Өткен жұмада Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің конференциясы болып өтті. Жиынға Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебек Үкіұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ақан және ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Конференцияда ардагерлер көптен толғандырып жүрген келелі мәселелер турасында сөз сөйледі. Сонымен қатар, жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Шәріпұлының демалысқа шығуына байланысты, төрағалыққа кеңес мүшесі Жәнібек Ғапбасұлы тағайындалды.
Ардагерлер кеңесі – соғыс, тыл, еңбек ардагерлерінің әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратын қоғамдық ұйым. Биыл Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай қалалық ардагерлер кеңесі көптеген игі шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Конференцияда бір жыл бойы атқарылған жұмыс баяндалды және шешімін күтіп тұрған мәселелер айтылды.
Қариялар ұмыт қалғаны үшін наразы
Конференция делегаты, еңбек ардагері Константин Ишутин мінбеден сөз сөйлеп, ардагерлер кеңесінің жұмысына деген өз көзқарасын білдірді. Атқарылып жатқан жұмыстардың ойдағыдай орындалып жатқанын баяндай келе, ақсақал өзінің өкпе-ренішімен де бөлісті. Қарияны Қарттар күніне орай салтанатты жиынға шақырмапты. Тіпті, қоңырау шалып, құттықтағандар да табылмаған екен. Үнемі қоғамдық шаралардан қалыс қалмайтын Константин Ишутин бұл жолы ұмыт қалғаны үшін ренжулі екен.
Өкпе-реніші айта келе, қадірменді ақсақал ардагерлерге, әсіресе, төл мерекелерінде тиісті сый-құрмет көрсетілсе екен деген тілегін жеткізді.
Соғыс ардагерлері энциклопедиясы соңғы рет шықпақ
Осыған орай облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебек Үкіұлы арқалықтықтардың, әсіресе ауыл тұрғындарының белсенділік танытып, соңғы жинаққа ата-әкелерінің есімін енгізуге асығу керектігін айтты. Бұған дейін шыққан энциклопедияларға енбей қалған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары кейін наразылығын білдіріп жататынын көрінеді. Сондықтан, К. Үкіұлы бұл жұмыс тек қалалық, аудандық ардагерлер кеңесіне ғана тиесілі емес, барша қала, ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтетінін алға тартты. «Энциклопедияға мәліметтер жинау жөнінде баспасөз беттері мен теледидар арқылы қалың жұртшылыққа ақпарат таратылуда, сондықтан кейін наразылық білдіру орынсыз», - деді облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы.
Кеңес сарқыншағынан қашан арыламыз?
Арқалық өңірінде Кеңес дәуірінен «мұра» болып қалған көше мен елді мекен атаулары әлі күнге дейін өзгертілмей келе жатқаны баршаға мәлім. Олимпийская, Первомайская, Садовая және тағы сол сияқты атаулар естір құлаққа ерсі екені жасырын емес. Мысалы, Елордамыз Астанада көше мен шағын аудандарға қазақтың көне қалаларының атаулары, тарихи тұлғалардың, атақты батыр, дана, ақын-жазушылардың есімдері берілген. Ал, шалғай елді мекендерде ономастикалық мәселе әлі күнге дейін тұралап тұр.
Бұл түйінді мәселені қала ардагері, Жангелдин ауданының құрметті азаматы Орекен Алмат баспасөз арқылы да, алқалы жиындарда да жиі көтеріп келеді. Бұл жолы да осы олқылықтың орнын толтыру – қазіргі ұрпақтың парызы екенін айта келе, қала басшысына, кеңес мүшелеріне ұсыныс жасады. Көше мен елді мекен, түрлі сауда орындары мен дүкендердің атаулары қазақшаланса, төл тарихымызды насихаттауға мол септігін тигізетінін тілге тиек етті.
Қариялар қай жерде бас қосып жүр?
Кенжебек Үкіұлы ардагерлердің арнайы бас қосатын орталық ашу – Президенттің тікелей тапсырмасы екенін еске салды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ардагерлердің бос уақыттарында газет-журнал оқу, түрлі мәдени іс-шаралар өткізу мақсатында №12 жатақханадан бір бөлме берілген еді. Алайда, ол ардагерлер игілігіне жарамады. Біріншіден, жөндеуі жөнді болмады. Екіншіден, мұнда демалу үшін жиналуды көздеген қариялардың керісінше мазасы қашты. Аталған жатақханада тұрмыстық жағдайы төмен жанұялар тұратыны жасырын емес. Мұндай жерде тыныштық пен мәдениеттің сақталуы екіталай. Сол себептен, тыныштықта тынығуды аңсаған ардагерлер үшін бұл бөлме демалу орталығы болып жарамады.
Қазір ақсақалдар атына заты сай емес «Махаббат саябағында» шоғырлануға мәжбүр. Бірақ, оның өзі жаз айларында ғана уақытша «пана». Күн суытуына байланысты, енді ардагерлердің жиналып, бас қосатын орны жоқ. Қариялар бұл қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып тұрғанын айтты.
Конференция соңында 18 жыл бойы қалалық ардагерлер кеңесінде қажырлы еңбек еткен Кәки ақсақалға жылы лебіздер айтылды. Кәки Шәріпұлы кеңес төрағалығынан кетсе де, өзі біраз жыл бойы басқарған ұйымның құрметті мүшесі болып қала бермек. Ал, ардагерлер мүддесін қорғаушы ұйымның төрағасы болып білім беру ісінің ардагері Жәнібек Ғапбасұлы сайланды. Қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедов пен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебек Үкіұлы Ж. Ғапбасұлына жұмысына сәттілік тілеп, ардагерлердің түйінді мәселелерін шешуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ