Жаңа оқу жылының қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін мұғалімдердің басқосуы - Тамыз кеңесінде жалпы білім беру жүйесінің реформалары мен оның жүзеге асу сатылары талқыға салынды, сондай-ақ, Арқалық аймағының білім беру жүйесі жан-жақты талданды.
Еліміздегі білім беру жүйесі қазіргі таңда көптеген реформалар мен жаңғыртуларға тап болып жатқанын білеміз. Классикалық білім беру жүйесі – балаға тек білім беруді ғана көздесе, жаңашыл оқыту әдістері ойлау, талдау, ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны сыни, жасампаздық ойлау қабілеттері арқылы ой елегінен өткізу – шығармашыл, бастамашыл, көшбасшы ұрпақ тәрбиелеудің кілті екені айтылып та, жазылып та келеді.
Осыған орай, қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі 12 жылдық оқыту моделіне көшу, бірыңғай оқулық шығару, орта білімнің жаңартылған мазмұнына ауысу, мектепте бескүндік оқу аптасын енгізу, Ағылшын тілін оқыту аясын кеңейту және тағы басқа ауқымды мақсат-міндеттерді ұстаздар қауымдастығының, жалпы барша педагогика саласының қызметкерлері мен ғалымдардың алдына қоюда. Бұл реформалардың бәрі қаншалықты нәтижелі болатынын, қаншалықты тиімді әрі ойдағыдай жүзеге асатынын алдағы уақыт көрсетер.
Арқалық қаласы бюджетінің құрамында ең қыруар қаржы бағытталатын ауқымды сала – білім беру саласы. Мыңдаған тәрбиешілер, мектеп мұғалімдері және тағы басқа осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбекақысы, мектептердің ағымдағы шығындары, жыл сайын сатып алынатын мыңдаған оқулықтар – осы жүйе жұмысын тоқтатпау үшін жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлініп отырады. Сондықтан, бұл салаға айрықша көңіл бөлінеді.
Жаңа оқу жылы 6 346 оқушымен 16 жалпы орта білім беретін, 8 негізгі мектеп, 2 бастауыш мектеп, 3 қосымша білім беру орталығы, 6 мектепке дейінгі мекемелерімен басталуда. Білім беру үрдісін 867 мұғалім жүргізеді. Олардың 353-і жоғары және бірінші санатты, 161-і деңгейлік курс сертификаттарын иеленген педагогтар.
Мектеп тірегі – мұғалім екені белгілі. Егер қала мектептерінде білікті, іскер жас мамандар табу қиын болмаса, ауылды жерлерде жақсы мұғалім табу оңай емес. Дегенмен де, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдың балаларын білім нәрімен сусындатуға бел буған жас педагогтар аз емес. Бөлім басшысы Мейрамкүл ӘБУДІҢ айтуы бойынша, ағымдағы жылдың 19 тамызы күні өткен мамандар жәрмеңкесінде 19 жас маман жұмыс орнын тапса, солардың 15-і ауылға ат басын бұрған екен. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Десек те, ауыл мектептеріне мұғалімдер әлі күнге дейін жетіспейді. Атап айтсақ, Қайыңды орта мектебі мен Майкутов негізгі мектебіне ағылшын пәнінің мұғалімдері, Ашутасты ауылы Макаренко орта мектебіне математика пәнінің қазақ және орыс тілдерінде сабақ беретін мұғалімдер қажет екен. Жалпы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2009 жылдан бастап 47 жас маманға тұрғын үй алуға несие берілген екен.
Тамыз кеңесінде, сондай-ақ, қала мен ауыл мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 49 миллион теңге шамасында қаражат бөлінгені айтылды. Биыл оқулықпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 49 миллион теңге бөлінген. Көмір сатып алу мақсатында 42 миллион теңге шамасында қаражат игерілмек.
Балабақша мәселесі де өзекті әрі орынды екені баршаға аян. Бүгінгі таңда қаламызда 996 тәрбиеленуші тартылған 7 балабақша жұмыс істейді, оның біреуі жекеменшік. 960 бала тартылған 21 шағын орталық жұмыс жасайды. «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамту 100 пайызды құрайды.
Алайда, қаламызда әлі күнге дейін балабақшадағы орын тапшылығы шешімін таппай келеді. Қуаныштысы, мемлекетпен әріптестік қатынас негізінде жеке кәсіпкерлер жекеменшік балабақшалар ашуға қамданып отыр. Келесі жылы №1 орта мектеп интернатында 100 орындық және бұрыңғы Маясова көшесі, 42 үйдегі балабақшаның орнына 200 орындық жекеменшік балабақшалар ашылады деп жоспарлануда.
Баяндама барысында бөлім басшысы ҰБТ нәтижелеріне, олимпиада қорытындыларына тоқталып, оқушылардың ғылыми байқауларда жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, мәдениет, спорт салаларындағы табыстар туралы баяндалды.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ