Қаламыздың көптен шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе – балабақша тапшылығы. Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелердің жетіспеуі салдарынан жыл сайын кезекте тұрған балалар саны артып келеді. Бүгінгі таңда бұл сан 2700 баладан асып түсті.
Арқалық қаласының әкімі Ғазиз БЕКМҰХАМЕДОВ Арқалық қаласының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халық алдындағы есебінде, биылғы жылы кем дегенде 200 орынға лайықталған бір балабақша бой көтеретін мәлім етті. Жаңа балабақша кәсіпкерлердің жеке инвестицияларына салынбақ.
Қоғамдық кеңес отырысында да қала басшысы бұл мәселе төңірегінде сөз қозғады. Қазіргі таңда балабақша салуды қаламыздың 2 кәсіпкері жоспарлап отыр. Әрине, екеуі де бой көтеріп, іске қосылса да кезекте тұрған балалардың барлығын қамтиды деп айту қиын, дегенмен де түйінді мәселені тарқатуға үлкен себін тигізетіні айқын. Қала әкімі Ғ. Ерболатұлы аталмыш кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, заң жүзінде барынша жәрдем көрсету керектігін айтты. Кәсіпкерлердің жоспары бойынша, жаңа балабақшалар биылғы жылда салынатын болады.
Диана ІЗБАСАР