Қала тазалауға 2 техника қалай жетеді? Неге 27 қала жиналып бір театрдың құнына татымайды? Боксит бітсе, халық бүлік шығара ма? Арқалықты кезінде сақтап қалуға қанша ақша керек еді? Берік әкім жеті айда қандай жүмысты жасай алмады?
Мұрат Телібеков деген тақиялы мырза поштама материал салыпты. «Статья для публикации». Материалдың ішінде мына жолдарына назар аудармасқа болмады: «...Я был шокирован видом агонизирующего города. Пустые глазницы обезлюдевших домов, безжизненные улицы. 20 лет назад это был цветущий город, промышленный центр».
Арқалық десе осы сарында ғана қобыз күңірентуге құлағымыз үйреніп қалғаны рас. Бірақ, бүгін Телібековтың «жапқан жаласына» ер-тұрманымызды қолға алып, тоңқи жөнелудің сәті түсіп тұр. Қалай десеңіз, Арқалықты мына пақырыңыз аралап қайтты. Желтоқсанның аяғында Еренғайып Қуатайұлының жетекшілігіндегі «Алаш жолы» қоғамдық қоры баспасөз турын ұйымдастырған еді. Танымал медиа өкілдерінің арасына қыстырылысып біз де барып келген едік.
"Жалпыодақтық қамқорлықпен" салынып қалған обком ғимараты қалалық әкімшілікке айналды. Ұят болғанда, мына ескерткіште кім тұрғанына тегі біріміз қызықпаппыз...Енді атын білмей ұялып отырған түрім бар
Аяз сынған. Таңғы алакеуімде Арқалықтың вокзалынан, вокзал болғанда купенің ішіне кіріп тұрып, әкімнің кеңесшісі Ләйла мен әкімнің орынбасары Исламбек қарсы алды. Тура осы сәттен бастап қайтар уаққа дейінгі қонақжайлық климат ысымаса, бір суыған жоқ. Әкіміміз – Берік Әбдіғалиұлы. Көзіқарақты оқырманның саясаттанушы Берік, саясаткер Берік, адам Берік жайлы пікірі әрқилы шығар.
Өз басыма ұнайтыны - әкім Берік. Неге дейсіз ғой, барған жерінің руханияты мен экономикасын да қатар ұстаған бірегей басшының біріне айнала біледі. Әкім болудың әрбір ұңғыл-шұңғылына дейін барып жүргені ұнайды. Сөзді көбейтіп қайтеміз, Арқалыққа барған сапарымыздың ең басты олжасы, Беріктен екі сағат мыжғылап тұрып сұхбат алуымыз болды.
Қайдағы сұхбат, ол кісі бәрін сұрамай жатып, өзі айтып берді. Сонымен, осы сөздерден бастап Беріктің алға тартар уәжі, түйген пайымы, арманы, өкініші, ашынысы басталады. Я болмаса, алдарыңызда әкім Берік әкім қырынан ашылады. Өзімнің сөзім дегенге келсек, өз сөзім сұхбатты пернетақтада жалықпай теру ғана болды, шыны керек...
Бұзығына дейін патриот...
Әлі есімде, 1989 жылы Жамбыл -Арқалық бағытындағы ЯК-42 ұшағымен Арқалық әуежайына қонғанымыз. Бар-жоғы төрттемін. Сол әуежайдың жайын сұрап едік, «сүйегі бүтін, сақтап отырмыз» деді Берік әкім. Әуежайы істемейді демесең, инфрақұрылым тұрғысынан Арқалығың басқа қалалардан артық болмаса, кем емес. Себебі, төрт колледжі, бір лицейі, институты, театры, балалар орталығы бар қала облыстық деңгейдегі қалалар арасында өте сирек.
Арқалықта басты деген екі көше болса, екеуі де қатарынан төрт көлік жүретіндей өте кең салынған. Елордамызда көрмеген кеңдікті Арқалықтан көреміз деп кім ойлаған?! Әрі осындай алып көшелері бар Арқалықты бар жоғы 2 техника тазалап шығатынын естігенде, таң қалысымыздың шекарасы тіптен кеңіп кетті. Бұған мүмкін емес десеңіз, Берік әкім Арқалықтың қар күреушілерінен семинар-тренинг алуға шақырады.
Берік әкім. Алдындағы мына көк тас - нефрит. Қытайлардың ұлттық нышаны ма, бірдеңесі әйтеуір, қатты құрметтейді. Ал Арқалықтың маңайында бұл тастарың шашылып жатыр дейді. Енді мұны қытайлар естіп қоймасын дейік)))
Баяғы 70 мың адамнан қалада 27 мыңы қалған. Әйтеуір, қазір Арқалық кеміп емес, қасындағы 16 ауылдың есебінен саны артып келе жатыр екен. Біз куә болған бір-екі жиындағы жиі айтылған тілектердің лейтмотиві де көбіне «Арқалықта тек ең қажырлы, ең төзімді деген халқы қалды» болып келді.
Бұнысы рас, әрі осы тұста Берік Әбдіғалиұлы байқаған мына бір детальға көңіл қоймасқа болмады. Арқалық жұрты қиыншылықтың небір ассортиментінен татқан соң, үйіне қымбат мүлік тасуға асықпайды, ішіп-тауыса алатын асын ғана алады. Бұл сынақты жылдарда сыналған, сабырлы ұстам мен ұқшатумен келген психологиялық «закалка». Содан да, қала тұрғындары сыртқа аз қоқыс шығарады. Әлгі 2 техниканың бәріне үлгеру феноменінің бір сыры осында жатыр...
Берік Әбдіғалиұлының тағы бір мақтанышы болса, бұл қала КСК дегенді затымен білмейді деді. Орнын қаланың ортақ мекемесі басқан көрінеді. Әкімнің риясыз қуанышының бірі – «бұл қаланың бұзықтарына дейін патриот екен» деген лебіз еді. «Бұны қалай тексердіңіз» десек, Арқалыққа көше шамдарын қойып, талдарға гирляндаларды ілгелі жатқанда, жолдастары әбден қорқытыпты. «Мына жылтырағың бір түннен қалмайды», «Мына гирляндыңды талымен бірге жұлып алады», «Орындығыңды опырып, отын қылып кетеді» деген «жанашыр» ескертпелер жауындай жауыпты. Бірақ бұның бірі де болмапты. Жоқ, тал бар ғой, бірақ гирлянд та орнында. «Соған қарағанда, бұл қаланың бұзығына дейін патриот-ау» деп Берік әкім миығынан әдемі күліп отыр...
Шұбаркөлдің көмірі мазутқа тең емес...
Білесіз,2015 жылы аяқталуы тиіс ұзындығы 214 шақырымдық Арқалық-Шұбаркөл темір жолы төселіп жатыр. Моноқалаларды дамыту құжатынан гөрі жергілікті ағайынды теміржол ашылады деген хабар қатты қуантыпты. Жұрт серпіліп қалып, қаланың болашағына деген сенімі артыпты. Енді ше, Арқалық тұйықтан шығады, 200 адамға жұмыс орны табылады дегеннен басқа да жанама әсерлері қаншама болады десеңші...
Түрімізге қарамай, жергілікті баспасөз құралдарына мастер-класс өткізгендей болдық. "Былай да былай жазыңдар" деуден ары аспадық-ау шамасы...
Ал осының шикілігі неде десеңіз, Шұбаркөлдің көмірін жаға қоятындай Арқалықта қазандық жоқ. Бары бағасы удай мазутты ғана қабылдайды. Мазуттың ақшасын Үкімет конвертке салып қиналып беріп отырғаны тағы бар. Ақыры көмір келеді екен, енді қалада көмір жағатын қазандық салынуы керек емес пе? Әкім қай жағынан да тиімді жобаны қазір Үкімет көзілдіріктің астынан қарап жатыр деген хабарын жеткізді. Ал Берік әкімнің ырқына салса, «одан да Арқалық пен Жезқазғанның арасын қоспай ма» деп «қыңырайып» отыр.
Депрессивтіліктің дауасы
Шенеунік лексиконында Арқалық тектес алқа-салқасы шыққан қалаларды бір сөзбен депрессивті деп таниды. Берік әкім болса, «қаланы депрессивті деуге негіз боларлық себебінің соншалықты салмағы жоқ» деп таласып бағады. Сонымен, сырт көз үшін депрессивтіліктің нышаны, ол - ұсқыны қашып тұрған үрейлі үйлер.
Төрт қабырғасынан басқа түгі жоқ 117 үй мен 30 ғимарат Арқалықтың күйін арытып, бағасын арзандатып тұрғаны рас. Сондықтан, бұл үйлерді тездетіп бұзып, орнын тегістеп, коттедждер салу жоспары дайын тұр екен. Ендігі жерде билік пен бизнестен ақша алудың ебін табу ғана қалды...
Арқалықтың атын әлемге "мәшһүр" еткен депрессивті үйдің бірі осы. Жіті қарасаңыздар, үйдің шатырына ағаш өсіп кеткен. Солай айтты, әлде бізге солай көрініп тұр. Ал табыңдар, бұл жұмбақ болсын!
Арқалықты депрессивті дегізген тағы бір себеп – жолдың жоқтығы. Не ауыл-ауданмен, не Астанамен, не Жезқазғанмен арадағы жол халықаралық түгіл, қазақы стандартқа сай емес. Жол болмаған соң ғой, тұйық Арқалық үмітсіз-қайырсыз қалалар сапынан алға шыға алмай келеді.
Айталық, халыққа барынша тиімдісі Ұлытау арқылы Жезқазғанға қосылатын тас жол болар еді. Жолдың нобайы күрделі жөндеуден өткізуге сұранып-ақ тұр. Себебі, халық теміржолмен көп жүре бермейді. Арқалық пен Жезқазғанның арасы қосылып, одан әрі Қызылорда мен Жезқазғанды байланыстырса, бірталай мәселенің бетін бері қайтаруға болмас па еді... Сонда оңтүстік аймақтың бірқатар көлік ағыны осы бағытпен жүріп, қазіргі трассалар сәл болсын жеңілдер еді.
Әйтпесе, Астана-Алматы трассасымен бүкіл көлік жүретіндіктен, күнде қаншама жол апаттары орын алып жатады. Егер мына бағыт пайда болса, Шымкент, Қызылорданың көліктерінен Алматы-Астана трассасы біраз тыныстап қалар еді. Апат азайып, қаншама шақырым жол үнемделіп қалады.
Айтпақшы, журналистерге семинар берген жиында Рүстем Ережеповпен таныстым. Қазақ болса да, қарақалпақ боп жазылып кеткен, туған әке-шешесін, елін 21 жылдан соң тапса да тұрағы болмай жүрген жігіт. Толығырақ мына жерден оқыңыздар
Мысалы, Жезқазған Шымкенттің картоп-қарбызын Қарағанды арқылы тасымалдайды. 400 шақырымда Қызылорда, ар жағында Шымқала тиіп тұр. Жо-жоқ, ол картоп Жамбыл, Шу асып Қарағандыға, содан барып Жезқазғанға жетуі тиіс екен. Бұдан баға өспегенде, мен өсем бе? Арқалықтың өзі азық-түлігін, мүкәммалын не Қостанайдан, не Астанадан тасиды. Сондықтан, бұл жоба Орталық Қазақстанды, бір жағынан Қызылорда, Шымкентті дамытуға бағытталған серпінді жобадан болар еді.
Тағы бір мысалдан, Арқалықта шығатын құрылыс материалдары Жезқазғанда жоқ. Оны Қарағандыдан тасиды. Арқалық пен Жезқазғанның арасы, әйтпесе 300-ақ шақырым. Тағы да жол болса, Жезқазған мен Арқалық бір-біріне септесіп дамыр еді-ау. Астанаға қарай да 400 шақырымдық дала жолы бар, оны Қорғалжын трассасына қосып жіберетін жоба қазір жоғарыда қаралып жатқанға ұқсайды.
Айтпағымыз, аймақтағы пайдалы қазбаны игеруді де, инвесторлардың келуін де тежеп тұрған нәрсе жол болып шықты. Бірақ, барлық қаражатымыз Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасына кетіп жатыр емес пе? Бұл да керек шығар... бірақ осы ақшаға ауыл-аймақтың қыруар жолын салып тастауға болар еді. Берік ағама да жол азабы әбден өткен-ау, ангус тұқымындағы сиырдың мәрмер еті жайлы айтып тұрып та, осыны қалай жолмен байланыстырар екен деп күтіп отырдық...
27 қалаң бір театрға тең емес...
Қала бір жылда бір миллиард теңгеге дейін бюджет жинайды, қалған 3 миллиардынан республика көмектеседі. Арқалық өз бюджетінің 30, я 40, тіпті 50 пайызына дейін жинауы мүмкін, қалғанын өкімет ұштастырып жіберетіні түсінікті шығар. Осы тұста Берік әкімнің ашынатындай жөні бар екен. Бізде салық жинау жүйесі тым орталықтандырылған. Аймақтардың қалтасын түгел қағып алады да, Астанада профицит болып отырғаны.
Қызыл ақшадан көздері қызарады да, айналасына, яки Астанаға келсін-келмесін ғимарат тұрғыза береді. Мысалы, жаңадан ашылған Ұлттық опера және балет театрының құрылысына 56 миллиард теңге жұмсалыпты. 56 миллиард дегенің 27 моноқаланы дамытуға 2012 жылы бөлінген 22 миллиардыңнан 2 – 2,5 есе көп. Әкімдер осы қолдаудың өзіне жүректері жарылардай қуанып жатса, біз 56 миллиардқа бір театр соға салдық (іш ашымайды).
Сөйлеп тұрған - Айбек Қалиев. Осы материалдың жарыққа шығуын асыға күткен ағамның бірі) "Қазақ радиосының" журналисі Ләззат Қапышеваның жаңа кітабын таныстыру кешінде
Менің төлеу сөзімнен жалығып, Беріктің төл сөзі керек десеңіз, міне: «Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы театрға жұрт жарытып бармайды екен (бұған да келіп қарық қылмас). Сұрастырғам. Ал театр әдемі. Бірақ қақ маңдайшасына гректің бір символикалары қойылыпты, иә? Соққан соң түріктер басқа жобасын ұсыну керек еді.... әй жарайды, республика аймақтарға аз ақша бөледі. Бұл енді факті».
Азырқанып отырғаны, моноқалаларды дамыту бағдарламасынан Арқалыққа қаржыны өте аз үлестіріпті. Себебі, Астананың әдемі кабинеттеріндегі әдемі қыз-жігіттер қалаға бөлінер ақшаны тұрғын санына шақтап бөлген. 3 жылға жетеді деп 1,5 миллиард теңгені қарастырған. Әр жылына 500 миллионнан.
Бұны өте аз деуге тағы бір себебіміз, басқа моноқалалардың кейбіріне жылына миллиардтың өзін аямай беріп жатыр. Ал Арқалықтың инфрақұрылымының әбден тозып-шіріп тұрғанын есепке алмаған. Әйтеуір, Берік әкім өкімет кабинеттерінің есігін тықылдатып, телефонын шырылдатып жатып, адамның саны емес, инфрақұрылымның тозғанына қарап ақша бөлудің уәжін дәлелдепті.
Ақыры айттық қой, моноқалаларды дамыту бағдарламасының тағы бір кемшілігін жаза кетейік. Қаланы бір өндіріске тәуелді қылмас үшін не істемек керек? Жаңа саланы, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, иә? Бірақ, өкімет бөлген ақша асыл мұратқа емес, сол мекендегі жылу қазандықтарын жөндеуге, шұрқ тесік жолдарды бітеуге, жарық бағандарын қоюға жұмсалып жатыр. Былтыр Арқалыққа бөлінген 108 миллион теңге де жылу жүйесін жөндеп, қоқыс шығарудан артылмапты. Қайтесіз, бұл да болсын қолдау ғой, іштей қолдаймыз...
Арқалықта тауық неге көп?
Арқалық пен Арқалық ауданы экономикасының негізгі тірегі боксит те, нефрит те емес, ауыл шаруашылығы. 300 мың гектар егіндік жері болса, соның 267 мыңы бидайдың еншісінде. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында білесіздер, Арқалық өңірінде 400 мың тоннаның сыртында астық жиналып, рекорд жаңартқан еді.
Қаратопырақты емес, шөлейт, ылғалды емес, ыстықтау жерде өскесін бе, Арқалықтың бидайында клейковинасы өте жоғары. Содан да, Қима, Атбасар, Жарқайыңның жерінде өскен бидайың нарықта өте жоғары бағаланады. 2011-де рекорд болса, 2012 жылы егін шығымы антирекордты көрсетті – бір гектардан 4 центнер жинапты. Кейбір шаруашылықтар гектарына 1 центнерден де астық жинай алмай қалған...
Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын аралап жүріп, Елбасымыздың мына өлеңіне кезігіп қалдық. Төлен Тілеубай ағамның айтуынша, бұл өлеңі аса көп жарияланбаған. Тегін PR!
Ал Арқалықтың «Агроинтерқұсы» жылына 100 миллион данаға дейін жұмыртқа шығарады. Арқалыққа соның 1 пайызын ғана қалдырып, қалғанын пойызбен Астанаға тасиды. Берік әкім қараптан қарап тағы да арманға беріліп кетті – «Шіркін, Жезқазған-Арқалық және Қызылорда-Жезқазған тас жолдары ашылса, жұмыртқамыз талай үйдің дастарханында құймақ боп тұрар еді-ау».
Армандайтын жөні бар, зауыт өзін модернизациялап, жылына 300 миллион дана жұмыртқа шығарсам деп жоспар құрып отыр. Айтпақшы, Торғайда неге тауық көп десеңіз, маңайда бидайдың дақылы одан да көп. Тіптен тегін деуге келеді, астық көп болған соң, тауық асырау әлдеқайда оңайға түседі екен ғой...
Ауыл шаруашылығындағы үшінші бағыт бойынша мал басын асылдандыру мен мал өсіруге мән беріпті. Басқасын былай қойып, тек «Нұржайлау» шаруашылығында 2000 басқа дейін ангус тұқымды сиырларды өсіріп, Астанаға 50 мың тоннаға дейін ет апарып сатпақшы. Біздің қазақы сиырлар дұрыстап жем-шөбін берсе, күніне 400 грамм ет қосса, ангус тұқымың бұл уақытта 1,5 келіге дейін қосып жібереді. Аузыңа тыға берсең, қампайып өсе береді. Міне, сізге кәсіптің көкесі!
Боксит таусылса, халық көтеріле ме?
Салмағы зілбатпан осы сұрақ көмейіме жиі-жиі келе берді... Себебі, Қызылқозының жел суырған қызыл селеулі даласына адам тұрғызып, абат салдырған осы қызыл минерал емес пе еді? Бірақ, бокситің бітеді екен. Сағат-секөндін білмесе де, бокситтің бітетін уағы 2021 жыл деп белгіленіпті. Бұл шыңдықты бәрі біледі. Әкімі де, қарасы да, баласы да... Солай екен деп қос балағын жеп, қара аспанды төндіріп жүрген тағы ешкімді кезіктірмедік.
Мәселен, Жезқазғанда жұрт «мыс бітеді екен» деп дүрлігіп жатса, түсінуге болады. Өйткені, қаланың қай жағынан да асыраушысы болған «Қазақмыста» 10 мыңдай адам жұмыс істейді. Ал Торғай боксит кен басқармасында бар-жоғы 1 мың-ақ адам. Демек, кен таусылғаннан Арқалықтың несібесі кеміп қалмайды. Аймақтың дамуы аса бір ауыр соққы ала қоймайды.
Тағы да тереңдете түсейік, Теміртау, Рудный, Жезқазған секілді қалалардың күні расымен бір ғана өндіріс ошағына қараған. Кен бітсе, я оған деген баға түссе, қала құрдымға кетті дей беріңіз. Оның орнын баса қалатындай басқа өндіріс орнын ашып беру қиын. Өзі өкіметтің моноқалаларды дамыту бағдарламасының бас мақсаты да осы тақылеттес қалаларды тәуелді қылмау еді. Бір ғана өндіріс ошағына тәуелді қылмау.
Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа жатақханасы. Жатақхананың өте бай жарақталғаны қуантты. Әр бөлмеде телебезерден, астында кір жуатын бөлмесі, асханасы, оқу залдары бар
Ал Арқалық бұйырса 2015 жылы моноқалалар тізімінен түсіп қалады. Теміржолы төселіп, ауыл шаруашылығы аршындап дами берсе, Арқалық мың адамның жұмыссыз қалғанына мыңқ ете қоймайды. Мың жұмысшы дегенің де былай айтыла салған долбар. Әйтпесе, боксит біткен соң тағы 5-6 жыл кен өндірген карьерлерді көмуге, бетін тегістеуге (рекультивация) кетеді. Демек, жұмысшының біразы орнын сақтайды.
Боксит біткенмен, отқа төзімді балшық қалады. Балқыту пештеріне қаланар кірпіштер осы балшықтан иленеді. Кеңес кезінде мұнда осы балшықтан керамика ыдыс күйдірген зауыт та болыпты. Бірақ, сақтай алмаған... Тағы бір өкініштің таяғы болса, ол бұл балшықтан енді кірпіш илеуді де қазекем білмейді екен. Ресей асырады. Демек, балшықты аршып алып, вагонға тиеу үшін де 300-400 адамның қолы қажет.
Сонымен Торғай бокситін тергендер карьер көмуге, балшық тиеуге қалса, енді ең тәжірибелі деген 200-300 жұмысшыны теріп алып, «Қазақстан алюминийі» АҚ басқа өңірдегі кеніштеріне алып кетеді.
Арқалықты адами фактор құртты...
Әкім төпеп сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Бокситсіз болашақты айтып келе жатып, басшысыз өткенді де өкінішпен қозғап қояды. Басшысыз дегені, кезіндегі сұрапыл 97-ның суықтарында Арқалық үшін ет жүрегі езіліп, жанарынан шыт орамал шыланғанша жасы төгілген әкім, әкім демейікші, біреу болғанда қаланың біраз жерін сақтап қалуға болар еді дейді. Әрине, бәрін сақтап қалуға құдыреті кемшін болар еді...
Арқалықта жарық болмады, жылу жетпеді, тұрғындары әбден тарықты, көшті, сатты, кетті... Ақша дегенің шелектеп Астананың басына төгіліп жатқанда, мұнда Арқалық қаусап, өлімші халде жатты. Сол кезде облыстың еті тірі азаматтары ортақтасып, Ақорданың табалдырығына жатып алып болсын, резервтен кішкене ақша бөлдірсе, қаланың 1-2 мөлтек ауданын сақтап қалуға әбден болар еді.
Су жаңа күйде болған 9-шы мөлтек ауданға обал-ақ. Мысалы, қазір бір тұрғын үйді бастан-аяқ көтеруге 300 миллион теңге кетеді. Арқалықтың арып-ашқан тұсында көп дегенде 100 миллион теңге берілгенде (негізі мазут сатып алуға), талай үйді талқандауға жеткізбей ұстауға жетер еді. Ал енді «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен жыл сайын қалада 500-600 миллион теңгеге тұрғын үйлер салу жоспарда тұр. Ішің де, басқа жерің де ашиды... қаншама ақша кеткелі жатыр. Ал соның дауасы кезінде сусардың терісіндей қолдан сырғыған 100 миллион еді-ау...
Қысқасы, Арқалық теперішті тартудай-ақ тартса, оның бірден бір себебі – адами фактор. Облыс және республика басшыларының дер кезінде көңіл бөлмеуі. Қалаға жаны ашымаған. Келмеген. Сұрамаған. «Келсе, мына кабинетте кемі бір ай жұмыс істеп көрсе, бюджеттен ақшаны жұлып алар еді. Ал облыстың мүмкіндігі бар еді... Алайда әкім де, басқа да өз басымен қайғы болып кеткен. Әрине, қазір былай жасаса болар еді деп айту оңай», - дейді Берік әкім. Дегенмен...
(Жалғасы бар)
Комментарии