
Арқалық медицина колледжінің студенттер мен ұстаздар қауымы «Құрметтейік Жеңістің ерлерін!» акциясы аясында қаламыздағы соғыс ардагерлерін келе жатқан Ұлы Отан соғысының 70 жылдығымен құттықтап қайтты.
1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы аяқталды. Міне, содан бері 70 жыл өтті. Біз, жаскелең ұрпақ тыныштықта, бейбіт өмір сүріп келеміз. Қазақстан Тәуелсіз ел атанып, әлем мемлекеттерінің қатарына қосылды. Ерлеген ерлеріміздің арқасында біз қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда күн кешудеміз. Бұл әрине Елбасының көреген саясатының және соғыс ардагерлерінің сол сұм жылдарда жасаған ерліктерінің арқасы деп білеміз.

Отан қорғау үшін жанын аямаған ардагерлерге қанша құрмет жасасақ та артықшылық етпейді. Себебі бүгінгі жас ұрпақтың бақытты өмір сүруі – қазыналы қарттарымыздың қажырлы еңбектерінің арқасы.
«Соғыс аяқталды, біз жеңдік...» - деген қасиетті сөзді естіген, көрген адамдар саны елімізде қазіргі таңда не бәрі 5037. Оның ішінде Қостанай облысы бойынша 362, ал біздің Арқалық қаламызда Мұратқали Камалов, Федор Романенко, В. Бушуев, Т. Пуцыкина, Яков Федько сынды ардагерлеріміз тұрады.

Бұл кісілермен кездескеннен кейін ерекше сезімде болдық. Себебі, олардың елімді, жерімді қорғаймын деген ерліктеріне, Отанға деген сүйіспеншіліктеріне, қайрат-жігерлеріне бас идік. Соғыс басталғанда ардагерлеріміз небәры 13-16 жас аралығындағы жас жеткіншектер болған. Ардагерлеріміздің есімдері мәңгі өшпейді. Соғысты көріп, оның ащы дәмін татып көрген ардагер аталарымыз бен әжелерімізді қадірлеуді ұмытпайық...
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» –демекші, осындай алтын ардагерлерімізді елеусіз қалдырмай, ерліктерін елеп жүрейік.

Уақыт өткен сайын ардагерлердің арасы азайып барады. Ал келешек ұрпақ соғыс жайындағы әңгімелерді тек қағаз бетінен ғана көре алады, өкініштісі сол...
Назгүл Қансбек,
Арқалық медицина колледжінің студенті.
