Белсенді азаматтық ұстанымыма берік болып, республика, облыс, қала өміріне етене араласып жүрген соң алдағы мерейтойлар қарсаңында қолыма қалам алып, қаламыздың тар жол, тайғақ кешуге толы тарихына тағы бір мәрте шолу жасауды жөн көріп отырмын.

«...Әр қазақстандыққа, оның еңбегі мен талпыныстарына, көп нәрсе байланысты. Ең әуелі оның жеке тағдыры, ел тағдыры, ертеңіміздің тағдыры...» деп Елбасы Н. Назарбаев 2005 жылдың мамыр айында берген сұхбатында айтқан болатын. Сондықтан, еліміз бен азаматтар тағдырының бірлігі Қазақстанның үздіксіз дамуының  мызғымас негізі. Еліміздің әр жетістігі – әрбір қазақстандықтың зор еңбегінің жемісі.

Ел егемендігінің 25 жылдығы, Қостанай облысының 80 жылдығы, Арқалық қаласының 60 жылдығы мерейтойлары қарсаңында жоғарыда айтылған сөздердің мән-маңызы ерекше. Арқалық қаласының тұрғындары 90-шы жылдардағы тоқырауда не көрмеді десеңізші. Осыны есепке алсақ, осындағы ағайынның қалаға деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі төмен деп айтуға құқымыз жоқ.

Мен қалалық «Торғай» газетінің 2011 жылы 4 қарашада жарық көрген санында қаламыздың қалыптасу тарихы жайында жазған болатынмын. Қазір сол мақаланың мазмұнын бір сөйлеммен айтар болсам: «...Бұл шын мәнінде қайсар, рухы мықты, қиындықтан тайсалмайтын адамдардың қаласы», - дер едім. Сәл қайталансам да, Торғай даласы еліміздің білікті мамандарының алтын бесігі екенін айтқым келеді. Ел мерейін өсірген қаншама жерлестеріміз бар. Парламент Мәжілісінің экс спикері О. Мұханбетжанов, бірнеше мәрте халық қалаулысы болған, бюджеттік комиссия төрағасы К. Тұрысов, К. Сағадиев, Р. Сарпеков, мәдениет қайраткерлері Ә. Боранбаев, ақын С. Тұрғынбеков және т.б.

Торғай топырағынан көптеген көрнекті тұлғалар түлеп ұшқан. Олардың қызметі мен шығармашылығы өңірдің тарихымен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда олардың тарихта алар орындарын қала көшелерінің атауларынан да білеміз. Мысалы, А. Майкутов, В. Горбачев, Р. Маясова, Е. Әуелбеков. Қаламыз туралы қаншама өлең, ән мен жыр-дастандар, мақалалар жазылған. Оларды оқи отырып, Торғай өлкесі еліміздің біртуар азаматтары – А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Ш. Жәнібек, Ә. Жангелдин, аты аңызға айналған батыр Кейкі Көкембайұлы, биыл 100 жыл толғалы отырған Ұлт азаттық көтерілістің көсемі А. Иманов және т.б. арыстарымыздың ерлікке, еңбекке, ұлтжандылыққа толы өмірлеріне шолып өтеміз.

Сондай-ақ, қаламыздың қала болып қалыптасуына сүбелі үлес қосқан О. Қозыбаев, С. Құсайынов, Ю. Трофимова, Б. Садықов, Е. Әуелбеков, Ж. Түбекбаев, С. Қосмұхамбетов сияқты тұлғаларды да атап өту парыз.

Арқалық біріне табан тірер трамплин болса, енді біріне қиыншылық пен үміт ордасына айналды. Бұл қалада қалған жандарды сол жылдардың дағдарысы тізе бүктіре алмады. Олардың ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Т. Пуцыкина, Ә. Тоқай, Ф. Романенко, Я. Федько және т.б., қаламыздың Құрметті азаматтары – К. Ақан, Ж. Өмірбек, М. Тәшетов, Ш. Байділдин, К. Ишутин, Н. Бегәділов, А. Мұқанов және т.б., сондай-ақ қаламызда ғана емес, оның сыртында да танымал С. Қуанышбаев, А. Орекен, Ж. Ғапбасұлы, Қ. Жиенбаев, Х. Досжанов, Қ. Ағуанов, Г. Садықова, К. Жусулбекова, А. Омаров және сол сияқты азаматтар мен азаматшалар бар. Барлығының атын атап өту мүмкін емес.

Арқалық шын мәнінде жастық шақтың қаласы. 1971 жылы ол Бүкіодақтық комсомол құрылысы болып жарияланды. Торғай даласына жүрек қалауымен Кеңес одағының түкпір-түкпірінен белсенді, іскер жастар ағылды. Солардың бірі Р. Маясованың есімімен бүгіндері қаламыздың көшесі аталады. Элеватордың үстіне «Торғай шақырады!» деген үлкен жазу ілінген болатын. Қала құрысымен қатар тың жерлерді игеру науқаны да қызу жүріп жатты.

Арқалықтың басты символы – боксит пен бидай екені белгілі. Бидай егуге аймақтың 260,1 га жері бөлінген, өзге өнімдер тек қана 20,5 мың га жерге егіледі. Егін шаруашылығының басқа өнімдері бидайға қарағанда 7 есе қымбат, сонда да бидайға көп көңіл бөлінеді.

1956 жылдың тамыз айында «Тургайалюминстрой» тресті Торғай боксит кеніш басқармасының бас мердігері болып бекітіледі. Волков – Быков сияқты геологтардың зерттеуі арқасында Торғай боксит кеніші Амангелді кен орнының негізінде ашылды. 1933 жылы аталмыш геологтар бір кесек боксит кенін тауып, оны жан-жақты зерттеуінен кейін бұл өңірде мол қоры бар екені анықталған. Бірақ, 1947 жылы бұл жайт дәлелденіп, ашық түрде боксит кеніші бар екеніне көз жеткізілді. Алғашқы эксковатор шөмішімен боксит кесегін алып шыққан тарихта есімі қалған тұлға М. Демченко. Бұған дейін еліміздің барша алюминий өнеркәсібінің флагманы болған Торғай боксит кеніш басқармасы қазіргі таңда жылына 364 мың тонна боксит және 216 мың тонна отқа төзімді сазбалшық өндіруде. Олардың мәліметі бойынша, қалған боксит қоры 1,6 миллион тонна, ал сазбалшық 1,2 миллион тонна.

Одан кейін ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп салаларына қажетті білікті мамандарды даярлау үшін кәсіптік, техникалық, педагогикалық, медициналық училищелер мен институт ашылды. Қазіргі таңда республиканың көптеген облыстарынан келіп, білім нәрімен сусындап жатқан жас студенттерге жан-жақты жағдай жасаған оқу орындарымызбен мақтанамыз, олардың барына шүкіршілік етеміз.

Арқалық – ғарыш айлағы. Қазіргі таңда құрметті азаматтар тізімінде 32 бірдей ғарышкері бар елді-мекен жоқ шығар, менің білуімше мұндай қала тек Мәскеу ғана. Орбитада болған ғарышкерлер біздің кең байтақ жерімізге келіп қонып жүр. Алғашқылары санатында – В. Горбатко, А.Леонов, С. Савицкая және т.б.

Арқалық ел картасында енді тек қана әкімшілік-аумақтық орталық болып қана қоймай, транзиттік темір жол бекеті ретінде де белгіленбек. Мыңдаған шақырымға созылған халықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль коридоры Қазақстанды Еуропа мен Қытай елдерінің арасындағы көпірге айналмақ. Сондай-ақ, Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл темір жол желілері еліміздің транспорттық әлеуетін одан әрі арттыруда.

Дегенмен де, туған өлкеміздің ең басты байлығы – тамаша адамдар – кеншілер, егіншілер, құрылысшылар, медиктер, мұғалімдер, және басқа да мамандық өкілдері екені сөзсіз. Олар күнделікті адал еңбегімен туған жерінің шынайы патриоты екенін дәлелдеп келеді.

Өзім туралы бірер сөз айтар болсам, мен Ресей кеңестік федерациялық социалистік республикасының Даурия Забайкал ауданында Қиыр Шығыста ауылдың қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келгем. Арқалыққа жүрек қалауымен келіп, кәмелетке толуға үш күн қалғанда Торғай боксит кеніш басқармасының геологы болып жұмысқа орналастым. Бірнеше жылдар бойы қалақұрушы кәсіпорында атқарған еңбегім, онда жинаған баға жетпес мол тәжірибем мен үшін үлкен жетістік болды, онда басқарушы лауазымда, қатардағы әріптестеріме, атап айтсам, Л. Ситников, В. Радько, Ж. Есекенов, Г. Кравчук, Н. Бегәділов, Д. Мұхамеджанов, В. Романенко, Т. Зиядин, В. Сивко, О. Блинова және т.б. алғысым шексіз.

Қазақстан бұрыңғы кеңес елдері кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылық мекені болып аталуда. Елордамыз Астанада көптеген халықаралық форумдар өтуде. Сондай ауқымды шараларда мен де бірнеше мәрте делегат болып, EXPO-2017, Жібек жолы инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асу барысымен танысқанмын. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналды, Еуразия экономикасын байланыстарын бірден-бір буын есебінде маңызды рөл атқаруда. Қазіргі Қазақстанның жетістіктеріне қарап отырып, осының бәріне қол жеткізген Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың көрегендігінің, сарабдал саясатының арқасы екеніне көзің жетеді. Әрине, қиыншылықтар да туындауда. Теңге бағамының еркін жүзуі қазіргі таңда жаңа талаптар қоюда, бұл да болса ел экономикасын тұрақты етудің амалы екені түсінікті.

Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жариялаған халыққа Жолдауында анық жазылған – экономика өзегі - шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек. Мен осы шағын және орта бизнес саласының өкілі болғандықтан, бұл сала да ілгерілеп келе жатқанын айтуды парыз санаймын. Қараңыздаршы, соңғы бір-екі жылдың ішінде шағын ғана Арқалығымыздың өзінде қаншама көңіл қуантарлық өзгерістер болды. Кәсіпкерлер біршама сауда-саттық, қызмет көрсету объектілерін жаңадан салды, қалпына келтірді. Атап айтсақ, «Ажар mall» сауда үйі, «Арқалық» ойын-сауық сауда орталығы, «Арсенал» қонақ үй – ресторандық кешені, «Наурыз» сауда үйі мен кафесі, «Жайна» тойханасы, «Гафура», «Зейнегүл» дүкендері. Бизнестің жол картасы 2020 мемлекеттік бағдарламасының арқасында несие алып, ағымдағы жылдың қаңтар айында біз де «Томирис» супермаркетінің есігін айқара аштық. Басты мақсатымыз – дағдарыс кезінде жергілікті тұтынушы халыққа жәрдемдесу. Жобамыз енді іске асып жатқанда, біз жеткізушілермен ақылдасып, әлеуметтік бағытта жұмыс жасауға келіскенбіз. Олар менің идеямды қолдап, маған жеңілдіктер ұсынды. Мен де тауардың үстемақысын мейлінше аз етуге бел байладым. Бізде ең жоғарғы үстемақы 20 пайыз, ал ең төмені 5-7 пайыз шамасында. Бұл өте маңызды деп есептеймін. Алайда, оңай емес. Бүгінгі таңда бизнеспен айналысу жалпы алғанда әжептеуір қиын. Мұнымен әр кәсіпкер келісетін шығар, себебі табыстың басым бөлігін инфляция жеп қояды. Десек те, бізді, 90-шы жылдарда шаруасын дөңгелеткен бизнесмендерді, бүгіндері еш дағдарыс аяқтан шала алмайды.

Қаламыздағы әр кәсіпкер әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпаса екен деген тілегім бар. Көмекке зәру жандарға қол ұшын соза білу керек. Бизнес бүгінгі таңда қоғам өміріне араласпай жүре алмайды, тек қана әлеуметтік салаға бетбұрыс жасаумен ғана біз патриот екенімізді дәлелдей аламыз. Менің пайымдауымша, қаламыз таяу келешекте жаңа даму сатысына көтеріледі. Ол үшін тек қана еңбектену керек.

Менің екі ұлым бар. Біреуі осында, екіншісі Қостанайда оқиды. Бірақ, екеуі де туған қалалары – Арқалығын жақсы көреді. Бұл да өскелең ұрпақтың қалаға деген сүйіспеншілігі басым екенін байқатады.

Арқалық жарықсыз, жылусыз қалған ауыр кезеңде қалада қаракүзен үлбірінен жасалған бас киімді бір пәтерге айырбастап жатты. Мен сол кезде кәсіпкерлердің республикалық 6 форумында Президенттің қолына Арқалық қаласы тұрғындарының атынан мінбеден сөйлеген сөзімді табыстап, қалаға көмек беруге үндеу тастаған болатынмын. Астанаға ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізуші аймаққа айналдыруға жәрдемдесуді ұсындым. Себебі, біздің ет өнімдері өте сапалы. Нәтижесінде біздің аймаққа 4 үкіметтік комиссия келіп, мән-жаймен танысты. Онда да мен сөз сөйлеп, Арқалықтың мұң-мұқтажын құлағдар еткенмін.

Елбасының білгірлігі мен парасаттылығының арқасында Арқалықта ауыл шаруашылығы дами түсті. Екі инвестжоба – құны 3 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы – «Агроинтерптица» ЖШС қанатын кеңге жайды, «Нұр Жайлау НС» ЖШС де мал шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосуда. Оған қоса темір жол желісінің ашылуы жергілікті халықты бір серпілтіп, ертеңгі күнге үкілі үміт ұялатты.

Арқалықта әлі де кәсіпкерлікті дамыту керек. Облыс әкімі А. Мұхамбетов жұмыс сапарымен келгенде, жергілікті кәсіпорын, шаруашылық басшыларымен жүздескенде, Арқалық экономикасының өсу әлеуеті жоғары екенін атап өтті және ол өз тарапынан бизнесті өркендетуге жан-жақты көмек беретінін, қомақты несие алуға жағдай жасайтынын айтты. Арқалық экономикасының басты бөлігі ауылшаруашылық өнімдерінен құралады. Сондықтан, А. Мұхамбетов аграрлық саланың маңыздылығына тоқталып, Арқалық өңірі егін егуге қолайлы екенін, сондай-ақ, мал шаруашылығын қолға алып, дамыту керектігін жеткізді. Арқалық қаласының әкімі А. Балғарин де Арқалықтың аграрлық саласының келешегі мал шаруашылығында екенін айтуда.

Менің ойымша, әрқайсымызға әкімнің бастамасы, қолдауы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, басшының бастамасын қостап, оны іске асыру үшін біз аянбай етуіміз керек. Сонда ісіміз де оңға басады. Егер Арқалықта өнім шығаратын кәсіпорындар ашылса, аймағымыздың дамуына қуатты серпін беретіні күмәнсіз. 1,5 миллион га жеріміз бар, бұл деген үлкен байлық, оның 260,1 мың га ғана бидай егуге арналған, қалған жерлерді өріске айналдырып, мал басын көбейту қажет. Сол себептен атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста болып, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану керек кәсіпкерлерге. Бизнес қауымдастығы мен биліктің мүдделері бір болу керек – ол еліміздің гүлденуі.

Сөзімді қорытындылай келе, қала тұрғындарын келе жатқан 60-жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, отбасыларыңызға ырыс-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

 

Құрметпен,

Тамара СОКОЛОВА,

«Олви» ЖШС президенті.

Комментарии Статьи