Арқалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, жас боксшы Жанна Серікова жуырда Қостанай облысы әкімі А. Мұхамбетовтың қолынан диплом алып қайтты. Ол облыстың үздік және дарынды мектеп оқушыларының қатарынан табылды.
Спортшы бойжеткеннің бапкері Марат Сейтмаганбетовтың айтуы бойынша, бұл салтанатты жиын жыл қорытындысы негізінде өтіп тұрады. Биыл бесінші рет өткізілді. Онда тек қана спортшылар емес, түрлі салаларда үлкен жетістіктерге жеткен оқушылар марапатталады. Биыл 16 оқушы облыс басшысының марапатына ие болды. Соның ішінде, алтауы спортшы.
Еске салар болсақ, Жанна Серікова жыл басында Астана мен Павлодар қалаларында республикалық жарыста бірінші орынға, одан кейін наурыз мейрамының құрметіне ұйымдастырылған жарыста ҚР чемпионы атанған болатын. Ш. Уәлиханов атындағы №1 орта мектептің 11 сынып оқушысы Жанна Серікова халықаралық деңгейде де күш байқасқан спортшы. Ол Қытай халық республикасының Тайпей қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан. Сондай-ақ, Өзбекстан елінде өткен халықаралық жарыста 2-орынға қол жеткізген. Қазіргі таңда ҚР құрамасының мүшесі.
Комментарии