Таяу жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елімізде автокөлік жолдары салынатыны баршаға мәлім. Еліміздің транспорттық әлеуетін арттырып, өңірлердің байланысын күшейтетін бұл ауқымды жоба Арқалықтың экономикасына да оң септігін тигізбек.
Оқырманның есіне сала кетейік, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикамызда Астанамен байланыстыратын 7 автокөлік жол салынады. Соның бірі – Орталық – Батыс бағыты бойынша салынатын 2500 км жуық автокөлік жолы.
Еліміздегі автокөлік жолдары Кеңес заманында салынған. Ол кезде салынған жолдардың мақсаты да бүгінгіден бөлек еді. Мысалы, жолдардың бағыты Кеңес үкіметі тұсындағы өндіріс ошақтарына ойысқан. Қазір, ол бағыттар ескерді, себебі өндіріс орталықтары да ауысты. Қазір еліміздің бас қаласы – Астанамен байланыстың маңыздылығы жоғары. Екіншіден, жолдың сапасы төмен, көп жылдар бойы жөнделмей келеді. Мұндай ойдым-ойдым жолдармен ірі транзиттік тасымалдардың жүруі мүмкін емес. «Нұрлы жол» бағдарламасы осы кемшіліктерлді түзетуге, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің транспорттық әлеуетін арттыруға, көршілес мемлекеттермен сауда-саттықты күшейтуге бағытталған.
Жобаны қаржыландырушы – Бүкіләлемдік даму банкі. Аталмыш қаржы ұйымының өкілдері Арқалыққа келіп, Астана – Батыс жолы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесімен таныстырды. Банк өкілдері жаңа автокөлік жолының Арқалық үшін мейлінше пайдалы болуы үшін жергілікті тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асты.
Астана – Батыс жолы ақылы болады
Жолды жақсы қалыпта сақтау үшін қаражат керек. Жол төсеміне күтім жасау мақсатында көлік иелері ақы төлейтін болады. Алайда, бұл ең әуелі транзиттік жүк тасымалдаушыларға арналған «салық» болмақ. Ал, бұл жолмен күнде өтуге мәжбүр жергілікті кәсіпорындар мен жеке көлік иелері бір жылға абонемент алып, жолды пайдалануға мүмкіндік алады.
Банк өкілдерінің айтуынша, жолдың ақылы болуы қазіргі таңда экономикалық тұрғыдан қарағанда тиімді. Біріншіден, жолды күтіп ұстау мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейді. Екіншіден, жолдың сапасы үнемі жоғары болады.
Жол сапасы демекші, жол республикалық деңгейде болғандықтан, Арқалық аумағындағы жолдардан әлдеқайда кең болмақ. Сонымен қатар, қарлы борандардан алдын ала сақтану үшін жол жиегінде арнайы қоршаулар орнатылады.
Меймандар жиында болашақ автокөлік жолының бағытымен таныстырып, ауылшаруашылық техникасының, малдың өтуіне арнайы өткелдер жасалатынын көрсетті.
Жол бойындағы жер мемлекетке қайтарылады
Егер жаңа жол бойында орналасқан жер учаскелері жеке меншік есебінде болса, мемлекет оларды қайта өз есебіне аударатын болады. Жер иелеріне республикалық бюджет есебінен өтемақы төленеді.
Жерді мемлекет меншігіне қайтару ісімен жергілікті әкімдіктің жер қатынастары бөлімі айналысады. Аталған мемлекеттік мекеме қажетті жер учаскесін мемлекет есебіне аудару туралы Қаулы шығарады. Одан кейін бағалау рәсімі ұйымдастырылып, өтемақы мөлшері анықталады.
Жобаның басты мақсаттарының бірі – еліміздің өркендеуіне атсалысу және құрылыс барысында экономикалық, әлеуметтік, экологиялық зардап тигізбеу. Сол себептен, мамандардың айтуы бойынша, жаңа жол құрылысы ешкімге кері әсерін тигізбейді.
Жаңа жол өңірге қандай пайда әкелмек?
Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Амангелді – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Қандыағаш – Бейнеу – Ақтау бағыты бойынша салынатын автокөлік жолы Арқалық аймағына нақты қандай пайда тигізетін болады?
Жобаны ұйымдастырушыларының айтуы бойынша, Бүкіләлемдік даму банкі еліміздегі Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралін қаржыландырған екен. Аталған магистральды мысалға келтіре отырып, онда жол бойындағы қызмет көрсетуші шағын бизнестің 2 есеге артқанын айтты. Астана – Батыс жолы да Арқалық үшін ең алдымен кәсіпкерліктің дамуымен, мемлекет есебіне қосымша салық түсуімен шарапатты жоба болатыны айтылды. Мысалы, жол жиегінде орналасқан елді мекендерде қонақ үйлер, автожөндеу шеберханалары, асханалар және тағы басқа орындардың көптеп ашылуы әбден мүмкін.
Арқалық қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б. Әлмағанбетов «Арқалық - Шұбаркөл» темір жол желісін салғанда бас мердігер - «BI group» компаниясы Арқалықта филиалын ашып, салықты жергілікті бюджетке аударғанын жеткізді. Болашақта жол салатын компания да Арқалықта филиалын ашса, қалалық бюджеттің ұлғаюына негіз болатыны айтылды. Банк өкілдері бұл мәселе мердігер анықталғаннан кейін белгілі болатынын айтты. Ал мердігер анықтау үшін халықаралық тендер өткізіледі.
Арқалық – Торғай жолы кеңейтіледі
Арқалық – Торғай бағыты бойынша жол салып жатқан жергілікті «Алюминстрой» ЖШС бас директоры А. Мұқанов салынып жатқан жолдың тағдыры туралы сұрақ қойды. Бұл жол магистральдық бағытқа ене ме? Олай болса, қалай жалғасатын болады? Бұл сауалдарға жоба ұйымдастырушылары толымды жауап қайтарды.
Астана – Батыс автомагистралі Арқалық – Торғай тас жолы арқылы өтеді, яғни бүгін салынып жатқан жол магистральдың жалғасы болмақ. Алайда, республикалық жол стандартына келтіру үшін, жолдың екі жиегі кеңейтіледі. Шамамен, бұл жол учаскесі соңғы кезекте жөнделеді – жоспар бойынша 2020 жылы қолға алынады.
Арқалық өңірінің экономикалық дамуына үлес қоспақ бұл жоба 2017-2020 жылдары жүзеге асырылады.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ