Ұлттық бірыңғай тестілеу мыңдаған түлектің болашағын айқындайтын шешуші сынақ. Осындай маңызды шараға қаламызда оқушылар дайындығы ойдағыдай жүргізілуде ме? Бұл сауал төңірегінде мән-жайды әкім аппаратының жиналысында қалалық білім бөлімінің жетекшісі Мирамкүл ӘБУ баяндады.
Мектеп бітіруші түлектердің соңғы жылдардағы көрсеткіштері көңіл қуантарлық емес. Егер 2013 жылы орташа балл 64,63 болса, 2014 жылы 70,21 баллды құрады. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 10 баллға жоғары. Яғни, былтыр Қостанай облысы бойынша орташа көрсеткіш 79,94 балл деңгейінде болды.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметтері бойынша, биыл жалпы түлектер саны – 303 оқушы. Оның тек 230 ғана ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Айта кету керек, ҰБТ-ға қатысушы түлектер саны әлі артуы мүмкін, себебі өтініштер сәуірдің 25-іне дейін қабылданады.
Былтыр Алтын белгіге үміткер 11 баланың біреуі ғана өз білімін дәлелдеп шыққан еді. 13 мектебі бар Арқалық аймағы үшін бұл, әрине, мақтанарлық жәйт емес. Биыл Алтын белгіге 9 бала үміт артып отыр. Оның біреуі – Ы. Алтынсарин атындағы гимназия оқушысы Бимаржан Асатова халықаралық байқауға қатысуына байланысты ҰБТ-ға қатыспауға мүмкіндік алды. Қалғандары Алтын белгі иегері атануға лайықты екендерін дәлелдеуі керек.
Қазіргі таңда түлектер 3 бақылау сынағын тапсырып үлгерді. Алда әлі 3 бақылау сынағы бар. Мирамкүл Тілеубайқызының айтуы бойынша, бақылау сынақтарының қорытындысы айтарлықтай емес, қатысушыларға әлі де дайындалу керек.
Егер былтыр орташа балл 70 болса, биылғы жылы қалалық білім бөлімі 73 баллға жетеміз деген болжамымен бөлісті. Анығын алдағы сынақ көрсетпек.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
Суретте А. Құнанбаев атындағы №6 орта мектептің 2015 жылғы түлектері.
Комментарии