Төкен ағаға төте өлең

 

Әкем Сейіт тығыз шаруасы болып театр директоры Төкен аға Елтебаевты іздейді. Театр «мәдениет басқармасына кетті» дейді. Ол жер «музейге кетті» дейді. Онда барса музей бастығы бір әйелмен кетті дейді. Бұған ыза болған әкем Сейіт:

 

            Таптырмайсың іздесе,

            Қуып жүрмін із кесе.

            Дос-жаранды ұмыттың

            Не пәлең бар қыз десе? – деп қағаз жазып жіберіпті.

 

Қайтып келген жігіт

 

Белгілі театр өнерінің майталманы, режиссер Жамбылбек аға Есенбеков Торғай облыстық музыкалы драма театрында бас режиссер болып істеп кейін Қарағанды және басқа қалалардағы театрларда болып біраз жылдардан соң Торғай театрына қайтып оралыпты. Оны жаңа жұмысымен құттықтай келіп сатирик ақын Сейіт Кенжеахметұлы:

- Қайтып келген қыз - жаман,

Қайтып келген жігіт –жақсы, - деген екен.

 

Баспалдақ пен қос балдақ

 

Машина апатынан кейін аз уақыт балдақпен жүрген Сейіт шаруасы болып облыс әкімшілігіне барып лифтке келсе жастар жағы жапырлап кіріп лифт жүрмей қалады. Сонда сатирик:

- Ал, жастар, сендер лифт қосылғанша күте тұрыңдар, менің баспалдағым мен қос балдағым аман болсын, - деп лифтіні күтпей жүріп кетіпті.

 

Кемпір дегенде қайтесің?

 

Бір әйел замандастарының «қатын» дегеніне ашу шақырып, ауыр сөздер айтыпты. Оған басу айтқан ақын-сатирик:

- Замандас, қатын басыңмен қатын дегенге ашуланасың, ертең «кемпір» дегенде қайтесің? – деген екен.

 

Жасы екіге бөлінеді

 

Әкем Сейіт Аманкелді ауданын аралап жүргенде қасындағы жүрген бір ақын мас болып қалып мазасын алса керек. Сөйтіп отырғанда бір-екі ақсақал келіп жөн сұрасады. Ақын жөнін айтады. Жанындағы жігіттің ерсілеу сөздерін естіген үлкендер:

- Мына жолдасыңның жасы нешеде? – деп сұрайды.

Сонда әкем өзіне ғана тән тапқырлығымен:

- Бұл жігіт жасы жөнінен екіге бөлінеді. Жасы 45-те, ақылы 15-те, -деген екен.

 

 Ару мен ауру

 

С. Кенжеахметұлы Арқалық педагогика институтында қазақ әдебиеті тарихынан дәріс беріп жүріп өз тілін шала білетін қазақ қызына «сендей ару қыздарға өз тілін білмеу жараспайды» дейді. Қыз ата-анасына «мені ауру қыз деп айты» деп жылап барады. Ата-анасы институт ректоры Мырзағали аға Төлегеновке барып арызданады. Ректор Кенжеахметұлын шақыртады. Ұстаздың «ару» дегенін студенттер растап береді. Ата-ана сатирик-жазушыдан кешірім сұрайды. Іс соңында әкем С.Кенжеахметұлы қыздың атан-анасына қарап:

- Сіздің қызыңызды енді ауру деп айтуға болады, - деген екен.

 

Сөзі аузына сыймаған

 

От тілді, орақ ауыз әкем Сейіт сатириктің бет-жүзіне қарамай тура айтатын. Жақын досы, өнер мен өмірде үзеңгілесі  Жұмағали аға Өмірбек оған «шамалап айтпайсыз ба, сөзіңіз батып кетеді ғой» десе, Сейіт:

- Айтпасам, сөзім аузыма сыймайды, - деген екен.

 

Тас па, мен бе?

 

 Қыстың күні жер көк тайғақ болып екі-үш жолдасымен келе жатып, тас төселген жерден өте бергенде әкем Сейіт тайып жығылады да, бірдеңе тырс ете қалады. Жанындағылар шошып кетіп Сейітке келсе,  әзілі үзілмейтін ол:

- Қараңдаршы, тас сынды ма, мен сындым ба екен? – деген екен.

 

 Қырандар биікте тұрады

 

«Шылбырынан сан ұстаған» ағасы Ғафу аға Қайырбеков Арқалықта «Рубин» дүкенінің үстіндегі Сейіт үйінде қонақта болады. Сегізінші қабаттан қарап тұрған аға ақын сол кездегі жас ақынға:

- Сейіт-жан, тым биікте тұрады екенсің, - дегенде, інісі:

- Ғафа, қырандар биікте тұрады, - деп жауап беріпті.

 

Әруақтардың да аузын ал

 

Сатириктің нағашыларының бірі істі болып, заң орындарының адамдарын өйтіп-бүйтіп аузын қаратып алса керек. Істің беті бері қарап, сот болатын күн жақындағанда нағашысы әйеліне:

- Бүгін әруақтарға арнап шелпек пісір, құран оқытып жіберейік,- десе керек. Мұны естіп тұрған ақын:

- Иә, әруақтардың да аузын ала бермесеңдер болмас, - деген екен.

 

Дәл уақыт

 

Әкеміз жазушы Сейіт айтқан сөзіне берік және уәделі жерінде дәл уақытында жететін, ешқашан кешікпейтін. Осыған  сәйкес кешігіп жүргенді де ұнатпайды. Бірде әкемді біреулер қонаққа шақырады. Шақырылғандардың бірі тура бір сағатқа кешігіп келді. Сонда әкем үй иесіне қарап «бізді сағат бірге, ал бұл кісіні неге екіге шақырдыңыз?» деген екен.

Аманкелді ауданының әкімшілігі әкем С. Кенжеахметұлын оқырмандармен кездесуге шақырады. Аманкелдіден 140 шақырым Арқалықта тұратын жазушы сағат 11-де жетемін деп уәде береді. Қыс, күн борандатады. Жұрт көп жиналған, жазушы көрінбейді. Басталарға 2  минут қалғанда жазушы кіріп келеді. Келе алмай қала ма деп жаны қысылған әкімнің орынбасары  Әбдіқадыр аға Әбілтаев:

- Аға-жан-ау, бір 15-20 минут бұрын келсеңіз қайтеді. Біз қатты састық қой, - десе, жазушы:

- Өздеріңіз 11-ге шақырған жоқсыңдар ма? – деген екен.

 

Дүниеге кедей болсаң

 

Әкем Сейіт дүние-мүлік жинамайтын, кітап жинаған адам болатын. Біздің үйге  келген бір әріптесі:

- Секе, дүниеге кедей екенсің ғой, - депті.

- Дүниеге кедей болсаң, өнерге бай боласың – деп жауап берген болатын.

 

Әкем өзі жинақтаған, бір ізге салып зерттеп, көпшілікке шын ықыласымен ұсынған халқымыздың салт-дәстүрінде қалжыңның түрлерін берген. Соның ішінде құрдастар қалжыңының үлгісін көрсетіп кеткендей...

 

Құрдастар қалжыңдары

 

Белгілі жазушылар Қойшығара Салғараұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Қоғабай Сәрсекеев және журналист Сабыржан Шүкіровтер бір ауданда және бір жылы туған құрдастар екен. Олардың кезінде бір-біріне айтып жүрген жарасты әзілдері жұрт аузында жиі айтылады.

 

Кім озады?

 

Бірде Қойшығара, Қоғабай, Сейіт оқырмандар арасында болып, топ ішінен біреуі:

- Осы үшеуіңнің қайсысың озық жүресіңдер? – деп сұрапты. Қоғабай мен Қойшығара бір-біріне қарайды. Сол сәтте Сейіт орнынан тұрып:

- Кітапты сапалы әрі тарихи тақырыптар жазуда Қойшығара озық келеді. Өзі сияқты жуан-жуан етіп шығаруда Қоғабай озады. Ал, өзім сияқты жіп-жіңішке әрі жиі-жиі шығаруда мен озамын. Егер үшеуміз күресе кетсек Қойшығара жығады. Жарыса кетсек мен озамын. Төбелесе кетсек Қоғабай жеңеді, - деген екен.

 

Ел мен жер өзгерсе

 

Жанында бір топ серіктері бар Қоғабай мен Сейіт ел аралап келе жатады. Туған аулына келген Қоғабай жолда тоқтай қалып:

- Жер де тозып өзгерген екен-ау. Мына жер біздің жас кезімізде жайқалған шабындық еді, енді қоғажай басып кетіпті, - депті. Сонда Сейіт:

- Жер өзгерсе шөбі қоғажай болады, ел өзгерсе жазушысы Қоғабай болады, - деген екен.

 

Мәтел

 

Отырған жерде Қойшығара ағаның кітап қарап отыратын, Қоғабайдың қыз-келіншектерге көз салып отыратын, Сабыржанның шәйді көп ішетін әдеттері бар екен. Соны байқаған Сейіт: 

Қойшығараға кітап көрсетпе,

Қоғабайға қыз көрсетпе,

Сабыржанға шәй көрсетпе, - деген мәтел шығарыпты.

 

Қойшы мен Қоға

 

Бір жылы Қоғабай, Қойшығара, Сейіт үшеуі Торғайға барыпты. Үшеуінің қабат келгеніне таңданған біреу, Сейіттен:

- Неғып жүрсіңдер? – деп сұрапты. Сонда сатирик:

- Қойшыға қоға аралатып жүрмін, - депті.

 

500 жыл қуу

 

С. Шүкірұлының алғашқы жинағы оның елу жасында шыққан екен. Соны ұстап отырып Сабыржан:

- Енді Сейітті қуып жетуім керек, - десе керек.

Сонда сатирик:

- Менің он кітабым шықты. Сен елу жылда бір кітап шығарасың. Сонда мені әлі 500 жыл қууың керек қой, - деген екен.

 

Төбеге отыру

 

Арқалықта жаңа үй беріліп одан Сейітке жоғары, Сабыржанға бір қабат төменнен пәтер тиіпті.

- Екеуіңіз неге бір қабаттан алмағансыңдар? – деп сұрапты Жұмағали аға.

- Мен Сабыржанның төбесінде отыруым керек қой, - депті әкем Сейіт.

 

Өлі Сталиннен...

 

Біздің үйдің төрінде бұрын И.Сталиннің суреті ілініп тұратын. Кейін біз ол суреттің орнына әкем Сейіттің өз суретін іліп қойдық. Мұны байқаған жолдастары «мына жердегі Сталиннің суреті қайда?» дегенде Сабыржан Шүкірұлы:

- Оны сұрап қайтесің, өлі Сталиннен тірі Сейіт артық қой, - деген екен.

 

Х Х Х

 

Өмірден ерте кеткен ақын Шәміл Мұхамеджановтың туғанына 60 жыл толуын атап өтуге Ғафу аға Қайырбеков бастаған ақын, жазушылар тобы марқұмның туған жері «Албарбөгет» совхозына барыпты. Совхозға бүкіл Жанкелдин ауданының халқы жиналып тойды жақсы өткізіп, совхоз басшылары келген қонақ ақындарға ат мінгізіп, шапан жауып, соларды қошеметтеп, Торғайдың өз ақыны әкем Сейітті елеусіз қалдырыпты. (анам Тұрсынның руы Ожан, әкем Сейіт осы елге күйеу). Бұған назаланған Ғафу ақын Ожан руының ауыл ақсақалдары мен басшыларына ренжіп қайта-қайта айта беріпті:

Сонда Сейіт сатирик былай депті:

            Ақын көңілі шайдай ашық аспан екен,

            Сол көңілді ожандар басқан екен.

            Күйеуін пайғамбар да сыйлад деуші еді,

            Пайғамбардан «бақа жеген» асқан екен

(Ожан руын әзілдесетіндер «бақа жеген» деп қағытады екен).

 

Х Х Х

 

Жастары кіші болса да Жұмағали аға Өмірбеков әкем Сейітпен құрдасындай әзілдесе беретін. Ол кезде Жұмағали аға кітапқұмарлар қоғамының бастығы болса керек. Кейін кітап саудасы бөлімінің басшысы болыпты. Жұмағали аға «Секе, осы жұмысым қалай?» дегенде әкем:

            - Қарағым, айналайын, Өмірбеков,

            Кітапта қаласың ба өмірі бекіп?.. деп келе жатқанда Жұмағали аға «осының аржағын айтпай-ақ қойыңызшы» деп жалыныпты.

 

Х Х Х

 

Бірде әкем Сейіт Жұмағали ағадан кітап сұрап барса ол кісі әдейі «әне, міне», деп сылтаурата беріпті. Сонда ақын:

            «Әнең-мінең діңкемді құртып жүр-ау,

            Ағаң бір сөз көңілге іркіп жүр-ау,

            Сылтау айтып сынаптай сырғақтайсың,

            Інім сені, бірдеңе түртіп жүр-ау, - депті.

- Қап, бәлем ішегіңізді шұбалтпасам ба? – депті інісі.

       - Інім-ау, неге бұлай шектен шықтың?

            Басқаны қойып бәрін ішектен шықтың!

            Қасқырдайы қақпандағы қырылдайсың

            Бар еді арт жағында қандай мықтың? – депті.

Жұмағали сөз таппай отырып қалғанда, телефон шырылдап, одан жіңішке дауыс естіліп тұрады. Аға оған «кітап бар, жарайды, ертең келіңіз» деп күлімдеп жауап қатады. Сонда Сейіт:

            Қызарып қыз сөйлесті қымыңдадың,

            «Жарайды, ертең кел» деп жымыңдадың,

            Кітаппен қыз саудасын жасап жүрсің,

            Ағаңыз сезіп отыр мұның бәрін – дегенде, Жұмағали аға:

- Аға, керегіңіздің бәрін алыңыз да, ана өлеңіңізді маған беріңізші, – деген екен.

 

 

Сейіт айтқан  екен...

 

Белгілі сатирик әкем  Сейіт Кенжеахметұлының есімі көпке белгілі болатын. «Сейіт айтыпты» деген сөздер қазір ел ішінде жиі айтылып жүр. Әкеміз Сейіт жас кезінде өз аулына барып, ауыл үлкендеріне сәлем беріп жүрсе, сараң ағайындарының бірі:

- Шырағым-ай, сирек келетін бала едің, мал өріске кетіп қалып еді, - деп қипақтай беріпті.

Сонда әкем Сейіт:

- Ақсақал, малыңыз «бүгін өрістен оралмаспыз» деп айтып кетіп пе еді, - депті.

 

Х Х Х

 

Төкен аға Елтебаев жаңа «Жигули» машинасын алып әкем Сейіт екеуі Аманкелдіге бет алыпты. Төкен аға асықпай жүреді екен, бұларды артынан келген машиналардың бәрі басып озып кете беріпті. Бірақ оған сасатын Төкең аға жоқ. Ақыры жететін жерге жетіпті-ау.

- Иә, қалай жақсы жеттіңдер ме? – депті бұлардан жігіттер.

Сонда әкем Сейіт айтыпты:

- Арқалықтан шыға біз де қырықпен сілтедік. Бірақ, бізді самосвал да басып озды, бензовоз да басып озды, трактор да басып озды! Болмаған соң қырық беспен сілтедік! Сол бетімізбен екі бірдей машинаны басып озып тарта бердік. Артыма қайырылып қарасам, екеуі де тоқтап тұрған машина екен, - депті.

 

Төрт соққының бағасы

 

Сейіттің кезінде Торғайда біреу «ілік едік», «жақын едік» деп келіп, кетіп жүреді екен. Онымен қоймай «бізге де келіп тұрсаңшы» деуді де ұмытпайды екен. Бір жылы сәті түсіп әкем Сейіт соның үйіне соғады. Үй иесі онша ыңғай бере қоймай, самарқау сөйлесіпті. Оны сезген жас ақын кетуге ыңғайланғанда анау:

- Жай жүрсің бе? – десе керек. Сонда әкем Сейіт:

- «Кел» деген соң келген ғой, «кет» деген соң кеткен ғой, - депті.

- Мен «кет» дегенім жоқ қой, - дейді үй иесі шамданып.

- «Кет» дегенді тіл ғана айтпайды, тыржиған мұрын, қыржиған мойын да айтады, түксиген қабақ, шүртиген ерін де айтады, топырақтанған бет те айтады, ең ақыры анау сөредегі ет те айтады, - депті әкем Сейіт.

Бір тықырдың жақын тұрғанын сезген үй иесі:

- Бір соқпадың тоқпақпен төрт соқтың, «отыр» дегенмен енді отырмассың бір қойымды салып берейін. Айыбым да, ауызбастырығым да, қонақасым да соның ішінде болсын, - деген екен.

 

Мен де жүрмін ғой...

 

      Күйеу баласы Асылханды әкем пысықтығы, әділдігі, шыншылдығы үшін жақсы көріп жақын тартатын. Сол күйеу баласы жүк машинасын сатып алғанда, әкеме «Көріңіз, бата беріңіз» - деп үйінің алдында тұрған машинасына ертіп апарады. Машинаны айналып  қарап жүрген қайын атасы  Сейітке күйеу баласы Асылхан:

-          Папа, машина бірақ 1993 жылғы, - дегенде, әкем:

-          Оқасы жоқ, мен де жүрмін ғой 1939 жылғы, - деп бәрімізді күлдіргені бар.

 

 

 Жинақтаған қызы

 ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ КЕНЖЕАХМЕТОВА,

Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық

 колледжінің әдіскері

Комментарии

Ақмоншақ Жабатайқызы
#1 Ақмоншақ Жабатайқызы 28.01.2014 11:39 Цитировать
Өзім де оқып, әріптестеріме, оқушыларыма да оқытып бір жасап қалдық. Әрі күлдік, әрі нағашымды мұңайып еске де алдық. Өзі жоқ болса да, сөзі мәңгілік тұлғалардың бірі ғой нағашым.

Комментарии Статьи