Жыл өткен сайын қатарымыз сиреп, кешегі көрген адамды бүгін таппай қалатынымызға қайран қалушы едім. Сөйтсем, уақыт деген ұлы көш адамдарды ілгері жылжыта отырып кәріліктің қақпанына апарып түсіреді екен де, содан әрі келместің кемесіне отырғызып бақилыққа жібереді екен-ау.

Соны біле жүріп, көзімізбен көре жүріп, осы үлкендеріміздің қатары неге азайып барады деген сұраққа тіреле береміз. Сол сұрақтың жауабын да білеміз. Сөйте тұра неге олай деуден жалықпаймыз. Сөйтсек, өзіміз көрген, талай тұшымды әңгімелерін тындаған, талай тамсана отырып ақыл-кеңесіне құлағымыз қанған қарияларымыз: «дүниеге келмек бар да, өлмек бар» деген заңдылықтан аса алмай бала-шағаларының алдында, ағайын-туыстарының ортасында түйе қарауға кетіп жатыр екен ғой. Ол да дұрыс шығар. Өйткені, өмірлік пенде болмайтынын білеміз. Жасарын жасап, асарын асап, көрер қызығын көріп өткен қариялардың фәниден өтуі жарасымды сияқты. Десек те оларды қимаймыз. «Қош бол!» дей отырып, көңіліміз босап, көзімізге жас аламыз. Ойымызға өкініші мол қайғы ұялатамыз. Осы жолмен, осы кәрілер кетіп жатқан жер қойнауына әркім де барады. Тірі жүрген пенденің бәрі де осылай дүниеден өтеді. Содан да бүгінгі тірі жүрген кез келген пендені қонақ санап, жөнін тауып онымен сыйласуды ойлағанымыз жөн. Өйткені, бүгінгі бар жан күні ертең-ақ ортамыздан кетеді де, о дүниедегі мәңгілік орнына барып жатады.

Соны біле жүріп, осы біздер басқаны қойғанда көршілерімізбен, құда-құдағиларымызбен, ілік-жекжаттарымызбен, ағайынмен жөндеп сыйласып жүре аламыз ба? Жоқ. Сол «жоқ» деген бір ауыз сөзге «неге» деген сұрақ қоя отырып жауап беріп көрелікші.

Ертеде, сонау 1950 жылдары елдің тұрмыстық жағдайы өте нашар болды. Киер киімге, ішер асқа таршылық қатты әсер етті де жұрт тері шалбар, қоян құлақшын, көн етік, сырмалы фуфайка киіп алып қақаған аязда жұмыс істеп отбасын асырады. Қолындағы жалғыз сиырдың сүтін күнделікті ішіп-жеміне жаратып қана қоймай, өкімет салған май, ет жөніндегі салығын өтеп отырды. Оны айтпағанда, келіп кететін қонақ өз алдына. Біздер сол заманның бар тауқыметін көрдік, жетімсіздіктің елге жасаған зәбіріне төздік. Сондағы бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Біздің үй қоржын үйдің бір басындағы бөлмеге орналасқан еді. Келесі басына екі баласы бір отбасы көшіп келді. Сөйтіп, үш бөлменің екі басындағы екі бөлмеге екі үй кіріп алды.

Енді ортадағы кіреберіс бөлме ғана бос. Бос дегенмен ол жерде екі үйдің қазандық пештері тұр. Жуынатын құман, шылапшын да сол жерде жатыр. Оның сыртында екі үйдің қолдарындағы малдарының бұзау, қозы, лақтары тұр. Бір күні әкеміз: «Осы үйге тағы бір отбасы көшіп келеді» деп жатты. Бірде бір бос бөлме жоқ, бұл қоржын үйге кім келеді, қайда орналасады деп жүрген едік, сөйтсек олар кіреберістегі қазандықтар орналасқан жерге келіп жайғасты. Тері тулақ төсеніштерін жайды да соған төсектерін жиды. Өздері сол жерден отыратын орын әзірлеп алды да, сонда күндіз тамақ ішсе, түнде жатады. Осы үш отбасындағы бар адамдардан менің байқағаным: жүздері үнемі жарқын, күле сөйлеп, бір нәрсеге мәз болып, қашан көрсең де көңілді жүреді. Осы үш үйлі жанның адамдары үлкендерін апа, аға десе, кішілерін інім, келін деп атайды. Бір шаңырақ астында тұрса да көптен көріспеген жандардай шүйіркелесе амандасып жатқаны. Ол ол ма, сол үш отбасының әйелдері тамақты бірге ішуді ақылдасып, кезектесіп тамақ дайындайтын болып алды. Бүгін біздің үйден таңғы, түскі, кешкі тамақ ішілсе, ертеңіне келесі үйге барамыз. Үшінші күні басқа көршінің дастарханына жиналамыз. Осылайша қысты өткіздік те әрқайсымыз әр жаққа көшіп кетіп, жаз бойы киіз үйді паналадық. Сол көршілерді көріп өскендіктен бе, мен қаладағы көп қабатты үйде тұрып жатқан жандарды көре жүріп таң қаламын. Қанша жыл бір есіктен кіріп, бір подъезбен жүрсек те бір-бірімізді танымаймыз. Амандаспай өте шығамыз. Қанша жыл бір шанырақ астында бірге тұрсақ та бір-біріміздің үйімізге кіріп көрген емеспіз. Ол мені білмейтін, мен оны білмейтін күй кешудеміз. Тіпті, бір-біріне ит пен мысықтай қарайтындар да көбейіп барады. Сонда осы кездің көршілеріне не жетпейді дегенді ойласаң, оларға тек пейіл жетпейді. Пейілдері тар. Баяғы мен көрген көршілердей емес, бір-біріне деген құрметі жоқ. Аяушылық дегенді ешкім де білмейді. Бүгінгі адамдар қатыгезденіп барады. Кішіпейілділік адамнан алыстап, алшақтап кетуде. Оның орнын өзімшілдік, өркөкіректік, ешкімді көзге ілмеушілік басып келеді. Әрине, көпке күл шашып жатқаны несі деп ойламаңыздар. Одан аулақпын, бірақ болып жатқан келеңсіздіктерді көріп отырған соң айтпай қалуға дәтім жетпегендіктен осылай деп отырмын.

«Құда мың жылдық» деген ұғымнан қазақ халқының қыз алып, қыз беру дәстүріне ерекше қарағанын көреміз. Десек те, бүгін құда түсіп, төс қағысқандардың арада аз уақыт өткенде балаларының ажырасып кеткенінен мың жылдық сыйластықтың жібін үзіп алып, екінші біреулермен қайтадан құда түсісіп жатқанына таң қаласың. Балаларының ажырасқанына ештеңе болмағандай қарайтын сол ата-аналар өздерінің өзімшілдігінен жас жандарды ажыратып алуды ұятсынбайды, олардың келешегіне де көз жүгіртпейді. Осындай келеңсіздіктер бұрын болмаған, бола қалса ол үшін сол жастардың ата-аналары айыппұл төлеген. Сондай жауапкершілікке ең әуелі ажырасқан жастардың ата-аналары тартылған. Басқасын айтпағанда, қызы қайтып келген деген сөзден қорқып, атымызға кір келеді дегенді ойлаған.

Тіпті жасы он үшке толған ұлдарына қыз балаларды атастырып қоятын болған. Ол-ол ма, бесік құда болуды да дәстүрге айналдырған. Осындай қадамдар олардың отбасын құрудағы, оның мәңгілік болуына себі тиген. Осылайша балаларының үйлену жөніндегі мәселені жастардың таңдауына беріп қоймай, оны ата-аналар қолына алып, соған жауапты болған. Бүгінде қыз таңдау, қашан үйленетіні жайлы әңгімеге жастардың өздері араласады да, ата-ана олардың қызметшісі болып қала береді. Тойға үлкен адамдарды шақырмау деген ұғым да жаңадан қалыптасып келе жатыр. Тойға үйленуші жастар өздерінің қатарларын шақырады екен де, жасы үлкендерді есепке де алмайды. Сондайдан барып жаңа түскен келіннің ықпалы күшейіп, оның айтқанына ең әуелі күйеуі ереді де ақырында жасы жеткен кемпір, шалдарын қарттар үйінен бір-ақ шығарады. Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді, жаман бала әкесінің басын көрге сүйрейді деген сөз осындайдан шыққан ғой.

Осы күндері ағайын-туыстардың да сыйластығына сызат түсе бастағанын көріп жүрміз. Өз ағайынын сыйлауды білмеген жаннан бөтен адамдармен жақсы қарым-қатынаста болады дегенге кім сенеді? Ертеде бір үйдің үш ер баласы үйленеді де әке-шешелерімен бірге тұрып жататын көрінеді. Сол бір шаңырақ астында тіршілік етіп жатқандарын мақтан еткен олардың әңгімесін тыңдаған келіншектері: «Осыларды адам сияқты етіп ұстап отырған біз ғой. Біз болмасақ бұлар бір күнде бірге тұра алмас еді» депті де, өзара уәделесіпті. Сөйтіп, «Біздің татулығымызға ешкім нұқсан келтіре алмайды» деп масаттанған үш жігіттің арасын суытуға, ажыратуға әрекет жасаса керек.

Ақыры, сол үш келіншек күйеулерінің бірін-бірі көрместей болып ренжісулеріне қол жеткізген.

Әрине, «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» дегендейін, азаматтар да бір-бірімен сыйласуды күн сайын, тіпті сағат сайын ойласа жүрсе, олардың жұбайлары да татулықты ту етіп ұстай білсе, берекелі тіршіліктің иелері болатыны сөзсіз. Ол үшін келін де, балаң да не нәрсенің бәрін ақылға жеңдірсе, абыройлары артып, қадірлі болатыны белгілі.

Сонау 1720 жылдары тіршілік еткен атамыз Тілеулі батыр қалмақтармен соғыса жүріп, оларды жеңген бір кезеңінде сол қалмақ елінде өзен жағалап қашып бара жатқан қалмақтың бір қызы мен оның інісін ұстап алады. Қазақтардың жеңіске жетіп қалмақтарды қырып-жойып жүргенінен қашып құтылуды мақсат еткен сол қыз бен жігіт Тілеулі батырға ұсталып қалған ғой. Сонда қыз бала: «Батыр менің мынау інімді өлтірмей босатып жіберсең, мен сенің әйелің болар едім» депті. Тал шыбықтай бұралып тұрған хас сұлуды көрген Тілеулі батыр атамыз келісімін береді де жігітті босатып жібергесін қызға келіп: «Артыма мінгес, елге жүреміз» депті. Сонда қыз тұрып: «Мен сіздің жауызыңыздың қызы болсам да затым әйел. Болашақ анамын. Ананы сыйлау қай адамға да, қай батырға да Алла тағала сыйға тартқан міндет, парыз. Егер анаңды сыйлайтының рас болса, мені алдыңа мінгізіп, өзің артқа отырасың» депті. Солай болыпты. Сол қалмақ қызы Нәнжіл әжеміздің атымен аталатын ру бар. Әйел адамның атымен аталған рудың болуы тегіннен тегін емес. Нәнжіл анамыздың ақылына, оның ел бірлігін сақтаудағы саналы ісіне, ағайынның татулығын ту еткен қызметіне тәнті болған ел адамдары бір рулы елге Нәнжіл руы деген атауды берген. Бүгінде мыңдаған жанның қай рудансың деген сөзге: «Нәнжіл руынанбыз» деген жауабын естисің.

Осындай келін-қыздар бүгінде де барғой. Бірақ өз басындық болып кеткен, өзімшілдікке бой алдырып жүргендер де аз емес. Сол іштарлықтан тазара білсек, ешкімді жатырқамай, қолымыздан келген қайырымызды көпке жасап жүрсек, жаман болмаспыз деп ойлаймын. Кейбіреулер бастарындағы қиындықты өзінен көрмей, уақыттан ғой деп жатады. Уақыт жақсы, заман сайлы, бүгінгі күннен, ертеңіміз асып түсіп жатыр. Көрмегенді көріп, білмегенді біліп күн кешудеміз. Тек адамдардың қомашаулығы, өзіме ғана болса екен деген пиғылының тарлығы болмаса бәрі жақсы, бәрі тамаша. Түркия, Тайланд, Дубайда дем алып, Америкада, Францияда, Италияда, Англияда оқып жүргенімізге шүкір дей білейік, ағайын.

Ертеде ішер асқа, киер киімге таршылық болған заманнан алып шыққан да қазақтың кең пейілділігі ғой. Кешегі аштықтан да оларды сақтап қалған қолдарының ашықтығынан еді. Артық бір тілім нанын кісіге деп сақтап өскен қазақтың бүгінгі ұрпағы да жомарт жандар. Қолдары ашық, көңілдері жарқын, пейілдері кең адамдар. Тек отбасындағы тәрбиенің кемістігінен белең алатын кейбір кемістіктер кездесіп қалуда. Болмаса, білімді жастары өсіп жетілген, әлемдегі бар жақсылықты көріп тәрбиеленген бүгінгі ұрпақтың тіршілікте бірін-бірі қолдай алары анық. Олар адамзат баласына тән қасиеттерді бойына жия отырып, өздерінде, елімізді де өркендете алады. Өйткені бүгінгі ұрпақ көзі ашық, көңілі ояу, көргені көп, тоқығаны мол жандар. Содан да оларға деген үмітіміз мол, күтеріміз көп. Ендігі міндетіміз сол жастарға адамзат жүріп өткен жолдағы мол тәжірибелерді үйрете білгеніміз жөн. Сонда ғана біздердің ұрпақтарымыз ойымыздан шығатын болады.

Хамит Досжанов.

Комментарии

Айтбай
#1 Айтбай 08.11.2018 00:07 Цитировать
Ассалаумағалейк үм Хамит аға Нәнжіл руынын шежіресі болса толық жибере аласызба?

Комментарии Статьи