Алғашқы геологтардың бірі Жақан Сахипұлы ШАМШИННІҢ ерен еңбектері жайында

Биылғы алпысжылдық мерейтойда біз алғашқы құрылысшыларды, тау-кеншілерді, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, саясат, қоғам қайраткерлерін сөз етіп, олардың ғұмыр бойы жасаған істерін айтып, өз бағасын беріп жатырмыз. Әрине, олардың бәрі де орынды, қисынды, дұрыс. Дегенмен, осы Арқалығымыздың Арқаның төсінде орнығуына себепші болған боксит кеніші, әрі бұл пайдалы қазбаның көзін тауып, оның қоры өнеркәсіп деңгейінде пайдалануға жарайтын көлемде бар екенін дәлелдей түскен алғашқы геологтардың өлшеусіз еңбегі туралы көп айта бермейтініміз шындық.


Торғайдың кең жазира даласы аң-құсымен, өзен-көлімен, шұрайлы жерімен ғана емес, ол жерінің қойнауында жатқан миллиондаған пайдалы қазбаларымен маңызды, мәнді әрі құнды. Құндылығы соншалық, жарты ғасырдан астам уақыт бойы он мыңдаған адамның басты табыс көзіне айналып отыр. Шыны керек, бүгінгі күннің өзінде Торғай боксит кеніш басқармасы қалақұрушы мекеме мәртебесіне ие. Яғни, қала экономикасының басты тірегі әрі қозғаушы күші.
Қаламыздың қала болып қалыптасуына негіз салған, тау мен тасты кезіп жүріп, кен байлықтарын табатын геологтардың еңбегі әсте оңай емес. Жазда тоқтаусыз соғатын жел мен күн ұзақ тұратын аптап, қыс айларында көз аштыртпайтын қарлы борандар мен қытымыр аязды кештер – бұл геологтар жұмысындағы күнделікті көріністер. Түрлі тау-кен жыныстарын зерттеп, оның қоры қаншалықты екенін анықтаумен айналысқан бірталай азаматтардың есімін қазір екінің бірі біле бермейді. Ең атақты геологымыз Қаныш Сәтпаевты ғана мектеп қабырғасынан жақсы білеміз, геолог мамандығын осы атақты академигіміздің есімімен байланыстарымыз. Одан қалды, қала тарихынан аз-кем хабары барлар, 1950 жылдардың басында А.Н. Волковтың өмірі мен жасаған еңбектері жайында білуі мүмкін. Ал, Е. Ерекешев, С. Патрикеев, Н. Бегәділов, Е. Севастьянова, Ж. Шамшин деген геологтардың есімі көп жерде атала бермейді.


Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Арқалығымыздың алғашқы геологтарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері Жақан Сахипұлы ШАМШИН. Ол 1922 жылы Қарағанды облысы бұрыңғы Сталин кеңшарында  қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1932-1935 жылдар аралығында бұрыңғы Буденов атындағы ұжымшарда бастауыш мектеп оқып, бітірген. 1935-1939 жылдары Есіл ауданында орта мектепте білім алған, одан әрі 1941 жылға дейін Қарағанды қаласы Орджокинидзэ атындағы №8 орта мектепте оқыған. Одан кейін соғыс  басталып, 1941 жылдың тамыз айында неміс басқыншыларына төтеп беру мақсатында Қызыл әскер қатарына қабылданған. Соғыста Обь стансасындағы №19 Батыс автополкінде, Сталинград түнгі автополкінің 77 гвардиясында, Сталинград автодевизиясының 2 гвардиясында, 4-ші Украина фронтында және тағы басқа майдандарда бірталай ерлік көрсеткен жауынгер. Әскер қатарынан 1947 жылы ғана елге оралып, соғыстың зардабынан еңсесін енді тіктеп келе жатқан елдің өркендеуіне қызу араласты.
1948-1953 жылдары Алматы қаласындағы ҚазММИ-да пайдалы қазбалардың кен орындарын барлау және геология мамандығының толық курсын алып шығады және тау геолог-инженері санатына ие болады. 1954-1956 жылдары А.Н. Волковтың бастауымен жүргізілген егжей-тегжейлі барлау жұмыстарына араласып, өнеркәсіптік ауқымда боксит кеніші бар екенін дәлелдеуге атсалысқан.


Жақан Шамшиннің одан кейінгі өмірі жазық далада бой көтерген Арқалық қаласында жалғасын табады. Күні бүгінге дейін ұрпақтары Арқалықта тұрады, балалары Арман, Дастан қала халқына есімдері жақсы таныс. Себебі, осы қаламыздың төл тумалары, ұзақ жылдар бойы қала мекемелерін басқарған білікті те білгір басшы ретінде танылған. Арман Жақанұлы Шамшин қаланың тоқырауға тап болған тұсында ел тізгінін ұстап, қиын кезеңнен аман-есен өтуіне үлкен еңбек сіңірген. Қала әкімінің орынбасары тұсында осы мақаланы оқырманға жеткізіп отырған газетіміз «Арқалық хабарының» да іргетасын қалап, алғашқы сандарын жарыққа шығарған іскер азамат.


Бұның бәрі, әке көргендіктің, әке тәрбиесін бойға сіңіргендіктің айқын көрінісі деп ой түйеміз. Себебі, қандай да болса істің нәтижелілігі, жемісті болуы, халыққа пайдасын тигізуі – жеке тұлғаның еңбекке деген адалдығының жемісі. Өркениет дамуының кілті – еңбекте. Сол себептен, қазақтың кең жазира даласында орын тепкен біздің Арқалығымыз – Ж. Шамшин сияқты маңдай терін төккен еңбек адамдарының арқасында үлкен Торғай өңірінің орталығы, ордасы болып отыр. Сол себептен, 60 жылдықта бұл кісілердің атын атауымыз – қасиетті борышымыз.


Ж. Шамшиннің ерен еңбегі мен соғыстағы жанқиярлық ерлігі бағаланып, талай марапаттар берілген. ІІІ дәрежелі Диплом, Ұлы Отан соғысының 20-жылдығы, КСРО Қарулы күштерінің 50 жылдығы, «Еңбек ардагері» медалі, КСРО Қарулы күштерінің 60 жылдығы және тағы сол сияқты марапаттары оның ғибратты ғұмыр, өнегелі өмір сүргенін дәлелдеп тұр.


Ж. Шамшин және тағы басқа геологтардың барлау барысында атқарған жұмыстары тиянақты түрде жазылған құжаттар күні бүгінге дейін сақталған екен. Қазіргі таңда Арқалық қаласының мұрағатында геологтардың тынымсыз еңбегі жайында біраз мағлұмат бар. Солардың ішінде Ж. Шамшин туралы бірнеше құжаттар сақтаулы. Олардың әрқайсысы – өз ісіне беріліп, аса құлшыныспен жұмыс істеген патриот жандардың үзік-үзік өмір және еңбек хикаялары.
Бүгін адал еңбекке әділ баға беруіміз керек. Себебі, Ж. Шамшин сияқты тұлғалардың өнегелі істері өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жоғары. Атасын сыйлаған абыройға бөленер демекші, Ж. Сахипұлы сияқты кезінде талай еңбек сіңірген азаматтарға сый-құрмет көрсету баршамызға да парыз.



Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ

Комментарии Статьи