«Тәрбиенің тірегі – имандылық болады. Имандыдан жақсылық, шапағатын алады» - демекші,  Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамдары қаладағы «Жастар орталығымен» бірлесе отырып, «Тәрбие көзі – имандылық» атты тақырыпта жастармен ауқымды кездесу өткізді.

 

Ә. Боранбаев атындағы кинотеатрға жастар лық толды. Мұнда жастар арасында белең алған өзекті мәселелер әңгіме арқауы болды. Атап айтар болсақ, жасөспірімдер арасындағы түрлі қылмыстардың алдын алу, ішімдік, нашақорлық сияқты жаман әдеттерден аулақ болу, керітартпа жат ағымдарға тосқауыл болу және үлкенді, ата-ананы құрметтеу, сондай-ақ әдептілік пен тәлім-тәрбиелік мағынада уағыздар айтылды. Мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев осы мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, насихат айтты. Сонымен қатар арнайы шақырылған қонақтар – Арқалық қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері бойынша кеңесінің хатшысы З. Мүслімқызы  және наркологиялық диспансердің бас маманы Ж. Молдашева сөз алып, әрқайсысы өз саласы бойынша баяндамалар жасады. Кешті жүргізуші Т. Өтепбаев дана халқымыздың көркем сөздерін нақышына келістіріп, кештің мәнді де сәнді өтуіне өз үлесін қосты.

Кездесу барысында кереғар ағымдарға байланысты және ішімдік пен нашақорлықтың зияны туралы арнайы бейнефильмдер мен аят, хадиспен көркемделген слайдтар көрсетілді. Кешке қатысушы Арқалық мемлекеттік педогогикалық институт, Торғай аграрлық-техникалық колледж, Арқалық медицина колледжі, Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, Арқалық көпсалалы колледжі мен № 2 Кәсіптік лицей студенттері аталмыш тақырыпқа сай әрқайсысы өз газеттерін дайындап, ой-пікірлерін жеткізді. Студенттер бас имамға көкейлеріндегі сұрақтарын жолдады. Кездесу соңында ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Х. Досжанов аға жастарға тәлім-тәрбиелік ақыл-кеңесін айтты. Қорытынды сөз алған жастар орталығының бас маманы Д. Кикимов бұл іс-шараның жастарымызға пайдасының зор екендігін айта келіп, мешіт ұжымына шынайы алғысын білдірді.