Қазақ халқына жасаған қиянаты шаш-етектен асатын патша өкіметінің жарлығына қарсы шыққан Ұлт-азаттық көтерілістің ірі ошағы – Торғай өңірі екенін тарихтан білеміз. Биыл осынау аумалы-төкпелі заманда ұлт тағдыры үшін күрескен қайсар бабаларымыздың рухына бірталай тағылымды іс қолға алынды. Соның ішінде, халық арасында аты аңызға айналған қолмерген, Құлан Кейкі батыр Нұрмағанбетұлының бас сүйегі Ресей Федерациясынан елге қайтарылуы жүрегі ұлтым деп соққан әр қазақ баласына үлкен жаңалық болғаны рас.
Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығы қарсаңында бұрыңғы Үкімет басшысы К. Мәсімовтің ел басшылары деңгейінде бас сүйегін елге қайтаруын сұратуы ізгілікті іс болды. Ендігі шаруа - батыр бабамыздың сүйегін арулап жерлеп, Құран бағыштау. Осы мақсатта Елордамыздың белді жоғарғы оқу орындары – Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Тілеген САДЫҚОВ, аталған білім ордасының археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан ҮМІТҚАЛИЕВ және С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ Кейкінің атылған жеріне келіп, батырдың, жары Ақжан мен інісі Шұбардың (Нұрмұхамбет) жер құшқан жерін анықтап, ендігі жылдың көктемінде қазба, іздестіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейтбек ҚУАНЫШБАЕВ пен Кейкі өмірін зерттеп, батыр туралы кітап шығарған жергілікті өлкетанушы Шөптібай БАЙДІЛДИН Елордамыздан келген қонақтармен кездесу өткізіп, қаламыздың зиялы қауымымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен сұхбат ұйымдастырды. Ш. Байділдин Кейкінің жер құшқан жері шамамен Ұлы Жыланшық бойындағы бұрыңғы Рахмет ауылынан 5 шақырымдай жерде, Жалаулы өзенінің бойында екенін ғалымдарға бағыттама берді.
Кейкінің бас сүйегі қайтарылғаннан кейін, ҚР вице премьер-министрі Иманғали ТАСМАҒАНБЕТОВТЫҢ жетекшілігімен арнайы комиссия отырысы өтіп, батырдың сүйегін іздестіру шараларын қолға алуды тапсырған болатын. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВ аталмыш комиссия мүшесі ретінде ғалымдарға ұсыныс жасап, келер жылы Торғай өңіріне археологиялық экспедиция жіберілетінін меймандар хабардар етті.
Егер келер жылы батырдың, жары мен інісінің сүйектері табылса, арнайы сараптама жүргізіліп, Арқалық – Торғай тас жолының бойындағы, Тасты өзенінің маңындағы Кейкі батыр кесенесінің жанына жерленетіні айтылды. Онда батырдың құрметіне зәулім мемориалдық кешен салынатыны да тілге тиек етілді.
- Кейкінің бас сүйегі мен дене сүйегін мұсылманша жерлеу – біздің қасиетті борышымыз, - деді берген сұхбатында Тілеген САДЫҚҰЛЫ. (суретте оң жақта) – Қазіргі біздің мақсатымыз – батырдың жерленген жерін анықтау. Ол үшін жергілікті азамат, өлкетанушы Шөптібай БАЙДІЛДИНМЕН бірге Амангелді ауданына барып, іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда Кейкінің жерленген жері туралы нақты мәлімет жоқ. Тіпті, оның өмірі, өлімі әлі талай зерттеуді қажет етеді. Көптеген дереккөздерде әртүрлі мәліметтер жазылады. Жалпы, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп жатыр, оның маңыздылығы өте жоғары. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзіміз бар, осыған орай батырдың рухына тағзым етіп, Тәуелсіздік үшін құрбан болған бабамызға Құран бағыштап, арулап жерлеуіміз керек. Бұл қоғамдық, ұлттық, идеологиялық маңызы зор іс-шара болмақ. Оған қоса, Үкімет осы мақсатта қыруар қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Батырдың аруағы қолдап, оның шарапаты осы Арқалық қаласына, жалпы Торғай өңіріне тимек. Жергілікті Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, батырға мемориалдық кешен салынады, - деді ғалым.
Азаттық үшін арпалысқа түскен арыстың аруағы риза болсын деген ниетпен жоспарланған игі шаралар келер жылдың күз айларына жоспарланып отыр. Оған дейін дайындық жұмыстары жүргізілетін болады. Оқырмандардың есіне сала кетсек, Кейкі батырдың келбетін венгерлік антрополог ғалымдар қалпына келтіруде. Олардың айтуы бойынша, Тәуелсіздіктің 25-жылдық тойында батырдың 3D форматындағы кейіп-кескіні назарға ұсынылады.
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ
Комментарии