Қостанай облыстық «Жайдарман» өкілдерінің ұйымдастыруымен, Арқалық қалалық «Жастар» бастамалар орталығының қолдауымен қаламыздағы жасөспірімдер театрында үздік деген жайдарман командалары арасында жазғы кубок сарапқа түсті.
Олардың ішінде былтырғы жазғы кубок чемпиондары «Айналайын», 2013 жылғы облыстық Жоғарғы лига вице-чемпиондары, 2014 жылдың чемпиондық атағын жеңіп алған «Құрдастар», 2014 жылғы республикалық Сарыарқа лигасының чемпиондары «Депутат» және 2011 жылғы облыстық чемпиондар «Сөзжетпес» командалары қатысты.
Белгілі жайдарманшы, «Жайдарманның» Арқалық қаласындағы өкілі Арғын Жүкебаевтың айтуынша, бұл жазғы фестивальге барлығы 16 команда қатысу керек еді. Соның ішінде, өкініштісі, қаламыздың атынан шығу керек болған екі команда белгілі себептермен қатысудан бас тартқан. Ойын жоғары деңгейде өтпесе де, келген көрермендердің көңілінен шыққан ойыншылар, әзілдер болды. Дегенмен де, командалар аса қатты дайындықпен келді дей алмаймыз. Кейбір командалар мұның себебін көрермендердің аздығымен байланыстырды. Иә, жарнаманың ақсағанын мойындау керек. Болары болғаннан кейін, әділ қазылардың бірі жарнаманы өз мойынына алатынын айтты. Алайда, кез-келген сахна иесі, қанша көрермен келсе де, оларды және өзі өнер көрсететін сахнаны сыйлауы тиіс. Ойын жоғары деңгейде өтпесе де, өз иелерін күткен кубоктарды командалар өзара бөлісті. «Депутат» командасы үздік деп танылса, «Айналайын» командасы кіші кубокке ие болды. «Сөзжетпес» және «Құрдастар» командалары арнайы жүлделерді қанағат тұтты.
Баян Ажимухан