Ауған соғысы кеңес жауынгерлері үшін жүрекке жазылмастай із қалдырды, сондықтан да қазір тарихта ерекше орын алатын беттерге айналып келеді. Қазіргі таңда ол үшін жастарға сол кездегі жігіттердің Отан алдындағы борыштарын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімдерінен тағылым алсын деген мақсатпен жыл сайын түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, көз көргендермен кездесулер өткізіліп тұрады. Сондай тәрбиелік маңызы зор кездесулердің бірі Арқалық қаласындағы Әнуар Боранбаев атындағы кинотеатрда қала әкімі Ғ. Бекмұхамедов, ТБКБ басшысы В. Родин, ардагерлер мен қала жұртшылығының қатысуымен болып өтті. Соғыс ардагерлерінің ерліктерін еске алып, оларға арнап концерттік бағдарлама қойылды.
Жылсайын 15 ақпанда біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарына бас иеміз. Себебі 1979 жылы Ауғанстан жерінде болған зұлымат соғыста Кеңес әскерлері қайталанбас қаһармандық танытты. Өзге елде болсын, халықтың тыныштығын ойлаған батырларымыздың басым бөлігі сол бір сұм жылдарда майдан даласында қаза тапса, тағы бірі із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Бейбіт өмірде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген өрімдей жас жігіттер Ауған соғысына аттанған. Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысы он жылға созылды. Мұнда қаншама жас қыршынан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті - бала жастан саналарына сіңірген патриоттық тәрбие – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы шайқасы болды. Ақпанның 4-і күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-шы Армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты» деп басшылыққа баяндады. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын.
Ел үшін етегімен қан кешкен жауынгерлер қашанда құрметке лайықты. Батырларымыздың ерлігі ел есінде мәңгі қалмақ, ал жас ұрпақ үшін үлгі өнеге болмақ.
Диана Ізбасар