Кеңес кезінде Аманкелді ауданында екі бірдей шаруашылықты Торғай облысының үлгі-тірек  шаруашылығы дәрежесіне көтерген (Қазақстанның  40 жылдығы атындағы және Коммунизм жолы) Республикалық,одақтық жарыс  жеңімпазы атағын иеленткен, басқару стилі өзгеше, халықты еңбек етуге жұмылдырып, тіл табыса білетін,

асқан ұйымдастырушылық қабілетімен тізерлеп қалған шаруашылықтардың тасын өрге домалатқан бір азамат болған еді.Ол - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы-ның еңбек сіңірген қызметкері,  Қазақ ССР-і оқу ісінің үздігі, білгір басшы, ел жанашыры ,өнер мен білім, спорт қамқоршысы марқұм Әбдісадық Баймұқанұлы Нұржанов болатын.Көзі тірісінде ширегіне келмейтін, іштей күндейтіңдер , сол кездегі аудан  тұтқасын ұстап отырғандар аудандық газетке  танымал тұлғаның өмір жолы, еңбек табыстары ,елге жасаған қызметін көрсетіп,  қазанама  да  жарияламады. Қарапайым халық, өзі басқарушылық өнердің алғашқы баспалдақтарынан    өткізген шәкірттері  - Астанадан бұрынғы Аманкелді, Арқалық аудандары әкімі болған , құрылыс ұйымы басшысы  - Жомарт Түбекбаев, Ақмола облыстық    телерадио компаниясы жетекшісі   Жалғасбек Сүлейменов елге келіп,  деректі телефильм түсіргеннен кейін барып Әбекең жайлы материалдар жариялана бастады.

     2009 жылы 14 қарашада аудандық Мәдениет үйінде Әбдісадық  Баймұқанұлын                    еске алуға арналған жиын өтіп,соңынан балалары ас берді. Жиында  мінберге кө-терілген Ұлы Отан соғысы ардагері, көп жылдар кеңшардың бас бухгалтері, директоры болған Қайролла  Бәйділдин,Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер , күйші, сазгер Айтбай Мұздаханов тағы басқалар ел аяулысының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі еңбек жолын бастаған , кейіннен қамқоршылық көрсеткен  Жасбуын орта мектебіне атын беру жөнінде ұсыныс жасаған еді.

     Осы жиында сөз алған Қарасу ауылы тұрғыны, бұрынғы кеңшар  директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Дүйсен Базарбаев,сол кездегі аудан әкімі орын-басары Жансұлтан Тәукенов, бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар-дың  аға шопаны, Қос еңбек Қызыл ту  ордені иегері  Балға Нұрғожин , партия, шаруашылық органдарында басшылық қызметте болған, еңбек ардагері, марқұм Қабден Қожахметов, ауыл шаруашылығы бөлімі бас маманы, шәкірті Сапар Жаңбыршиндер ел ардақтысының  аудан эканомикасы мен мәдениеті, ауыл тұрғын-дары әлеуметтік жағдайларын жақсартудағы ерлікке тең еңбегін тебірене айтты.

     Ә.Нұржанов 1926 жылы 15 қарашада Байғабыл ауылында туған,  әкесі Баймұқан Нұржанов сол кездегі шаруашылық серіктестігінде ферма меңгерушісі болған. Байғабыл мектебінде білім алған ол Меңдіқара педагогикалық училищесін  үздік бітіріп, еңбекке ерте араласады. Соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын басып, ерте есейген жас жігіт 1945жылы әскер қатарына шақырылады.1945-50 жылдар аралығында Кронштадта кеңестер Одағы Әскери-теңіз Флотында қызмет еткен 5 жыл мінезінің қалыптасуына, өмір мен қоғамға көз қарасы өзгеруіне ,орыс тілін үйренуі мен ой-өрісінің кеңейуіне үлкен ықпал етеді.1951жылы Магнитогорск қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп,төрт жылдан кейін туған еліне орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып оралып, еңбек жолын Жасбуын мектебінен бастайды. Сол кезде  бірге еңбек еткен Мырзабек Қоржынов айтуы бойынша орыс жерінде әскерде болып ,оқу оқып, 10 шақты жылын өткеріп келген оның маңайынан оқушы-лармен қатар жастар елі шықпайтын болған. Жас маманның іскерлік және ұйымдас-тырушылық  қабілеті ерте көзге түсіп ,1960-1972 жылдар   аралығында  Қазақстан Компартиясы Аманкелді аудандық  комитетінде, аудандық  атқару комитетінде лауазымды  қызметтерде, Қайғы мен Сарыторғай совхоздары партия ұйымы  хатшысы, аудандық халықтың бақылау комитеті торағасы болады.

      1972-1990  жылдарда «Қазақстанның 40 жылдығы», «Коммунизм жолы» кеңшар-лары директоры, еңбек демалысына шыққаннан кейін Аманкелді поселкелік  кеңесі төрағасы болып істейді.

     «Қазақстан 40 жылдығы»  совхозын  басқарған жылдарда жаңа үлгідегі типті машина, трактор шеберханасы,екі қабатты 120 балаға арналған бала бақшасы,419 оқушы бір мезгілде білім алатын типті мектеп ,әмбебап дүкен ,типті мал қоралары, күніге 10 тонна мал азығын ұқсатып шығаратын (гранул) цех, сүт фермасы комплексі, ондаған тұрғын үйлер мен мәдени обьектілер салады. Ауданда тұңғыш рет мектеп оқушыларының өндірістік бригадасына арнап құрылыс комплексі салынып ,Торғай облысына іс-тәжірибесі  таратылды .Нұржановтың шаруашылық басқару стилі әріп-тестерінен өзгеше еді. Ерте тұрып ,кеш жатып, демалыс күндері дегенді білмеуші еді. Адам бойындағы мүмкіндіктерін жіті танитын, елмен тіл табыса білетін,  берген тапсырмасын ұмытпайтын , орындалуын үнемі бақылайтын , өз жанын аямай бар істе де әуелі өзі үлгі болатын. Қонаққа дәл уақытында барып, өзгелерден де соны талап ететін. Еңбек тәртібі, орыныдаушылық  тәртіпті жоғары қоятын және бұл істе өзі үлгі көрсететін. Біреулер оны тым қатал дейді, шындығында ол кісі ақкөңіл,  әзіл- қалжың-ды жақсы көретін және орынды қолдана білетін, сөзге шешен,ойы ұтқыр , айтқыш болатын.Нағашылары ақташы руындағылар, құрдастарына ауыз аштырмайтын.

    Әбекеңнің басқару стилінде ең басты орында-адам факторы, елдің тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, болашақ ұрпақтың тәрбиесі, білім алуы, саламатты өмір сүруі, денсаулығы    тұрады. 

   Шарушылық  басқарудың озық үлгісін игерген, өзіндік қолтаңбасы бар ол кісі сол замандағы Қазақстанның ірі ауыл шаруашылығы ұйымдастырушылары Головацкий, Алдабергеновтер қатарында болашақты болжай білетін, күнделікті күйбең тірліктен гөрі шешуі қиын, күрделі істерді қолға алатын басшы еді. Кеңестік кезеңдегі тар шең-бер ол кісінің де қолына бұғау салып, еркін жұмыс істеуіне, ойлағанының бәрін жүзеге асыруына кедергі болды. Сол уақыттағы заң шеңберінде ғана жұмыс істеген басшы жоғары жетістікке жетуі мүмкін емес еді. Атақты колхоз басшысы Головацкий түрлі қаржы бұзушылық, жоғарғы органдар тапсырмасын орындамау т.б кемшіліктері үшін алған 99 ескерту,  сөгістерін кабинетіне іліп қойған екен. Әбекең де  өз ойлағанын жүзеге асыру, ірі істерді атқару үшін саналы түрде қаржылық тәртіп бұзушылыққа барады. Ниеттестері мен достары, қолдаушылары қандай көп болса, көре алмаушылар мен аяқтан шалушыларда аз емес еді. Аудан басшылығының әр деңгейінде жұмыс істейтін сондай топ жоғары жаққа домалақ арызды қарша боратады. Тексерудің бә-рінде қоғамдық мүлікке қол сұқпай, әрқашан адалдық пен әділдікті серік еткен, ары да, жаны да, қолы да таза ағамыз ақталып қана шықпай жала жабушылар жазаға тартылып жататын. Осындай бір оқиғадан кейін Әбекең Қарасуға басшылыққа келеді.

    Ол кісінің ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылығы «Коммунизм жолы» совхозында ерекше көрінді. Мал басы өсіп, егіншілік мәдениеті көтерілді. Малды асыл тұқымдандыру, мал қораларын механикаландыру, мал азығын арнайы цехта ұқсатып беру қолға алынды. Мал жайылымын суландыру мәселесімен арнайы бригада айналысып, бөгеттер салды. Малшы шопан үйлері салынып, күрделі жөндеуден өтті. Машина - трактор шеберханасы жылытылып, паркі жаңартылды. Елдің еңбек етуге деген қызығушылығы артты. Ауыл көшелері қалыпқа келтіріліп, қоршау орнатылды, ондаған жылдар шығарылмаған күл-қоқысты шығаруға барлық шаруашылық техникасы жұмылдырылды.  Тазартылған көше көк желекке бөленіп, әр үй ауласына көкөніс, гүл өсіре бастады. Әбекеңнің бірбеткейлігі мен талапшылдығы нәтижесінде  ауылға су құбыры тартылуы ел еңсесін көтеріп, ел тұрмысын жақсарта түсті. Ауыл халқы өркениеттің алғашқы жетістіктерін көре бастады.

      Қашан да жаңашылдықтың жаршысы , жақсы істің басшысы болған, қатарының үнемі алдында жүретін ол кісі есіміне «тұңғыш » деген сөз тіркесіп жүретін. Үнемі халық қамын ойлап, өмір сүру деңгейін көтеру, тұрмысын жеңілдетіп, әлеуметтік жағдайын жақсарту, рухани байлығын арттыру, мәдениетті демалуын ұйымдастыруды  басты мақсат еткен білгір басшы Қарасу ауылында қарапайым халық игілігін көрер, халыққа қызмет көрсетер орындарды жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатты. Ауданда ауылдық жердегі тұңғыш тойхана, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, автобекет , сүт кухниясы, тері илеу, тон тігу цехтары, жаңа үлгідегі монша салынып пайдалануға беріледі.  

     Тек аудан емес Торғай  облысында  алғашқылардың бірі болып,  «Денсаулық»  үйі салынып , аптека пайдалануға берілді. Шаруашылық қаржысына  сол кездегі  ең озық медициналық құрал –жабдықтар, диагностика  аппараты алынды, жаңа мебельмен жабдықталды. Дәрігерлер мен кіші медицина қызметкерлеріне  пәтер берілді, ауласын-да мал, құс өсіруге жағдай жасалды.  Селолық ауруханада жоғарғы білімді  терапевт , тіс дәрігері, физиокабинет талапқа сай  жұмыс  істеді.

       Облыстың миллионер «Ешім» кеңшарынан кейін Торғай өңірінде  ауылдық жер-дегі  тері илеу цехі осы шаруашылықта ашылды. Талапқа сай әсем ғимараты салынып,  Дағыстаннан арнаулы маман шақырылды. Жергілікті халық сойған ұсақ мал терісін бұрын далаға тастаса , енді цехта өңделген тамаша өнімге ие болды. Кейіннен тон тігу цехі іске қосылып, жылы да жинақы , әсем үлгіде тігіліп, қызғылт түске енген тондарды ауыл ғана емес, аудан , қалалардан алушылар көбейді. Тұрмыстық қызмет көрсету үйінде жаңа үлгідегі киімдер тігіліп, етік,   мәс сияқты  ауыл халқына қажетті өнімдер шығарылды.

     Күндіз жұмыста болған халық кешкісін және демалыс күндері  мәдениетті демалу-ды қалайтыны сөзсіз. Әсіресе, жастар жағдайы қатты ойлантатын.  Еңбекшілер мен жастардың  бос уақытын мазмұнды өткізу мақсатында  Мәдениет үйіне мол қаржыға  музыка аспаптары , көркемөнерпаздар  киімдері алынды. Жергілікті сазгер , күйші, кейіннен Қазақстан Республикасы мәдениетіне  еңбегі сіңген қайраткер атағын алған Айтбай Мұздаханов жетекшілігімен «Гүлдәурен»  ансамблі құрылып, атағы  республи-каға танылды, концерті мемлекеттік  теледидардан көрсетіліп, түрлі байқаулар  жеңім-пазы атанды. Көркемөнерпаздар құрамында шаруашылықта еңбек ететін механизатор Атамбай Тәжікенов , электрик Қажыбек Қоржынов , Атығаев Қуаныш тағы басқалары өнер көрсетті.

    «Бірінші байлық- денсаулық» дейді дана халқымыз. Дені сау адамның жаны сау, еңбегі өнімді, көңіл күйі көтеріңкі,  өмір сүруге құлшынысы  жоғары болады. Сол кезде  Торғай облысының  кейбір аудандарында  қуатты шаруашылықтар қаладағыдай спорт алаңдарын сала бастады. Оңтүстік аймақта осы істі қолға алған алғашқы басшы да Нұржанов болды. Ауыл іргесінде кең , жазық алаң таңдалып тегістелді, қоршалды. Мыңның сыртында ағаш  көшеттері отырғызылды. Бір ерекшелігі  жаңа құрылыс  «Жастардың демалыс және спорт паркі» деп аталып, онда ауыл адамдары  тек спорт-пен айналыспай, жастар кешкісін, мейрамдарда  демалатын дискотека, жазғы театр саханасы болды. Ірі қалалардан әкелінген түрлі тренажер ,спорт жабдықтарымен жас-тар өз денсаулықтарын  жақсартып жатты. Спортшылардың демалатын , жуынатын бөлмелері мүлтіксіз қызмет етті. Әсем безендірілген парктің кіреберіс аркасының өзі басқа бір әлемді көзге елестеткендей еді.

     Екі бірдей мамандық иесі ,  алғашқы еңбек жолын Жасбуын орта мектебінде  баста-ған Ә. Нұржановтың мектепке деген қамқорлығы ерекше болды.Түрлі жиындарда өзге басшыларға  ол атқарған істер үлгі - өнеге етіп көрсетілетін. Болашақ ұрпақтың дені сау, жан –жақты дамыған, туған елі патриоты болып шығуын армандап қоймай , сол мақсатта қадау-қадау істер атқарды. Ең алдымен мектеп мұғалімдері алағсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, жекеменшік малына  арзан бағаға  жем шөп түсірді, ірі мереке-лерде  ауыл шаруашылығы озаттарымен қатар  сыйлықтар берілді. Мектепке жаңа келген жас ұстаздарға  қамқорлық жасады. Қазақстан Республикасына  еңбегі сіңген мұғалім Бадаев Сейітжан, Қазақ ССР-і Оқу ісі үздігі Әбілдин Дәуітке жаңа үй салып берсе,  Қазақ ССР-і Оқу ісі   үздігі Қоржынов Мырзабектің өз  өтініші бойынша  үйіне қосымша  зал қосып берді.

  Мектептің материалдық - техникалық базасын көтеруге күш салды. Тозығы жетіп, сықырлаған оқушы парталары шаруашылық есебінен ауыстырылды, мектеп  жөндеуі-не қаражат бөлініп, еңсесі тіктеле түсті. Алыстан қатынап оқитын оқушыларға автобус берілді. Оқушылардың өндірістік бригадасы  шынжыр табанды , доңғалақты трактор-лар , ауылшаруашылығы саймандарына ие болып, еңбек етудің қыр-сырына  қанықты. Өздері өсірген  өнімдерін  сатып, түскен  қаражатын  мектеп мұқтажына  жұмсады.

      Шопандар мен малшы балалары  жататын мектеп жанындағы  интернат тәрбиеленушілері ерекше қамқорлыққа  бөленді. Олардың  күнделікті ішер тамағы, тұрмысы, оқуы  қадағалауда болды  . Интернатқа  жаңа мебель , төсек-орын әперілді.

     Адамның денсаулығы  тамақтануына байланысты  екені белгілі. Әбекең емшектегі сәбиден бастап, , бүкіл мектеп оқушыларын  ыстық тамақпен  қамтамасыз еткен  аудандағы ғана емес,  өңірдегі  бірінші басшы болды. Сүт кухнясында  ботқа түрлері  ірімшік т.б  сүт өнімдері   өндіріліп, таратылды.   Өзге ауылдардан арнайы адамдар келіп, , көріп , үйреніп , семинар өткізілді. Дәрігерлер , мамандар кухня өнімдерінің жас сәбидің физиологиялық  дамуына игі әсер тигізерін, ферменттерге  бай екендігін атап көрсетті. Соңында бұл іс бүкіл аудан шаруашылықтарында қолға алынды. Ана сүтіне  қосымша қорек алған бөбектердің  түрлі ауру-сырқауларға бой алдырмасы  белгілі. Мектептегі  400-ге жуық     оқушы  үлкен үзіліс кезінде  «Самал» кафесіне келіп, ыстық тамақ ішетін. Оқушылардың күнделікті  тамақтануын, тамақ мәзірін қадағалауға  шаруашылық есепшісі Алма Рыскелдина бекітілген. 

-         Бір тамақты екі күн қатар бермейтінбіз. Кеңшар бақшасы  өнімдері күнделікті

астан міндетті түрде  орын алатын.  Қысқа арнап көкөністі тұздайтынбыз.  Біздің жақта өспейтін жүзім, алманы  Арқалықтан , Қостанайдан алғызатын. Балаларды  тамақтандырумен аспазы , көмекшісі бар екі –үш адам кеңшардан еңбекақы алып, жұмыс істедік, - деп еске алады  бүгінде Алма. 1987 жылы КПСС Орталық комите-тінің  ХХVII съезінде кеңес елінің білім беру ісін кезекті реформалау ісі қолға алынды.  Жаңа талап негізінде  алты жастағы  балаларды  күні бойы  мектепте  оқытып, білім беру жүзеге асырылды. Бұл жаңалықты істі де  ауданда Жасбуын орта мектебі  бірінші болып қолға алған болатын. Сол кездегі  Орал қаласынан  оқу бітірген,  жалғыз  жоғары білімді бастауыш мектеп мұғалімі Қазақ ССР-і оқу ісі үздігі  Бадаев  Сейітжан ауданда бірінші болып  тыңнан түрен салды.   Жақсылық атаулыны  алғашқы болып жүзеге асыратын Ә. Нұржановқа сенім артылған еді. Аз уақытта алты жасар оқушылардың оқитын,  демалатын бөлмелері  жөндеуден өткізілді. Асханаға қажетті электр пеші , ыдыс-аяқ басқа да  қажетті құралдар сатып әперілді. Оқушылар  киімімен қамтамсыз етілді. Жаңа  мебель , оқуға қажетті  құрал-жабдықтар алынды. Кеңес кезіндегі  жаңашыл ұстаз Аманошвили әдістемесін негізге ала отырып, өзіндік білім беру  әдістемесі қалыптасқан, бағыт-бағдары бар С. Бадаев іске құлшына кірісті. Алматыда  өткен  мұғалімдер съезінде секциялық отырыста  іс-тәжірибесі  Республика  мүғалімдеріне таратылды. Сол жылда  еңбегі жоғары бағаланған  ұстаз кеудесіне  Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі белгісін тақты. Ерекше жағдай жасалған алты жасар балдырғандар  ішінен кейіннен республикалық олимпиада жеңімпаздары , еңбек озаттары, өз ісінің мамандары  , атақты  азаматтар шықты. Аудандық  білім бөлімі  ұстаздың іс-тәжірибесін жариялап, өзге мектептерге үлгі етті.

     Өнегелі басшы, өрелі басшы  қашан да  кейінгі ұрпақ қамын ойлайды. Туған жер тарихын , ата-баба  салт дәстүрі мен  ұлт ұлылығын, құндылығын сезбей өскен жастың болашағы бұлыңғыр. Жас жеткіншіктерді  өткенді зерделеп, алдыңғы ұрпақ өмірімен  өнегелі істерін оқып үйреніп қоймай, олар бастаған игілікті істерді алға апару  міндеті жүктелетінін  сезінуі үшін Мәдениет үйінде «Ауыл тарихы» этнографиялық , тарихи  мұражайын ашады. Бұрыннан да ел тарихы, көрнекті , белгілі  адамдар өмірі мен  қызметі жайлы  материалдар жинап жүрген  мектеп мұғалімі  Қазақ ССР-і оқу ісі  үзді-гі , әдебиетші Темірғали  Тұрманов жәдігерлерді іздеу тобының жетекшісі , кейіннен мұражай директоры болады. Ауыл тарихы,  тұрмысы мен кәсібі , мәдениеті,  әдет-ғұрып , салт-дәстүрі , белгілі адамадары жайлы  мыңдаған жәдігерлер  жиналады. Шығыр макеті , күбі,  ағаштан жасалатын аяқ -табақ тағы басқаларды  кеңшардың ағаш шеберханасында жасатса ,  1916 жылғы көтерілісте қолданған соғыс құрал-жабдықтары, еңбек құралдары  ұстаханада істелді. Ұлттық киім үлгілері ,  сәндік тағылымдар  тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты шеберлерінің қолынан шықты. Ауданға ғана емес республикаға  танымал болған мүсінші , суретші  Әбілбек Ұзақовтың айтуы бойынша Әбекең әрбір жәдігер , экспонатты өз  қолынан өткізіп, бөлімдерінің макетін өзі сызған көрінеді.

-         Әдебиеттен, тарихтан ,  өнерден – бар саладан терең білімі бар, заманынан озып туған тұлға еді ғой. Күндіз шаруашлық жүмысында, түнде бізбен бірге болатын. Мұражай ашылардың соңғы үш күнінде ұйқысыз  жұмыс істедік,- деп еске алады бүгінде Әбілбек Ұзақов.

    «Ауыл тарихы» мұражайы ашылуы облыстың мәдени өміріндегі  үлкен жаңалық болды. Көршілес Жангелдин ауданының сол кездегі бірінші хатшысы  ,  кеңшар партком секретарлары келіп, көріп, кейіннен аудандарында  барлық ауылдарда  мұражайлар аша бастады.  Ауданға жасаған  кезекті бір сапарында облыстың бірінші басшысы , ұлтымыздың ұлыларының бірі Еркін Нұржанұлы Әуелбеков мұражай жұмысымен танысып, өз қолынан  тілегін жазып кетеді. Бір қызығы осы тілекті жазғанда облыстық лауазымын көрсетпей , КСРО халық депутаты деп көрсетуі мұражай мәртебесін Одақтық деңгейге көтеру ойынан болды ма екен.Кейінгі облыс басшысы , қазіргі  сенат депутаты С.В. Кулагин , жазушылар одағы сол кездегі бірінші хатшысы С. Жүнісов , КПСС Орталық комитеті жауапты қызметкері  тағы басқа лауазым иелері  Нұржановтың кейінгі ұрпақ үшін жасап отырған еңбегіне  зор баға береді.

     Әбекең  елді ғана емес, сол елден шыққан еңбек адамдарына  үлкен құрмет көрсетуші еді. Көп жылдар  колхоз басқармасы , ауылдық кеңес төрағасы болып істеген Мәулен Әбішев , Ленин орденді   аға шопан Ғаппас Сәдуақасов , құрылысшы Айтбай Тәжин , малшы  Ғабділ Қапешовтарға арнап үй салғызды. Көп балалы ана,  жалғыз басты әйел, аз қамтылған жанұя мүшелерін үнемі назарда ұстады. Жергілікті жастарды оқытып, кәсіпке үйретті. Ол заманда құрылыста  тау халықтары, сырттан келгендер  істейтін. Жергілікті жастар  құрылыста  аз болатын. Әбекең жастарды  құрылысқа кеңінен тартып, ауданда тұңғыш  жергілікті  құрылысшы жастар  бригадасын құрды. Олар  жоғарыдағы атаулы үйлерді салды. Қызылмешіт ауылын-дағы  халық ақыны Сәт Есенбаев  тұрған үйге  ескерткіш белгі орнатып, қоршатты. Ұлы Отан соғысы жылдарында оққа  ұшып елге оралмаған боздақтарға арнап,  Ескерткіш белгі ашып , жан-жағын жасыл желекке бөледі.

     Елі үшін өлшеусіз еңбек еткен , жаңалықты істің  үнемі жаршысы болып, жарғақ құлағы жастыққа тимей , бар істе өзі үлгі - өнеге болған  тау тұлғаның өмір жолы , еңбек жолы тақтайдай  тегіс болды деп айта алмаймыз. Қазақтың қанына біткен көреалмаушылық  , сырттан бұғып жатып тас лақтыру , өсек аяңға іліктіру , жазықсыз  жала жабу сияқты  келеңсіз қылықтарға  Әбекең қара нардай қасқая  қарсы тұра білді. Бар жағдайда да ақиқат пен әділдік үстемдік құрып , жеңіп шықты. Оның тәрбиесін алған, басқарушылық мектебінен өткен  С. Жаңбыршин , Б. Әбенов , Е. Қасымсейітов , Ж. Түбекбаев , Ш. Молбаев, Ж.Сүлейменов , С. Сайділдин, А. Мұздаханов, М. Бейсекеев тағы басқалары кейіннен түрлі басқарушылық қызметтер-де болып, жемісі еңбек етті.  Ежелгі Торғай жерінде өзіндік басқару мектебін қалып-тастырған , заманында Торғай облысы кеңшар басқарушыларының алдыңғы легінен орын алған, артына  аңыз болар іс қалдырған  Әбдісадық Нұржановтың туған елі  , халқы, ұлты үшін  жасаған ұлан ғайыр істерін кейінгі ұрпақ біліп өсуі үшін, есімін есте қалдырар іс-шаралар ұйымдастыруға  ынталы топ құрылды. Дарынды басшы-ның  өмірден өткеніне  бес жыл, осы шаруашылықтан  кеткеніне  жиырма үш жыл болған екен. Бүгінде біздің бар бітіргеніміз ол кісінің небір қиындықтарды  бастан өткеріп, салған ғимараттарын, халық үшін жасаған жаңалықты істерін құрту ғана болып келіпті. Әлдебіреулер Нұржанов есімін тарихтан сызамыз десе де оның көзін көрген,  ел үшін жасаған жақсылықты істеріне  куә болған , бірге жұмыс атқарған  Қарасу мен Байғабыл халқы жол бермесі анық.  Кеткеніне 30 жыл болған Байғабыл , 23 жыл болған Қарасу  ауылына келген , кеткен жолаушыларды  ауыл шетінен  Әбікең салған арка қарсы алып, шығарып салады. Арқалық пен Торғайды байланыс-тыратын  қара  жол ернеуінде жолаушыға  сәт сапар , ақ жол тілеген  белгісін көрген  сайын оны білетін азаматтар  ерекше толғанысқа түсері сөзсіз. Осы өңірде туып, білім алған, шаруашылық басқарған, артына  аңыз болар іс қалдырған Әбекеңнің есімін жергілікті мектепке беру  жөнінде ауыл тұрғындары жиналысы қаулы алды. Заманынан озып туған , осы ауыл дәулетін асырып, тұрмысын шалқытқан Ә. Нұржановтың өмірі мен еңбек жолын Жасбуын орта мектебі  оқушылары зерттеп , оқушы Қанапина Н ғылыми еңбек жазды. Белгілі басшының ел экономикасын өркендетудегі, ауыл мәдениеті , спорты , мәдени өмірі , тұрғындардың тұрмыстық , әлеуметтік  жағдайларын жақсартудағы  табыстары , басқарушылық мектебі жайында  тың деректер іздестірілуде .

    Мақтау мен мадақтауға бар жағынан да  лайықты  толағай тұлға Әбдісадық Нұржановтың аудан тарихынан өз орнын ойып алары сөзсіз.

 

С. Шоңғалов - Қазақ ССР-і оқу  ісі  үздігі, Қарасу ауылы

 

 

Комментарии

Жомарт Тубекбаев
#1 Жомарт Тубекбаев 09.12.2013 23:06 Цитировать
Нуржанов Абдисадык агамыз Торгай халкынын есинде шаруашылык баскарудагы енбегимен, аныз болып калган тулга, азаматтарlын агамызды умытпай есимин манги урпак есине калдыру жониндеги усыныстары куптарлык, осындай ел есинде ерен истеримен манги калган азаматтар туралы макаланы жазган редакция кызметкерлерине РАХМЕТ !
сако
#2 сако 10.03.2014 00:11 Цитировать
Ар мектепке басшы болгандардын есымын коятындай есы дурыс казактын ер есынде ерлыгымен калган акындарымызбен, улы отан согысы ардагерлеры, билеры,хандарын ын есымы тжетпедыме.
сако
#3 сако 10.03.2014 00:20 Цитировать
Оданда Жас буын орта мектебы болып калганы дурыс деп ойлаймын,ол кысынын бул мектепке сынырген енбегын корген емеспыз, немесе бул мектепке енбегы сынген сол елдын тумасы Оташов Сабыржан агайдын есымын неге бермеске

Комментарии Статьи