Қазақтың тұңғыш журналист қызы Н. Құлжанованың атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде журналистикаға бейім жастардың болмауы мүмкін емес. Торғай елінің зиялы әйелдерінің бірі Нәзипа Құлжанова апаларындай бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етемін деушілер жақында қала журналистерімен кездесті.
Колледж оқытушысы Назымгүл Құмарқызының ұйымдастыруымен өткен «Тілші болғым келеді...» атты басқосуға жергілікті теледидар басшысы Айткүл Бекентай, «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жүнісұлы, «Арқалық хабары» газетінің тілшісі Баян Бабасова әрі «Торғай» газетінің өкілі жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, өз өмірі мен қызметі жайында емен-жарқын әңгіме құрды.
Қай мамандықты алсаң да, журналистиканың орны әрдайым ерекшеленіп тұратыны рас. Тілшінің басты міндеті – қоғамдағы өзгерістерді ой елегінен өткізіп, халыққа жеткізу, жаңалықтарды жария ету. Осындай өзге мамандықтармен ұқсастығы некен-саяқ кәсіпке шақырылған қонақтар қалай бет бұрды? Журналистика қызық әлде қиын мамандық па? Тілші болу үшін қандай қасиет иесі болуың шарт? Жастардың осындай сауалдарына толымды жауап қайтарылды.
Қай адамның өмірін алсаң да, өзіндік бір очеркке сұранып тұрған сюжет іспеттес. Әсіресе, шығармашылық жолын таңдаған жандардың өмірі қызыққа толы болып келеді. Қалалық теледидадардың директоры Айткүл Бекентай журналист боламын деген асқақ арманына бірнеше жыл бойы талпынғанын жастарға әңгімелеп берді. Алдына мақсат қоя білгендіктен, ақыры журналистика мамандығының иесі болып, бүгіндері осы саланың майталманына айналған Айткүл Ескендірқызының тұшымды әңгімесі жастарға тағылымды тәрбие бергені даусыз.
Барлық саналы ғұмырын шығармашылыққа, журналистикаға арнаған Мұрат Жүнісұлы – тілші боламын деушілерге үлгі боларлық тұлға. Жергілікті теледидарда қаншама жылдар бойы тапжылмай еңбек еткен журналист ақындығымен де баршаға танымал. Кездесуде шабыты оянған ағамыз өзіне сауал қойған жастарға бірер шумақ өлең шығарып, оқып берді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі Баян Бабасова да өзінің мектепте болған қызықты оқиғасын айтып, жастардың көңілін көтерді.
Кездесу әңгіме-дүкен құрумен шектелген жоқ. Шара әрі қарай баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ойынмен жалғасты. Кеш аяқталарда қала журналистері жастарға өздерінің тілектері жазылған қойын дәптерлерді тарту етті.
Барша қала тұрғындарының ақпараттық сұранысын қанағаттандыруға тырысып жүрген журналистердің саны саусақпен санарлық қана. Осындай азғантай шығармашылық шоғырды құрметтеп, жастарға аз да болса тәлім-тәрбие берер деген ниетпен шақырған Торғай гуманитарлық колледжінің басшысы С. Нұрсалиұлына қонақтар алғысын айтып, тарқасты.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
Комментарии