Жергілікті мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелілігіне тікелей халықтың тұрмыстық хал-жағдайы байланысты екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік мекеме арқылы қыруар қаражат игеріліп, түрлі шешімдер мен қаулылар қабылданады. Осынау маңызы зор мемлекеттік механизмнің үстінен бақылау жүргізетін, тіпті онда қабылданатын шешімдерге өзгеріс енгізуге ұсыныс жасайтын кеңес беру органы жуырда Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында құрыла бастады. Қоғамдық кеңес деп аталатын бұл орган қаламызда да құрылып, бірнеше отырысын өткізіп үлгерді.
Өткен аптаның соңында әкімдікте азаматтық қоғам өкілдерінен құрылған аталмыш органның, яғни қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде қала әкімі Ғазиз Бекмұхамедовтың 2015 жылға Арқалық қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халық алдындағы есебі тыңдалып, талқыға салынды.
Атап айтсақ, қоғамдық кеңеске азаматтық қоғамның кез-келген өкілі мүше бола алады. Қоғамдық кеңесті құру үшін жұмыс тобы құрылып, олар өтініш білдірушілердің кандидатураларына таңдау жасады. Жұмыс тобының шешімі бойынша, Арқалық қаласының қоғамдық кеңесіне төраға болып «Торғай» қалалық газетінің бас редакторы Арыстан Айтмағамбетов сайланды. Мүшелігіне қалалық мәслихат хатшысы Н. Шалдыбаев, әкімдік заңгері С. Қабденов, Арқалық көпсалалы колледжінің директоры С. Саржанов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының жетекшісі Б. Хасенов, «Кредитное товарищество Аркалык» ЖШС басшысы Б. Утбаева, мұрағат директоры М. Бопина, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Ғапбасов, қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы М. Досова, аймақтық аурухананың бас дәрігері Қ. Смағұлов, Арқалық политехникалық колледжінің бұрынғы директоры, қазіргі зейнеткер К. Джанабаева, АрқМПИ проректоры Г. Мұсабекова тағайындалды.
Қоғамдық кеңес мүшелері – білім беру, денсаулық сақтау, бизнес, заң және тағы басқа салалардың өкілдері болуы кездейсоқтық емес. Себебі, азаматтық қоғамның пікірін жан-жақты ескеріп, оның мүддесін қорғау үшін қоғамдық кеңес көптарапты болуы міндет. Сонда ғана мемлекеттік органдардың ашықтығы қамтамасыз етіліп, қарапайым халықтың мүддесі қорғалатын болады.
Айтар болсақ, «Қоғамдық кеңестер туралы» заң былтырғы жылдың соңында қабылданған болатын. Құжат бойынша қоғамдық кеңестік өкілеттігі мен мәртебесі бекітілген. Қоғамдық кеңестің құзіреттілігі өте кең. Ол азаматтық қоғамға қатысты кез-келген мәселеден бастап адам құқығына қатысты әрбір шешім, қаулы және өзге де құжаттарды қарау, бекіту, өзгертулер енгізуге кеңес беру және т.б.
Ғ. Бекмұхамедов отырысты қорытындылай келе, президенттің «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында құрылғалы тұрған қоғамдық кеңестің қоғам өмірінде алар орны зор екенін атап көрсетті. Қоғамдық кеңес алдағы уақытта атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасында байланыс көпірі болатынын алға тартты.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ