Көгілдір көктемнің алғашқы мейрамы да келіп жетті. Осы тамаша мейрам қарсаңында газетімізді мейлінше көркемдеп шығаруға тырысамыз. Оның себебі – нәзік жандарға мерекелік көңіл сыйлап, қуанту. Ал, бұл ғаламда әйелдің әсем бейнесінен асқан сұлулық бар ма? Әрине, жоқ. Сондықтан, құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға институттың білікті басшыларының бірі – Салтанат ЖҮНІСОВАМЕН жүргізген шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
Сөз бастамас бұрын, шағын тарихи экскурс жасағанды жөн көріп отырмын. Бұл мерекенің түп-төркіні ХІХ ғасырда Нью-Йоркта болған тігін шеберханалары мен аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері көтерілісінен бастау алған. Кейін, яғни 1910 жылы оны әйел құқығының қорғаушысы, неміс саясаткері Клара Цеткин Халықаралық социалист әйелдерінің конференциясында бұл күнді күнтізбеге енгізуді ұсынды. Ол – бүкіл әлемде қолдау тауып, сол бастан кең түрде аталып келеді.
Яғни, бұл мейрамның түп-төркіні әйел құқығының қорғалуында жатыр. Оның аясы уақыт өте кеңейіп, жалпы әйелдер мейрамы болып кетті. Яғни, 8 наурыз – қазіргі заманауи әйелдердің мейрамы, жұмыс пен жанұя жүгін қоса артқан нәзік жандардың мерекесі.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – дәл сондай жан. Ол – бір жағынан қазақи тәрбие алған келін, аяулы жар, асыл ана. Екіншіден – білікті ұйымдастырушы, табанды да іскер басшы. Бүгінгі қыз-келіншектерге нағыз үлгі болатын тұлға.
- Салтанат Сағындыққызы, «өмірдің өзі - новелла» демекші, аз-кем өмір деректеріңіз жайында сұрасам деп едім. Менің білуімше, Сіз Ақтөбе өңірінің тумасысыз, ал, осы өңірге келінсіз...
- Иә. Менің туған жерім - Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы. Өз бағымды осы қаймағы бұзылмаған қазақи мекенде таптым. Яғни, Аманкелдінің келінімін.
Мен, біріншіден, өз отбасымда алған тәрбиеге ризамын. Екіншіден, ата-енемнің тәрбиесі маған оң ықпалын тигізді. Өз отбасымда алты баланың ең үлкені менмін. Сондықтан болар, бала кезімнен өзіме жүктелген жауапкершілікті сезініп, кейінгілерге үлгі болуға тырыстым. Мен жақсы оқуым керек, түзу жолмен ғана жүруім керек деген ұстанымым сол күндерде қалыптасқан, әлі күнге дейін оған берікпін.
Екіншіден, ата-ене тәрбиесінен алғаным мол. Атамның мінезі қатты болатын. Үй ішінде, былайша айтқанда, «военный атмосфера» болатын. Ол кісінің көңілінен шығу оңай шаруа емес. Мүмкін сырттың қызы болғасын ба, сол кісінің өзі маған мейірімін төгіп, өзге келіндердің арасында ерекше бағалады, қай ісімен болса да, риза болды.
- Сіз сырт көзге нәзік көрінгеніңізбен, ер адамдармен иық тіресе жұмыс істеуге қабілетіңіз де, күшіңіз де жетеді. Бүгінгі атқарып жүрген қызметіңіз соның айғағы. Мұның сыры неде?
- Қандай да бір жұмыстың нәтижелі болуы – ол адал еңбектің жемісі. Бірде басшымыз қалжыңдап: «Салтанат Сағындыққызы, осы сіз 20 еркектің ісін бір өзіңіз атқарасыз» дегені бар. Әрине, мұның бәрін атқарып жүрген қызметіме деген баға деп білемін.
Мен еңбек жолымды 1987 жылы математика пәнінің мұғалімі ретінде бастадым. АрқМПИ-ге 2007 жылы баспа бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Бір жылдан кейін бүгінгі қызметіме ауыстым.
Біздің басқарма жалпы сұрақтар басқармасы болғандықтан, көп нәрсені қамтиды. Жұмыскерлердің әлеуметтік мәселелерінен бастап материалдық-техникалық базаға қатысты сұрақтарға шейін біздің құзырымызда. Институттың, екінші корпустың, жатақханалардың абаттандырылуы, безендірілуінен бастап, ішкі аудиториялардың дизайнына шейін бақылайтын - біз. Бір кешен не аудитория ашатын болсақ, алдын-ала эскизын әзірлейміз, басшыға көрсетеміз. Ол кісі үнемі келісімін береді. Қысқаша айтқанда, холлда тұрған әрбір гүл, жарда ілулі тұрған әрбір стенд эстетикалық талғамға сай болу үшін біздің бақылауымызда болады.
Әлеуметтік жағдайымен де келетіндер бар. Әрқайсымыздың өмірімізде түрлі проблемалар туындап жатады. Сондай мәселелерімен моральдық болсын, материалдық болсын көмек сұрап келеді. Оларға қол ұшын созып, бағыт көрсетуге тырысамыз. Кейде бір орында отырғандардың өзі ренжісіп қалатын жағдайлар болады. Сондайда дипломатиялық қабілетімізді іске қосуға тура келеді. Мен әйел болғаныммен, еркек мінездімін. Маған айтылған сөз ешқайда тарамайды.
- Қазіргі заманда қызмет қуалап, отбасын құруға асықпайтын қыздар жоқ емес. Яғни, карьера қуамын деп, отбасы құруды екінші кезекке қойып жатқан қыздар өмірде кездеседі. Осыған көзқарасыңыз қандай?
- Бірінші карьера жасап алайын, кейін тұрмысқа шығамын деген дұрыс емес. Бәрі өз кезегімен болуы керек. Әйелдің бақыты – ол ана атану, отбасының ұйытқысы болу. Әр нәрсенің өзінің орны болады, жұмыс бір бөлек те, жанұя бір бөлек.
- Жұмыстан тыс уақытта немен айналысасыз?
- Мен тоқыма тоқимын, дәмді тағам пісіргенді ұнатамын. Біздің үйде сенбі мен жексенбі күндері мереке іспеттес. Жұмыс күндері күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсек, демалыс күндері міндетті түрде бір дәмді тағам әзірлеймін. Үйдегілердің ең сүйікті тағамы – ол алмадан жасалған бәліш. Тағамды жай ғана жасай салмау керек, үйге келген қонағыңды қуантуға тырысу керек. Біз «қонақ келсе құт» деген қонақжай халықпыз ғой, өзім қонақ шақырғанды ұнатамын. Ал, қонақты тойдыру ғана мақсат емес. Мысалы, өзіміз қонаққа барсақ, дастархан жаюынан бастап жаңа тағам түрлерін қоюына дейін мән береміз. Мен өзім ерекше тағамдарды ұнатамын, қонақта жүргенде сондай тағамдарды көзім шалса, оны әзірлеудің қыр-сырын сұраймын, рецептін аламын. Сондай-ақ, көңілді отырғанды жақсы көремін. Отбасы мүшелерімен болсын, қонақтармен болсын, үндемей отыратын күніміз болмайды. Кейде туыс-туғандармен, жора-жолдастармен бір дастархан басында басымыз қосылса, әнге қосатын да әдетіміз бар.
- Сіз онда өнерге де кенде емес екенсіз. Ән айту да көптің қолынан келе бермейді. Ал, одан басқа қандай өнерлеріңіз бар?
- Институтта оқып жүргенде оркестр құрамында домбыра тарттым. Би де билеген кездеріміз болды. Жалпы, мен байқау-сындарға қатысудан еш уақытта бас тартқан адам емеспін. Келіндер сыны болсын, басқа да байқау-сындар болсын, қатысуға тырысамын. Жуырда институтішілік спорттық жарыстар өтті. Сонда ректораттың атынан дойбы ойнайтын адам таба алмадық. Бір әріптесіміз бар еді, ол отбасылық жағдайына байланысты сұранып кеткен еді. Енді не істейміз? Ұйымдастырушылар ешкім қатыспаса, жеңілдіңдер дейді. Көп ойланбай, ректораттың намысын қорғауға өзім шықтым. Дойбыны мектепте ойнағаным болмаса, одан кейін жақындаған адам емеспін. Бірақ, нәтижесінде бәрін ұтып шықтым, тек қана бір қарыласыммен тең түстім.
- 8 наурызда әйелдердің барлығы ер адамдардан сыйлық болсын, не болмаса басқа ерекше тарту күтетіні мәлім. Жолдасыңыз Халықаралық әйелдер күніне Сізді немен қуантады?
- Ол үнемі мені қолдап, қуантып жүреді. Жолдасым туралы айтар болсам, ол өмірде әрдайым көңілді жүретін азамат. Әрқашанда қамқорлығын аямайды, ілтипатын да білдіре алады. Ол менің әшекей бұйымдарды ұнататынымды жақсы біледі. Бірақ, мен алтыннан гөрі табиғи тастардан жасалған бұйымдарды ұнатамын. Жақында бирюзадан жасалған әшекейді сыйлады.
- Салтанат Сағындыққызы, әңгімеңізге көп-көп рахмет. Сіздей ұлағатты ұстаз, білікті басшы, аяулы ана, асыл жар кім-кімге де үлгі. Сізді халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, еңбегіңізге толағай табыс, отбасыңызға береке тілеймін. Сіз тек өзіңіздің отбасыңыздың ғана емес, білімнің қарашаңырағы – Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының береке-бірлігін сақтауға мол үлес қосып келесіз. Лайым еңбегіңіз еленіп, ұжым арасында абырой-беделіңіз арта берсін.
Сұхбаттасқан Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ