Осы бір ауыз сөз кез келген адамның көкейінде жүрген үмітін, аңсаған арманын білдіріп тұрады. Біреулер ержетіп үйленсем, сөйтіп сүйіп алған жарымның беташарын өткізсем деп ойлап жүреді.
Енді біреулер өскен соң келін боп, ақ босаға аттап, барған жерінде бет аштырып, тойға жиналған жұрттың мәре-сәре күй кешіп жатқанын көруін ойлап, осы қуанышқа қашан жетер екенмін деп армандайды. Баламыз үйленіп, келін әкеліп, беташарын өткізіп жатсақ қой деген ата-аналар аңсауы да орынды. Осылайша өмірге келген кез келген жанның асыға күткен осы бір қуанышын өткізгенге дейінгі ойынан кетпейтін, іштей мазасын алып жүретін беташарды қалай өткізіп жүрміз? Ағайын-туыстың, жақындарымыздың өткізген бет ашарлары қалай болып жүр, - деген сұрау бір менің ғана емес, барша жамағаттың жадында жүруі мүмкін. Осының жөні қалай екен, - дегенді үнемі ойлап, бүгінгі беташар басқаша бағыт алып кеткеніне қынжылатындар да бар. Ендеше осы беташар әңгімесіне көшейік.
Сонау 30-40 жылдарда қазақтың тапшылық құрсауында болуынан беташарға апарар лайықты сыйлықтарының көбісі қолындағы малымен есептелген. Беташарға қатынасқан ағайын келіннің көрімдігі деп қой, тай, қашар, бота, тоқты беретін болған. Бет ашу кезінде үй иелеріне, болмаса жаңа түскен келінге көрімдігіміз деп малдарын атап кетеді екенде кейінде сол малдарын әкеліп беретін болса керек. Сөйтіп, бет ашардағы түскен көрімдік үй иесіне, болмаса жаңа түскен келінге беріліп, солардың игілігіне жұмсалатын болыпты.
Осы келіннің бетін ашу кезіндегі көрімдікке жиналған мал-мүлкікелін түскен үйдің мұқтажын өтеп жататын болса керек. Оны бізде сонау 1950 жылға дейінгі уақытта көріп жүрдік. Шындығында бүгіндері де осылай болуы керек қой. Сөйтіп, келінді көргені үшін ағайын-туыстың берген көрімдігі келіннің қолына ұстатылғаны жөн. Ал, жаңа түскен келінді ондай шаруаға араластырғысы келмесе, онда мынау келініңе біздің берген көрімдігіміз деп сол келін түсіріп жатқан үйдің иелеріне берсе де болады. Бұл да дұрыс.
Бет ашу кезінде келіннің алдында дастархан жайылып, көрімдік сол дастарханға тасталған жағдайда бет ашу аяқталысымен, ол дастарханды келіннің екі жағында тұрғанда жеңгелері жинап алып, үй иелеріне беретін. Үй иесі оны ырым етіңдер деп тойға жиналандарға үлестірген. Одан қалғанын өздері алған. Ойлап қарасаң беташарға жиналған көрімдік түріне қарамастан жаңа түскен келінді көргені үшін берілетін не мал, не ақша, не зат. Оның иесі келін бала, болмаса сол үйдің иелері. Сол түскен ақшаны, не затты, не малды үлестіріп тойға жиналған көпке бере ме, болмаса өзі алып пайдасына жарата ма - оны үй иесі, болмаса жаңа түскен келін біледі.
Осындайды көрген, осыны жөн деп жүрген біздерге бүгінгі күннің бет ашудан түскен қаржыны, табысты бет ашқан азаматтың иемденуі, орап алып қалтасына салып алуы не қазақшылыққа, не қашаннан келе жатқан әдепке жатпайтын, озбырлыққа құрылған,құныққандықтан туған жаман әдет.
Бет ашу рәсімін өткізуге той иелері өздеріне жақын, болмаса өздері танитын азаматтарды шақыруы мүмкін. Бет ашқан азамат сол рәсімнен кейін тойға қатынасып, сол жиында ән айтып, күй тартып, көптің көңілін көтерудің жайына көмектеседі. Бет ашқан азамат сол қызметі үшін үй иесінің құрметіне бөленіп, олар ұсынған сыйға разы болып аттанады. Ал тойы өткізетін адам бет ашқан азаматтан басқа болған.
Бүгіндері үйлену тойларын өткізуге асабалар шақырылады. Олар сол тойды өткізіп беретіндіктеріне келісе отырып, өздерінің алатын ақыларының мөлшерін айтады. Сөйтіп, тамада, кейде асаба аталатын той жүргізушілер жалданады. Той біткен соң тисті ақысын алады. Осы ақша табуды қажет еткен асаба, тамада бет ашу рәсіміне ешқандай да қатысы жоқ екенін біле отырып, осы жұмысты да атқаруға араласуда. Сөйтіп, одан түскен бар олжаны қанжығасына байлап жүріп кетеді. Бұлай ету дұрыс емес.
Шындығына келетін болсақ бет ашардан түскен табыс, асабаға беріліп жатқан жоқ, ол келінді көрдік деген ағайын туыстық көрімдігі еді ғой. Сондайды көрген едік. Көргенімізді айтайық десек, көкейін ақша тескен тамадалар бұл біздің еңбегімізге берілуі керек деп ағайын-туыстыққа есеп жасамай, қалайда сол тойдан мол ақы алуды мақсат етеді. Өзінікін жөн санап, той өткізуге келісілген қыруар ақшаны бір бөлек санап, беташардың табысына жармасатындары лайықсыз-ақ.
Бет ашуға той иелері арнайы адам шақырып жатады екен. Ондағысы-келіннің бет ашу рәсіміне ерекше мән беріп, оны той өтетін жерге апармай өзінің шаңырағында өткізу. Бет ашушы болып белгіленген адамдар ақын болғаны, термеші, жыршы болғаны абзал.
Бет ашушы адамның бүгінгідей ұзын-ұзақ адамдардың атын айтып сәлем жасатуы да орынсыз. Тіпті жаңа туған баланың да атын қосып, соған сәлем жасатып жатады. Ондағысы әрбір аталған есім иесі ақша тастайды да қоржын толады. Соған есеп жасаған асабалар, тамадалар бет ашуды өзінің пайдасына қарай бұрып, бейімдеп алған. Елмен, ағайын-туыспен таныстыру үшін бет ашатын адамның сол әулетті жете білгені абзал. Келін жайынан да хабардар болғаны дұрыс. Ол жеке адамдардың аттарын тізбелей айта бергенше жиналғандарға да сәлем жасатқаны артық емес. Ал, бүгінгі бет ашатындар көпті ысырып қойып, өзіне сәлем жасатады. Туысы болса, сол үйге жақындығы болса бір сәрі, жалданып келген тамаданың келіннен құрмет көргісі келіп сәлем жасатқанына жол болсын.
Бет ашуда адамдардың атын атамай-ақ, әулетке, осы тойға жиналған қауымға, келін түсіп жатқан шаңыраққа сәлем жасатса жетіп жатыр ғой. Тіпті бет ашуды келін түскен күні ағайын-туыстардың барымен үйінде өткізіп, асхана, ресторандардағы жиында загс арқылы неке қиюды өткізсе нұр үстіне нұр болар еді.
Бет ашуға ерекше мән беріп, ондағы айтылар ой әркімге де әсер ететіндей болып айтылса, тіпті сол келінге арнап шығарылса артық болмас еді. «Құрт ұрлама келіншек, тұр-тұрлама келіншек» деген сөздер беташардың мазмұнын маңыздандырып жатудың орнына сол беташардың ажарын кетіріп, құнын кемітеді. Сол келіннің жаңа қадамына құт тілесе, сол келіннің жаңа отауға ырыс-береке болып келуіне тілек айтса дұрыс болар еді. Жақсы сөз жарым ырыс дегенді еске алып келінге де келін түсіріп жатқандарға да айтар сөз табуға болады ғой. Ендеше кешегі тойда айтылған беташарды бүгінгі тойға әкеліп жаттанды сөзін судай сапыра бергеннен аулақ болайық, ағайын. Бет ашу да - тәрбиеге толы рәсім. Білген жанға беташар өмірге келін жасап жатқан жаңа қадамның басталуын көрсетеді. Келін бастаған жаңа өмірді паш етеді.
Бүгіндері өтетін тойлар баяғының тойларына ұқсамағанының сыртында той деген атына сәйкеспейтін бір даңғазаға айналып кетті. Кіріп барғаннан қашан той біткенше ешкіммен сөйлесе алмайсың, тек той жүргізушілер даңғырлатып қосып қойған әуен жиналған жұрттың аузын жауып, құлағын бітеп меңіреу күйге түсіреді. Тойдың басынан аяғына дейін сөз сөйлене береді. Жиналысқа келіп, бір келелі мәселені шеше алмай пікір айта беретін және қанша уақыт той өтсе сонша уақыт бітпейтін айтыла беретін сөз. Ол сөздер жаттанды, бірінің айтқанын екіншісі айта береді. Мезі боласың. Алматыдағы үш жүздей адам жинаған тойға қатынастым. Соншама жұрттан 4-5 адам ғана сөз сөйледі. Тойды екі адам жүргізді. Екеуі де домбыраны пайдаланып, көпшілікті ән мен күйге бөледі. Даңғырлаған музыка қойылған жоқ. Ән айтқандардың көбісі сол тойға келген қонақтар болды. Біз сол тойдан алған әсерімізді көпке дейін айтып жүрдік. Бір бақылағанымыз домбыраға жол бермей жұрттың басын ауыртып жүрген даңғырлақсыз, тыныштықта өткеніне риза болдық. Бүкіл айтылған ән, тартылған күй көнеден келе жатқан домбырамыздың сүйемелденуімен орындалып жатты. Сол тойдан тағы бір бақылағанымыз арақ-шарапсыз өтті. Ішімдіксіз өткен осы тойда жұрт екі жастың отау құрып жатқан қуанышына арналған тілектерін тамылжыта, тамсандыра айтып жатты. Үзіліс жарияламай-ақ стол басында отырған көпшілікке әртүрлі ойындар да ұсынылып, көңіл көтерудің көптеген шаралары жүзеге асты.
Ал, бүгіндері өтіп жүрген тойлардан тарап бара жатқандардың мас болып кетуі, тіпті үйленіп тұрған жігіттің масайып қалуы, тамаданың арақ ішкендіктен тойды аяғына жеткізе алмай жатып қалуының куәсі болып жүрміз. Ал, той дастарханына ішімдікке тойып алған үлкендер ықылық атып, сөзін ешкім түсінбейтіндей етіп балдырлатып бата беріп жатқанына жаның күйзеледі. Не дегенде де біздердің бүгінгі көріп жүрген тойларымыз өзінің арнасынан айырылып қалған, мақтаншақтыққа есептелген, не үшін өткізіліп жатқанын ұмытқан, даңғырлақтың дауысы жұртты шаршататын той болып өтуде. Бармасаң ұят болады, барсаң берекең кетеді. Жалпы тойдың өтуіндегі белең алған берекесіздіктер жеке әңгіме. Біздің айтарымыз бет ашудың жайы. Келін түсіргендердің көбісі тойды келін түскен сол күні өткізе бермейді. Сол себепті келін түскен күні бет ашарды өткізіп, тойды жағдайына қарай өткізіп жатса артық емес. Ең бастысы келіннің бетін ашуды бір айдан кейін өтетін тойға дейін өткізбеу орынсыз-ақ. Ақ босаға аттаған келіннің бетін ашудың тез өтуі, кешікпеуі керек. Соны да естен шығармаған абзал. Той өткізудің басты мақсаты үйленген жастарға тәлім айту, тәрбиеге негізделген тілек білдіру болғаны артық. Әр той иелері өз қуаныштарын бөлісу үшін жинаған ағайындарына, үлкен-кіші туыстарына, көршілеріне жақсы той жасауды ойлап, оған тиянақты дайындалғаны дұрыс.
Біздің айтайын дегеніміз той өткізу оңай емес. Көп жерлерде осы тойлардың өтуіне көңілің қалады. Аяғы төбелеспен аяқталып жүрген тойлар оның иелеріне де ұят, жиналған жамағатқа да қиянат. Осыларды еске алып, алдағы өтетін тойлардың қызықты болып, тартымды болып өткенін қалаймыз. Солай боларына сенейік.
Хамит Досжанов
Комментарии