Ресей империясы өз билігін жүргізіп тұрғанда-ақ, атақты орыс ұлтының өкілі, ғалым, Григорий Потаниннің «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» - деп айтқанындай, 2013-ші жылдың бірнеше айында шынында да «Қазақстан дауысы» байқауына бес мың адамнан, алпыс төрт талантты, талапты жас іріктеп алынып, бақтарын сынады.

 

Төрт тәлімгердің М.Арынбаев, Н.Албан, М.Садуақасова,  А.Кішкенбаевтардың үміткерлердің көрмей таңдауларына ең алғашқы іліккені Шахаризат Сейдахмет болды. Ол осыдан бір ғасыр бұрын бүкіл қазақтың көсеміне айналған Ахмет Байтұрсыновтың, «Оян қазақ» деп ұлтымыздың намысын жанып, бодандықтың құрсауын бұзып, бірлікке  шақырған Міржақып Дулатовтың, ажал оғына кеуделерін тосқан, алауыздықтың, алдаудың құрбандары болған Аманкелді мен Кейкінің Отаны Торғай даласының перзенті екенін сыналар сәтте сынбай, ел намысын саз әлемі «Қазақстан дауысында» қорғап шығып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, бақ пен бабында екенін дәлелдеді.

 Дарияның бұлақтан басталатынындай «бұлақ көрсең көзін аш» демекші, алғашқы, жас талант Шахаризатты танып білген «Жаңа ауыл» орта мектебінің ұстаздар қауымы десек, оның басшысы, тумасынан өнер қонған, ән-саз пәнінің жетекшісі Таңат Ерубаев.

Егеменді ел болып, тәуелсіздігіміз қолымызға тиіп, ата-бабалар арманы, бостандық бағы басымызға қонған өткен ғасырдың соңғы он жылы өте ауыр болса да, ұлтымыздың салт дәстүрі,  ұмыт бола бастаған халықтық педагогикаға «Атамекен тойы» деп ат қойып, оқу жылының соңында аудан орталығы Аманкелдіде ақ шаңқан аппақ киіз үйлер қатар түзеп, өткен жылымызды екі күн мәре-сәре қорытындылайтын талай өнерлі шәкірттерімізбен бірге Шахаризат та өнер айдынына қарлығаш боп қанат қаққан.

Үрпек ауылы, кеңестік «Иманов» кеңшары, әсіресе жаңалыққа жаны құмар, көңілді ортада домбырасын қолына алып ән шырқайтын өнерлі басшы Жақсылық Ғайсиннің тұсында «тірек» шаруашылыққа айналып, өзгеге өнеге жетістіктерімен бөлісуі тегін емес еді. Тіпті мектеп оқушыларының «кіші кеңшарында» басшыдан бастап қосшылары да Жақсылық Ғайсинмен бас мамандардан дәріс алып, шаруашылыққа араласатын және бұл да жақсы ағамыз Жақсылықтың жас жеткіншектерді сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде еңбекке тәрбиелеудің бір әдіс-тәсілі болатын. Кейін ең ауыр кезеңде аудан билігін қолына алғанда да Жақсылық аға өнерге жаны ашып, ұмытыла бастаған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға ден қойып, «Атамекен тойына» атсалысуға барлық басшыларды жұмылдыратын, өзі соның бел ортасында жүріп, өнер өрендерін тамашалайтын. Демек «жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кірпіш қорған емес», Шахаризаттың бүгінгі жетістігінде  бір отбасымен қатар, ауыл, аудан халқымен Таңат Ерубаев, Жақсылық Ғайсин  сияқты игі жақсылардың да үлесі бар.

Шахаризат тегі Бегімбет руының игі жақсыларының бірі Сейдахметтің шөбересі болса, «қасқадан қасқа тумаса да төбел туатыны» сияқты, Торғайдың Абайы атанған түп нағашысы Таңат Сейдахметтің «қыздан туғанның қиығы жоқ» шөпшегі, демек қазақтың жеті атасына кететін асыл қасиетінің нәтижесі.

«Қазақстан дауысы» байқауы басталғаннан көгілдір экранға үңіліп, Қостанай, Жанкелді, Аманкелді, Арқалық,  Елордамыз Астана халқы тұлпарын бәйгеге қосып, тақымын қысып, тілеуін тілеп отырғаны жемісті де жеңісті болды, әсіресе тағатымызды тауысқан мәренің соңғы күнін айтсаңшы. Қостанай теледидары, оның жүргізушісі жерлесіміз, «әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» кешегі сал, сері, қызметтес болған Иіпбергенов Қуаныштың перзенті Ербол Қуанышұлының үзбей жарнамалап, дауыс беруге шақыруы, ал жергілікті жердегі талантты да талапты журналист, басшы Айткүл Бекентаеваның басшылығымен берілген сәтті жарнамаға қалайша риза болмассың. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», халық мақтанышы бір  - туар перзентіміз, қайталанбас тұлға Әнуар Боранбаев атындағы кинотеатр ұжымы, мәдениет сарайының жетекшісі Зәмзәгүл қызымыз бастаған халық қызметшілері мен көптің тойының жаршысы асабаларымыз Олжас, Қайрат, Жандәулеттер мен өнерпаз әншілеріміз Ерлан, Аян, Кенжебек, Ербол, Жұмабай, Айбек, Нұрсұлтандар мен еш тыным таппай жүгіріп ұйымдастырып жүрген Мұратбек пен Ернардың, қала, облыс намысын қорғап сөз қадірін ақындықтың құдыретін паш еткен Тоба мен алпыстың асқарына шықса да жастардың бел ортасында жүрген Таңат Боранбаев пен мәдениет сарайының қызметкері Ляззат Аманқызын қалай айтсақ та болады.

Қуаныш сәті арнасынан төгіліп, Отанымыздың әр түкпірінен дос-жолдастарымыз хабарласып, қуаныштарын бөлісіп, құттықтап, жай байланыспен ұялы байланыста дамыл жоқ уақытта, кеше ғана өнердегі жолының жиырма жылдығын атап өткен «айтыстың ақтаңгері Айбек ақын» атанған Айбек ініміздің «Аға, жеңісіміз құтты болсын, алда алар асуымыз онан да биік болсын» деп маған інілік, жасына қарап баламдай тілек білдіруі, көңіл толқытып, біз біріксек алмайтын асуымыз, шықпайтын шыңымыздың болмайтынын, ал өзінің осы Шахаризаттың, Шахаризат болуына үлесі бар екенін мен де айтқанымда қашанғы өзінің қарапайым бір қалыпты кішілігінен аспай «ой ағай, менікі жай ғой» деді.

Жетелеу бар да сол жетекке еріп, еңбегіңді еш еткізбей,  жемісін берген Шахаризат десек, әу бастан өнерлі өренді танып, біліп, томағасын сыпырып баптаған Нұрлан Албанның  азаматтығы, талантты жетекшілігі бір төбе. Сөз мәйегін тамызып, оңтүстік пен солтүстікке, шығыстан батысқа дейін, ал Сарыарқаның сары даласына жар салып біз жеңеміз деп дауыс беруге шақыруы Ұрандай естілді. Абай баба айтпақшы «...ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» демекші, барша қазақты оятты, ән құдіретіне жұмылдырды. Тірлігіміз бірлігімізге ұласып «бөлінгенді бөрі жейді» деп бөлінбедік. Туысы біргенің туы жығылмас деген осы.

 

Жәнібек Ғапбасұлы.

Комментарии Статьи