Бүгінгі нарықтық заманда экономиканың қозғаушы күші кәсіпкерлер екені даусыз. Кәсіпкерлердің ұйытқы болуымен халықтың тұрмыстық деңгейі көтеріліп, жергілікті бюджетке де салық түсімі көбейе түсетіні заңдылық.
Қаламызда шағын және орта бизнес бірқалыпты болғанымен, аса ілгерілеу байқалмайды. Әсіресе, өндіріс орындары, қызмет көрсететін түрлі ұйымдар саны мардымсыз. Бұл саланы жандандыру, дамыту, алға жылжыту – ең бірінші кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамдарға, одан кейін мемлекеттік қолдау тетіктеріне, жергілікті атқарушы биліктің жұмысына тікелей байланысты. Осындай сауалдар кезекті әкім аппаратының жиналысында талқыға салынды. Баяндамамен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дархан ХАМЗИН сөз сөйледі.
Қала әкімі Амантай БАЛҒАРИННІҢ пайымдауынша, қаланың шағын және орта бизнесінің тиімділігін арттыру үшін өндіріс ошақтарын ашу ауадай қажет. Ресми мәліметтерге жүгінсек, қаламыздың бизнес қауымдастығының басым бөлігі, атап айтқанда 40,2 пайызы сауда-саттықпен айналысады екен. 12,7 пайыз ауыл шаруашылық саласына тиесілі болса, 2 пайызын құрылыс саласы, 1,7 пайызын өнеркәсіп саласы қамтиды. Бұл көрсеткіштер, әрине, ойландырады. Себебі, кәсіпкерлік саласының олқы тұстарын анық байқатып тұр. Мысалы, қала басшысының айтуы бойынша, мемлекеттік сатып алу арқылы биылғы жылы 300 миллионға жуық қаражат ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген. Оның көбісі ең қолжетімді тәсілмен, яғни баға ұсыныстары тәсілі арқылы жүргізілуде. Алайда, бұл қыруар қаражаттың көбісі сырт жақтағы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қалтасына кетіп жатқан жайы бар. Себебі, қаладан қатысушылар саны аз немесе олар тіпті қатыспайды да. Жуырда ғана облыс бюджетінен ауылдағы мәдениет, білім беру мекемелерінің ғимараттарын ағымдағы жөндеуден өткізу мақсатында 93 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда осы қаражатқа жасалынатын тендерлер жариялаулы тұр. Оған қатысуға өтінім беріп жатқандардың арасында арқалықтық кәсіпкерлер жоқтың қасы.
Егер аталмыш жұмыстарды талдап-тарқатар болсақ, ғимараттардың төбесін жөндеу, ақтап-сырлау, балалардың ойын алаңдарын орнату, қысқасы ағымдағы шағын жөндеу жұмыстары ғана. Яғни, жұмыстың еш қиындығы жоқ. Дегенмен де, осы жұмыстарды қолға аламыз дейтін жергілікті азаматтардың белсенділігі байқалмайды. Қала әкімі осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін қадап айтты.
Баяндамашының мәлі-
меттеріне тоқталатын болсақ, қаламызда ШОБ субъектілері 2706 бірлікті құрайды. Олардың ішінде 2177 бірлігі жеке кәсіпкерлер, 346 бірлігі шаруа қожалықтары, ал 183-і заңды тұлғалар. Субъектілер санының өсімі өткен жылға қарағанда 103,2 пайызды құрап отыр.
Соңғы үш жыл ішінде қаламызда 40-тан астам жаңа объектілер іске қосылды. Оның ішінде сауда орындары, кафе, автожуғыш, шаштараз, сауда үйлері және т.б. бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 151 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Өнім шығаратын кәсіпкерлерді айтар болсақ, биылғы жылы мемлекеттік гранттардың көмегімен ЖК Танашева тұшпара (пельмени) цехын (грант мөлшері 2,4 миллион теңге), ЖК Мұқанова кондитерлік цех (грант мөлшері 2 миллион теңге), ЖК Тоқсеитов шұшық (колбаса) цехын (грант мөлшері 2 миллион теңге) ашты. Сондай-ақ, өндіріс саласына жатпаса да, жоба ерекшелігінің арқасында мемлекеттік грантқа қол жеткізген ЖК Өміржанұлы Асылхан проекциялық жүйесі бар мобильдік планетарий атты жобаны жүзеге асыруда (грант мөлшері 1,9 миллион теңге).
А. БАЛҒАРИН бұл саланың аса маңыздылығын айта келе, жұмысты жандандыруға тапсырма берді. Қала басшысының айтуы бойынша, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін алпауыт зауыттар мен компаниялар ашудың қажеті жоқ. Қолдан келгенде шағын кәсіпорындарды көптеп ашу керек, сонда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де шешілетіні, салық түсімі де көбейе түсетіні тілге тиек етілді.
Қайрат
ЕСМАҒАНБЕТОВ