Кемтарлық қай адамның болмасын өміріне қаяу түсіретіні бесенеден белгілі. Дегенмен де, тәнінде кемтарлық бола тұра, өмірге деген оң көзқарасы мен рух мықтылығының арқасында талайды таңқалдырған жандар бұл ғаламда аз емес. Бала кезінде бой өсуі бәсеңдеп қалған Матросов ауылының тумасы, 16 жасар Тұрсынай ҚАБЫЛ – дәл сондай ғажап жандардың бірі.

Бойы небәрі 120 метр, салмағы 40 келі шамасындағы қыз бала тек қана мүгедектер арасында ғана емес, дені сау спортшылардың арасында да спорт шеберіне үміткер. Ең қызығы – Тұрсынайдың таңдаған спорт түрі – пауэрлифтинг. Яғни, штанга көтеру. Тіпті, айналысқанына да көп уақыт болмапты. Небәрі 8 ай ішінде Азия біріншілігінің бас жүлдесін иемденіп отыр.
«Арқалық қаласы, Матросов ауылының тумасы мектепте оқып жүріп-ақ, кемістігіне қарамай, ауылдың мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларына қатысудан жалыққан емес», - дейді Матросов ауылының әкімі Гүлнар ТАБАҚОВА. Отбасында жалғыз қыз болып өскен Тұрсынай әрқашанда мейірімді ортада тәлім-тәрбие алып өскен екен. Жанына тірек болған жүрегі жылы ауылдастарына, ұстаздарына, достарына қазіргі таңда спорт әлемінің жұлдызына айналған Тұрсынай шын көңілден риза.
Жуырда кейіпкеріміз Якутск қаласында өткен «Азия балалары» VI ойындарында жеңімпаз атанды. Бұл кезекті әрі ең ірі жеңісі болды. Алдағы уақытқа мақсат қойып, соған жету үшін бар күш-жігерін жұмсамақшы Тұрсынайдың ендігі арманы паралимпиадаға қатысып, жүлделі болу. «Ол үшін мен аянбай еңбек етуге дайынмын», - деп бөліседі ол ойымен. Азияның 30-дан астам елінен 3000-ға жуық спорт саңлақтарының басын қосқан үлкен спорттық дода – Азия шеңберіндегі балалар олимпиадасы саналады. Онда жұлдызы жанып, жеңіске жеткен балалар мен жасөспірімдер әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға жолдама алады. Тұрсынай үшін күні кешегі жарыс өзінің рекордын әрі әлем рекордын жаңартуға жол ашты. Яғни, штанганы жатып көтеруден небәрі 40 келі салмақтағы қыз 61 келіні бағындырып, жаңа межеге белгі салды.
Қазір Тұрсынай 11 сыныпта Қостанай қаласында оқиды. Бірақ, туған мекені – Матросов ауылын, жалпы Торғай өңіріне көңілі ерекше ыстық. Туған жеріне бүйрегі бұрып тұрған Тұрсынай жеткен жеңісі ең әуелі ата-анасының, одан әрі ұстаздарының, достарының арқасы дейді. Сондықтан, жарыстан кейін арнайы Арқалыққа келіп, қуанышын осындағы ағайынмен бөлісті. Бұл да болса, ізеттіліктің, тәрбие көргендіктің, парасаттылықтың нышаны деп білдік.
«Азия балалары» VI ойындарынында жалпы есепте Қазақстан құрамасы жүлделі үштікке ілігіпті. Онда 22 спорт түрінен мықтылар анықталды. Тұрсынай Қабыл зілтемір көтеруден алтын әперген жалғыз спортшы. Келесі «Азия балалары» 2020 жылы Моңғолияда өтеді.
Тұрсынайдың арманы – Жапонияда 2020 жылы өтетін паралимпиада ойындарына қатысып, бағын сынау. «Күш атасын танымас» деп, кемтарлығына қарамай, тәнін шынықтыру арқылы осындай биік жетістіктерге жетіп отырған қаршадай қазақ қызының алар асуы әлі алда екеніне кәміл сенеміз.

Қайрат
ЕСМАҒАНБЕТОВ

У вас нет вкладок для отображения