Ұлық болсаң – кішік ұста көңілді,
Сол жарасар, балам, сүйтсең жеңіл-ді...
Бол ұстамды, мінез түзеп, бас сақтап,
Кішік көрін, бөсіп кетпей асқақтап.
Жүсіп Баласағұни
2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғаннан кейін, ой-пікірімізді ашық айтып-бөлісетін және өмірге өзіндік көзқарасы бар үзеңгілес бір інім маған «Қонысбай Ағуанұлы, мемлекеттік қызметте көп жыл қызмет істедіңіз ғой, кейінгі жас буын-мемлекеттік қызметкерлерге айтарыңыз бар ма?» деген сауалынан кейін, қолыма қалам ұстадым және де 1-ші реформа мемлекеттік қызмет туралы ғой...
...Зымыраған уақыт-ай, аталарымыз айтқандай «Қос атпен қусаң да...» қайта айналып оралмай, өмір-өзенінің ағысы өз заңдылығымен алға қарай тоқтамай жылжитынын қайтерсің! Саналы өткізген өмір жолыма зер салсам, қырық жылға жуық уақыт мемлекеттік қызметте болыппын. Соцализмді бастан өткізіп, нарық дәуірінде де қызмет істедім. Кәдімгі «қызыл коммунист» болдым. Партия – Кеңес жұмыстарының басын шалыппын. Әлі есімде, сол заманда В.И.Лениннің «Партия – дәуіріміздің ақыл-ойы, намысы және ар-ұжданы» деген ұранын жүрегіме байрақ етіп ұстап және сол партия құрдымға батып бара жатқанда «Ау, бұларың не масқара, партияны сақтайық!» деп, қолыма жалауша да алып шықпағаным. Оның дұрыс-бұрысына оқырманның өзі бағасын бере жатар, өйткені, мен сияқтылар миллиондап саналатын еді ғой. Бірақ, қай дәуірде өмір сүрсек те, мемлекеттік қызметшінің орны айрықша бөлек екені рас. Міне, сондықтан да «Күн көсемнің» айтқанын бүгінгі дәуірдің қояр талабына қарай өзгертіп «Мемлекеттік қызметкер - еліміздің ақыл-ойы, намысы және ар-ұжданы» десек, қателеспеген болар едік-ау! Себебі біз, дербес мемлекеттің азаматтарымыз және қызметкерлеріміз, Отанымыз-Қазақстан!
Көп жылғы еңбек өтілім мемлекеттік қызметпен байланысты болғандықтан әрі осы аралықта көргендерім мен түйгендерімді жас буын-шенеуіктермен бөліскенді жөн көрдім және кім біледі, мүмкін олардың қызмет мансабында баспалдақтап өсуіне және ретсіз сүрінбеуіне септігі тиер деп, ой тарқатқанды өзіме артық санамадым. Менің айтқандарым панацея, догма да және өсиет те емес, сондықтан да әркім өзінің тәрбиесі мен адамгершілігіне байланысты түсінуін өтінемін. Әрине, ақыл айту оңай, егер оны дұрыс қабылдар тыңдарман болса...
Парақорлық пен сыбайлас жемқорлық деген әзәзілден аулақ болу. Расында, еліміздің жан-жақты дамуына белсене ат салысып жүрген мемлекеттік қызметкерлер мол екені баршамызға аян дей тұра, интернеттен немесе басқа да ақпарат құралдарынан кейбір мемлекеттік қызметкерлердің «Ар-намыс Кодексін» аяқ асты етіп, не бір құйтұрқы әрекеттерімен мемлекет қаржысын талан-таражға салғанын оқығанда, төбе шашың тік тұрады екен. Алысқа бармай-ақ, Қостанайдағы атышулы «Акиматовское дело» ше! Күнәкәрлар кеше ғана қызметке тағайындалғанда Отанына Конституция талаптарын бұзбаймыз деп АНТ берді емес?! Ой, нағыз имансыздар-ай! АНТ бұзғандарға одан басқа не айтуға болады?! Басшысынан бастап, орынбасарлары және тағы басқалары жамырай қостап, халық қаржысын оңды-солды шашып және қомақты пара алғанын естігенімде жағамды ұстадым. Ең болмаса олар М. Қашқаридың «Ауыз жесе, көз ұялар» деген нақылын да білмей, «Құныққаннан, дәніккен жаман» үрдісімен ант бұзғанын қайтерсің! Осындайда, ресейлік кинорежиссер С.Говорухиннің кинокейіпкері капитан Жегловтың «Ұры, міндетті түрде түрмеде отыруға тиіс!» деген әйгілі кекесін формула-тұжырымы, жоғарыдағы қала «көсемдеріне» тура айтылғандай. Ал, олардың кезінде біздің еліміздің ақыл-ойы, намысы және ар-ұжданы болды деп айта аламыз ба? Жоқ. Мәселе осында ғой! Әрине, айыптыларға соттың әділ шешім шығарғанына еш күмәніміз жоқ. «Тегін ірімшіктің» тек қана қақпанның тілінде ғана болатынын ұмытпайықшы...
Өз мамандығыңның және қызметіңнің кәсіби шебері - іскер болуға тырыс. «Білімді мыңды жығады...» деп аталарымыздың айтқан нақылын әрқашанда ұмытпа, біліктілігіңді көтере біл. Тек сонда ғана өзіңді өзгеге сыйлата аласың және білімің мен іскерлігіңді бағалайды. Өз дәуірінде ел басқарған Е. Әуелбеков, Б. Петров пен О. Мұхамеджановтарды қызмет бабында және одан тыс уақытта да осы қасиеттері үшін пір тұтатынбыз әрі сыйлайтынбыз. Қоян-қолтық қызметтес болған Петров пен Мұхамеджановтар не бір мәселемен алдына барсаң да, табан астында шешіп, не дұрыс бағыт-бағдар беретін еді. Шаруашылықты дұрыс жүргізудің мән-жайын терең біліп қана қоймай, оны қалай дұрыс ұйымдастырудың оңтайлы тәсілдерін үйрететін. Сондықтан да олардың есімі осы уақытқа дейін халық аузында. Білмегеніңді сұрауға ұялма, білгеніңді үйрет.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деп халқымыз текке айтпағанын мәңгі есіңе сақта. Саған әділ баға беретін халық екенін ұмытпағайсың. «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар халықта, сондықтан да көпшіліктің пікірімен санасқан жөн. Алдыңа келген адамнан өзіңді кіші ұстағайсың, орныңнан тұрып, ізет жасап қарсы алып және шығарып сал. Бағзы заманда пәленбай мың пайғамбарлардың ішінде, тек Жүсіп пайғамбардың денесі ғана шіріп кетіпті деген аңыз бар, себебі ол, өз әкесімен аттың үстінде тұрып амандасқан екен дейді. Менің кейбір інілерім, жұмыс кабинетіне әлдебір шаруамен барғанымда орнынан да көтерілмей, кейде автокөлігінен де түспей, терезесінен қолын созып амандасқанда, мен оларға осы аңызды мысал ретінде айтамын. Әйтеуір, біреуінің есінде жүрері хақ. Ал, сен болсаң - мемлекеттік қызметкерсің ғой, сондықтан да келген адамға орныңнан тұрып сәлемдессең, тағыңнан түсіп қалмайсың! Солай ма? Мәселесін шешуге тырыс, реті келмесе де шешудің дұрыс жолын айт және саған деген сенімін арттыруға ықпал жаса. Тіпті келген шаруасын дәл қазір шеше алмасаң да, келген адам сен туралы оң пікірмен кететініне шүбә жоқ. Халықпен тығыз байланыста бол.
Егер басшы болсаң, қарамағыңдағы қызметкерлерге дұрыс талап қоя біл. «Я- начальник, ты-дурак» деген қағиданы мүлдем ұмыт, ондай тұжырыммен өзіңді сыйлата алмасыңа кепілдік беремін. Орынсыз бақырып-шақыра бермеуге тырыс, кез келген жұмыс барысындағы шиеленісті оңтайлы шешуге болады. Тек, басшы ретінде салмағың мен зілің (харизма) болсын. Ал, ол үшін мәселені шешуде өз пікірің болсын, қарамағыңда істейтін қызметкерлердің айтқанымен санаса отырып, қорыта шеш. «Жеті рет өлшеп, бір рет піш». Ұжым алдында беделіңді ешқашан түсіріп алмағайсың. «Алпыс апа, жетпіс жездеңнің» жеке шаруаларын орайластыра бермей, халық үшін қызмет ет. Ұстамды болуға тырысу керек. «Түлкі ашуын тырнадан алады» деген жаңсақ пікірден ада болған жөн. Өктемдік алысқа апармайды. Жүсіп Баласағұни атамыздың:
Жай халықсыз болмайды іс те, ештеме -
Жайлап сөйлес, жөнсіз билеп-төстеме,-дегені бар.
Қарапайым болу. Мұны былжырлық, мінезсіздік, ынжықтық деп түсінбеңіз, керісінше: мейірбан, кішіпейіл, төзімділік. Жағымпаз-жарамсақ болма. Сырт көзге Жантықтық (әдебиеттегі жағымпаздардың жиынтық образы) сондай жиіркенішті. Өз пікіріңді қорықпай әрі тайсалмай айт. Табандылық таныт.
Қызметте қалай болса солай киінбе. Таза және ұқыпты киін, алқам-салқам жүрме. Қымбат киім, қымбат сағат пен қымбат ұялы телефон және қымбат автокөлік сенің беделіңді өсіре алмайды. Орыстың «Встречают по одежке, а проважают по уму» деген нақылы бар екенін де есіңде ұстағайсың!
Әрине, осы кішкене мақаламда мемлекеттік қызметтің барлық қыр-сырын түгендеп шығу мүмкін емес болғандықтан, қызметкерлерге маңызды деген тұстарына тоқтала кеткенді жөн көрдім. Әспетте, мұны мен, өзімді дәріптейін немесе керемет бір ақылгөй ретінде емес, тек аға буынның Сіздерге айтар назы деп қабылдаңыздар да, мемлекеттік қызметкер-еліміздің ақыл-ойы, намысы және ар-ұжданы екенін ұмытпаңыздар. Мемлекеттік қызметтегі қадамдарыңыздың нақты әрі сәтті болуына әрқашанда тілектеспін. Ал, анықтамасының мәтінін өзгерткеніме Владимир Ильич ренжімес деп ойлаймын...
Қонысбай Ағуанов,
мемлекеттік қызметтің ардагері.