Арқалық қаласының Ашутасты елді мекенінде тұратын Айдос Есмағанбетов есімді талант-ты бүгінде көзіқарақты оқырман білетін болса керек. Талантты суретші һәм мүсінші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінің таза силиконнан сәтті сомдаған еді.

Көрген адамды таңдай қақтыратын бұл туындыда Айдос Президентті шынайы һәм айнытпай бере білген. Мұны естіген бірнеше телеарна мен басылымдар ол туралы жарыса жазған-ды. Бірақ жас мүсіншінің бұл еңбегі қолдау таппай, ол сол жолы Арқалықтағы үйіне көңілсіз қайтқан-ды. Тіпті Әділет министрлігі де авторлық құқық бермей қасарысқан-ды…

Сәл шегініс жасасақ, Айдос Есмағанбетов Елбасының 70 жылдық мерейтойына арнап Нұрсұлтан Әбішұлының мүсінін бір жыл бойы тапжылмай еңбектеніп, сомдап шыққан еді. Мұны республикалық басылымдарда жариялағанбыз. Президенттің бойын, дене бітімін, түр-әлпетін қаз-қалпында бере ал-ған ол, мүсінді шілденің 6-сына дейін толықтай жасап үлгермей, Астанаға күзге салым уақытта келген-ді. Бізге жолыққан-ды. Алайда, біздің қолымыздан не келеді, тәйірі?.. Жариялағаннан басқа?..
– Президенттің туған күніне үлгермедім. Дегенмен, «игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, 70 жасқа толған Нұрсұлтан ағама тосын сый жасайын деп ойлап едім…» – деген ол, Президент әкімшілігі, Үкімет үйі, Президенттік мәдениет орталығы, Астана қаласының әкімдігі дегендей бірнеше кеңсенің босағасын аттап, тауы шағылып қайтқан-ды ауылына…
Айтпақшы, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековке жолығып, еңбегінің мән-жайынан хабардар еткенде, ол: «Абылайдың 300 жылдық мерейтойына орайластырып, хан бабаңа арналған мүсін жасасаңшы!» – деп тегін кеңес беріпті. Жарты жыл әуреленіп, оны да сәтті аяқтады жас мүсінші. Бірақ одан не пайда?! Ешкім мойын бұрмаған соң?.. Ешкім қолдау көрсетпеген соң… Әйтпесе, ешқайда жұмыс істемейтін Айдос Есмағанбетов мүсінге қажетті материалдарды өзі салған картиналарын сатып, содан түскен аз-маз қаражатқа сатып алып отыр бүгінде.
Тың туындыларын әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, гиперреализм жанрында әзірлегенін айтады жас дарын. Гиперреализм – бейнеленген заттың сырт көзге елене қоймайтын түртік-тетігіне дейін суреттелуін, не болмаса, адамның әр тал шашынан бастап, бет қыртысына дейін сомдалуын басты талап ететін ағым. Айдос Есмағамбетов өзін Қазақстанда, тіпті ТМД елдерінде осы жанрдағы тұңғыш мүсінші екенін алға тартады. Әлемде гиперреализмді шығармашылығына арқау еткендер саусақпен санарлық. Бұл жанр түрімен тек Рон Муэк, Джеймс Салмон… сынды әйгілі мүсіншілер ғана жұмыс істейтін көрінеді.
– Елбасының бейнесін сомдап, атымды шығару мақсатым емес. Еліміздің басқа озық елдермен керегесі кең, терезесі тең болу үшін барлық салада да артта қалмауымыз шарт емес пе?! – дейді Айдос. – АҚШ президенті Барак Обаманың балауыздан жасаған мүсінін теледидардан көріп, жиырма жылда елімізді талай жетістіктерге жетелеген Елбасының мүсінін жасауды жөн санадым. Не болса да, мұны үлкен жауапкершілік екенін сезініп, мүсіннің шынайы шығуына бар қа-білетімді жұмсадым!
Айтпақшы, мүсіншінің жуырда ғана ғаламторда силиконнан жасалған жаңа екі мүсінін әзірлеу барысы хақында бейнеролигі көптің назарына ұсынылды. Онда силиконнан мүсін жасау қыруар еңбек пен тал-ғампаздықты, ұқыптылық пен асқан дарындылықты қажет ететіні айқын көрсетілген. Тірі адамдай әсер беретін мүсіндер – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен биыл 300 жылдығы тойланғалы отырған Абылай ханның мүсіндері. Өнерін өрге оздырып жүрген өрен әлі де шығармашылық ізденіс үстінде. Үйіндегі бір бөлмені шеберханаға айналдырған. Төрінде – өзінің силиконды бюсті. Әлі де жоспарлары жетерлік.
Айдос Есмағанбетовтің ендігі мақсаты – тарихи тұлғалар мен өнер саңлақтарының мүсіндерін сомдау. Шығармашылығына жан-тәнімен берілген, ісіне мығым, талантына сенімді жас мүсіншінің жеке мұражай ашу арманы бар. Бір өкініштісі, жас дарынның өнерін тамашалайтын аудитория, талантына қуат беретін қолдаушы табылмай жүр…


Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ