Арқалық қаласының бұрыңғы әкімі Жомарт Түбекбаевтың 50 жылдық мерейтойына арналған әріптестерінің, достарының, аралас-құралас болған азаматтардың жүрекжарды лебіздері
Нұржановтың шәкірті
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін адамдар болады. «Тұлға» деп соларды айту керек шығар. Сондай жандардың бірі – Нұржанов!
Амангелді – Торғай төңірегінде Әбдісадық Нұржановты білмейтіндер сирек. Міне, сол атақты Нұржановтың, қай істі қолға алса да, қаққан қазықтай қып атқаратын тегеурінді де, текті Нұржановтың нағыз шәкірті – Жомарт Түбекбаев деп атар едім!
Шынында да, Жомарт өрттей болып жанып жүретін Нұржанов ағамыздың қып-қызыл көрігінде пісіп, шыңдалып жетілді. Байғабылда өскен балғын шағынан бастап, аудан басқарып, алғыр басшы атанған танымал кезіне дейін Әбекеңнің тәлім-тәрбиесін бойына сіңірді. Рас, Әбекеңді ұстаз тұтып, оның іс басқаруын өзіне үлгі еткен шәкірттері көп-ақ шығар. Бірақ солардың ішінде ең таланттысы да, ең танымалы да - Жомарт Түбекбаев болса керек!
Өзінің туған ауданы Амангелдіні, әсіресе, кезінде айқай-шудан арылмаған күрделі қалалардың бірі - Арқалықты басқарған кезінде Жомарт өзінің үлгі тұтқан ұлағатты ұстазының ұстанымдарын ұтымды пайдаланып, Нұржановтың шәкірті екендігін дәлелдей білді. Ең бастысы, ауылдан келдім деген жоқ, қала тіршілігінің толып жатқан тетіктерін тиянақты меңгеріп, батыл да, шешімді іс-әрекеттерге қабілеті жетті. Бір сөзбен айтқанда, қаланың құлдырауын тоқтатқан бірден-бір білікті басшы дәрежесіне көтерілгендігін жергілікті халық әлі ұмыта қойған жоқ.
Ол шақ, бүгінгі таңдағыдай Мемлекеттік бағдарламалардың әлі дүниеге келмеген кезі. Көп нәрсе аудан, қала басшыларының өз жауапкер шілігіне алған жеке шешімдеріне байланысты болатын. Бұл күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, абыройға бөленген азаматтың бірі осы Жомарт ініміз еді.
Елу деген ердің жасына еңсесін тік ұстап, жетістікке толы жолдардан абыроймен өтіп келе жатқан Жомарт бауырымыздың шығар деңгейі, алар асуы әлі алда деп білемін!
Жалғасбек Сүлейменов,
«Көкшетау» газетінің
бас редакторы.
Іскер басшы
Амангелді-Торғай, Арқалық өңірі Жомарт Түбекбаевті өте жақсы таниды. Оның атын естісе – өзін, ісі мен қызметін көргендер ризашылықпен еске алады. Ал оны көрмегендер:
– «Әй, сол жігітіңіз осы әкім болғанда – құлаудан аман алып қалыпты дейді ғой!» – деп, өзіңізге қарсы сұрақ қояды. Сонау бір жылдары талай бөтен адамдардың осы сұрақтарына жауап беруіме тура келді.
Шапшаң шешімді Жомарт сияқты ізбасар ініміздің жан-жақты қадір-қасиеттері мен іскерлігін ел адамдарының кез келген уақытта айтатынына сенімім мол! Мен Жомарттың имандылыққа қадам жасаған, бірер ғана игі істерін айтайыншы: ұлтаралық тізгінді тең ұстай отырып, Арқалыққа еңбегі сіңген ұлттық кадрларымызды мәңгі есте қалдырудың игі қадамдары болсын деген мақсатпен Оразалы Қозыбаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Барлық Садықовтың құрметтеріне бір-бір көше атауларын, Арқалық мешітін «Маятастың» жақпар тастарымен қаптаттырып, жөндеуден өткізгеннен кейін елге белгілі Әлмағамбет молданың есімін бергізуге, мешіт имамы Ербол Түсіпбекұлының қажылыққа барып-қайтуына, басшылық лауазымда жүрген қазақ азаматтарының имандылыққа мойын бұрып, ораза-Айттарда пітір-садақа, ұйымдасқан түрде ірі қара мал сатып алып, құрбан шалуларына, солар арқылы мұқтаж бала бақшалары мен балалар үйлеріне көмек көрсетуге мұрындық болғанын ел осы күнге дейін сүйсіне еске алады.
Әбдіқадыр Әбілтаев,
қоғамдық-саяси тәрбие жұмыстарының ардагері.
Мектепте қатарының алды болды
1970 жылы Меңдіқара-дағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педучилищені тәмәмдап, туған ауылым Байғабыл ауылындағы Байғабыл орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналастым. 1971-72 оқу жылында бастауыш мектептің 1 «а» - сыныбын қабылдадым. Бұл сыныпта Жомарт Түбекбайұлы білім әлеміне алғаш аттағалы отырған еді.
Мектепке келген күннен сабаққа деген ынта-жігерін көрсетті. Айтқанды ұғып алып, зердесіне тоқып отырды. Мұғалімнің айтқан сабағын зор ынтамен тыңңдайтын. Қатарының алды болды. Берілген тапсыраманы уақытында орындайтын. Мектепішілік, сыныпаралық, яғни қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Үйге берілген тапсырманы мұқият орындайтын. Сыныпта бірінші болып, сабақ айтуға тырысатын. Алған бағаларын күнделекке қойдырып, ата-анасына мақтанышпен көрсететін. «4»-тік бағасынан «5»-тік бағасы көп болатын. Үлкендерді сыйлап, құрметтейтін. Жолдастарынан көмегін аямайтын. Бастауыш метептің әр сыныбын беске аяқтап, мақтау қағаздарын алып отырды. Бастауыш сыныпты толығымен мақтау қағазымен аяқтады.
Жас өспей ме, жарлы байымай ма дегендей. Сол Жомартымыз есейіп, ел басқарды, абыройлы қызмет атқарды. Бүгінде мерейлі отбасы болып, ұл-қыз өсіріп отыр. Елуде ел ағасы дегендей, Жомарт елу жасқа толып отыр. Зор денсаулық, табысты еңбек тілеймін. Өсірілген ұл-қыздарыңның қызығына тоймай жүре бер.
Игі тілекпен алғашқы ұстазың – Кенжебике Әлімғазина.
Шәкіртім десем де, одан үйренгенім де аз емес
Ол кезде Жомарт Байғабыл ауыл округінде ауылдық округтың әкімшілік басшысы болып қызмет атқаратын. Бір күні жас жігітті бұрын Иманов атындағы шаруашылықта бірге қызмет атқарған Төлебай Сәрсембетов әкеліп таныстырды.
Сыртынан жұмыс атқару стилін бақылап жүріп ел басқаратын жақсы азамат өсіп келе жатқанына көзіміз жете бастады. Қиын – қыстау кездерде ауылда отын - шөп дайындайтын бригадалар ұйымдастырып, жоқтан барды жасап қиын кезеңдерде халқының жанында бола білді.
Сол кездегі Торғай облысының әкімі ақиық азамат Виталий Алексеевич Брынкин маған телефон шалып «Жаке! Президенттің алдында сөйлейтін бір жақсы жұмысымен көзге түсіп жүрген жас әкім табу керек болып тұр және оны бүкіл Республика активінің алдында сөйлейтін сөзіне де бақылау жасау керек»,- деп, тапсырма берді. Ауданда ақылдасып, Жомарттың кандидатурасына тоқталдық. Дайындық жұмысы да жүріп кетті. Көп ойланып толғандық. Жас жігітке Бүкіл Қазақстан активінің, тұңғыш Президентіміздің алдында сөйлеп, атқарып жатқан игілікті жұмыстарын айтып шығу және бір экономикалық формациядан, екінші формацияға көшу кезіндегі проблемалық мәселелерді шешуде өз ойын ортаға салу үлкен абырой ғой. Екеуміз келісіп те қойдық ол маған қарап қояды, мен оған аудиторияның, Президенттің қалай қабылдап отырғанын белгімен жеткізуім керек. Жомартқа да сөз берілді. Жомарт жазылған текстке қарап сөйлей жөнелді, бастамасы жаман емес. Әлден уақытта Президенттің өзі: «Жомарт сен шыныңды айтшы ауылда не болып жатыр, халық мынау жекешелендіруді қалай қабылдап жатыр» деп сұрақ қойды. Жөкең маған бір қарап алып, өзінің күнделікті атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді. Қиындықтарды да жасырған жоқ. Президентіміз, бүкіл аудитория риза болды. Біздің де мақсатымыз осы еді. Кешке жиналғанымызды Виталий Алексеевич рахметін айтты Президентке ұнапты, Жомарттың істеп жатқан тіршіліктері мен алға қойған мақсаттары.
Ауданға қайтып келгеннен кейін «Темірді ыстығынан бас демекші» В.А. Брынкинге кіріп, Жомартты аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындадық. Қателескен жоқпыз, нағыз қиын кезеңде жақсы қызмет атқарды. Талай қиындықтарды бастан өткіздік. Мен ауданда әкім қызметінде жүргенде Жомарт нағыз аудан басқаруға дайын екенін көрсетті. Социализмнен, капитализмге өту кезеңінде Жомарт сияқты өз ісіне берілген нағыз нарық мамандарының арқасында, ауданымызды сақтап қалдық.
Торғай облысы жабылып Қостанай облысына қараған кезіміз. Амантоғай ауданы тарқаған кезде мен сол кездегі Қостанай облысының әкімі Т.Қ. Қадамбаев мырзаға кіріп, өз өтінішіммен басқа қызметке ауыстыруын сұрадым, себебі жасымда 56-ға келген кез, Жомарт сияқты жастардың болашағын бөгемегім келді. Бір құдай бар ғой мен сол кездегі Амангелді ауданының жағдайымен Амантоғайдың жағдайын салыстырайын деп отырған жоқпын, оны сол кездегі ат үстіндегі азаматтар біледі де, түсінеді ғой деп ойлаймын. Ал мен ауданнан ешқандай байлық жинамай, ел тізгінін жастарға беріп, Қостанай қаласында облыстық ауыл шаруашылық басқармасында қызмет атқарып, туған жерімнен артық болған Амангелді ауданына қолымнан келгенше жақсылықтар жасадым ғой деп ойлаймын.
Амангелді ауданын менен кейін Сабыржан, Болаттар басқарды, кейін ел билігін қолына алып Жомарт ел экономикасын көтеруде біраз игілікті жұмыстар атқарды. Оның еңбегіне дұрыс баға бере білген сол кездегі облыс әкімі Шөкеев мырза Жомартты Арқалық ауданы әкімі қызметіне тағайындады, сол кездегі қиыншылықтарға қарамай Жомарттың атқарған игі істерін Арқалық халқы жыр қылып айтып отырады. Әттең, Арқалықтан көп ойларын іске асыра алмай ертерек кетті. Бірақ, шүкір, бизнесте биік белестерді бағындырды. Астана қаласында үлкен компанияларда жұмыс атқарып, биіктерден көріне білді.
Қоғам өзгеріп, заман жаңа жолға түсетін кезең, қай елге де жеңіл болмаған. Бірақ Елбасының сарабдал саясаты, батыл қадамдары негізінде, еліміз соның бәрін ескеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Жомарт сияқты іскер жігіттердің ертең-ақ үлкен биіктерден көрінетініне сенімдімін.
Біз сияқты аға буын азаматтардың алда тұрған міндеті жас ұрпақтың бойында елін, жерін қастерлеу, отанына деген сүйіспеншілігін нығайту және жастарды патриоттық, биік адамгершілік рухында тәрбиелеу жұмысына қолдан келгенше көмек көрсету. Мен Жомартпен бірге қызмет атқарған шақтарым, қиын кезең кезі болғанымен, өмірімдегі бір жақсы шақтарым деп есептеймін. Мен жасым үлкен болғандықтан Жомартты шәкіртім деп есептесем де, Жомарттан үйренгенім де көп екенін мойындау азаматтық парызым ғой деп ойлаймын.
«Аға буын, өздерінен кішілерден адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өз бойында осы хасиеттердің болуы шарт»,- деп Аль - Фараби данышпанымыз өсиет еткен екен кезінде.
«Жасық туған жаманың атқа мініп зор болмас,
Асыл туған бекзатты қойға салса қор болмас».- демекші, елінің, халқының атын шығаратын Жомарт сынды азаматтарымыздың еліне адал қызмет етуіне кедергілер болмаса екен деген тілекпен аяқтағым келеді азғантай ғана ойымды.
Жақсылық қажы Ғайсин,
Қостанай облысы қажылар қауымдастығының төрағасы,
қиын кездерде Амангелді, Жангелдин акудандарында әкім қызметін атқарған.