Қол өнермен тек қолынан келетін жандар ғана айналысады деген сөз өткеннің еншісінде қалды. Себебі үйренемін, оны дамытамын деген ниеттегі жанға ғаламторда бәрі бар.

Әрбір қыздың өзінің қолдан жасаған және өзгеге қуаныш сыйлайтын қол өнер әуестігі болған қандай жақсы. Оның үстіне, бұл әуестіктер әжептәуір табыс әкеліп жатса, нұр үстіне нұр. Менің кейіпкерім Айдана Нұрманова да шардан керемет фигураларды жасауды алғаш ғаламтордан үйреніп, бүгінде жұмысы мен отбасын, сонымен қатар аталмыш хоббиін сабақтастырып отырған жан. Оның шардан жасаған фигуралары қаламыздағы кез-келген той-мерекелердің, туған күн кештерінің сәніне айналды. Өз туған күнімде құрбымның сыйлаған Айдананың қолынан шыққан гүлі ерекше әсер етіп, қызығушылықпен Айданамен жақын танысып, әңгімелесуді жөн көрдім.

 

- Айдана, ең алғаш бұл идея қайдан келді?

 

- Негізі мен бала күтімі бойынша демалыста отырған болатынмын. Үйде бос отырмайын деп, бір іспен айналысқым келді. Инстаграм парақшасынан университетте оқыған құрбымның осындай шардан жасалатын фигуралармен айналысатынын көрдім де, қызығушылығым артты. Ғаламторға кіріп, әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп алдым. Шарға тапсырыс беріп, оны алдырдым да, осы жылдың басынан айналысып кеттім.

 

- Шардың көп мөлшерде керектігі түсінікті. Қайдан алдырасыз?

 

- Шарды Астана қаласын-дағы құрбым екеуміз Екатеринбург қаласынан интернет-магазин арқылы алдыртамыз.

 

- Жақында отбасыла-рыңыз «Мерейлі отбасы» байқауында үздік деп танылса, облыс бойынша «Парасаттты отбасы» атағына ие болдыңыздар. Сіз келін болып отырған шаңырақтағы ата-енеңіз қаламыздағы белгілі адамдар. Оның үстіне жұмысыңыз бен сәбиіңіз бар. Осы іспен айналысуға уақытты қалай табасыз және кім көмектеседі?

 

-Ата-енемнің түсінігі мол жандар. Тапсырыс болған кезде, барлық үй-шаруасын бітіріп, содан кейін ғана кірісемін. Үлгермей жатқан кезде, жолдасым көмектеседі. Бұл істе мені қолдайтын отбасыма алғысым шексіз.

 

-Тапсырыс демекші, сіздің инстаграм парақшаңызға екі мыңнан астам адам тіркелген. Демек, тапсырыстың да аз еместігін түсінуге болады. Аптасына қанша тапсырыс аласыз және бір фигураны жасауға қанша уақыт жұмсайсыз?

 

-Аптасына кем дегенде 2-3 тапсырыс алып отырамын. Ал уақыт жағынан таршылық көрмеймін. Мысалға, гүлдерді 15 минут ішінде, ал мына мен жасап жатқан аю сияқты фигураларға 45 минут уақыт кетеді. Бағалары да қол жетімді деп есептеймін. Гүлдер мың-мың жарым, фигуралар екі жарым мың тұрады. Құдайға шүкір, жасаған жұмысыма көңілі толмаған адам әзірге кездескен жоқ. Тапсырыс бергендер, парақшама алғыстарын күн сайын жеткізіп отырады.

 

- Мүмкін бұдан артық тағы да біз білмейтін қырларыңыз бар шығар?

 

- Бір үйдің келіні болып отырғаннан кейін, барлық уақытты осы іске ғана арнамай, тәтті тоқаштар, торттар, әр-түрлі тәтті тағамдар дайындауды өз міндетім деп білемін. Сондықтан, әйел адамы ретінде барлығына үлгеруге тырысамын, сүйікті ісіммен өзгелерге қуаныш сыйлау-мен үшін үлкен бақыт.

 

- Дегенмен, осы ісіңізді үйдің төңірегінде ғана емес, алдағы уақытта дамытып, мерекелерге сән беретін орталық ашу ойыңызда жоқ па? Оның үстіне қаламыз бойынша қателеспесем дәл осы іспен жалғыз өзіңіз ғана айналысасыз.

 

- Әзірге ондай ойым жоқ. Барлығы уақыттың еншісінде. Дегенмен сұраныс айтарлықтай болып, қолдау тауып жатсам, бұл сауалыңыз өз жауабын алып қалар.

 

- Айдана, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет. Ісіңіздің алға басатынына сенімім зор.

 

Баян Ажимухан

Комментарии Статьи