Сан қатпарлы тарихы бар шежірелі өлке – Торғай атырабында қаншама даналар мен батырлар, ақын-жазушылар, атақты мемлекет, қоғам қайраткерлері шыққаны бесенеден белгілі. Солай бола тұра, тұнып тұрған тарихы бар Торғай елінің өткенін, оның танымал ұл-қыздарын халыққа насихаттайтын кітаптар некен-саяқ. Дегенмен де, жақында Торғай елінің тарихына сәуле жүгіртіп, халыққа ол туралы толыққанды мағлұмат беретін басылым жарыққа шықты.
Ол басылым – халық көптен күткен «Торғай елі» энциклопедиясы. Бұл ауқымды тақырыпты қамтитын энциклопедияны жинақтаған белгілі журналист, жазушы, энциклопедияшы-ғалым, Торғайдың тумасы – Таңатқан Рсаев.
«Торғай елі» энциклопедиясының жарыққа шығып, халық арасына тарауына мол септігін тигізген Берік Әбдіғалиұлы екенін де атап өткеніміз абзал. Ол Арқалық қаласының әкімі болған тұста энциклопедия авторымен тығыз байланыста болып, бұл бастаманы барынша қолдаған еді. Қаламыздың бұрыңғы әкімі Арқалықтан алыстаса да, кезінде бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, жинақтың басылып шығуына ұйытқы болды.
Демеушілік көрсетуі бір бөлек, Б. Әбдіғалиұлы энциклопедияға материал жинақтауға да өз үлесін қосқан болатын. Бірнеше жыл бойы жинақталған деректердің басым бөлігі – адамдар жайында. Сондай-ақ, тарихи ескерткіштердің, елді-мекен атауларының тарихы қамтылған.
Б. Әбдіғалиұлының айтуы бойынша, әрине, бір кітаптың көлемінде Торғай елінің барша тарихи тұлғаларын, одан қалды өз саласында ел абыройын асқақтатып жүрген замандастарымызды түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан, энциклопедияға енбей қалған есімдер де жоқ емес. Алайда, таяу болашақта энциклопедия жалғасын табуы ықтимал.
Энциклопедия «Дәуіт» баспасынан шыққан. Көркем беттелген, мәтін түрлі-түсті фотосуреттермен қоса берілген. Басылымның ресми тұсау-кесері қаңтар айының 31 күніне жоспарланып отыр.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
Комментарии
Гулжанат, китапты муражайдан сатып алуга болады. 7-22-99