей қолдауымен жүргізіліп жатқан бұл бағдарламаға халықтың ризашылығы зор. Алдымен моноқала мен шағын қала деген екі ұғымның ара-жігін ажыратып алайық. Моноқала дегеніміз – Арқалық сияқты бір ғана өндіріс ошағына тәуелді қала. Ал шағын қала санатына – үлкен, қалақұрушы өндірісі жоқ, адам саны аз қалалар жатады. Моноқалалар бағдарламасының түпкілікті мақсаты не? Мақсаты – бір ғана, қалақұрушы кәсіпорынға қарап отырған қалаларға әлеуметтік нысандар салып беру, жолын жөндеу емес. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы ең әуелі оның өндірісін әртараптандыру, өзге де өндіріс ошақтарын ашуға мүмкіндік туғызуды көздейді. Жалпы, осындай бір ғана саланы тірек еткен қалалардың экономикасы әлемдегі бағаларға тәуелді. Мысалы, темірдің әлем нарығындағы бағасы өзгеретін болса, ол Теміртау қаласына ықпалын тигізбей қоймайды. Сол сияқты мыстың бағасы Жезқазғанның экономикалық көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді. Егер әлем нарығындағы бағалар күрт төмендеп кететін болса, бір ғана өндіріске қарап отырған қалалар дағдарысқа ұшырауы ғажап емес. Ол кәсіпорындарда қысқартулар басталады, еңбекақылары азаяды, салық түсімдері бәсеңдейді, тіпті зауыттар жабылып қалуы ықтимал. Сондықтан моноқалаларда жаңа жұмыс орындарын ашып, қала экономикасына игі ықпал ететіндей, бір сөзбен айтқанда, елді асырай алатындай жаңа өндіріс орындарын ашу – бірінші кезектегі міндет. 


Ал жаңа өндіріс орындарын ашу үшін не істеу қажет? Әрине, инвестиция құюға қолайлы жағдай туғызу керек. Инвесторларға, ірі кәсіпкерлерге шаруасын дөңгелетуге ыңғайлы бизнес-климат жасау керек. Болашақ жобаларға тиімді етіп инфрақұрылымын жасап беру тиіс. Сондықтан моноқалаларды дамыту бағдарламасының негізгі түп мақсаты – бір өндіріс ошағына тәуелді қалаларды «моно» деген мәртебесінен айыру.
Біз тілге тиек етіп отырған бағдарлама – моноқалаларды дамыту бағдарламасы. Ал, шағын қалаларды дамыту – бөлек бағдарлама. Жалпы, айтып өтейін, қалаларды дамытуға бағытталған мемлекеттің үш бағдарламасы бар. Біріншісі – қалалық агломерацияларды дамыту бағдарламасы. Бұл бағдарлама Алматы, Астана сынды ірі қалалардың іргесіндегі елді мекендерді дамытуды көздейді. Екіншісі – біз айтып өткен моноқалаларды дамыту бағдарламасы. Үшіншісі, міне, ендігі жылы іске қосылатын шағын қалаларды дамыту бағдарламасы. Сонымен бірге, жалпыға ортақ «Аймақтарды дамыту» және сала-сала бойынша бағдарламалар бар. Моноқалаларға 27 қала кірді. Ал шағын қалалар Қазақстанда өте көп. Шағын қала дегеніміз қандай қалалар? Олар қала мәртебесіне ие, шағын аймақты елді мекендер. Көбінесе станциялар мен ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан қалалар шағын қала санатына кіреді. Мысалы, Шу, Аягөз, Кентау, Ырғыз, Қарқаралы, Атбасар, Түркістан және т.б. қалалар. Бүгінгі таңда елімізде шағын қалалардан облыс орталықтарына көшу үрдісі байқалады. Осындай миграциялық үрдісті тоқтату үшін не істеу керек? Әрине, шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытып, тозығы жеткен жолдарын, кәріздік жүйесін, жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу керек. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы осы мақсатты көздейді. Ал Арқалық болса, бұл бағдарламаға ілікпейді. 


– Алайда Үкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Арқалыққа 108 миллион теңге ғана бөлінген екен. Сіз «бұл қаржы мардымсыз, бұл жылу жүйесін жөндеп, қоқыс шығарудан артылмайды» деген екенсіз. Сізден басқа көптеген әкімдер бергенге ғана шүкірлік еткен сияқты. Шын мәнінде, бұл тым аз емес пе? 


– Бұл қаражатты есептегенде, өкінішке қарай, адам саны ғана ескерілген. Қазіргі таңда Арқалық аймағында 40 мың адам тұрады. Бірақ бұл бағдарлама бойынша тек қалада тұратын адамдар саны ғана есепке алынған. Дұрыс айтасыз, қирап тұрған ғимараттары шаш-етектен қаланы қалпына келтіру үшін бұл ақша мардымсыз. Сондықтан біз қаражат бөлерде қаланың инфрақұрылымдық жағдайын, қиранды үйлер санын есепке алу керектігі жайында өз ұсынысымызды айтқан болатынбыз. Былай қарағанда, елімізде дәл Арқалықтай қиранды үйлері көп қала жоқ шығар. Себебі бұрын облыс орталығы болған, инфрақұрылымы дамыған қалада ғимараттар көп орналасқан. Бұл ұсынысымызды Үкімет қолдап, келер жылы қиранды үйлерді бағытты жарылыс әдісімен жоюға 1 миллиард теңге қаражат бөлуге уәдесін берді. 


– Арқалықта 117 тұрғын үй мен 30-ға тарта әкімшілік ғимарат әне-міне қирағалы тұрған көрінеді. Оларды жөндеп, қайта тұрғын үй ретінде пайдалануға болмай ма?


– Жоғарыда атап өткенімдей, дағдарыс кезінде жұмыссыз қалған жұрт бетондарды бұзып әкетіп, темір-терсектерін тапсырып, күн көрді. Бүгінгі таңда барлық ғимараттар апаттық жағдайда тұр, қалпына келтіруге жарамайды. Сондықтан егер үй соғу керек болып жатса, оларды бұзып, орнына жаңадан ғана үй тұрғызуға болады. Алайда бүгінгі таңда көптеп үй салуға аса мұқтаждық жоқ. Қиранды ғимараттардан арылатын болсақ, босаған жерлерді жекеменшік үй салуға береміз. Таяу уақытта қаланың генпланын әзірлеп шығарамыз. Онда сол аумақтарда жекеменшік үйлер тұрғызу жоспарланған. Және тек жер ғана бөліп қоймай, бұрынғы инфрақұрылымдық жүйелерді қалпына келтіріп, тұрмысқа қажетті жағдай туғызу жоспарда бар. 


– Қостанай өңірі астықты алқап. Мал шаруашылығына да қолайлы мекен. Торғай туралы онша сөз болмайды. Сіздерде шағын және орта кәсіпкерлікке барлық жағдай жасалған ба?


– Арқалықта мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар жобалар жұмыс істеуде. Бір айта кетерлігі, моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында осы өңірдің кәсіпкерлеріне несие алуға жеңілдіктер қарастырылған. Егер кәсіпкер моноқалаларда бизнес ашамын деп, 14 пайызбен несие алатын болса, Үкімет оның 7 пайызын өзі өтейді. Ал Арқалық моноқалалардың ішінде әлеуеті төмен қалалар қатарына жатқызылғандықтан, Үкіметтің жеңілдігі 10 пайызды құрап отыр. Сонда Арқалықта бизнес ашамын деген кәсіпкер 14 пайыздық мөлшермен несие алатын болса, оның 4 пайызын ғана өзі өтейді. Қалғанын Үкімет өзіне жүктеп отыр. Бұл қай кәсіпкерге де үлкен көмек болары сөзсіз. Сондықтан Арқалықта бизнес ашу – өте тиімді. Мұнымен қоса, инновациялық жобаларды қолдау үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар бөлінеді. Мал басын көбейтуге де республика бойынша жүріп жатқан «Сыбаға» сияқты тиімді несиелер көңіл аудартып отыр. 


Нақты жобаларға тоқталатын болсақ, Арқалықтың маңында Матросов деген ауыл бар. Бұрын кеңес үкіметі кезінде құрылған ауылдан халықтың басым бөлігі үйлерін тастап, көшіп кеткен. Сол ауылдан шыққан азаматтар осыдан бірнеше жыл бұрын өз қаражатына мал бордақылау кешенін тұрғызды. «Нұр жайлау НС» ЖШС қолға алған кешенді іске қосу үшін 2,5 млрд. теңге қаражат жұмсалды. АҚШ-тан ангус абердин тұқымды 2000 бас ірі қара мал әкелінді. Осылайша Матросов ауылының күретамырына қан жүгіріп, сол ауыл тумаларының көмегімен еңсесін көтеріп келеді. Сондай-ақ, ірі жобалардың санатында «Агроинтерқұс» ЖШС-ін атап өтуге болады. Жергілікті құс фабрикасында қазірдің өзінде жылына 103 миллион жұмыртқа алынады. 2015 жылға өнім мөлшерін 300 миллион жұмыртқаға дейін жеткізу көзделуде. Темір жол құрылысы аяқталғаннан кейін құс фабрикасының өнімін жер-жерлерге экспорттауға мүмкіндік ашылады. 


– Жұмыссыздықпен қалай күресіп жатырсыздар? Арқалық қаласының тұрғындары «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» бағдарламаларының шапағатын көріп жатыр ма? 


– Арқалықта жұмыссыздық деңгейі әлі төмендемей тұрғанын мойындауымыз керек. Әйтсе де, Торғай боксит кен басқармасын есепке алмағанда, қаланың бірқатар құрылыс нысандарын салып жатқан «Алюминқұрылыс» ЖШС-де 700-800-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның сыртында, бүкіл Торғай өңіріне электр желісін тарататын «Қостанайюжэлектросервис», жылу, сумен қамтамасыз ететін «АЖЭК» мекемелерінің әрқайсысында 300-400 адамдай қызмет етуде. Жалпы, бұрынғы облыс орталығы кезінде салынған мәдениет, білім, денсаулық сақтау нысандарында біршама адам нәпақасын тауып отыр. Жергілікті Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, төрт колледж, кәсіптік лицей бар. Облыстық жасөспірімдер театры, облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайы жұмыс істейді. Бірқатар денсаулық сақтау нысандары барлық өңірге, Ақмола облысының Жарқайың ауданы сияқты көршілес елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетеді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша негізгі жобалар ендігі жылы жүргізіле бастайды. Жалпы, Арқалықта шағын және орта бизнестің дамуы әлі бәсеңдеу. Жақында «Даму» қорының қолдауымен кәсіпкерлікті дамыту орталығын аштық. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға өз септігін тигізеді деген ойдамыз. 


– Арқалық-Шұбаркөл темір жол құрылысының тамырына қан жүгіргенін білеміз. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарта ала ма?


– Темір жол құрылысы биыл кеш басталды. Арқалықтан 16 шақырым жол ғана салынды. Дегенмен де, биылдың өзінде темір жол құрылысында 200-ге жуық жергілікті адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Келер жылы 500 жұмыс орны ашылмақшы. Әрине, бұл ірі жоба елдің дамуына өз септігін тигізетіні күмәнсіз. Мысалға, бұрын халық үдере көшіп жатқан шалғайдағы Жалғызтал ауылы бүгінгі таңда жаңа темір жол бойында орналасқандықтан станция болып, тіршілігі қайта жанданып келеді. Онда 500 адамдық құрылысшыларға арналған вахталық қалашық салынды.
Темір жолмен қоса қалада 23 қосымша темір жол объектісі салынады. Вагондық деполар, жол дистанциялары, пойыздарға техникалық қызмет көрсететін нысандар тұрғызылады. Қазір темір жол құрылысшыларына 45 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Жалпы, темір жол тек жұмыс орындарын ашумен ғана пайдалы емес. Бұл жоба халыққа Арқалықтың келешегі кемел, болашағы баянды боларына зор үміт сыйлап отыр. Бұл үміт негізсіз емес те. Болашақта осы жолдың арқасында Арқалық өңірі дами түседі, транспорттық коридор ашылады. 

- Ауыз су мәселесі қалай шешілуде?


– Халықтың ауылды аймақтардан әкімшілік орталықтарға қоныс аударуының бірқатар себептерінің бірі – ауыз су мәселесі. Арқалықпен іргелес жатқан ауылдардың басым көпшілігінде бұл мәселе өз шешімін тапқан. Демек, әлі де бір-екі ауылда бұл мәселе өз кезегін күтіп тұр. Биылдың өзінде 1 миллиард теңгеге жуық қаражат үш ауылға, қаланың өзіне сапалы ауыз су тартуға жұмсалды. Ауылдарға тек су жеткізіп қана қоймай, әр үйге құбырлар тартылып, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі жасалынуда. Биыл Жалғызтал мен Целинный ауылдарына ауыз су тартылды. Келер жылы Матросов ауылында бұл шаруа қолға алынбақ. Мемлекеттен көмек күтпестен, бұрынғы су құбырларын тазалап, жарамдысын іске қосуға күш жұмсап отырмыз. Мысалы, Жаңақала ауылында бұрынғы кеңес уақытында жұмыс істеген ұңғыманы (скважина) қайта қалпына келтіру үшін қалалық бюджеттен қаражат қарастырдық. Жаңақала ауылы шалғай түкпірде жатқан елді мекендердің бірі. Сондай-ақ, Қайыңды ауылында да бұрынғы сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жөндеу жоспарда бар. 



ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙ БІЛУ



– Бұған дейін қоғамдық мәселелерге өзіндік пікір айтатын азамат ретінде көріндіңіз. Қазақ тілінің жайына да алаңдап «Мемлекеттік қазақ тілін дамыту» президенттік қорын басқардыңыз. Қалай ойлайсыз, таразының қай жағы ауыр? Саясаткер болу ма, әлде үлкен қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру ме? 


– Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласында, енді, міне, Арқалық қаласында әкім болып жұмыс істеп жүрген соң, әкімдік қызметтің жауапкершілігі әлдеқайда жоғары екенін алға тартқым келеді. Саясаткер деген кім? Бүгінгі күні саясаткерге зор жауапкершілік артылады деп айта алмаймыз, себебі оның алдында нақты кезек күттірмейтін, тез арада шешуді талап ететін міндеттер қойылмайды. Бұл жұмысты өзім де кезінде саясат саласында жүргендіктен жақсы білемін әрі салыстыруға мүмкіндігім бар. Одан бір жағынан шаршағасын, бір жағынан ауылға баруға мүмкіншілік болғасын, әкімдік қызметке ауыстым. Ал әкімнің жауапкершілігі зор деп тегін айтып отырған жоқпын. Бірдеңе дұрыс болмай жатса, әкімді кінәлайды. Біреу көшеде кетіп бара жатып, аяғы тайып құлап жатса да әкімді келіп төпелейді. Ал жолды неге жөндемейді деп ұрсатындар қаншама. Демек әкімдердің жауапкершілігі әлдеқайда жоғары, оған қойылатын талап та басқа. 


Әкімдік жұмыстың ең қиыны – күнұзақ жиналыстар өткізіп, құрылыс нысандарын, көшелерді, шалғай түкпірдегі ауылдарды аралау емес. Ең қиыны – халықтың үмітін, сенімін ақтай білу. Себебі, бәріне де әкім жауап береді. Әрине, саясаткер болмау керек деп отырған жоқпын. Саясаткер болу керек. Алайда қоғамға пайдасы тиетіндей жұмыспен айналысқан, өзіндік пікірі, көзқарасы бар адамдарды ғана саясаткер деуге болады. 


– Ұлытауда біраз ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болғаныңыз рас. Бұл игі шараны қазір де қолға алып жатырсыз ба? Өзіңіз білесіз, бізде қазақтың батырларына, Алаш арыстарына арналған ескерткіштер әлі де аз. 


– Кезінде ұлт мүддесі үшін күрескен, қазір өзінің әділетті бағасын ала алмай жатқан тарихи тұлғалар аз емес. Олардың есімін жаңғырту, әділетті саяси бағасын беру – біздің парыз. Ескерткіш тұрғызып, ұлықтауға лайықты тұлғалар Қазақстанда өте көп. Кеше ғана Қызылорда облысында Кенесары хан заманында ерлік көрсеткен Бұхарбай батырдың құрметіне үлкен той болып өтті. Ауқымды шара өте жақсы деңгейде өтіп, халықтың ризашылығын тудырды. Қарағанды облысында да кезінде Ағыбай батырдың құрметіне ескерткіш қойылып, даңқты батырдың әруағына құрмет-қошемет көрсетілді. Бірақ, былай қарап отырсаң, дәл осындай айтып, насихаттауға, құрметтеуге лайықты, Кенесары ханмен бірге азаттық үшін күрескен батырлар біраз облыста бар. Олардың құрметіне той жасап, ескерткіштер орнату тек облыс әкіміне, не болмаса басқа да қызметтегі адамдарға байланысты болмау керек. Бір жүйе керек, мәселен Кенесары ханның тойы бар өңірде бірдей атап өтілуі керек. Арнайы Үкіметтің қаулысымен бекітіп, толық қолдау қажет.


Арқалық өңірін алатын болсақ, мұнда әйгілі 4 батырдың есімі жеке-дара аталуы тиіс. Кенесары ханның оң қолы Ағыбай батыр болса, сол қолы Амангелді Имановтың атасы Иман батыр болған. Өкінішке қарай, хас батырдың есімі ұмыт болып барады. Сол сияқты Жеке батыр аталып кеткен руы – Қырғыз Толыбай батыр, батырлардың ең жасы болған, жырларда ерлігі жазылған Жәуке батыр, Кенесары ханның өмірін бірнеше рет аман алып қалған Жанайдар батыр сияқты ірі тұлғалар әлі де өз деңгейінде ұлықталып жатқан жоқ. Оған қоса, қазақ хандарына – Қасым хан, Хақназар, Есім, Тәуекел хандарына да лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Ру басшыларына, аталарымызға ескерткіштер қойылып жатыр, ол да дұрыс әрине, алайда қазақ мемлекетінің іргесін біріктірген тұлғаларға арналған ескерткіш саусақпен санарлық. 


– Жалпы билікке келетін маман халықтың мұң-мұқтажын білу үшін алдымен аймақтарда қызмет атқарып, ауылдың, ел-жұрттың мәселесін көзімен көріп келуі керек деген пікір бар. Сіз не айтар едіңіз? 


– Бұл өте өзекті мәселе, себебі әр маман ел-жерді көріп, бір ғана саламен шектеліп қалмай, өзге де мәселелермен танысып, оларды шешу жолдарын тауып, мол тәжірибе жинақтайды. Кеңес одағын қазір жамандаймыз, алайда сол кезде жүйелі түрде жұмыс істеген кадрларды алмастыру жүйесінің тиімділігі ұшан-теңіз еді. Өкінішке қарай, министрліктерде ауылдың, аймақтардың тағдырын ауылдың жағдайын біле қоймайтын азаматтар шешіп жатады. 


– Сіз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты нақты жобалар жасап, біраз іске ұйытқы болдыңыз. Енді әкімдік қызметке кеткеннен кейін ол жобаларға ұлтжанды азамат ретінде де араласа алмайсыз ба? 


– Тіл саясатымен республикалық деңгейде айналысқандықтан, сол күндері жинақтаған азды-көпті тәжірибемізді жергілікті жерде шамамыз келгенше қолдануға тырысамыз. Тілге деген жанашырлық, оның тағдырына деген алаңдаушылық өзін қазақпын деп санайтын әр Алаш баласын толғандыратыны хақ. Сондықтан тіл мәртебесін көтеруге үлес қосу қызметке байланысты емес. Әкімдік қызметке ауыссам да, тілді дамытуға қатысты жобаларға, әрине, араласа аламын. Мүмкіндігінше араласып та жүрмін. 


– Арқалықта қазақтілді мектеп пен балабақша мәселесі шешімін тапқан ба? Жергілікті халықтың мемлекеттік тілге деген бетбұрысы қалай?


– Тіл мәселесіне қатысты елімізде аз айтылып жатқан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мен де өз пікірімді айтып жүрмін. Ал жергілікті жердегі тіл ахуалына тоқталсақ, Арқалық жалпы қазақи жер. Орыс мектептерінде еңбек, ән, бастауыш әскери дайындық сияқты пәндерді мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алып отырмыз. Аймақта жалпы 30-ға тарта мектеп бар. Оның басым көпшілігі – қазақтілді мектептер. Қазақтілді балабақшалар да басым. Бұл өңірде тек балабақшадағы орын тапшылығы ғана күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Қазір қалада 4 балабақша жұмыс істейді. Оның бірі биыл салынды. 


– Көше атауларын қазақшалау жайы қаншалықты деңгейде?


– Арқалық қаласында әлі күнге дейін бұрынғы Кеңес Одағынан қалған ауыл, көше атаулары бар. Фурманово, Целинный, Матросов, Молодежное, Восточное деген сияқты елді мекендердің атауы жергілікті жерге еш қатысы жоқ анахронизмдер. Көше атаулары тіпті бұрынғы Кеңес Одағынан келе жатыр. Октябрьская, Комсомольская, Пролетарская деген атаулар көп. Сондықтан елді мекендер мен көше атауларын өзгерту үшін жергілікті ақсақалдармен, зиялы қауыммен кездесіп, шамамен 130 ауыл мен көше атауларын өзгертуге бел байладық.
Қала шетіндегі Родина ауылын қаланың алғашқы тарихи атауы бойынша Қызылқозы деп қойсақ, Фурманово ауылына Торғайдың хас батыры Кейкі батырдың есімін берсек, Восточный ауылына мемлекет қайраткері Д.Қонаев есімін, Жаңақала ауылына қасында бейіті жатқан 1916 ж. көтерілістің көсемі Әбдіғаппардың есімін берсек, сол сияқты басқа да тарихи есімдерді жаңғыртсақ деген мақсат бар. Осындай ұлы тұлғалардың ерлік істерін, тағылымды өмірін, өнегелі істерін ұрпақ жадында жаңғырту үшін біз бұл шаруаны қолға алуға қорықпауымыз керек. Сонда ғана тарихта елеулі із қалдырған бабаларымыздың әділетті бағасын береміз әрі олардың алдындағы перзенттік парызымызды өтейміз. 


– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Комментарии  

 
#1 жатыпатар 25.01.2013 14:52
Әкім мырза! Сіздің ауыл атауларын өзгерту туралы пікіріңізді атаққұмар торғайлықтар төрт қолымен құптайтынын, соңы үлкен айтыс-тартысқа ұласатынын алдын ала көріп отырмын, Әсіресе, Әбдіғапар мен Кейкінің төңірегінде. Мылтықсыз майдан басталып кеткен де болар...
Екінші мәселе -ескерткіштер туралы. Анау тайға мініп, қой қайырып жүрген шалға ұқсайтын Жәнібек тарханның ескерткішін қайта салуға, № 4 мектептің сыртындағы мешіттің хас беті сияқтанған жапсырманы алып тастауға, қалалық саябақтағы ҰОС құрбандарына орнатылған пародияны (кеңес заманында керемет көрікті обелиск болған) қайтадан қалпына келтіруге болмайды ма?
Цитировать
 
 
#2 Жатыпкуар 02.02.2013 23:59
Цитирую жатыпатар:
Әкім мырза! Сіздің ауыл атауларын өзгерту туралы пікіріңізді атаққұмар торғайлықтар төрт қолымен құптайтынын, соңы үлкен айтыс-тартысқа ұласатынын алдын ала көріп отырмын, Әсіресе, Әбдіғапар мен Кейкінің төңірегінде. Мылтықсыз майдан басталып кеткен де болар...
Екінші мәселе -ескерткіштер туралы. Анау тайға мініп, қой қайырып жүрген шалға ұқсайтын Жәнібек тарханның ескерткішін қайта салуға, № 4 мектептің сыртындағы мешіттің хас беті сияқтанған жапсырманы алып тастауға, қалалық саябақтағы ҰОС құрбандарына орнатылған пародияны (кеңес заманында керемет көрікті обелиск болған) қайтадан қалпына келтіруге болмайды ма?


Кайдагы кой баккан, Ш. Жанібектің ескерткіші сәулетті, әдемі ескерткіш. Осындай акыл айткыштарга жыным кайнайды, калганы бар ескерткішті бұзу ед сол.
Цитировать
 

ПОПУЛЯРНЫЕ СТАТЬИ

Предыдущая Следующая

Мұңға толы жыр дәптері

29.05 10:05 Просмотров: 1985

Выдающийся поэт Тургайской степи

14.08 08:08 Просмотров: 1195

Декабрь 86-го: как это было…

10.01 06:01 Просмотров: 790

Артында аңыз болар іс қалдырған

08.12 12:12 Просмотров: 784

Жазылған жайдың жаңғырығы

14.02 12:02 Просмотров: 625

ПОСЛЕДНИЕ ИНТЕРВЬЮ

Предыдущая Следующая
Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

Благоустройство города. Планы на завтра. В гостях arknews.kz глава отдела ЖКХ акимата города Кайрат ГАЛИН

22-05-2013 Просмотров: 624

В прошлом году была проведена оживленная работа по благоустройству города. Сделано было немало. Появились десткие площадки во дворах, было установлено освещение...

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

«Ел ертеңі - жастар» - дейді Дархан Жоламанұлы

22-05-2013 Просмотров: 1617

«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, елдің ертеңі егеменді елдің болашағы үшін қызмет етер жастарымызбен тығыз байланысты. Мемлекет керегесінің кеңдігі,...

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

09-04-2013 Просмотров: 2081

Ұстаздар  қауымының  барлық  адамзат  баласына  білім  беріп, ұлтты  ұйыстырудағы, Ыбырай  салған  ізді  жалғастырудағы өнегесі  әрқашанда  шәкірттеріне  ұлағат. Сол  Ыбырай  атамыздың  армандаған ...

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

Серик БАЙТУРОВ, представитель фонда "Даму" по г. Аркалыку: Льготные кредиты выдаются в сумме до 750 млн тенге

09-04-2013 Просмотров: 726

Начиная с нынешнего года вступает в активную фазу реализация Программы развития моногородов. Как известно, государственная Программа была инициирована Главой государства и...

Комментарии рубрики СТАТЬИ


© 2014 Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка. Все права защищены.

При использовании материалов сайта активная сссылка на сайт arknews.kz обязательна!

Created by keraline.kz

Войти или Регистрация