Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі жазушы Сәбит Досановты қабылдады. Кездесу барысында Елбасы мен қаламгер арасында әдебиет пен мәдениеттегі түйткілдер және әралуан қоғамдық сөз болғаны белгілі. Жазушы қандай ұсыныстарын жеткізді?  Сәбит Досановқа қоңырау шалған едік.

 

–Сәбит аға, өткен жұма күні Елбасының қабылдауында болдыңыз.    Қабылдауда әдебиет пен мәдениет мәселелері айтылған болар. Дегенмен  Мемлекет басшысымен қандай өзекті жайттарды қозғай алдыңыздар?

–Елбасы қабылдауында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Біріншіден, «Президент жанынан Мәдениет жөніндегі ұлттық комиссия құрылса» дедім. Жапон жазушысының «экономиканың өзі мәдениетке соқпай кетпейді» деп айтқаны бар. «Ұлттық комиссияны өзіңіз басқарсаңыз» деген тілек айттым. Әрі бұл комиссия қоғамдық негізде жұмыс істейтін болады. Сондықтан бұған кеңсенің де, қаражаттың да қажеті жоқ деген нәрсені айттым.

Екінші көтерген мәселем – медицинаға байланысты болды. Еліміздің медицинасы нашарлап барады.   Қазір өлімнің екі арнасы бар: бірінші кесепаты – тендер арқылы ескі дәрілерді сатып аламыз. Менің 21 жасар Данияр деген ұлым өткен жылы үйлену тойының үстінде дәрінің кесірінен қайтыс болды.  Ол туралы Олжас Сүлейменов «Казахстанская правда»  газетіне «Даниярды еске алу» атты мақаласында жазды. Сонда келтірген фактілерді айттым. Дәрінің барын тендер арқылы алады екенбіз. 13 пайызын ғана өзіміз жасаймыз. Тендердің шарты – сапасыз, арзан өнім алу. «Тендермен құрылыс материалдарын да алуға болмайды» деп жазды Олжас. Себебі тендер – арзанға ұмтылу деген сөз. Сапасыз құрылыс материалдары да үйді құлатады. Тендермен дәрі алу деген сөз – адам өліміне апаратын нәрсе. Даниярдың қайтыс болуының  бір себебі – тендер арқылы алынған ингалятор. Ұлымның ауруы – астма болатын. Дәрігерлер дұрыс қараса, астмадан адам өлмейді. Ұлым үйлену тойына келе жатқанында, дәріханадан ингалятор сатып алады. Той басталар кезде, түтікті басса, одан ылғалды ауа шықпай қалады. Ауа жетпей, тұншыққан ұлым ауруханаға жете алмай қалды. Жедел жәрдемге үлгермеді.  Ұлымның өлімінің бір себебі –тендер арқылы дәрі-дәрмек алғаннан болып тұр.

Елбасыға айтқан тағы бір ұсынысым – Шымкенттің өзінде төрт жүзге жуық газет шығады екен. Елімізде газеттер өте  көп. Қағазды көп пайдаланады екенбіз. Қағазды әрісі Жапониядан, берісі Финляндиядан сатып аламыз. Бүкіл доллардың бәрін жұтып жатыр. Қызылордада картон шығаратын зауыт бар. Демек, бізде шикізат бар. «Қағаз шығаратын комбинат салынса», – дедім. Бұл әрі  өзін өзі ақтар еді. Одан кейінгі сөз болған мәселе – туризм. Қазақстанда туризмге сұранып тұрған жер көп. Бірақ олардың насихаты кемшін түсіп жатады. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы нашар. Үшіншіден, бағалары өте қымбат. Мәселен, Алакөлге барыңызшы. Жол да  нашар, әрі бағасы да қымбат. Бурабайдың бағасы Антальядан қымбат. Сол себепті  шет елге баруға тура келеді. «Егер Сіз нұсқау берсеңіз, қызмет көрсету аясын жақсартса, бағасын төмендетсе, шетке кетіп жатқан қаржының бәрі өзімізде қалар еді» деп айттым. Одан кейін бізде 23 мыңнан астам қоғамдық қор бар екен.

 

–«Елімізде 23 мыңнан астам қоғамдық қор бар» дейсіз бе?

Мемлекеттік емес, 23 мың қоғамдық қор бар екен. Ұлы адамдардың атын иемденгендері де бар. Үкіметтік емес ұйымдар деген бар. Солардың бәрі – мемлекеттен ақша алады. Қайтарымы жоққа тән. Бұл қорлардың көбісін қысқарту қажет. Қоғамдық қорларға бақылау қажет. Алынған ақша қайда кетіп жатыр?  Қайтарымы қайда? Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Осындай ұсыныстар айтылды. Елбасымен ұзақ әңгімелестік.

 

–Әдебиет мәселесі айтылмады ма?

–Әдебиеттің өзі мәдениеттің ішіндегі дүние. Бағана айтылған ұлттық комиссия осы әдебиет мен мәдениетті де қамтиды.

 

Сіздің        ұсынысыңызға Елбасының жауабы қалай болды?

–Ұсыныстарымның бәрін жақсы қабылдады. «Бұл ұсыныстардың бәрін ойласамыз» деді. Медицинаға қатысты айтылған мәселелерге байланысты Елбасы арнайы тапсырма берген сияқты. Себебі, келесі күні телеарналардың біріндегі жүгіртпе жолдардан көріп қалдым. «Қазақстанда дәрі-дәрмек сату ережесі өзгереді» деп тұр. Менің ұлым сапасыз дәрінің кесірінен қайтыс болды. Ұлтты да ойлауымыз керек. Тендер арқылы келетін сапасыз дәрі-дәрмекті тоқтатқанымыз жөн! Тендерді тоқтатсақ - өлім-жітім де азаятын болады. Медицинаға қатысты айтылған тағы бір нәрсе бар. Көгілдір экраннан бір профессордың әңгімесін тыңдағаным бар-ды. Медицина академиясында балалар сабаққа бармайды екен. Өйткені ақшасын төлеу керек. Ақша табу үшін олар күндіз-түні  жұмыс істейді. «Балалар зачетті, емтиханды сатып алады», – деді профессор.  Профессор сол себепті жұмыстан кетуге мәжбүр болыпты. Қазір медицина саласына қатысты наразылықтар көп айтылып жүр. Мұның бәрінің себебі неде? Сауатсыздықтан. Ұлым кетсе де, ұлт аман болу керек. Ұлттың амандығы қымбат бізге! Ендігі ойым – осы мәселеге қатысты Парламент Заң қабылдауы керек деймін.

 Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС,

 «АЙҚЫН» газеті,

№ 123 (2517) 16 шілде, Сәрсенбі.

 

Комментарии Статьи