Азаттыққа жетуде төл тарихымызда шешуші рөл атқарған құбылыстардың бірі желтоқсан оқиғасы екені сөзсіз. Азаттыққа ұмтылу жолында соңғы қадамдардың бірі болған бұл оқиға осыдан 29 жыл бұрын болыпты. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол кездегі қазақ жастарының жанкешті ерлігі, азаматтық белсенділігі мен ұлтқа, елге жанашырлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі әрі өнеге. Еліміздің бас қаласы болған Алматыда сол жастар толқынына ілесіп, халықтың атынан наразылық білдірген жас боздақтар мен бойжеткендердің арасында біздің жерлестеріміз де болды. Еліміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай желтоқсан оқиғасының куәгерлеріне жолығып, сол қиын-қыстау кезең туралы әңгімелестік. Олар - №2 облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкерлері Әлия ЕЛУБАЕВА мен Дәмет ҚҰСАЙЫН.
Желтоқсан оқиғасының куәгері Әлия Қарсақбайқызын қаламызда танымайтын жан кемде-кем шығар. Көп жылдар бойы кітапхананың өнер бөлімінде қызмет етіп келе жатқан Әлия апай қалалық мәдени-көпшілік шаралардың ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы ретінде көпшілікке таныс. Кітапхана оқырмандарын, жастар қауымын өнерді құрметтеуге, мәдени мұрамызды қастерлеуге үндеп, жалпы жан-жақты тәрбие беріп келе жатқан білікті маман. Жастарымыз Әлия Қарсақбайқызын кітапханадағы өнер бөлімінің меңгерушісі ретінде жақсы білсе, оның сонау 1986 жылы Алматы қаласында желтоқсан оқиғасының куәгері болғанын, сол көтерілістің кейін зардабын шеккенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Әлия апамыз сол жылдары Алматының ірі баспаханасында қызмет еткен (Қазір «Атамұра» баспасы деп аталады). Апамыздың айтуы бойынша, кітап, мерзімді басылым шығаратын үлкен кәсіпорынның полиграфиялық комбинатында жұмыс істеген екен. Ондағы қызметкерлердің дені – жастар, көбісі жатақханада тұрған. Сол жастардың арасында Әлия Қарсақбайқызы да «Қарлығаш» атты жатақханада тұрған.
1986 жылы 16 желтоқсанда Әлия апамыз тікелей алаңға шығып, наразылық білдірмесе де, сол оқиғаның қалай басталғанын, тарихта қалар үлкен саяси оқиғаның қалайша өрбігенін өз көзімен көрген. Желтоқсанның ызғарлы күнінде Брежнев алаңына топ-топ жастардың ағылғанын, олар «Менің Қазақстаным» әнін ұрандатып, түрлі лозунгтары жазылған плакаттармен шеруге шыққандарын суреттеді. Кеңес үкіметі сол тұста әуелден-ақ жастардың мол шоғырлануына мейлінше жол бермей, жатақханалардың бәрін жаптырып тастады, онда партия, комсомол жұмыскерлерін күзеттіріп қойды. Әлия апай жұмыс істеген полиграфия комбинатының жатақханасына да адамдар қойылып, жастарды шығармай тастаған екен.
«Әрине, біз қатарлы жас жігіттер мен қыздар алаңға шығып, азаматтық тұрғыда белсенділік танытқанда біз де шет қалғанды қаламадық. Алайда, биліктің «қолшоқпары» болған партия, комсомол мүшелері жолымызды бөгеді. Әлі есімде, терезені ашып қалсақ, жастар тобыры ұрандатып, алаңға жөнеліп барады. Бұл қозғалыс – халықтың, жастардың наразылығынан туындаған заңды құбылыс еді. Біз қазақ жастарын бірауыздан қолдадық. Жастардың бұл демонстарциясы түбі бір саяси өзгерістерге әкеп соқтыратынын іштей сездік», - дейді Әлия Қарсақбайқызы.
Желтоқсан оқиғасына тікелей қатыспаса да, Әлия Елубаева 86-ның желтоқсанынан кейін қазақ жастарына жасалған қиянат пен қысымның «қамшысын» сезінген. Тарихтан белгілі, қаншама қыршын жастың өмірі қиылды, жүздегені сотталды, сотталғандары түрмеде қасақана, жасырын өлтірілді, талайы жұмыстан, оқу орындарынан айырылды, бұзақы, ұлтшыл деген лақап атқа ие болды. Бұл Кеңес үкіметі жүргізген қанау саясатының көрінісі еді. Сол сияқты, Әлия апамыз айтқандай, көтеріліс уақытында бірге жатақханада болған құрбыларының өзі біреудің бір ауыз жала жабуының кесірінен жұмысынан айырылып қалғандары сирек болмаған. Әлия апамыз да «рухани таяқ жеген» жастардың бірі. Әлия апайдың жұмыс істеген ортасы – баспаханада орыс қауымы басым болғандықтан, қазақ қызын жақтырмайтын, ұнатпайтын, тіпті одан сескенетіндер де аз болмағанын айтады. 1987 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтына түсерде, жұмыс орнынан мінездеме алу қиынға соққан екен. Әйтеуір, 1991 жылға дейін, еліміз егемендік алғанға дейін түрлі қиыншылықтарды бастан өткергенін айтады апамыз.
Кітапханада талай жыл еңбек еткен тағы бір қызметкер – Дәмет Құсайын да желтоқсан оқиғасының куәгері. Дәмет апай екі күн бойы жастармен бірге алаңға шығып, қазақ жастарын қолдаған қайсар жүректі жан. Ол кезде ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 2 курс студенті. Жасы небәрі 19-да.
«Сол күні біз сабақта отыр едік. Аудиторияның терезелері Гоголь көшесіне қарап тұр. Далаға үңілсек, жастар өтіп бара жатыр екен. Біз ұшып түре келіп, қарадық. Ұстазымыз, Жүкебаев деген үлкен кісі, бізге қарамаңдар деп ұрысып жатыр. Сабақ біткен соң, жатақханамызға келсек, жастар легі сол маңайға ығысып жатыр екен. Жатақхана қасында үлкен Киров зауыты болатын. Ондағы жастар да толқынға қосылып жатыр. Топ ішінен суырылып шығып, кейбіреулер жастарға мән-жайды түсіндуде. «Үлкен Пленум болды, Қонаевты алып тастап, Колбинді тағайындады» деп наразалығын білдіруде.
Содан, түскі уақыт кезінде ереуілге шығып кеттік. Барсақ, алаңда ығы-жығы жастар. Трибунадан «тараңдар, ештеңе өзгерте алмайсыңдар» деп уәж айтуда. Орталық комитеттің адамдары шығып, түсіндіріп жатыр. Алайда, жастар қайтар емес. Тіпті, ондағы пиғыл – қазақ ұлтынан басшы тағайындау емес. Мейлі орыс, украин, беларус болсын, бірақ бірінші хатшы қызметіне Қазақстанның азаматы болуы керек деген талап қойып жатыр жастар. Оған жауап – «Кетіңдер, тарқаңдар» деген айғай, жастар болса бас киімдерін лақтырып, наразылығын білдіруде. Айтып жатқандары «Елден шыққан адамды қойсын!».
Мына фотосуретте орта тұста сәл солға қарай Дәмет Құсайын түсіп қалған. (Ақ түсті бас киім киген бойжеткен)
Қараңғы бата бастағанда ескертуге көнбеген жастарға шара қолдана бастады. Пожарный машиналар келіп, су шаша бастады. Біз қашып, жатақханаға келдік. Онда бізді іздеп жатыр екен. Айқау-шу. Туыс-туғандардан келдік деп ақталып әлекпіз.
Кешке қыздармен жиналып, тағы жоспар құрдық. Таңертең шығу керек. Өзі небәрі 25 қызбыз, екі группада 50 қыз. Есесіне, 3-4 курс студенттері келіп, «шығу керек, қолдау керек» деп үгіттеп жатыр. Бір қызығы, бұрын соңды болмаған жағдай - таңертең кураторымыз келіп тұр. Түгендеп, сабаққа жинап жатыр екен. Біздің ойымыз – алаңға қайта бару. Сөйтіп, кураторымыздың жетекшілігімен жатақханамыздан шығып кеттік. Келе жатырмыз. Қалай қашатын амал таппай келеміз. Бір кезде алдымыздан троллейбус шықты. Ойланбастан секіріп мініп алдық. Терезеге қарасам, кураторымызбен екі қыз ғана қалып қойды. Олар – коммунисттік партия мүшелері.
Сөйтіп, 17-сі күні де алаңға бардық. Барсақ, бірінші күндегідей емес. Жастар әлдеқайда көбейген. Барлық жер қоршаулы. Үш қатарлы солдат тұр. Бірінші қатарда дубинка ұстағандар, екінші қатарда қазақтың балалары, үшінші қатарда орыстың солдаттары. Жастар қайтар емес, қолдарында «әр елді сол елдің азаматы басқаруы керек» деген Лениннің сөзі бар, «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін айтып, тұрып алды. Солдаттар бізді көріп айтып жатыр «Қыздар, кетіңдер, бір нәрсеге ұшырап қаласың, тараңдар» деп.
Бір уақытта жастар қоршауды бұзуға ұмтыла бастады. Қаншама уақыт қарап тұрған солдаттар да бір сәтте шаба жөнелді. Айғай-шу, астан-кестен. Солдаттар қуа жөнелгенде, біз де қаштық. Сол маңайда әскери комиссариат болатын. Сол бағытта қаштық. Қасымда Бақытжамал деген жолдас қыз ғана қалыпты. Қалғандары қайда екенін білмеймін. Артымыздан милиция қуып келе жатыр. Содан бір үйдің подъездіне кіріп кеттік. Бізбен бірге 10 шақты бала да кірді. Бесінші этажға қарай жүгірдік. Сол подъезден біз көтеріліп жатқанда бір адам пәтерден шықты. Бәлкім, сол біздің қашып бара жатқанымызды айтты ма, соңымыздан милиция да көтеріліп, бізді сүйретіп далаға алып шықты. Айналамызға қарасақ, дала толған милиция. Қолдарында жалмаңдаған иттер. Жылағанымыз сондай. Құлап-құлап, аяғымыз көгеріп кеткен. Содан бізді Үкімет үйінің артына қарай апарды. Онда толған машина, автобустар, бізге сотталасыңдар, қамаймыз деп айғайлап жатыр. Көнбегендерді ұрып-соғып жатыр. Іштей біткен жеріміз осы деп біз тұрмыз. Әйтеуір, содан кейін бізді тау етегіне қарай апарып, «кетіңдер, енді ұсталсаңдар қамаласыңдар» деген айқаймен бізді тастап кетеді. Қашып, жағалап, жатақханамызға жеттік.
Онда келсек, тағы тревога, кураторымыз біліп тұр. Тексеріс те тексеріс, бет аузы іскен, көзі көгерген студенттер жүр. Өзіміздің қыздарымызды түгендеп жатырмын. Сонымен, не керек, қалған екі күн қамауда болдық» - деп әңгімелеп берді өмірінің сол кезеңін Дәмет Құсайынова.
Қаншама арпалыспен келген азаттықтың құнын білу, оны құрметтеп-қастерлеу – әр қазақ баласының қасиетті борышы. Дәмет, Әлия апаларымыз сияқты ұлтжанды азаматтар мен азаматшалар көп болсын, олардың бастан кешірген қиыншылықтары келмеске кетіп, болашағымыз жарқын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын дейік! Қан мен тер, күш пен ерліктің арқасында қолға түскен Егемендігімізді көздің қарашағындай сақтай білейік, азаттығымыз мәңгілік болсын деп тілейік!