Жақында елордамыз Астана қаласынан құрамында белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар және журналистер бар арнайы топ Арқалық қаласына табан тіреді. Арнайы топ қаламыздан бастау алатын «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедицияға қатысу үшін жолға шыққан екен.
Экспедиция биылғы жылдың басты мерекесі - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар, тарихымызда өз орны бар ірі оқиғалардың бірі - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толуына арналған. Идея бастамашысы, әрі ұйымдастырушысы - «Тorgay expedition» тобының белсенділері.
Қонақтар Арқалық қаласында болған сапарында қаладағы облыстық дала өлкесі тарихы мұражайында болып, ел ақсақалдарымен кездесу өткізді. Кездесуде сөз алған аталмыш экспедицияны ұйымдастырушы топтың мүшелері Жомарт Түбекбаев, Мейрам Айдаболов, Біржан Мешеловтер сапар барысы жайлы әңгімелеп, экспедиция картасын мұражайға табыс етті.
«Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты ел тарихын бүгінге қоғамға насихаттап, жастарға ұғындырсақ деген ниетіміз бар. Бүгінгі күні көп адамдар ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты А. Иманов, Ә. Жангелдин есімдерін білсе де, сол ұрыстың бел ортасында жүріп қол бастаған Кейкі батыр, Әбдіғаппар Жанбосынов, Оспан Шолақұлы секілді тарихи тұлғаларды біле бермейді. Сондықтан да біз бабалар ерлігін ұлықтап, еске алып, негізгі оқиғалар болған жерлерді аралай отырып, тарихи орындарға тағзым жасап, сол арқылы дүбірге толы шежірелі тарихты басынан кешкен, киелі Торғай жерін танып-білу мақсатында «Өр Торғай - ерлік мекені» атты экспедицияны ұйымдастырып отырмыз», - дейді топ мүшелері.
Аптаға созылатын экспедиция барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға соғып, әйгілі Дулығалы мешітінің басында жезқазғандық делегациямен жолығу жоспарланған.
«АХ»