«Қариясы бар елдің, қазынасы бар» демекші, аға ұрпақ өкілдерінің бүгінгі жастарға берер ақыл-кеңесі мен тәлім тәрбиесінің маңызы ерекше зор. Арқалық көпсалалы колледжінің ұжымы облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайымен бірлесіп, жуырда қаламыздың еңбек ардагерлерімен жүздесу өткізді. Оған колледжде білім алушы жас жеткіншектер қатысып, қариялардың өнегелі өмірімен, еңбек жолымен танысып, олардың тағылымды әңгімелерін тыңдады.
Колледж директоры Серік Саржановтың ұйытқы болуымен, келелі кездесуге еңбек ардагерлері Хамит Досжанов пен Орекен Алматовты арнайы шақырды. Кездесуде қариялар ұлттық тәрбие, тіл тазалығы мен білім мен еңбек турасында сөз қозғады. Қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында тәрбие мен ұлттық сана-сезім төңірегінде мақала жазып, онда қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып жүрген ақсақалдар жастарға бірталай тағылымды әңгімелер айтып, елін, ұлтын құрметтейтін азамат тәрбиелеудің маңызы зор екеніне тоқталды.
Кеш соңында колледж директоры С. Саржанов іс-шараға келген қонақтар мен жас буын өкілдеріне алғысын айтып, кездесудің мән-маңызын аша түсті.
«АХ»