Соңғы кездері жауырыны жерге тимей, Арқалықтың абыройын аспандатып жүрген жерлесіміз Рысбек Дәуіт бізді тағы да өзінің сүйінші хабарымен қуантты. Р.Дәуіт ҚР Мәдениет және спорт министрлігі , Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен, Дзюдодан ҚР спорт шебері атағына иеленді. Қуанышты хабарды ести сала, Рысбектің өзімен тілдесуді жөн көрдім.
- Рысбек, сіз дзюдодан ҚР спорт шебері атағын алдыңыз, бұл да бір өміріңіздегі ең үлкен жеңіс. Ең бірінші сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын.
- Рақмет
- Сіз жалпы осы атақты көптен күттіңіз бе?
- Иә, мен өзім спортпен Амангелді ауданы, Қарасу ауылында бастауышта оқып жүрген кезімнен бастап айналысқанмын,кейін осы Арқалық қаласындағы №6 мектепке ауысып келдім. Адам болған соң армандайсын ғой, биіктерден көрініп, орын алғың келеді.
-ҚР спорт шебері атағын алып тұрғаныңыз алғаш рет емес, екінші рет алғанда қандай сезімде болдыңыз?
(Сол кездегі қуаныш сезімі есіне түсті-ау шамасы , қысыла күліп алды да )
-Сөзбен жеткізу мүмкін емес , қалай айтсам екен... Күшті... Қатты қуандым...
- Жақсы, сізді осы уақытқа дейін осындай дәрежеге жетелген жетекшіңіз кім, кімдерге алғыс айтасыз?
- Менің ең алғашқы жетекшім қазақ күресінен және дзюдодан ҚР спорт шебері Алтынбек Болатов. Одан кейінгісі Қостанай облысының бас жаттықтырушысы Абай Сарыбаев болды. Сол кісілерге және мені қолдап , демеу беріп жүрген жандарға алғысым шексіз.
-Сіз мұнымен тоқтап қалмайтын шығарсыз, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар ?
-Болашаққа нақты жоспар жоқ. Адамның дегені болмайды ғой. Көреміз, тағдыр ағысы қайда алып баратынын. Өзімді спорт жолына арнауға тырысып бағамын.
Рысбек , уақыт бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін сізге рахмет. Біз сізден тағы да үлкен жеңістер мен жетістіктер күтеміз.
Асылайым БЕКМҰРАТ
Комментарии